Қазақ балалары неге қазақ мектебінде оқымайды?

Жуықта осындай балаларды оқуға автобус­пен бара жатқанында жолықтырып, әңгімеге тартқан болатынмын. Сонда олардың бәрі орыс мектебінде білім алудың деңгейі жоғары дегенге иланып жүргенін әңгімелей бастады. «Қайда тұрасыңдар?» деп сұрап едім, «Құлагер» шағынауданында деп жауап қатты. «Құлагер деген не?» деп сұрап едім, 7-8 сыныпта оқитын олар біріне-бірі қарап «писатель или поэт» деп еді, әңгімемізге құлақ түріп тұрған қазақ мектебінің бір оқушысы «Құлагер» деген ат емес пе?!» деп мырс етіп күліп жіберді. Бұлардың жауаптарына қарап орыс мектебінің ұлттық бағытта білім беру ауқымы қандай екенін де айтпай-ақ аңғаруға болады. Тек бұл балалар ғана емес, телеарналардан берілетін орысша хабарларда қазақтың ана тілін білмейтін қыз-жігіттерін қазақтың салт-санасынан, тарихы мен әдебиетінен мақұрым екенін аңғару қиын емес.
Ел тәуелсіздік алғанға дейін Алматыда тұрғылықты қазақтар некен-саяқ болса, қазір керісінше орыстар мүлдем азайды. Қоғамдық орындарда да өзге тілде сөйлейтіндерді сирек ұшырастыратын болдық. Солай болса да орыс тілінде оқитын балалар саны азаяр емес. Тіпті орыс мектептерінде оқитындардың басым көпшілігі қазақ балалары. Сөйтіп, республика бойынша қазақ балаларының үштен бірі орыс мектептерінде оқып жүр. Мұны санға шақсақ миллионға тақайды. Демек, еліміздегі бес миллиондай баланың бір миллионға жуығы ана тілінде білім алудан, ұлттық тәрбиеден қол үзіп жүр. Болашақта олар өздерін қазақ мектептерінде оқытпағаны, қазақы тәлім-тәрбие дарытпағаны үшін ата-аналарын жазғырып айыптайтыны күмәнсіз. Бұған нақты бір мысал келтірейін. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтан оншақты жыл бұрын сұхбат алған едім. Д.Сәтбаев білікті де, білімді, саяси оқиғаларға терең сараптау жасауымен ерекшеленіп жүрген жастардың бірі. Оның қазақша білмейтініне танданып «мұның қалай?» деп сұрап едім, ол:
– Аға, бұған сіздер, алдыңғы ұрпақ кінәлісіздер, – деп өзінің ата-анасын емес, қазақ қоғамын жазғыра сөйлеген еді. Саясаттанушының бұл пікірі бекер емес. Демек, мұндай қолайсыздықты болдырмау жолын бүгіннен бастап іздестірген жөн емес пе? Осындай жайтты аңғарған болса керек, Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деп межеледі. Бұл межеге қалай жетеміз? Бұл үшін қандай шара жасалғаны жөн? Ол жағы беймәлім. Тіпті білім берудің 2020 жылға дейін­гі бағдарламасында мемлекеттік тіл жөнінде бір сөз жоқ. Сонда Елбасы межелеген межеге қалай жетпекпіз? Ал қазіргідей жағдаймен орыс мектептерінде оқитын балалар саны ортая қоймайтын түрі бар. Неге? Оның басты бір себебі «орыс мектептерінің білім беру деңгейі қазақ мектептерінен жоғары» дегендей насихат ақпарат құралдарынан бастап, билік орындары мен қоғамдық ұйымдарға дейін өршімесе, бәсеңдер емес. Ал шын мәнінде қазақ мектептерінде білім беру деңгейі орыс мектептерінен кем емес, тіпті артық. Мұны жыл сайынғы ҰБТ көрсеткіштерінен-ақ аңғаруға болады. Солай болса да, жұртшылық неге жалған насихатқа иланады? Тіпті қарапайым азаматтарды былай қойып, республикалық білім беру мекемелерінің басшыларына дейін орыс тілінде білім беру деңгейі жоғары деп пікір таратудан жаңылар емес.
Ал ақпарат құралдары мен орыс тіліндегі оқу орындары басшыларының мұндай жалған пікір таратуының өзіндік себебі бар. Егер қазақ балалары түгелдей қазақ мектебінде оқуға ойысатын болса, орыс мектептерінің саны қысқарады. Соған орай, орыстілді мұғалімдердің саны да кемуі тиіс болады. Сонымен қатар ақпарат құралдарының таралымы да күрт азаяды. Сондықтан орыстілді мұғалімдер мен журналистер, шенеуніктер қазақ балаларын орыс мектептерінде оқыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап-бағуда. Сөйтіп, қазақ тіліне, қазақ мектептеріне жала жауып, күстаналап, сынап-мінеп жалған насихат жасауға мәжбүр болумен келеді. Бұлардың арасында қазақтар да аз емес. Мұндай орыс тілінде қызмет етуге бейім қазақтар ұрпақтарының болашағын емес, өз бастарының қамын күйттеп, қазақ тіліне қарсы сойыл сілтеумен қатар, балаларын орыс балабақшалары мен орыс мектептеріне беріп, ана тілінен, ұлттық табиғатынан ажыратып, болашақта зор өкінішке ұрынатынын аңдамайтын бей­бақтар деуге болады. Міне, нақ осындайлар ұрпақтарының болашағының қаскөйлері десек сөзіміз жаңсақ бола қоймас.
Биыл жазда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы, «Студент» ауылының тұрғыны Айнұр Жәкенова телефон шалып, бірінші қазақ сыныбына балалар саны толмай жатқанын, қазақ сыныбына үш бала жазылса, орыс сыныбына баратын балалар саны жетеу болса, олардың үшеуі қазақ балалары екенін, олардың ата-аналары балаларын қазақша оқытуға көнбей қойғанын айтып бізден көмек сұрағандай болды. Мұндағы мектеп директоры Ақмарал Мұқашева да, ауыл әкімі Қалбай Жұмабаев та, аудандық оқу бөлімінің басшылары да – бәрі қазақ болса да, бұл мәселеге араласудан ат-тондарын ала қашып, ешкімді күштеуге болмайтынын айтатын көрінеді. Егер қазақтар түгел балаларын қазақ сыныбына берсе, қазақ сыныбы емес, орыс сыныбы жабылмақ екен. Ал қазақ сыныбы жабылыпты. Газетіміздің биылғы 9-15 ақпан, №6 санында Тараз мемлекеттік пединститутының оқытушысы, Қазақстан оқу ісінің үздігі Райгүл Омарованың «Қазақ мектебінің қадірін білейік» деген мақаласы жарияланды. Мұнда ол 1990 жылдары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының орталығындағы аралас орта мектепке директор болып тағайындалған соң, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен, аудан басшыларымен пәрменді жұмыс жүргізіп, нәтижесінде аралас мектеп бір жыл ішінде-ақ таза қазақ мектебіне айналғанын баян еткен еді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың осындай мәселеге де маңыз беретінін биылғы Жолдауынан да аңғарғандай болдық. «Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу керек» деген Жолдау жолдарын зерделесек, балаларды қазақша оқыту мәселесіне ауыл, аудан, мектеп басшылары да, қоғамдық ұйымдар мен депутаттар да белсене араласып, ата-аналармен, жалпы жұртшылықпен үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізетін болса, еліміздегі орыс мектептеріндегі бір миллионға жуық қазақ балаларын қазақ мектебінде оқытуға бет бұрғызуға әбден болады екен.

Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.