Ізденген жетер – мұратқа

Жасыратыны жоқ, елімізде IT (Information Technology – Ақпараттық Технология) саласының жылдам дамуына байланысты оған қатысты барлық мамандықтарға қызығушылық артуда. Бағдарламашы мамандығының қыр-сырын білу мақсатында «Аll Cartridge» атты компьютер жөндеу компаниясында жұмыс істейтін Айдос Абылғазинмен әңгімелескен едік.  – Байқаймын, компьютер саласын жақсы меңгергенің көрініп тұр.
– Бағдарламашы үшін іс-әрекеттің бірден-бір нысаны – компьютер құрылғысы екені даусыз. Ал бұл кәсіптің негізгі қызметі – компьютер үшін бағдарлама жазып, жұмыс барысында кездесетін барша кедергіні шешіп отыру. Өз кезегінде мұны оңай шағыла салатын жаңғақ деуге болмайды. Бұл дегеніңіз өте күрделі, үлкен ерік-жігер мен бай қиялды керек етеді ғой. Бәйгеге шабатын шабандоз секілді бағдарламашы да арғымақ баптағандай қылып, өз компьютерін күтіп ұстауға мүдделі. Жұмысқа қабілеттілігімді шыңдап, бағдарламалық жағынан заманауи жаңалықтан қалып кетпеу үшін тер төгемін. Бағдарламашы болу үшін көп еңбектену керек. Арнайы жоғары оқу орнын бітірген адам мәліметтер базасының бағдарламашысы, 1С бағдарламашысы, уеб-бағдарламашысы бола алады, ойындарды  жаза алады және СББ-мен (Сандық бағдарламалық басқару) станоктарды бағдарлауға мүмкіндігі мол. Сондықтан бағдарламашы заман ағымына сай үнемі ізденісте жүру керек деп ойлаймын.
– Сонда сен арнайы жоғары оқу орнында осы мамандық бойынша оқыдың ба?
– Жоқ, арнайы курсты оқыған жоқпын. Компьютердің қыр-сырын тек шұқылап көрумен ғана үйрендім. Дегенмен де, техниканың тілін білуге достарымның көп ықпал тигізгенін жасыра алмаймын. Бағдарламашы болу үшін жоғары оқу білімі міндетті емес. Әрине, жоғары оқу орындарда алған оқу жақсы, онда білімді жүйелі түрде береді. Қазір бағдарламашыларға деген сұраныс өте жоғары. Менің көзім жеткен бір мәселені ашық айтайын, өз бетімен ізденіп, жұмысты жақсы меңгеріп алған адам бес жыл университетті оқыған адамға қарағанда жұмысқа оңай тұрады. Әрине, жоғары дәрежелі бағдарламашы болу үшін тынбай көп іздену және ұзақ еңбек ету қажет. Көп жағдайда математиканы жақсы білудің маңызы зор. Сондай-ақ, ағылшын тілін мең­герудің пайдасы көп. Өйткені функционалдау, рәсімдеу жұмыстары халықаралық тілде жүзеге асырылады. Функцияның атауын түсініп есте сақтаған жөн. Егер өз бетіңше талаптанып, бағдарламашы болам десеңіз, ағылшын тіліндегі бар мануалды оқуға тура келеді.
– Қанша табыс табасыздар?
– Ол жағын айтпай-ақ қояйын. Қаржы әр кезде әрқалай түседі. Бірде көп, бірде аз дегендей. Бәрі де сұранысқа байланысты. Біз тек тұтынушылардың сұранысына сай талабын уақтылы әрі сапалы жасауға тырысамыз. Жасыратыны жоқ, қаржының көбісі картридж жөндеу бойынша түседі. Себебі көптеген фирмада жұмыс істейтін адамдардың принтерін­дегі бояғышы бітіп қалады да, қағазға шығарған беттері анық көрінбейді. Осыған байланысты тұтынушылар бізге көп келеді. Біз кез келген картриджді 2-3 сағаттың ішінде сапалы етіп дайындап қоямыз.
– Бағдарламашы болу үшін істі неден бастаған дұрыс?
– Бағдарламаның көбісі Паскаль тіліне негізделген. Тәжірибе жинақтамайынша бағдарламашы бола алмайсың. Алғашқыда зертханалық жұмыстардан бастауға да болады. Мұндайда компьютерді жетік білетін мамандардан кеңес алудан арланбаған жөн.
– Бағдарламашылар бірнеше топқа бөлінеді деп естиміз….
– Иә, бағдарламашылар атқаратын жұмысына қарай 4 негізгі түрге бөлінеді. Біріншісі кәсіпқой бағдарламашылар, олар жобалаумен, жөндеумен, құраумен, тестілеумен, бағдарламаларды жоғары деңгейлі Ассемблер тілі арқылы құжаттап, модификациялаумен айналысады. Екін­шісі, жүйелік бағдарламашылар, олар операциялық жүйелермен, компиляторлармен және өшірушілермен іс жүргізіп, тұтынушылық сұраныстарды қанағаттандыру үшін қолданбалы бағдарламаларды реттеу жұмыстарына көбірек кіріседі.
Үшіншісі, әлеуетті еріксіз бағдарламашылар, олар ғылыми-зерттеулер мен инженерлік жобалар үшін, коммерциялық ұсыныстар мен нарықтық зерттеулерге арнайы бағдарламалар жазып, бір ұсыныстан екінші ұсыныс аралығында әр салада жүре береді. Төртіншісі, әуесқой-бағдарламашылар, олар өзі үшін немесе коммерциялық мақсатта үлкенді-кішілі бағдарламалар жазады.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.