Әуелі ана тілін меңгергені жөн

Бір досым өзі орысшаға шорқақ болса да 3-4 жастағы баласын орыс бала-бақшасына бергенін айтып оның себебін өзінше былай дәлелдеген еді:
– Балам екі тілге бірдей жүйрік болып өседі. Балабақшада орыс тілін үйренеді,үйде қазақша сөйлеуді өзіміз үйретеміз.
Бірер жылдан кейін оның үйіне барған едім. Баласы өсіп қалыпты. Тақылдап тақпақ айтып, ән салып, ойнап жүрді. Баланы қызықтап әкесі екеуіміз сөзге тарта бастадық.

– Мектепке қашан барасың?
– Скоро.
– Достарың бар ма?
– Достар… Друзья что ли?
– Иә.
– Мой друг Дауренчик.
– Кітап оқи аласың ба?
– Читать умею китапты.
– Баламның тілі қойыртпақ болып барады, – деп әкесі ақтала сөйлеп, өзінің қателігін жуып-шайған болды. – Енді баламды қазақ мектебіне бермесем болмайды екен. Қазір тіпті қайсы сөз орысша, қайсы сөз қазақша екенін ажырата алмайтын болып барады.
– Мұнысы досымның өз қателігін өзі аңғарғаны болар деп ойладым. Ал мұндай жайтқа мән бермейтін қазақтар қаншама?! «Өзіміз орыс болып кеткен жоқпыз ғой» деп баласын орыс балабақшасына беріп, орыс мектебінде оқытып, ақыры балаларының тілі дүбәра болып өскеніне өкінетіндер де аз емес. Ал қазір балаларды балабақшада үш тілде тәрбиелеу жөнінде пікірталас жиілегенін көріп жүрміз. Жуықта телеарналардың бірінде балабақшада үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша тәрбие беру туралы арнайы пікірталас хабар көрсетілді. Хабарға қатысқан бір балабақша меңгерушісі үш тілде тәрбие беруде жақсы нәтижеге жеткенін айтып мұның дұрыстығын дәлелдеуге тырыс­ты. Хабарға қатысып отырған белгілі саясаттанушы, ғалым, Парламент депутаты Камал Бұрқанов бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, «бұл бала тілін қойыртпаққа айналдыратын зиянды тәсіл. Бала әуелі ана тілін меңгергені жөн. Тіпті балабақша ғана емес, баланы бастауыш сыныпта да ана тілінде ғана оқыту қажеттігі жөнінде ұлылар мен әйгілі педагогтардың бәрі де қуаттап айтқан» деген мәнді пікірін жан-жақты дәлелдей сөйледі. Ал білім беру басқармасы басшылары болса балабақшада үш тілде тәрбие беру тәжірибе ретінде бірнеше балабақша­да ғана қолданылып жатқанын хабардар етті. Егер осы хабарға қатысып отырған балабақша меңгерушісі сияқты өзге балабақшалардың басшылары «осындай тәжірибе жақсы нәтиже берді» деп науқандық ақпар берсе, көп ұзамай бұл бағыт басшылыққа алынып келер ұрпақтың тілі қойыртпаққа айналуы да әбден мүмкін.
Балабақшаларда тәжірибе жасап, жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті қанша? Бұл жөнінде шетелдік үрдістерді неге зерделемейміз. Мәселен, жапондардың ағылшынша жетік сөйлейтінінен бүкіл әлем хабардар. Ал бұл елде бастауыш сыныптар тек ана тілінде ғана екен. Мұндай үрдісті кемеңгер Абай да аңғартып кеткен деуге болады. 25-қара сөзінде былай деп жазылған: «балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады». Ал Ахмет Байтұрсынов тіпті нақты былай деп көрсеткен: «бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек». Мұндай пікірді ұлы ақын әрі ұлы педагог Мағжан да қуаттап айтқан. Батыстың ұлы педагогтарының да осы тақылеттес тұжырымдары баршылық. Ендеше, тәжірибе жасаудың қанша қажеті бар. Балабақшаны былай қойып, бастауыш мектепте де баланы ана тілінде оқытып, сонан кейін орыс тілін пән ретінде кіргізіп, ары қарай ағылшын тілін оқытса жақсы нәтижеге жетеріміз күмәнсіз. Бұл педагогиканың, педагогикалық әдістеменің заңдылығы емес пе?!

Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.