«Болашақ» иегерлері белгілі болды

Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Отырыс аясында аталған комиссияның 2012 жылғы 11 сәуірдегі хаттамалық тапсырмасын орындауға, «Болашақ» стипендиясының иегерлерін тиісті талаптарды орындамағандығы үшін стипендиядан айыруға, Қазақстан азаматтарының арыздары мен өтініштеріне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі қолдау көрсетуінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы 20 жыл бойы үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.
«Болашақ» бағдарламасы – қазақстандықтардың келешек ұрпағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын бірегей білім беру бағдарламасы. Бүгінде индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру аясында білім беру мен денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлармен бірге жас ғалымдар, дәрігерлер және инженерлер шетелдің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуде. Отандық мамандардың жаңа білімді игеруі – біздің еліміздегі экономика, ғылым және әлеуметтік салалардың дамуына ықпал ететін болады» деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, 2012 жылғы 9 шілде мен 6 тамыз аралығында өткен конкурстық іріктеу тур­ларының қорытындысы бойынша республикалық комиссия­ның қарауына «Болашақ» халықара­лық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің 444 жеке ісі енгізілген. Үміткерлердің 152-сі шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер болса, 26-сы – ғылыми немесе педагог қызмет­кер, 53 үміткер – мемлекеттік қызметшілер, 62 үміткер – еліміздің жоғары оқу орындары­ның биылғы жылғы түлектері. Ал тағылымдамадан өтуге баратын 151 үміт­кер ғылыми-педагогикалық, инженерлік-техникалық және медицина қызметкерлері ретінде конкурстық іріктеуге қатысқан. Оқу бағдарламасы бойынша үміткерлердің 280-і магистратурада, 12-сі докторантурада оқуға, 152-сі тағылымдамадан өтуге өтініш берді. Жиын барысында Мемлекеттік хатшы үміткерлерді іріктеу науқаны осы жылғы ерекше болғанын атап өтті. М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, биыл бағдарлама аясында үшжақты келісім жасалған. Бұл келісім болашақтықтарды жұмыспен қамтуды көздейді. «Осыған сәйкес стипендиаттың, халықаралық бағдарламалар орталығының және жұмыс беруші компаниялардың арасында үшжақты келісім жасалады. Соның нәтижесінде біз жастарымызды Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың шеңберінде жұмыспен қамтуға мүмкіндік аламыз. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілу үстінде. Үстіміздегі жылдың 11 мау­сымында Елбасының қол қойған Жарлығына сәйкес, комиссияға түлектерді жұмысқа орналастыру туралы да қосымша құзырет берілгенін айтқымыз келеді. Сондықтан бұл мәселемен тек қана Білім және ғылым министрлігі, жетекші министрліктер ғана емес, алдағы уақытта барлық облыс әкімдері де айналысуға тиіс» деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыста, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасына үміткер жастардың қай елдерді көбірек таңдағаны туралы ақпарат келтірілді. Үміткерлердің басым көпшілігі – Ұлыбританияның жоғары оқу орындарын таңдапты – 243 адам. Одан кейінгі кезекте Ресей (50 адам), АҚШ (49), Швейцария (31 адам), Израиль (11 адам), Франция (10 адам), Германия (9 адам) елдері бар. Сонымен қатар үміткерлердің таңдау жасаған университеттерінің ішінде Италия, Австралия, Нидерланды, Канада, Түркия, Австрия, Жапонияның жоғары оқу орындары кездеседі. Бағдарламаға үміткерлер ақ­параттық технологиялар және жүйелер; ақпараттық қауіпсіздік; информатика, мұнай-газ ісі; мұнай химиясы және мұнай-химиялық синтез, білім саласындағы басқару, мемлекеттік саясат; саясаттану; мемлекеттік басқару; халықаралық қатынастар, бухгалтерлік есеп және аудит; бағалау; қаржы; экономика; құқық мамандықтарын таңдаған.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өңірлерде конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау, ұйымдастыру тапсырмасын орындау мақсатында 2012 жылғы 10 мамыр мен 5 маусым аралығында ақпараттық-насихаттық іс-шара­лардың жүргізілгенін атап өтті.
Комиссия жұмысының қо­рытынды бөлімінде конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.