«Ер мүсін, елден ерек бітімі ұйыл»

Қытайдағы қазақ фольклорына жататын тарихи жырлардың бірі – «Ер Бұлан». Әрине, бұл шығармада тарихта болған адамдар мен жер-су атаулары кездескенімен, негізінен халық қиялынан туындаған жыр екендігіне күмәніміз жоқ. Өйткені қаһармандық эпостардағы бас кейіпкерлер сияқты Ер Бұланның да бір үйдің жалғыз баласы болуы, жас күнінде сатып алған құлынының тұлпар болып өсуі, өзінің жас та болса әділетсіздікке жаны төзбеуі, күштілерден есе қайтаруды мақсат етуі, міне, осының бәрі болашақ батырдың тұлғасын қалыптастырудың дәстүрлі тәсілі екені анық.  

Ол өзі он сегізге келген биыл,
Ер мүсін, елден ерек бітімі ұйыл.
(«Ұйыл» сөзі қытайдағы қазақтардың сөз сап­тауларында мығым, шымыр мағына­сын­да қолданылады екен.)
Қараторы, келте мұрын, кең иықты,
Сом біткен он саусағы неткен дөйір.
Байға жалданып мал бағатын отбасында өскен Бұлан кішкентай кезінен елгезектігімен ерекшеленеді. Мұқанның қойын бағып жүріп тапқан-таянғанына сатып алған құлынының күтімі де керемет-ақ.
Кер құлын міне, бүгін болды құнан,
Қадірлі еді ауылына ерке Бұлан.
Аң аулап керқұнанмен жортып жүрсе,
Ұқсайды түлеп ұшқан бейне қыран.
Сол кезде халықты қан қақсатып, құлдай жұмсап, жемтігіне айналдырған Сәмен төренің дәурені жүріп тұрған екен.
Құлагер осы кезде дөнен болған,
Құнанда қасқыр соғып ерен болған.
Болса да дәулеті жоқ жалғыз жетім,
Бұлан да қалмаушы еді өлең-тойдан.
Жас Бұлан жай оғындай жайраңдаған,
Күні жоқ елдің жайын ойланбаған,
Жауларға зілді көзбен қараушы еді,
Бейкүнә жұртты осынша ойрандаған.
Әкесінің Ақай деген досы арнайы әзірлеген тобылғы сапты қамшысын Бұлан қасынан еш тастамайды. Ондағы ойы халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген төреге зәбір көрсету еді. Осы мақсатпен ол ғұзанға келіп, мал айдауға көмектеспекші болады.
Көк иттің даңқы шыққан осы маңға,
Жон жүнін тікірейтіп тірі жанға.
Егер біреу бұл маңнан атпен өтсе,
Алып-соғып бояйтын қызыл қанға.
Төрелер мал айдап келгендерге сый-құрмет көрсетеді. Алайда Бұланды көзге ілмейді. Жендеттер келіп көктөбет пен Бұланға бір табақ ұсынады. Итпен бірге тамақ жеуді қорсынған Бұлан тізесінің астына тығып келген қамшысымен иттің дәл тұмсығынан сілейте соғады. Осыдан кейін дәу итті асыққұрлы көрмей көтеріп алып гүрс еткізеді, бұның өзі Сәмен төреге тау құлағандай әсер береді. Сөйтіп, жас жігіттің намысшылдығын, бірбеткейлігін, дүлей күшін байқаған төренің өзі келіп,
– Торғауыт Қалдыр деген арғы бетте,
Ап кетті жүз жылқымды тектен-текке, – деп Бұланға өтінішін айтады. Әсіресе дұшпанның Теңбілкөгіне көңілі қатты ауып жүргенін мәлімдейді. Өкінішке қарай, итін өлтіргені үшін өзі төреге кіріптар болып, оның барымташысына айналудан басқа Бұланда амал қалмаған еді. Сөйтіп, еріксіз қамданып, бір күн бойы жол жүріп келе жатқан кезде қарсы алдынан құбақан киімді бір шал кездеседі. «Көктөбетін өлтірген соң сені әдейі қиын тапсырманы орындауға жібергені анық. Алдыңда ұзын сай бар. Оның ішімен жүріп өткендер елге қайтып оралған емес» дейді қария көріпкелдік танытып. Алайда қорқуды бойына ар санаған Бұлан алға қарай жүріп кетеді. Көп кешікпей-ақ қоршаған жартастардан үрейлі дыбыстарды ести бастайды. Талайды зар еңіретіп, етін жеген сұмырай жауыз қасқыр Бұланның да көзіне айқын көрінеді.
Ақтөс, қара қасқыр жетті қуып,
Көрмеген қара қасқыр өзі туып.
Қаптады шүйе бөрі тұс-тұсынан,
Мөлшері тіпті қалың, жүзге жуық.
Бұлан да бұл жауыздан тайынбады,
Сайысқа не де болса дайындалды.
Қара қасқыр биіктен атылғанда,
Сілтеді қамшыны әйтеуір, жаны қалды.
Әупірімдеп қасқырды соғып кете берген кезде бағанағы шал қайтадан жолында тап бола қалады.
Қалдыр да қалыспайды төреңізден,
Сан мықты іздеп келіп күдер үзген.
Қолында қырық жендет ұрысы бар,
Бәрі де қуаяқтар жерді кезген, – деп шал алда болатын барлық қауіп-қатерді Бұланға және ескертеді. Жүз жылқыға пара-пар Теңбілкөк дейтін жануардың бүкіл жылқының шып-шырғысын шығармай ұстап тұратын қасиетін де баяндайды. Ерекше жаратылған Теңбілкөкті Қалдырдың жалғыз қызы Долға күзететіндігінен де хабардар етеді.
Осы орайда бейтаныс шал қазақ фольклорындағы батырға қамқоршы, әртүрлі қиындықтардан қорғаушы Қыдыр атаның бейнесін ойымызға түсіргені анық.
Осыдан кейін Бұланды жалғыз жіберуге тәуекелі жетпей одан әрі ақсақал батырмен бірге ілесіп жүреді. Қарт жырау сыбызғыдан күй төгеді, әуенге елтіп Долға қасына келеді. Шал қызды сыбызғы үніне бөлеп, алдарқатып отырғанда Бұлан Теңбілкөкті іздеп табады. Кермедегі көктұлпар жер тарпып пысқырады.
Бұланға жүгіреді ауызын ашып,
Секілді арыстандай айбар шашып.
Шылбырды ірке тартып бір мезетте,
Ер Бұлан құлағынан алды басып.
Бұл жерде Бұланның ауыздығымен алысқан тұлпарды да тізгіндей алатындығы шебер көрсетіледі. Теңбілкөкті алып құйғытып ауылына жетсе, «Алыстан атағына жығылыппын, жылқы екен сымпыс құйрық» деп мыртық төренің көңілі толмайды. Осыдан соң есіл-дерті Бұланды мерт ету болғандықтан қайыс тартуға негізделген қиян-кескі сайыс ұйымдастырады. Бұндай сынақтан да Бұлан сытылып қана емес, жеңімпаз болып шығады.
Айлы кеш, жайлау көркі қандай әсем,
Қу тікей шалдар келді бәрі шешен.
– «Қарағым, шықтың ба, – деп сұрап жатыр,
Аузынан арыстанның есен-аман?».
Сәмен төренің жамандық қана ойлайтынын елдегі дана қариялар білетіндігінің бұл да бір дәлелі болса керек-ті.
– Сұр бедеу атым жоғалды. Жалғыз жүрген қалмақты көргендер бар, – деп Бұланға хабар жібереді. Бұндай қиын тапсырманы да Бұлан тап-тұйнақтай етіп орындайды. Қалмақтың Доржы деген ұрысының Ақжал айғырын сауға ретінде елге айдап та келеді.
– Арғы беттен бір керемет шығыпты, шаң жұқпас Алқарар жүйрікті әкеліп бер, – деп төре Бұланға басқа бір бұйрық беріп, батырдың көзін жоюды ойластырады.
Амал не, бұйырғанын атқарады,
Қорлыққа салды осындай жас баланы.
Жол-жөнін Қабекеңнен біліп алып,
Тағы да бөтен елге аттанады.
Бұланның Құлагері де иесінің жай-күйін сезіп жүйтки жөнеліп, лезде көзден ғайып болады. Аққаба деген жерге жеткенде сұмдық бір көріністің үстінен шығады. Бейіттен бір мүрдені шығарып алып, жегелі жатқан сары аюды көреді.
Бұланның ашуы кеп қалшылдады,
Жыртқыштан қорқып Бұлан тартынбады.
Тұрғанда әккі жыртқыш айбар шегіп,
Ер Бұлан еппен барып жақындады.
Құлагерімен құйғыта шауып өтеді де, кері жалт бұрылып келіп қамшысымен аюды тұмсығынан тартып жібереді. Сол сәт сау етіп азалы бір топ адам шыға келеді. Өлікті жейтін дүлейден құтыла алмай жүргендер Бұланға шексіз риза болады. Бұланның ерлігі аңыз боп ел аузына ілігіп, алысқа тарайды.
Сонда да қолы ұзын Сәмен секілділер батырға ор қазуын қоймайды. Бір ұйықтаса бір апта ұйықтайтын сәтін аңдып жүріп сұм жауыздар есіл ерді қапияда өлтіреді.
Күнделікті тұрмыстық әрекеттерден аулақ Бұланның ойынан табылатын асқақ қасиеттер: аңқаулық, адалдық, алыптық, батырлық.
Дастанда жаумен қиян-кескі ұрысқа шықпаса да небір қиындықтарды жеңіп, қалмақтың еліне жалғыз барып Теңбілкөкті, Ақжал айғырды, шаң жұқпас Алқарар жүйрікті ауылға алып келуінің өзі-ақ Бұланның өжетті­гін, мықтылығын, жүрек жұтқан батырлығын айқындап тұрғаны ақиқат. Бұлан батыр осындай ерлігімен ел есінде қалған.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.