Жаңа оқу жылының белестері

Жаңа оқу жылының қарсаңында білім саласы қызметкерлерінің жұмысы қауырт бола түсетіні белгілі. Жаңа жоспарлар мен міндеттер белгіленіп, алдағы оқу жылында атқарылуы тиіс мың сан шаруалардың көкжиегі де айқындалады. Күз айында басталатын оқу жылына Павлодар облыстық Білім беру басқармасы да қызу дайындық үстінде. Басқарма бастығы Бақыт Бексейітованың айтуын­ша Павлодар облысының білім беру саласы жаңа оқу жылына үлкен дайындықпен келіп отыр. Осы орайда басшымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

– Бақыт Мақанқызы, биылғы оқу жылы Павлодар облысы үшін несімен ерекше болмақ? Оқу жылына дайындықтарыңыз қалай?
– Әрине, жаңа оқу жылына байланысты алдымызда тұрған жоспар көп. Жылдағы дәстүр бойынша біз жаңа оқу жылына ерекше ыждаһаттылықпен дайындаламыз. Өткен оқу жылынан қалған мәселелерімізді шешіп, мектептерімізді жаңа оқу жылына дайындап, мектепке келетін жаңа оқушыларды қабылдау тәрізді жұмыстарды кең көлемде атқарамыз. Сонымен қатар Павлодар облысы бойынша білім көрсеткіштерін былтырғыдан да жоғары ету – біздің басты мақсатымыз. Оқушылардың білімдерін тереңдетіп, келесі жылы болатын ҰБТ сынақтарын ойдағыдай тапсыра білу үшін барлық мүмкіндіктерді жасайтын боламыз. Ол ең алдымен оқу сапасын арттыру, оқу-әдістемелік кешендерімізді талапқа сай қылу, мектеп оқулықтарының жеткілікті болуын қамтамасыз ету, сапалы білімге көңіл бөлу.
– Павлодар облысының білім мекемелері мен онда білім алатын оқушылардың саны қанша?
– Облыстың білім беру саласында 616 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 420 мектеп, 141 балабақша, 55 колледж және кәсіптік лицей жұмыс істейді. Облыс мектептері оқушыларының жаңа оқу жылының басындағы саны 89,7 мың оқушы болады деп жоспарлап отырмыз. Биыл 1-ші сыныпқа 10 мыңдай бала қабылданатын болады. Жалпы алғанда облыс мектептерінде білім алатын балалардың саны былтырғы жылдағыдай деңгейде сақталып отыр. Бұл біздің ойымызша, өте жақсы көрсеткіш.
– Оқушыға ең керегі – оқулық қой. Бұл орайда мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
– 2012-2013 оқу жылы оқулықтарға жергілікті бюджеттен 354,6 млн. теңге бөлінді. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерді оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдармен толықтай қамтамасыз еттік. Сондықтан оқулық мәселесінде айтарлықтай қиындықтар болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Біз бұл жағына үлкен мән береміз, себебі оқушыға оқулық жетпесе, ол оның біліміне де тікелей әсер ететіні сөзсіз ғой.
– Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы бірден-бір талап – мұғалімдердің біліктіліктерін жетілдіру болып отыр. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар маңызды жұмыстардың жүргізілгенін білеміз. Өйткені оқушылар білімді болу үшін мұғалімдер де қазіргі заманның талабына сай болуы керек емес пе?
– Ойыңызды түсіндім. Иә, шын мәнінде, бүгінгі мұғалімге басқарма тарапынан қойылып отырған талап өте жоғары. Ақпараттық-технологиялық ғасырда, білім мен ғылымның жаңалықтары тез өзгеріп, білім беру моделдері ауысып жатқанда, мұғалімдер де одан шет қалмауы керек. Қазіргі оқушылар мен олардың ата-аналары да сапалы білімнің не екенін, оның қандай жетістіктерге жеткізетінін жақсы біледі. Әрбір оқушы өзінің оқып отырған пәнінен маңызды ақпарат алсам, білімімді тереңдете түссем деген ойда болады. Біз солардың ойынан шығатындай білім бере білуіміз керек. Ол үшін әрине, басқарма тарапынан да көптеген маңызды жұмыстар жасалып жатыр. Облыс мұғалімдері республикалық және халықаралық конференцияларға, семинарларға үнемі қатысып отырады. Олар білім беру саласында болып жатқан жаңалықтарды ешуақытта назарда тыс қалдырып көрген емес. Мұның барлығы мұғалімдердің біліктілігін жоғарылатуға септігін тигізеді. Бүгінгі мұғалім – жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз. Ол өз пәнімен қатар, сол пәннің негіздеріне терең бойлайды. Өздерінің жеке әдістемелерін дамытып, оларды ғылыми-көпшілік журнал беттерінде жариялап отырады. Мектеп деген жанды үрдіс қой. Ол ең алдымен бізден өз жұмысымызға деген тиянақтылықты талап етеді.
– Әңгіме мұғалім туралы болғаннан кейін, Сізге мына бір сұрақты қоюды жөн санап отырмын. Білім беру саласындағы соңғы жылдардағы басты жаңалықтың бірі, ол – мұғалімнің мәртебесін көтеру. Бұл туралы Білім және ғылым министрі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да айтып өтті. Сіздің ойыңызша, мұғалімнің мәртебесін қалай көтеруіміз керек? Осы бағытта Павлодар облысында нендей шаруалар қолға алынып жатыр?
– Сіздердің газетте жарияланған министріміз Бақытжан Тұрсынұлының сұхбатын қызығушылықпен оқып шықтық. Бұл сұхбатта барша білім қызметкерлерінің көкейінде жүрген мәселелер қозғалған. Сұхбатта айтылғандай, мұғалімнің мәртебесін көтеру – мемле­кеттік іс екені даусыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандық білім беру саласына жасап жатқан қамқорлығының арқасында, мұғалімнің мәртебесі жылдан-жылға көтеріліп келе жатыр десем, артық айтқандық емес. Мектеп мұғалімдері Елбасының қамқорлығын үнемі сезініп келеді. Мұғалімдердің айлық-жалақыларының өскенінің өзі олардың әлеуметтік мәселесінің айтарлықтай шешілуіне септігін тигізді. Мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетіп отырғанда, бала мен оқушы тәрбиесінде біздің аянып қалатын жеріміз жоқ. Жұмысты сапалы жүргізіп, әрбір ісімізден нәтиже шығарып, білім сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне дейін өсіре түсу – баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет. Енді нақты атқарылатын істерге тоқталатын болсам, шағын мектептердің мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлуді назарда ұстап отырмыз. Біздің облысымызда жалпы білім беретін мектептердің жартысынан көбі осындай мектептер. Сондықтан да Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы жанынан құрылған шағын мектептерді дамытудың республикалық орталығында облыс мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға көптеген мүмкіндіктер жасалып отыр.
Бұдан бөлек, облыс көлемінде мұғалімдердің беделін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізілуде. 2012 жылдың жарты жылы ішінде педагог мамандығын насихаттауға бағытталған 8 тақырып бойынша іс-шара өткізілді. Нақты айтсақ конференциялар, дөңгелек үстелдер, сайыстар, пәндік олимпиадалар. Соның ішінде облыстық «Ең үздік білім беру ұйымы» байқауы және республикалық «Үздік мұғалім» сайысының 2-айналымы өткізілді. Ұстаздар күнін өткізу шеңберінде де бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр. Білім беру саласы қызметкерлерінің еңбектерін ескеріп, беделін арттыра түсу мақсатында облыста рухани және материалдық ынталандыру шаралары ұйымдастырылып келеді. Биыл 212 мұғалім облыс әкімінің, облыс мәслихатының, білім беру басқармасының Құрмет грамоталарына ие болды.
– Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Елбасының бұл мақаласы кәдімгідей үлкен бағдарлама іспеттес. Бұл орайда мақалада айтылған тапсырмалар бойын­ша нендей шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырсыздар?
– Мемлекет басшысының өзіңіз айтып өткендей мақаласы қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Біз де өз тарапымыздан осы мақаланы мұқият оқып, ондағы айтылған ойлар мен идеялардан серпіле алдық. Менің ойымша, Елбасының мақаласында айтылған негізгі идеялар тәрбиеге де қатысы бар деп есептеймін. Мектеп оқушылары мен балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндерімізге еңбектің мәнін ұғындыра білсек, сол бір асыл қасиеттерді бала кезінен бастап бойларына сіңдіре білсек, олардың жақсы адам болып өсері сөзсіз. Біз өз тарапымыздан осы мақалаға орай көптеген жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Ең негізгі мақсат – бүгінгі қоғамның еңбекті сүйетін адамын қалыптастыру ғой. Оқушы болсын, бала болсын, олардың бәріне еңбектің мәнін түсіндіре білсек, осы бағытта тәрбие жұмыстарын көбірек жүргізсек, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Әрине, алдымызда келе жатқан оқу жылына байланысты көп міндеттер тұр. Солардың ең маңыздысы Мемлекет басшысы белгілеп берген тапсырмаларды орындау – әрқашанда біздің бас­ты мақсатымыз болып қала бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.