Еңбекпен есейген

Қазақ өмірінде ұсталар мен зергерлер, үйшілер мен сыршылар, етікшілер мен өрімшілер, кестешілер мен тігіншілер, өрмек тоқушылар мен ши ораушылар т.б. шеберлер әр кезде болғаны анық. Ертеректе қазақ етікшілері саптама етік, мықшима, кебіс, мәсі, шарық (шоқай), шоңқайма, көк етік тіккен ғой. Ондай етіктердің түрлерін қазір де тігуге әбден болады. Бірақ өте қымбатқа түседі. Себебі, етік тігуге жұмсалатын материалдардың бағасы айтарлықтай жоғары. Өйткені уақыт өте келе өндіріс тәсілдеріне де, үй тұрмысына да өзгерістер енгені ақиқат.
Алматыдағы Сәтбаев пен Айманов және Гагарин мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы төрт шаршы алаңқайда үш етік жөндейтін орын бар. Биік үйлердің төменгі қабатында жұмыс орнын ашып алғандар мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Оларға бірнәрсені түсіндірудің өзі қиын-ақ. Жөндететін аяқкиіміңді апарып, көрсетесің де, қағазға жазып берген бағаны төлеп, жүре беруге тура келеді. Кейде жөндеу жұмыстары киіп жүрген аяқкиіміңнің құнынан да асып кетеді. Таяуда Жандосов пен Айманов көшесінің қиылысындағы дүңгіршікте отырған қазақ жігітін көріп, әңгімелесудің сәті түсті.

– Сіз неге мынау жыпырлаған үйлердің бірінің төменгі қабатынан арнайы орын ашып алмадыңыз? Мына жер қауіпті емес пе?
– Тұрғындардың көңілін табу өте қиын шаруа. Біреулер мотордың дыбысын, кейбіреулер балғаның тоқылдаған тарсылын, тіптен желімнің исін де ұнатпай, үнемі шағымданып жатады. Маған осы жер ыңғайлы. Жалғыз жұмыс істеймін. Патентім бар. Салықты дер кезінде төлеп тұрамын.
– Аты-жөніңіз кім?
– Мұхамеджан Усманов боламын.
– Етікшілік бағзы замандардан қазақтың төл кәсіптерінің бірі болған ғой. Бұндай жұмысқа қай кезден бастап араластыңыз?
– Сегізінші сыныпты 1977 жылы бітірдім. Сол жылы етік жөн­дей­тін Файзолла Абдуллаев дейтін шеберге көмекші болып жұмысқа тұр­дым. Күні бойы еңбек етіп, кеш­кісін қолыма ақша ұстағанда қатты қуандым. Біртіндеп бұл кәсіп­тің қыр-сырын үйренуге аса ден қойдым. Сөйтіп, саптама, сақ­тиян, былғары, құрым, қайқыбас, шоңқайма, тасұлтан, түзу табан секілді етіктердің түр-түрін өзім тігетін болдым. Тіптен, әйелдердің өкше сірісін, қонышы мен басын былғарыдан оюлап, әшекейлеп те қоятынмын. Етік тігу үшін былғары мен ұлтаннан басқа тоз, ағаш шеге, тарамыс, мықты жіп керек болады. Ең қажетті шикізат қайыс пен көн, жарғақ мата. Қажетті материалдарды дер кезінде сатып ала білдім. Кейінірек базарда жүріп тіккен аяқкиімдерімді сататын болдым. Мен туып-өскен Түркістанда тұрмыстық қажетті өтейтін үй болатын. Сол жерде жұмыс істедім. Ағаштан шеге жасауды, былғарыны өңдеуді, ұлтарақтардың шетін қайырып тігуді, жапондардың «укк» дейтін сырмағы (замок) болатын, соны етікке тігуді, бәрін-бәрін сол жерде жүріп үйрендім. Қазіргі кездегідей губка, дермантин секілді материалдарды мүлдем пайдаланбайтынбыз. Біз тіккен етіктерді адамдар 4-5 жыл қатарынан киетін. Қазір ғой бір маусымдық аяқкиімдердің көбейгені.
– Әлгінде бір сөзіңізде өз бетімше цех аштым деп қалып едіңіз…
– Аяқкиімді тапсырыспен де, өз қалауымша да тігетін болдым. Ол кезде Шымкентте «Заря» фабрикасы болды. Сонда модельер оқуын оқып алдым. Өкінішке қарай, 90-шы жылдары елімізде жекешелендіру басталды ғой. Жамбылдың және Георгиевканың тері өңдейтін зауыттары жабылды да, жағдайымыз қиындады. Теріні өңдеу, илеу үй жағдайында бірсыпыра қиындықтар тудырады. Өңдегенде ғана тері сапалы болатын-ды. Кейін тұрмыс қажетін өтеу комбинаты сатылып кетті, цехтар жаппай жабылып қалды. Содан кейін Шымкенттің, Алматының әр жерінде өз бетімше еңбек етіп жүрдім.
– Отбасыңызды асырауға тапқан табысыңыз жете ме?
–Түркістанда жүргенде үйлен­дім ғой. Үш балам бар. Қазіргі таңда үлкен ұлым үйленді. Қанағатпен, Алладан берекесін сұрап еңбек етемін. Өзім қарапайым болғандықтан, қара халықтың жағдайын түсінемін. Аяқкиім жөндеуге қажетті материалдарды аптаның әр күні барып, әртүрлі бағада сатып аламын.
Біз әңгімелесіп отырған кезде қолына дорба ұстаған екі келіншек келді. Тұмсығы кетілген ерлер бәтең­кесін етікші Мұхамеджан ұзақ айналдырып қарады.
– Қымбат аяқкиім. Жөндеп беремін. Мың теңге төлейсіз.
Екінші келіншектің өңі кеткен жазғы аяқкиімін әрі-бері аударып-төңкеріп, жөндеуге келмейтінін айтып кері қайтарды.
Осыдан кейін де етік жөндейтін жерге адамдар келіп, аяқкиімдерін тас­тап кетіп жатты.
Етікшінің қолына тыным жоқ. Жыртықты бүтіндейді, үзілгенді жалғайды, кейбір аяқкиімнің ұлта­нына желім, лак жағады, әйелдер аяқкиімінің өкшесіндегі желінген материалды жұлып тастап, жаңа материал салып бекітеді. Тұрқы бұзылған бәтеңкені де қалпына келтіреді. Негізінен жаздық және жеңіл аяқкиімдерді көз алдымызда өңдеп жатты. Етікші алдындағы құрал-саймандарына кезек-кезек қол созады. Басы қайқиған шот балта, қашау, бақа бас темір балға, шеге, тістеуік, тетірік пышақ, іс тігетін қол машинасы тағы бар. Бір кезде екі түрлі бізбен кезек-кезек әлденелерді тепшіп, қайып, көктеп, айқастырып, қиғаштап қолмен тігуге кірісті. Етікшіден мән-жайды сұрадық. Қаю бізі жіңішке болады екен. Ол етіктің қонышын қусыру, басын қондыру үшін, ал ұлтару бізі етікті ұлтандауға қолданылатынын білдік.
– Тігетін жібіңіз неткен мықты?
– Шымкентте доңғалақ жасайтын зауыт бар ғой. Дәу көліктердің дөңгелегінің ішін осындай жіппен толтырады. Жіптерді Оңтүстік Қазақстаннан алдыртқанмын.
«Дұшпан аяққа қарайды» дейді қазақ даналығында. Ендеше, аяқкиімімізді күтіп ұстаудың да маңызы зор. Аяқкиім ыңғайлы, берік, сәнді ғана емес, сондай-ақ тазалық талаптарына да сай келуі шарт. Аяқкиім табанды жарақаттанудан сақтап, тері қабаттарын қажамауы, адамдардың қимыл-қозғалысына кедергі келтірмеуі керек-ақ. Осының бәрін жақсы білетін етікші жігіт Мұхамеджан өз ісінің нағыз шебері деген атаққа әбден лайықты.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.