Сын мен мін

Жеке кітапханамның кітаптарын түгендеймін деп отырып, қазақтың белгілі майдангер ақыны, жазушы, атақты «Ақын арманы», «Арман жолында» атты шығармалардың авторы Дихан Әбіловтің 1981 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ой толғауы» деген естеліктер (эссе) жинағының беттерін қайта, араға жиырма бес жыл салып парақтаудың сәті түсті. Дихан Әбіловтың аталған кітабында «Сәкен аға» атты естелігінде Сәкен жөнінде: «Ажарлы жүзінен қазіргі жан толыққаннан, сезім күйінен жұқалаң қан ойнап, күрең тартып, ақ жағалы көйлегі, көкше бұлт түстес костюмі күн астындағы ақ мойнақ, көк қанат сұңқардай жарқылдап трибунаға шықты», – деген сөз жолдары бірден көзге шалынды. Көлемді естеліктен (эссе) ол жолдардың бірден көзге ілінуінің себебі, сол кітапты алғашқы жылдары оқығанымда-ақ қаламмен астын әспеттеп, айшықтап, сызып қойып­пын. Сол кезде мен жазушының көркем сөз саптау шеберлігіне ғана қызықтаға­ным ба, ол арасын білмеймін, бүгіндері «…күн астындағы ақ мойнақ, көк қа­нат сұңқардай жарқылдап…» деген сөздері­не қайта ой жүгіртіп оқысам, қазіргі Тәуел­сіз Қазақстанымның айбынды көк бай­рағы көз алдымда желбіреп тұрғандай сезімге бөленемін. «Сөзді – сөз қозғайды, ойды – ой қозғайды» демекші, данагөй Конфуцийдің:
«Ойсыз оқу – бекер,
Оқусыз ойлау – қатер» деген дана сөзі де есіме түсіп отыр…
Бүгін бір ой өрістеріне жайылдым. Тәкаппар, ресми сөз шылауында жүріп тіліміз қақшиып қатып қалған ба, иілмейді. Жұмыстан сәл бөлініп, терезеден тысқа, табиғат құбылысына көз жүгіртіп, одан алған әсерімді ой елегінен өткізіп, сөзбен төгейін десем тілім байланып қала береді.

* * *
Тілімді «сауықтыру» үшін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романдарын қайталап оқып шықтым. Ұнаған сөздерін, сөз тіркестерін дәптеріме жазып отырдым. Сәуірбек Бақбергенов сияқты Тахауидің де прозадағы шалқыма лирикасы бар. Олардың прозалары ән сазымен өріліп келеді ғой.
«Қаһарлы күндер» жарық көрген кез­де совет прозасында адам концепциясы­ның тереңдей түсуіне елеулі бетбұрыс жасаған Ю.Бондарев, Г.Бакланов, В.Быков шығармалары әлі жарияланған жоқ еді» дейді Әбіш Кекілбаев. Дұрыс болар. «Қаһарлы күндердің» кейіпкерлерінің бейнесін көз алдыма келтіре алам. Соған қарағанда, Тахауи кейіпкерлерінің психологиясын оқиға мәнісіне қарай ашып берген ғой. Адам бейнесі психологиялық іс-қимылымен тұжырымдалады. Мұны қалам мен қағаз ұстағандардың кез келгені біле бермейтін сияқты. Білсе де қолдарынан келмей жатады немесе мойындағылары келмейді.
Қытай халқының дана сөзі болар деймін… «Жел жаққа ақымақ қамал салады, ақылды диірмен салады» деген мақал кімдікі болса да адам баласын ойлантпай қоймайды…
* * *
Көсіліп отырып жазуға уақыт жоқ. Өзімді өзім алдап отырған сияқтымын. Уақыт бар. Адам өзінің қатесін мойын­дағысы келмейді екен. Мойын ұсынуға да ерік-жігер, қайсарлық, батылдық, өзін билей алатын, өзін жұмсай алатын қабілет те керек екен. Үйге барсам әрнәрсені ойлап, тіршілік қамының құлына айналып кетемін. Жазу қалады. Неге?
* * *
Оқымыстылар қатарына ақындар, жазушылар, академиктер, жалпы ғалымдар жатады. Осылар ақыл жарыс­тырамыз деп отырып, бір-бірін бейпіл сөздермен жерлеп жататындарына таңым бар. Әсіресе мұндай жағдайлардың ортасында ақын-жазушылар жүреді. Дау-дамай солар жақтан шығады. Сын айтам, сені мен түзеймін деп отырып бет жыртысып жататындарына ұялам. Сын айтам деп отырып, бір-бірінің мінін айтқыштап, оқушыларын шатастырады. Сын мен мінді шатастырып алатын сияқты.
* * *
Тіл туралы айтылмаған сөз қалды ма екен? Біздің басты нысанамыз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, тәуелсіз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілін­де» екеніне жұртшылықтың көзін жет­кізу. Иә, жұрт мұны бүгін түсінбесе, ертең түсінер. Кезінде айтпасын демесін. Адам баласы бір-біріне пікір-ұсыныстарын айтумен сана-сезімдерін өзгертіп әрі оқу­­мен ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан қо­ғам­ға пайдалы-ау деген пікірді айта берген де, қолдан келсе жаза берген де жөн. Соның ішінде қазақ тілі туралы проб­лема айтыла да, жазыла да береді. Менің құрдастарым, замандастарым көрмесе де қазақ тілінің жеңісін ұрпақтарымыз көреді. А.Байтұрсынұлының «Біз – кешегі заманның баласымыз, ертеңгі заманның баласымыз» деуінде де тіл тағдырына тікелей қатысы бар үлкен мағына жатыр. Тілдің абстракты құбылыс емес, адам қоғамымен тікелей жалғастығы, онымен тағдырлас екендігі осыдан да көрініп тұрған жоқ па? Ана тіліміздің жай-күйі кейінгі жылдары жұртшылығымызды алаңдатып жүр. Алаңдата береді де. Қытайша немесе орысша берген жауапқа қазақша жауап беруді талап ете алатын жігерлілікке, қазақылық мінезге түсуіміз керек. Менің замандастарым орысша берілген сұраққа сол тілде жауап беріп жатады. Қазақ тілінде жауап беруге жасқаншақпыз. Біздің қолымыздан келмеген екен. Біз – кешегі заманның балалары, міндет – ертеңгі заманның балаларын парасатты, жігерлі, мәдениетті ұлтжандылыққа, намысшылдыққа тәрбиелеу.
* * *
Облыстық «Атырау газетінің 2006 жылдың қазан айының 10-ындағы санының бірінші бетінде интернет жүйесінен алынған шағын хабарлар топтамасы жарияланған екен. Сондағы мына бір хабар менің назарымды өзіне еріксіз аударып, қолыма қалам ұстауға мәжбүрледі. Енді сол газеттегі хабарды сөйлетіп көрейікші. «Малайзияда жарнамада ағылшын сөздерін пайдаланғаны үшін айыппұл салынады екен. Бірінші ретте тіл тазалығын бұзушы ескерту алады екен, ал қайталап бұзған жағдайда шамамен 2700 доллар көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді».
Малайзиялықтардың ана тілдері үшін жасап жатқан бұл іс-шаралары қазақстандықтарды да бейжай қалдырмасы сөзсіз. Өзгеге ой салар жақсы хабар. Сондай-ақ жалпы ұлттық республикалық газетіміз «Егемен Қазақстан» газетінің 2006 жылғы 27 қазандағы санында «Мемлекеттік тілдің бағын ашса, тек Елбасы ашады» деген тақырыппен сөйлеген академик Салық Зиманов: «Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XI сессиясында мемлекеттік тілге қатысты талапты туралай әрі қатаң қоятын кез жеткенін ашық айтып, баршаның, оның ішінде мемлекеттік қызметте жүргендердің мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмей жұ­мыс істеуге болмайтынын мәлімдегенін ерекше бетбұрыс деп бағалаймын. Бұл – жай ғана ниет емес, нақты бағыт ұстанымы және тұрақты жүзеге асыратын мәселенің дұрыс жолға қойылғаны» деген болатын. Бұл да Малайзия мемлекеті сияқты ұлтшылдық емес, ұлжандылық сезімдегі, адамгершілік тұрғыдағы, өзін өзгеге сыйлату пиғылымыздың бір ұшығы деп түсінеміз. Өзін сыйлаған ел өзгені сыйлайды. Данышпан ата-бабаларымыздың өсиет сөздерінің ұзын ырғасы да осы еді ғой…

Марат Сабырғалиев

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.