«Бай болуға кәсіп керек…»

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек».
Ахмет Байтұрсынов 

«Ақ жол» партиясы үшін әлеу­меттік мәселелердің басымдыққа ие маңызы бар. Біздің сайлауалды тұғырнамадағы аса маңызды міндеттердің бірқатары (10 бағыттың алтауы) осы әлеуметтік салаға арналған. Сондықтан зиялы қауым мен ұлттық кәсіпкерліктің көзқарастарын білдіруші партия ретінде қалыптасқан «Ақ жол» бизнес пен жалпы экономикалық дамудың түпкі мақсаты жай ғана ақша тауып, баю болмауы тиіс деген қағиданы басшылыққа алады.  

Бұл туралы мен осы жылдың 12 қаңта­ры күні «Хабар» арнасында көрсетілген сайлауалды теледебатта да айтқан едім: «Қазақстанның басты байлығы – мұнай, газ, металл, тіпті бидай да емес. Біздің бас­ты дәулетіміз – ақылды, мейірімді, әрі білімді халқымыз. Тек қана табыс түсіру үшін дамитын экономиканың мәнісі жоқ. Экономиканың дамуы миллиондаған адамдардың тұрмысын жақсартуға, байлар мен кедейлер арасындағы өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты төмендетуге, халықты интеллектуалды біліммен, лайықты жұмыспен және ізгілікті денсаулық сақтау жүйесімен қамтамасыз етуге; мыңдаған отбасыларды қолжетімді бас­панамен және өмірлік дамумен қамтамасыз етуге бағытталған жағдайда ғана оның мән-мағынасы болады».
Осылайша «Ақ жол» партиясы эко­номиканы әлеуметтік дамудың мін­деттерін тиімді шешудің құралы ретінде қарастырады. Сондықтан мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын еліміздің бұдан әрі дамуының стратегиялық ба­ғыты ретінде «Ақ жол» партиясының қол­дайтындығын толық негізбен айта аламын. Бұған партиямыздың Орталық кеңесінің пленумында болған талқылау да дәлел.
Адам қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын лайықты экономикалық деңгейге қол жеткізбей, әлеуметтік дамудың мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдікті табу туралы айтуы кездейсоқ емес.
Президент «Әлеу­меттік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейі­мен Қа­зақстан экономикасының мүмкін­діктеріне сәйкесуі тиіс» деген болатын.
«Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысы ұсын­ған әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын табысты, әділ және прогрессивті мемлекет құ­ру жолында қоғам мен мемлекеттік органдар­дың күш-жігерін өзара толықтыратын аса маңызды тұғырнама ретінде оң бағалайды.
Осыған орай, біз әлеуметтік жаңғыртудың басты мақсаты ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған міндетті – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыруды айрықша қолдаймыз. Бұл Қазақстанның табыс пен дамуға қарай үдемелі қозғалысының кепілі болып табылады. Президенттің: «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз» деген сөздері тек қана жаһандық емес, сонымен қатар жеке тұрғыдан алғандағы кәсіпкер, экономиканың нақты секторының өкілі ретінде мен үшін аса ғибрат аларлық ой болды. Себебі қазіргі кездегі валюталар мен қаржы жүйелерінің сенімсіздік жағдайында экономикалық өрлеудің ең дұрыс кепілі өндірістік қызмет бола алатындығы анық көрініп тұр. Өйткені бастапқы құн өлшемі ақша емес, құнның өзі, яғни нақты өнім болып табылады.
Әлеуметтік жаңғырту бағдарлама­сының көптеген басқа да тұстары «Ақ жол» партиясының кадрлық негізін құрайтын ойшыл зиялы қауым мен іскер адамдар үшін үндес және жақын екенін атап өту қажет.
Сайлаушыларымыздың стратегиялық мүдделері мен негізгі құндылықтарының ортақтығын ескере отырып, біз парламенттік оппозициялық партия ретінде Президент ұсынған Әлеуметтік жаңғырту бағдарлама­сын түбегейлі қолдайтынымызды және оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысатынымызды мәлімдейміз.
***
Сонымен қатар біздің ойымызша, осы бағдарламаға тікелей қатысы бар, оның тиімділігіне өз септігін тигізетін, алайда оны іске асыру бойынша жауапты мем­лекеттік органдармен жарияланған жос­парларда әзірше тиісті дәрежеде көрініс таппаған бірқатар қосымша мәселелерді атап өтуді қажет деп есептейміз.
Бірінші. «Ақ жол» партиясы әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының басты мін­деттерінің бірі еліміздегі бай және кедей азаматтардың өмір сүру деңгейіндегі ал­шақтықты қысқарту болуы тиіс деп санайды.
Өкінішке қарай, бұл проблема қатардағы қазақстандықтар үшін белгілі жағдай. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады… Бірақ біздің азаматтарымыздың тұрақтылық пен игілік жемістерін қаншалық­ты тиімді пайдаланып келе жатқаны маңызды мә­селе болып табылады…» деп айтқан болатын.
Бұл нені білдіреді? Меніңше, мемле­ке­тіміздің жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткішіне қарамастан (еуропалық деңгейге жеткен), еліміздегі шынайы өмірді «еуропалық деңгейде» деп атау қиын. Оның басты себебі байлар мен кедейлердің өмір сүру деңгейіндегі алшақтықта жатыр.
Бұл жердегі бастысы – қайта үлестіру жүйесінің ашық және әділ болуы. Алайда заңсыз баюдың тамырына балта шаппай, кедейшілікпен тиімді күрес жүргізбей, жаппай жаңа жұмыс орындарын ашпай және осындай басқа да міндеттерді шешіп алмай, оны іске асыру мүмкін емес.
Екінші. Азаматтарды өндірістік ең­бек­ке жап­пай тарту туралы айта оты­рып, мемлекет тұр­ғындардың бәрін бір­дей жұмыспен қамтамасыз ете алмай­тындығын ескеру қажет. Нұрсұлтан На­зарбаев­­тың өзі атап өткендей, «…мем­лекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтардың әл-ауқаты­ның өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес… Тек осын­­дай жағдайда ғана Қазақ­стан қоғамы патернализм инерциясын еңсере алады».
Сондықтан заңнамаға банктердің аранын шектейтін және қаржы қызметі нарығындағы тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтын түзетулер дайындап, енгізу қажет. Бұл шаралар тек кәсіпкерлерге ғана емес, сондай-ақ тұтынушылық және ипоте­калық несиелер бойынша мыңдаған қарыз алушыларға пайдасын тигізе алады, яғни кең ауқымды әлеуметтік нәтиже береді.
Кәсіпкерлікті қолдаудың банктік емес, баламалы шаралар жүйесінің дайын­далуы және кеңінен қолданылуы, мемлекет­­тік даму институттарының функциональды міндеттерінің қайта қаралуы қажет. «Ақ жол» партиясы бұл шараларды әлеуметтік жаңғыр­ту бағдарламасына қосуды ұсынады.
Үшінші. Табыстардың теңдей қайта үлестірілуіне жол бермейтін, әлеуметтік әділетсіздікке апаратын басты себеп сыбайлас жемқорлық болып табылады. Белгілі экономист Қ.Берентаевтың бағалауы бойынша, жыл сайын мемле­кеттік сатып алу жүйесі арқылы екіден үш миллиард долларға дейінгі қаржы пара түрінде жоғалады екен.
Әрине, сыбайлас жемқорлық тек мем­лекеттік сатып алу саласымен шектелмейді. Бүгінгі күні әртүрлі алым-салықтар мен «откаттар» жаппай құбылысқа айналып отыр, олардың түрлері мен көлемі баспасөз құралдарында ашық түрде әңгімеленіп жүр.
Қайта үлестіру жүйесіне кері әсерін тигізуден басқа бұл кәсіпкерліктің дамуына теріс әсер етеді. Себебі ол әділ бәсекелестікті шектеп, кәсіпорындар мен ондағы жұмысшылар табыстарының айтар­лықтай азаюына алып келетін қосымша «салық» түрінде көрініс табады. Жемқор­лардың аранының артуы бизнеспен айналысуды шығынды етіп, мәнісінің жоғалуына әкеледі. Өйткені сыбайлас жемқорлық салығы келісімшарттарды орындаудан түскелі отырған пайданы жоққа шығарады, кей кезде кәсіпорындарды шығынға жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Нәтижесінде бүгінгі күні шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашу мен азаматтарды өндірістік еңбекке тартуға мұршалары болмай, өздерінің аман қалуын ойлап әлек.
Бұл жағдайдың сақталуы байлар мен ке­дейлердің өмір сүру деңгейіндегі алшақтық­тың ұлғаюына, әлеуметтік жікке бөлінушілік­тің өсуіне жол береді. Ең бас­тысы – өндірістік еңбек пен еңбек табыс­тарын дискредитациялауға алып келеді, ал бұл «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы­на қарай 20 қадам» атты әлеуметтік жаңғыр­ту бағдарламасындағы басты идеяға түбегейлі қарама-қайшы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, соның ішінде мемлекеттік қызмет саласын тазарту, мемлекеттік сатып алу жүйесін түпкілікті (үстіртін емес) қайта реформалау, қазақстандық қамтуды дамыту, мемлекеттік қаржының барлық операторларын қоғамдық бақылауға беру, бәсекелестік ортадан мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компанияларды шығару, заңсыз табыстардың шетелге шығарылуына (соның ішінде мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялардың менеджерлері мен отбасыларының мүшелері үшін шетел банктерінде шоттар ашуға тыйым салу жолымен) заң түрінде тосқауыл қою, екінші деңгейдегі банктердің халықаралық операция­ларына ықпалды бақылау жасау, сыбайлас жемқорларды жағымсыз жа­ғынан көрсетудің жаппай идеологиясын қалыптастыру жолымен әрекет ету – әлеу­меттік жаңғырту бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылуы тиіс деп санаймыз.
Төртінші. Әлеуметтік жаңғырту бағ­дарламасын іске асыру барысында әділ және тәуелсіз сот төрелігін қамтамасыз ету талап етілетін болады. Осы саланың қазіргі кездегі проблемалары дауларды шешудің баламалы түрлерін қарастыруға мәжбүрлейді. Бұған медиация институтын дамыту туралы сөзінің барысында Мемлекет басшысы назар аударған болатын.
«Ақ жол» партиясы үшін әлеуметтік әділдік және азаматтардың тең құқылы болуы мәселелері өзекті болып табылады. Парламент қабырғасындағы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының өзін­де «Ақ жол» партиясының фракциясымен азаматтардың тең құқылы болуын сақтау бойынша мынадай мәселелер көтерілген еді: газдандыру бағдарламасын іске асыруға қатысты (бұл бағдарламаға біз Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын қосқызған болатынбыз); ел өңірлеріндегі ҰОС ардагерлерінің қаржылай көмек алуына қатысты; оқыту тіліне қарамастан, ЖОО-да білім алу үшін мемлекеттік гранттардың байқауы кезіндегі талапкерлерге қатысты; жаңа босанған аналардың жәрдемақы алуы кезіндегі нәрестелердің тең құқылы болуының сақталуына қатысты және т.б.
Бесінші. Әлеуметтік жаңғырту қоғамның рухани өмірінде болып жатқан үдерістермен санасуға, ұлттың сана-сезімінің, мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім жүйесінің нығаюына кепілдік беруге, экстремизм мен діни ради­кализмнің пайда болуына алып келетін әлеуметтік себептерді барынша азайтуға тиісті.
Азаматтарды қоғамдық пайдалы еңбекке прогрессивті түрде қатыстыруға бағытталған әлеуметтік жаңғырту үде­ріс­тері бейәлеуметтік мінез-құлықпен және діни, тіпті экстремистік сипаттағы жалған құндылықтармен бетпе-бет келуі мүмкін. Өкінішке қарай, осындай пиғылдағы ағым­­дардың арамызға еніп, олар­дың алғашқы құрбандарына жастар­дың ай­налып жатқандығын көріп отыр­мыз.
***
Жоғарыда аталған байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты қысқартумен, жаппай кәсіпкерлікті дамытумен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрумен, әділ сот төрелігін қамтамасыз етумен және тағы да басқа мәселелермен байланысты менің ұсыныстарым түптің түбінде біздің елімізде үдемелі, әділ және әл-ауқаты жоғары қоғам қалыптастыру жолындағы әлеуметтік жаңғырту бағдарламасына іс жүзінде жәрдемдесуге бағытталған.
Осыны басшылыққа ала отырып, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы заң шығарушылық қызметінде өзіндік тәсілдерін қалыптастырып, ал қажет жағдайда Парламентте тиісті заң жобаларын дайындайтын болады.

Азат Перуашев,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Ақ жол» демократиялық
партиясының төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.