Ленинск қалай Байқоңыр болды

«Ана тілі» газетінің №3 (19 – 25 қаңтар, 2012) санында «Ұлы дала атаулары» айдарымен берілген мақалада автор Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласының атауы бай және қоңыр сөздерінің қосылуынан жасалған деп жазып сол сөздерге түсінік берген. Бірақ шындығында қалаға мұндай атау сол кездегі мемлекеттік саясатқа сәйкес кездейсоқ түрде берілген. Оның көз алдымызда өткен мынадай өзінше тарихы бар.Атом бомбасын жасауда біріншілікті АҚШ-қа беріп алған КСРО әлем алдында өзінің әлі де болса «құдіретті» екенін көрсету мақсатымен ғарышқа адам ұшыруда бірінші болу әрекетіне шұғыл кіріседі. Ол үшін қолайлы жер таңдалып алынғаннан кейін сөз болып отырған қаланың іргетасы құпия әскери қалашық ретінде қаланып, кейін оған қала мәртебесімен қоса Ленинск атауы бірге берілген. Жанталаса жасалған әрекеттер нәтижесінде ол жерден бар-жоғы екі жыл ішінде 1957 жылдың қазан айында ғарышқа тұңғыш жерсерігі ұшырылды.
Қала және оның маңындағы өңірлер қаншама құпия болғанымен олар шетел барлаушыларының назарынан тыс бола алмады. Олар енді толығырақ мәлімет алу мәселесіне кіріседі. Ол кезде қазіргідей жер бетін спутник арқылы зерттеу мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан АҚШ әскерилері Пәкістанда орналасқан базасынан 1960 жылдың 1 мамыр күні Ленинск арқылы Кеңестер Одағының әуе кеңістігін терістікке қарай кесіп өту тапсырмасымен, аса жоғары биіктікте У-2 шпион ұшағын ұшырады. Бірақ ол Свердловск (Екатеринбург) қаласының маңына атып түсіріледі. Ұшқышы Пауэрс аман қалғанымен КСРО жағы оны опат болды деп жариялайды. АҚШ жағы беті бүлк етпестен – жаттығу кезінде навигация құралының істен шығуына байланысты «бір ұшағымыз терістікте жоғалып кетті» деп мәлімдеме таратады. Содан кейін КСРО жағы Пауэрсті баспасөз бетіне шығарып, АҚШ-тың өтірігін бетіне басады. Бұл уақиға қырғиқабақ соғыстың ушығып тұрған кезінде үлкен айғай-шу туғызған еді. Сол кезде біздер – студенттер, жұдырығымызды түйіп, қарсылық митингісіне қатысқан едік.
Көп ұзамай Ю.Гагарин ғарышқа самғады. Бұл адамзаттың көкке көтерілу әрекетінде жасалған рекорд болатын. Ондай жаңалық халықаралық арнайы ұйымда тіркелуі тиіс, соған орай КСРО сұраныс қағаз (заявка) түсіруі қажет. Сұраныста рекорд жасалған орын мен уақыттың көрсетілуі міндетті. Ал рекорд жасалған орын – Ленинск болса картада жоқ құпия қала. Сонда сұраныс жасаушылар Қазақстан картасынан Ленинскіден жоғарырақтағы Байқоңыр елді мекенін көреді де, «Рекорд жасалған орын – Байқоңыр елді мекені» деп көрсетеді. Содан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағы» деген тіркес қолданысқа енді. Кейін кеңестік атаулардан құтылу үрдісінде Ленинск Байқоңыр болып өзгерді.
Картадан көзге түскен Жезқазған маңындағы Байқоңыр елді мекенінің атауы сол төңіректі мекендеген беделді, елге қадірлі кісінің атынан қойылған. Ол туралы бұдан бір-екі жыл бұрын «Ана тілі» газетінің бетінде көлемді мақала жарияланған болатын.

Оңалбай СӘРСЕНБАЙҰЛЫ
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.