«Ақша бұлтқа жаздым сонда сөзімді»

Құдіреті күшті Алла тағала мына шексіз ғаламды ғаламат кеңдікпен жаратқаны соншалық, оның ауқымы мен аясына, жобасы мен жүйесіне адам ақылы әсте жетпейді.
Ғарыштық кеңдік емес-ау, өзіміз өмір сүріп жатқан жұмыр жердің бетінің де жұмбағы мен тылсымы әлі ашылып біткен жоқ.
Хикметтер мен нығметтерге толы сырлы әлемнің түрлі бояуларының өзінің қаншалықты маңызды екендігіне ой жіберіп те жатпаймыз.
Елестетіп көріңізші, дүние, ғалам бір ғана түстен тұратын болса, сана иесі тану, таңдау, бейнелеу, сүю қабілетіне қалай ие болмақ?
Көктің төсі, жердің беті, теңіздердің асты – көздің жауын алатын жауһар туындылар мен жарқын бояулардан тұрады. Нұр тұнған әлем құлпырған бояуларымен сұлу. Осы өлшеусіз игілікті, теңдессіз көркемдікті көзімізбен көріп, қуана білетініміз қандай дәулет, дәреже десеңізші!

Ал осы жайнаған жарық дүние үнсіз болса, қайтпекпіз? Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс, тілсіз болса, қайтпекпіз?
Немесе өмір бойы бір ызың, бір дыбысты ғана еститін болсақ, не жалығып, не жарылып кетпейміз бе?
Мұның бәрі жоғарыдан махаббатпен басқарылып, ұлылықпен ұйғарылып, шеберлікпен шешіліп қажетімізге қарай қамтамасыз етіліп қойылған.
Тіршілік тұнған әуен мен саз.
Тыңдай білсеңіз, жапырақтар жырлайды. Толқындар шулайды. Құстар сайрайды. Жел гуілдейді. Аспан күркірейді. Тау ыңырсиды. Орман сыңсиды…
Бәрі де бір Алланы зікір етеді.
Дүниені тәңірлік тәртіп пен үйлесімге толтырып, түр берген, жан-жануарға үн берген Раббымыз өзі ардақты етіп жаратқан адамға ойлайтын қабілет пен сөйлейтін тіл берген екен. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді дана халқымыз. Сөз өнерінің биігі – өлең мен жыр.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Кемеңгер Абайдың анықтап айтқан осы сипаттамасы тұрғысынан алғанда, бүгінгі біз қызығып отырған өлеңнің «ер данасы» – белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы.
Бисмилләһи, Сөз келді көңіліме.
Бір шуағын түсірер өміріме.
Жаратқаннан тараған сол сәулені
Жарқыратып тағайын өңіріме, – деп шаттанады Өтеген ақын. Өйткені ол сөздің қадірін біледі. Сөздің қуаты мен күшін дұрыс әрі шебер пайдалана білетін адам әрдайым абыройға бөленеді. Ал өлеңге айналған сөздің әсері тіпті бөлек.
Бір ақындар болады, жастайынан жарқ етіп шығып, әдебиет аулына екпіндеп келіп, ентігіп қалатын, танымалдықтың буымен тәкаппарлыққа ұрынып, біраздан соң тапырақтай бастайтын.
Бір ақындар болады, бірден суырылып шыға қоймай, бойындағы талантын күтіп ұстап, іштей ізденісте жүріп, жетіле беретін, жемісін піскенде теретін.
Өтегеннің кейінгі жырларын оқығанда осындай ойға қалдым. Өмірде ақырын жүріп, анық басатын азамат өнерде де тасыр мінез танытқан емес. Адамның өзі қандай болса, сөзі сондай. Сыпайы, сырлы, тұңғиық тұлға қашан да мақтаннан аулақ, дақпырттан сырт жүреді. Кісілік пен кішілікті тең ұстайды.
Ұзақ жыл журналистік жұмыс пен мемлекеттік қызметтің арасында жүріп, рухани сөресін інжу-маржанға толтыра берген сабырлы сабаз төгілетін тұсын, сөгілетін орайын сәтімен тапқан екен!
Бұған дейін де оқырманына бірнеше кітап бер­ген Өтеген ақынның нағыз илхам-шабыты мұсылмандар үшін қасиетті мекен болып табылатын Мекке, Медине қалаларында ақшамгүлдей ашылыпты.
Алланы сүйген ақынның әдемі жыр-жазирасын бірге аралайық.
Әл Масджид әл Харамнан ғұрып көрем.
Ешқашан Алла деуден үрікпегем.
Сәулесі себездеген жүрегімді
Салып ап алақаныма жүріп келем.
Қайран, ақынның аппақ көңілі-ай! Өтеген өзінің Аллаға деген махаббатқа толы, сол арқылы он сегіз мың ғаламның кереметтеріне құштар сәулелі жүрегін алақанына салып, аялап, ұстап жүргісі келеді. Өзінің жүрегін өзі жақсы көріп, ішіндегі қазынасын, адамдарға үлестіруге асығады. Ақынның бақыты ізгілік пен сұлулықты, үйлесіп, ұйқасқан сөз арқылы, одан әрі жарқырата білуінде. Өтеген өте сирек қонатын сондай бақытты сезініпті.
Қасиетті Қағбаның жанында жан жүрегі егіліп, екі дүниенің бағы мен мұңын бастан кешіп, имандай сыры ұйқас боп үйіріліп, тіркес боп құйылып, жыр тілінде Жаратқанға жалбарыныпты.
Алла көріп тұрған шығар, сенем мен.
Қара тасты жеті айналып келем мен.
Құтылсам деп көңілдегі күдіктен,
Құтылсам деп өмірдегі шеменнен.
Мынау шаң жиналғыш жердің бетінде, қиянаты мен әділеті аралас жүретін қымбат өмірде рухыңды, жан сарайыңды тазартып алатын, күнәларың мен күпірліктерің кешіріліп, қайта туғандай пәк табиғатыңа бір сәт оралып жалған дүниеге жасқанбай қарап, жарылқау барына сенетін орныңның болғаны үшін шүкіршілік етерсің.
Қара тастан қуат алдым, күш алдым,
Ұшу арман болушы еді ұшармын.
Ақын өлеңмен шер төгіп шемең тоңды жібітіп, өн бойындағы ауыртпалық атаулыдан арылғандай жеңілдеп сала береді. Құс болып самғайды, гүл болып лаулайды.
Бұл сапардан не таптым мен?
Өзімді
Алла берген сынақтарға төзуді.
Жұмақ көрдім жұмған кезде көзімді.
Ақша бұлтқа жаздым сонда сөзімді.
Қажылық парызын өтеуге барған Өтегеннің әппақ нұрға бөленген әлемде көргендерінің бәрі өлеңге айнала береді. Мешіттің үстінен ұшып бара жатқан қарлығаштардың қанаттары жүректің парақтарына жыр себелейді.
Ұқсаған матаның қиықтарына,
Ұя салған бағанның тұйықтарына.
Қағбаға қарап иілгенімде,
Қонады иықтарыма.

Көргенде әнін бастады,
Саздарын жаным қостады.
Құранды қосыла оқиды,
Қағбаның қарлығаштары.

Көңілден пырақ көремін,
Лаулаған шырақ көремін.
Қарлығаштардың қанатына еріп,
Елжіреп жылап келемін.
Осы өлеңді неше рет оқығанымды білмеймін. Өзім де қағбаны айналып, Алладан тілеп келе жатқандай, елжіреп жылап келе жатқандай саф таза, сағынышты күй кештім. Меккеге мен де барған едім. Мен де Ұлы Жаратушының құдіретіне бас иіп, сәждеге құлап едім. Санам­ның жеткен жеріне шейін ой жүгіртіп, ғаламның тұтастығын, адамзаттың ақыл-ойының кемелдігі мен елімнің амандығын сұрап едім. Бірақ «Хақ бұйрығы» болмаған шығар, өлең жазбап едім.
Өтеген Оралбайұлының нұрлы өңірде, мейі­р­ім­ді мезгілде кінәратсыз көңілден ту­ған мінәжат жырлары жібектей есіліп, самалдай сипап, ізгілік пен имандылыққа шақырады.
Жыр жаздым.
Жыр деген бұл – жанның тілі,
Адами қасиет пен халдің тілі.
Ақынға адал болу – Хақ бұйрығы,
Ақындық – әділет пен ардың тілі.
Бұл – өзінің қаламгерлік мұраты мен парызына адал, жауапкершілігі жоғары жанның адами берік нанымы, ақындық биік ұстанымы. Дәл осылай болуға тиіс, дәлелді қажет етпейтін қағида қалам ұстағанның бәрінің жадында болса жақсы ғой.
Жайнамазға жайдым да жүрегімді,
Қайталадым ғаламат сүре-жырды.
Тәуелсіздік болсын деп мәңгілікке,
Еліме айттым еміреніп тілегімді.
Ия, рас, елің тәуелсіз болмаса, өзің азат болмайсың, өзің азат болмасаң рухың бостан болмайды.
Кешегі шындығымыз қамаулы, еркіміз шек­теулі қоғамда, «бұлт-тағдыр желімен амалсыз жөңкіген» тұрлаусыз заманда асылдарымыз бен аяулыларымыз Құранның сүресімен емес, бөгде ұранның жүйесімен жүруге мәжбүр болды.
Өмірінің көбі сол заманда өткен заңғар ой иелерінің көбісі рақымы күшті Аллаға деген махаббатын маздатып жаза алмады. Ұрпағының бойына Құранның нұрымен имани құндылық­тар ұрығын себе алмай кетті.
Қасиетті Мекке мен Мединеден тебіреніп қайтып, тездетіп мінәжат жырларын жазу Өтегеннің еншісіне тиген екен.
Ай ма жарық?
Жоқ, әлде көңілім бе?
Кездестім мен ғажайып соны күнге.
әл-Харамның жарығы – иманжарық,
Менің келіп кеудеме төгілуде.
Бүгінгі күнгі жүрегі ояу жас ақындардың да біразының гүлдің исі аңқыған имани жырларын оқығанда қуанып қаламын. Оларға Өтеген ағаларының шабытын тілеймін. Таза қағазға таза жүрекпен келіп, сәулесі бар сөз түсірсе деймін.
Сан іздерді көп қарадым үңіліп,
Қалмайын деп қарау ойға сүрініп.
Ай жымыңдап бара жатыр айтуға,
Бір мұсылман жыр жазды деп жүгініп.
«Өтеген өлең жазды» деп, Ай да, Күн де қуа­нып, тау да, жел де таңырқап қалғандай болады. Ақынның әппақ қиялы Қағбаның қарлы­ғаштарына ілесіп ұшады. Тіпті өзі де біртүрлі биіктеп, көк аспаннан заңғар теңеу іздейді:
Құлақта – Құранның қуатты өлеңі,
Көкейде – Қағбаның шуақты өнері.
Алланың күшімен аспанға ілінген
Ай да сәждеге құлап келеді.
Шығарма тұтасымен алғанда, бір ғана тақырыпта жазылған қажылық сапардың жыр-баяны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда зерделеп үңілсек, бұл – ақынның білімі мен ішкі мәдениетінен хабар беретін, жан-жақты қаралатын көркем дүние.
Өтегеннің өлеңдері жеңіл оқылады. Жа­пырақтар шөлдеп тұрған шілдеде жаңбыр жауып өткендей әсерде боласың.
Ұлы қаладағы, шарапатты жердегі Өтеген қажының Құдайға құлшылығы мен өзіне, отбасына, Еліне сұраған тілегі қабыл болғай.

***
Дүрбелең дүниеде үрей бар. Сұрапыл жел, алапат өрт, жойқын су… адамзатқа ескерту шығар, кім біледі.
Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қоюға адамның күші жетпейді. Бізге бір көмектессе, ізгі ниетіміз бен иманды ісіміз, сауап жазылуға лайық салиқалы сөзіміз, Ұлы Рахман Алла тағалаға шынайы мінәжатымыз көмектесер.
Мақаланы Өтеген Оралбайұлының «Қағ­баның қарлығаштары» атты топтамасын алғаш оқығанда туған шумақтарыммен аяқтағым келеді
Көздің жасы құйылар шын,
Жаза алмасаң қанатыңды.
Бір Аллаға сиынарсың
Әрі әуелгі, әрі ақырғы.

Жүгіне алсаң мәңгі заңға,
Жүрегіңмен жалынышты.
Жарылқаушың – жалғыз Алла,
Әрі рақымды, әрі күшті.

Сен – Алланың құлы, бүгін
Құдіреттеніп нәзік арман.
Жаратқанның ұлылығын,
Жан-тәнімен сезіне алған.

Рух кернеп тосын, ішкі,
Раббына ғашық болған.
Әппақ әлем хош иісті,
Көкірегіне көшіп, қонған.

Құт мекенде әлемдегі ең,
Ақын даусы ашылғандай.
Ақ қағазға өлеңменен,
Иман нұры шашылғандай.

Қағба сыйы – қазыналы,
Ұсынарсың бұл сыйды Елге.
Жыр осылай жазылады,
Бір Алланы шын сүйгенде!

Күләш Ахметова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.