Ағамның жақсылығын көп көрдік

Биыл нағашы ағам – Зейін Жүнісбекұлы Шашкиннің туғанына 100 жыл толып отыр. Халқымызда «үйдің жақсысы ағашынан, баланың жақсысы нағашысынан» деген сөз тегін айтылмаса керек. Себебі нағашы жақтан берілетін қасиет қайткен күнде баланың ой-талғамына әсер етпей қоймайды. Менің өмір жолымдағы жеткен жетістігім, бойымдағы адамгершілік нәрім, білім мен ғылымға деген талабымның бір парасы Зейін Жүнісбекұлы ағамнан деп білемін. Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент болып, 1993 жылдан нарық экономикасына сай менеджер, экономистер дайындайтын институт ашып елімнің егемендігін нығайтуға, білімді азаматтар дайындауға үлес қосқанымның негізінде Зейін ағамнан алған тәрбиемнің ұшқыны бардай сезіледі. Ол қандай қиын замандарда да, жазықсыз айыпталып, 1937 жылдың лаңында 10 жыл абақтыға айдалып, кейін ақталып келіп 6 томдық роман, пьеса, киносценарий, спектакль, әңгіме-повестер жазғаны, ұшан-теңіз еңбек еткені біздер үшін үлгі-өнеге болды.

Ол кісінің алты апайы, бір ағасы болды. Ағасы Сағынбай Шашкин 1930-1934 жылдары Солтүстік Қазақстанның ГУБКОМ атқарушы­сы болып қызмет істеді. Менің шешем Ұмсынған – үлкен апайы. Әкем Мәмбет Шотбаев 1953 жылы Ерейментау аудандық советінің депутаты, жылқы фермасының басты­ғы болды. 1932 жылдың қиын-қыстау кезінде соқамен егін егіп ауыл­шаруашылық бригадасының бастығы болып, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға көп көмегін тигізген жездесін Зейін аға іштей қатты сыйлайтын, әкем де балдызым деп, жеңіл-желпі қарамай өте бір ілтипатпен, баласындай адал жүрегімен қарсы алатын.
Зейін ағам Павлодар қаласында мектепте оқып жүріп, жаз айларында ауылға келгенде оны ел болып, жұрт болып қарсы алып, үйлеріне шақырып, дәм беріп шығарып салады екен. Сол кезде-ақ үлкен азамат болатынын сезгендей, елдің артқан үмітін ақтауға тырысқан Зейін ағам, өмірінің соңына дейін (54 жасында өмірден өтті) ізденіп, көптеген ғылыми еңбек жазып, қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін дәріптеді. Тіпті сол кезде, 1960 жылдарда «Теміртау» романын жазып жүріп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Теміртау қаласында жұмыс істеп жүргенінде, инженер- металлургтермен кездесіп, Нұрекеңе ерекше тоқталып, жалынды жас жігітке ол туралы роман жазатынын айтып, қолжазба кітапшасына Нұрекеңнің туған жылын, алдыңғы қатардағы комсомол екенін, күніне 1150 тонна болат балқытатыны жөнінде жазып алғаны Н.Назарбаевтың болашағына деген зор сеніммен қарай білгендігін байқатса керек. (Бұл қолжазба мемлекет мұрағатында сақтаулы).
Зейін аға Сібірдегі айдаудан аман-есен елге оралуына байланысты бала-шағасымен 1959 жылы Алматыдан туған жеріне келе жатып, жолай Қарағанды, Ерейментау, Баянауыл, Павлодардағы ағайын-туыстарына соғып, сағынышын басып қайтқан. Мен 1960 жылы 10-шы сыныпты бітіргелі жүр едім, Зейін ағам мені Алматыға оқуға жіберіңдер деп әке-шешеме айтыпты. Содан 1960 жылы Алматыға оқуға келдім. Нағашымның үйіне түстім. Сол жылы Қарағандыдағы Лиза апайының қызы Тоқташ та онжылдықты бітірді. Әкесі Мейрам Ибраев атақты шахтер болатын. Сөйтіп, Тоқташ та Алматыға келді. Сол кездегі жұбайы Мағзума-Катя әйелінің бөле сіңлісі Үмсұндық-Валя Қуатова-Халикова да оқуға келді. Үйдегі кіші қызы Қарлығаш КазГУ-дың журналистика факультетінің бірінші курс студенті еді. Не керек, бір жазда Зейін ағамның Алматыдағы үш бөлмелі үйінде, бірден төрт қыз болып шыға келдік. Өзі күні-түні бас алмай кабинетінде жазумен отырып, бізге де уақыт тауып ақыл-кеңесін айтатын. Зейін аға «Жазушы – адам жанының инженері» деп отыратын. Ол қазақтың белгілі ақын-жазушыларымен араласып тұрды. Зейін ағамның үйінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев, Қ.Бекқожин, С.Мәуленов, Н.Анов, И.Шухов, Ю.Домбровский, Х.Есенжанов, Д.Әбілов, І.Есенберлин, Е.Бекмаханов сынды шоқтығы биік тұлғаларды көп көруші едік. Қазақша айтқанда, «қолдарына су құйып» қызмет көрсетіп өсіп едік. Олар Жазушылар одағында да жиі бас қосатын. Сондай кездесулерге студенттер қауымы, жазушылардың шығармашылығын бағалайтын жастар көп жиналатын.
Қай кезде болмасын, біз Зейін ағамның жақсылығын көп көрдік. Ол бізге: «Ал, қыздар, не ойларың бар?» деп әрқайсымыздың келешек өмірімізді болжағандай, қайсымыз қай оқуға түсетінімізді ақылдасатын. Сонымен мен КазГУ-дың экономика факультетіне түсіп, кейіннен Халық шаруашылығы болып құрылғанда 1964 жылы бітіріп шықтым. Бүгінде «Даулет-Бақ» менеджмент-маркетинг зертханасының директорымын. Тоқташ Қарағанды дәрігерлік университетіне түсіп бітіріп, 1965 жылы туберкулез ауруын емдейтін дәрігер болып шықты. Валя КазГУ-дың химия факультетін бітіріп, химия ғылымдарының кандидаты, Қарлығаш КазГУ-дың журналистика факультетін бітірді. Төртеуміз де тұрмыс құрып, үйлі-баранды болдық.
Зейін аға Мәскеуге жиі барып, сол жерде де жазу-сызумен айналысып жүрді. Қазір байқап қарасам, оның Мәскеудің мұрағатындағы ізденістері, жазған еңбектерінің нақты дерекке құралатынын аңғартады. Біз ағаның Мәскеуден аман-есен оралуын асыға күтетін едік. Зейін аға Мәскеуге әр барған сайын бізге бір-бір кәшне (капроновый шарф) әкелетін.
Күнделікті өмір барысында бізге: «Шәкия, Мәкиза нағашы апайларыңның жағдайын біліп, барып қайтыңдар» деп отыратын. Бұл ағаның туысқа деген ерекше қарым-қатынасын байқатады. Нағашымның үлкен қызы Қарагөз біз оқып жүргенде тұрмыста болатын. Қарагөздің Әнуар, Айгүл есімді екі баласы – нағашымның көзі көрген немерелері. Олар үйге келгенде ағамыздың қуанышында шек болмайтын. Әнуардың әкесі Еділ, марқұм, Түркебаевтың баласы. Анасы Әмина апай Дінмұхаммед Қонаевтың үлкен апасынан туған. Әнуар 5-6 жасында «Мой Еділ, Зеннаткин Еділ» деп менің жолдасымды Еділ Ерғожинді айтатын. Бізде үш қыз, бір ұл (Сәуле, Дәметкен, Гауһар, Дәулет), он немереміз бар. Қарагөздің қызы Айгүл бұл күнде экономика ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі. Одан екі немересі бар. Қарлығашты нағашым өз қолынан жас ақын – Төлеу Шақановқа ұзатқан, одан екі бала, бес немере бар. Айжан КазГУ-дың ағылшын тілінде тарих факультетін бітіріп, тұрмыс құрды, қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Марқұм, ақын Төлеу Шақанов аққан жұлдыздай екі тілде (орыс, қазақ) мектептен бастап өлең жазған еді. Көптеген қазақ жазушылардың еңбектерін сол кезде орыс тіліне аударған, Бөгенбай батырдың тұқымдары. Нағашымның кейінгі жұбайы Мәриям, одан көрген қызы Гүлжан филология ғылымдарының кандидаты, Білім және ғылым министр­лігінде қызмет атқарады. Бұл күнде енді осының бәрі тарих болды. Зейін ағаның төл еңбектері еліміздің алтын қорына енді. Өнегелі ісі, жазып қалдырған мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз. Тумысы дара, азаматтығы бөлек, ойы оқшау ағамыздың күллі өмірі – халқына қызмет етумен өтті. Біз сол үшін де оны мақтан етеміз.

Зеннат Шотбаева-Ерғожина,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.