Әже «әлдиінің» әсері

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында ұлттың жаны һәм қаны болып табылатын тілді дамытудағы мақсаттар мен міндеттер, оларға қол жеткізудің негізгі бағыттары мен жолдары ұсынылып, жүзеге асыру кезеңдері нақты көрсетілген.  Біздің Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері тұрып жатыр. Еш ұлттың тілін кемітпей, мемлекеттік тілдің бағын жандырып, төрге оздыру – бүгінгі мақсат. Бұл турасында заң, жарлық, қаулы-қарарлар да шықты. Әрине, «нәтиже жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бұрынғы «аташка» деп сәлем беретін немере «ата» деп сәлем беретін болды. «Здірәсте» дейтін ақ жаулықты әжелер «Амансың ба, балам» дейтін күнге жеттік.
Оған қоса кез келген мекемедегі жиын мемлекеттік тілде басталып, «осымен аяқтаймызға» тілдерін келтіретін кезге де келдік. Жоғарыда айтқанымыздай, рес­публика бойынша талқыға ұсынылған жаңа бағдарлама еліміздегі барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін арттырудың темірқазығы болып табылатын мемлекеттік тілді таяудағы жылдары дамытудың соны жолдарын айқындаған құнды құжат болып іске асырылуда. Біз үшін мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаулы-қарарлар санын арттырғанша қолданыстағы «Тіл туралы» Заңның жүзеге асуын қадағалап, нақты іске көшу керек.
Іс болғанда шенеуніктерден бастап, қарапайым халық, әр тұрғын, отбасына дейін атсалысуы керек. «Туған тілім – менің жаным, арым мен абыройым, ұлтымның келешегі, ұл-қызымның болашағы» деп ойлап, мемлекеттік тілдің тағдырына әрбір отбасы жауапты болуы тиіс. Күні бойы кеңседе мемлекеттік тілде сөйлеп, үйге келгенде өзге тілде шүлдірлесе, мұның несі жақсы.
Олай болса тіл мәселесі отбасының тілдік қолданысынан басталуы керек. Бұл орайда отбасының ұйытқысы – Ана. Өйткені үйдегі сәбидің сәт сайын еститіні «Айналайын, алтыным менің» деген қазақы ана жүрегінің жылуы емес, өзге тілдегі «ой, мой хороший», «мә, мынаны жей ғой» емес, «кушай» болса, тілі сол тілде шығып, сол тілде балабақшаға барады. Мұндай жағдайда әкесі он жерден қазақша сөйлесе де, оған сәби анасының тілінде жауап береді.
Сондықтан тіл мәселесін балабақша­дан бұрын бесіктен, ананың құшағынан һәм құрсағынан бастауымыз қажет. Кейбір үлкендердің сөзіне сенсек, қазақтың есті келіндері ертеде үйде жалғыз қалғанда құрсағындағы дүниеге келер сәбиімен сөйлесіп, сызылтып ән салып, екеуара ұзақ сырласатын көрінеді.
Атам қазақ «дүниеге келген жас бала үш күннен кейін анасының даусын танып, құлақ түреді» дейді. Міне, тілдің құдіретін осыдан-ақ біліп, неге ескермейміз? Дәл қазіргі кезде біз әлі де болса ауыл баласы мен қала баласының арасындағы айырмашылықты теңестіре алмаймыз. Өйткені олардың екеуі екі түрлі сөйлейді, сөздік қорлары да тең емес. Қала баласының сөздік қоры оның үй ішіндегі тірлігі, яғни киер киімі, ішер тамағы, ата-анасымен қарым-қатынасы, қала берді теледидардағы мультфильм сөздерінен әрі аспайды. Осы жерден сәйкессіздік туындайды. Қала балалары ауыл балалары жиі қолданатын «иінағаш», «айыр», т.б. сөздерді терең түсінбейді.
Жалпы алғанда, балабақшадағы балалардың тілдік сөздік қорын байыту үшін ауыз әдебиеті үлгілерін – ертегілер мен мысалдарды, жұмбақтарды, мақалдарды, жаңылтпаштарды көбірек айтып, тек айтып қана емес, әр сөздің мағынасын барынша түсінікті тілмен ұғындырған дұрыс. Соңғы кезде көгілдір экраннан көрсетілетін «Балапан» арнасындағы қазақы ертегілер, «Алдар көсенің қулығы» балаларды тілге, ділге тәрбиелеуге бірден-бір әсерлі болғанын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бала тілін қазақша шығарудың тағы бір жолы – кішкентайынан ата-әжесінің тәрбиесіне беру.
Сөйтіп, бүгінгі баланы ананың «айналайыны» мен әженің «әлдиі» арқылы даритын ана тілінің құнарынан «дәм татқызып» өсіру жағын ойластыруымыз керек. Алты жасында мектепке барып, одан әрі он жеті-он сегізге келгенше ауланың, қала берді көшенің тәрбиесіндегі бала болудан сақтауымыз қажет.
Қазақ тілі дегенде, қара аспанды төндіріп, «түк жоқ, жұмыс жүрмей жатыр» дей бергенше, тілге баулуды талбесіктен бастау керек. Сонда ғана оның іргетасы берік, нәтижесі мол болар еді.
Тағы бір сөздің орайы келгенде айта кетер жайт, кейінгі жылдары мемлекеттік дең­гейдегі бағдарламаларды дайындаған­да мерзімін аса ұзартпауды назарда ұста­сақ екен. Одан да оны үш немесе бес жыл­ға жоспарлап, содан соң ұдайы бақылау­ға алып, шыққан тауымыз бен биігімізді қадағалап отырған абзал. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін мадақтаумен қатар, бұл олар­дың парызы екенін түсіндірген дұрыс. Қай ұлт қазақты «біздің тілді меңгердің» деп арқасынан қағып еді? Бастысы «бәрі бір күнде бітпеді» деп, күйіп-піспей-ақ мемлекеттік тіл төңірегінде жүзеге асып жатқан игі істерге сабырлылықпен үн қосайық дегім келеді.

Бақыт ИМАШЕВ
Ақтөбе облысы
Қарғалы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.