Мір Шайыр қолтаңбасы

Қазіргі қазақ әдебиетінің эстетикалық байлығы мол, көкжиегі кең деп білсек, талантты ұлт қаламгерлерінің әрқайсысы шын мәніндегі қайталанбас тұлға ретінде дара-дара. Сондай дара тұлғалардың бірі – әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мір Шайыр – Мырзағали Іңірбаев әдебиетімізге соны үлес қосып келе жатқандар қатарынан.
Мір Шайыр – сыршыл, ойы тереңдегі ақын. Оның өлеңдерінің қай-қайсысы да ақындық өнермен өріліп, ыстық леппен, бар жарасымымен алау сезімдерге бөлене туған дүниелер. Шығармалары көкіректен ақ жарылған шынайылығымен, халық мүддесін білдірген азаматтық батыл позициясымен, философиялық ойлылығымен ерекшеленеді.

Ақынның образбен ойлауы, айнала әлемді бейнелі сурет жолымен тануы, суреттеу шеберлігі айшықты. Оның поэзиядағы алғашқы қадамдарын Қалижан Бекхожин: «Мырзағали Іңірбаев өлеңдерінен оның жүрегінің дүрсілі естіліп тұрады» деп әділ бағалаған-ды. Расында да Мырзағали ақынның тұтас поэзиясынан кісілік парасаты, кіршіксіз ақ пейілі, шапағатқа толы дүниесі, жан-жақты білімділігі, шешендігі мен ойлылығы, нұрлы жүрегі ап-айқын көрінеді.
Нағыз өлең дегеніміз адамды қоршаған дүние туралы талант толғаныстарының, аласапыран сезімдер тоғысының, поэзия болмысына тән талғамдық элементтердің және өмір құбылыстарын талдаған түйіндердің біртұтас құймасы десек болар. Ой елегінен өтпеген өлеңнің ғұмыры шетінеген нәрестенің ғұмырымен бара-бар. Өйткені өлең дегеніміздің өзі құрсақта жатқан құлындай немесе құрсақта жатқан ұлыңдай. Өлең-сәбиге жарық дүниені сыйға тарту жауапкершілігі – ауырдың ауыры. Өлеңді дүниеге әкелмек ақын толғағын ана толғағымен салыстыруға болар. Міне, бұл бір ғана өлеңнің тағдыры. Ал, бір кітаптық, том-том поэ­зия үлгілерін дүниеге әкелу дегеніміз­дің не екені әбден түсінікті. Отызын­да от болған ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, «сыздаған бар­­­лық жараның аузында болу» – нағыз ақын­­ға ғана тән бұйырмыс. Демек, жүрек­тер­ге от пен ой құярдай туындылар беру кез келгеннің маңдайына қона бермей­тін Тәңір сыйы деп ұғамыз. Мырза-аға­ма да қонған ақындық бақ – Тәңірінің берген үлкен сыйы.
Ақын қоғамдық өмірдегі үлкенді-кішілі құбылыстарды, табиғатты жан толқынына бөлеп жырлағанда, «лирикалық шығарма сезім дүниесін білдіре отырып, сезімге ғана әсер етеді», – деп Белинский айтқандай, оның лирикасының тебіреністі тұңғиықтарына бойлап кетеміз.
Кеудемде өрт бар.
Егер мен
У ішсем қанып,
Сөнер ме?!
Дауылдар қуған алапат
Ойранын сап жүр денемде!

…Мұраттар бар-ды нық алда,
Жоқ еді жерім мұқалған.
Барады іштен кеулеп өрт
Күйініш-оттан тұтанған!
«Өрт» өлеңіндегі бұл хал – ақын­ның ішкі дерті, өлең өрті.
Шатырлап жанып ормандай
Қарағай, емен сүйегім! – деген ақын кеудені кеулеген өртін у ішіп сөндіргісі келеді! Не үшін ақын күйіп-жанады? Осыған дейінгі ел тағдыры, басқа ұлттардан гөрі қазақ халқының теперішті көп көруі… Оған өтпелі кезең­нің ауыртпалықтары, алып тажалдар тартысындағы өзіміздің жаутаң-жаутаң күйіміз қосылды… Ендеше, «Өрт» егемен еліміздің болашағы үшін толғанған біздің әрқайсымыздың жүрегімізде бар екен! Ол біздің жанымызды қыздыра, қуаттандыра түседі екен.
Ақын жырларының негізгі тақы­рыбы – ел тағдыры. Ол туған елінің тағдырын, жерінің тағдырын шежірешіл абыздардай күңірене жырлайды.
Қайран елім,
Сені бақытты етсем деп ойлап едім…
Осы бірауыз сөзге елге, халыққа деген ақық арман-мүдде, махаббат сыйып тұр. «Қайран ел» туындысы психографиялық деңгейде, сананың қабат-қабат астарында туғандай.
Ол бірде:
Біріне уақыт жетпеді,
Тыныштық бірде көкседім.
Өткізіп алдым ал бірде
Жанымның жасыл көктемін.

Жетер ме әлі көктемдер?
Сабағын алып өткеннің,
Кезеңім, саған келеді
Қарыздарымды өткергім, – деп өзін өмірге борышкер санап, көркемсөз қуатымен де, қызметімен де қоғам игілігіне үздіксіз тер төге беруге жігерленсе, «Өмір толқыны» өлеңінде:
Марапат пенен малға емес,
Жүрегім еңбек, жырға әуес.
Біріне бірі киліккен
Әр толқын – асу, әр белес…

Соғады дауыл долданып,
Талады кейде қолдарым.
Жүремін жан ұшырып мен
Қанаттарыммен қарманып! – деп көптің ісі жолында жан ұшырған замандас бейнесін кескіндейді.
«Өтпелі кезең», «Ақша», «Шайыр»,­ «Туған ел», «Көңілім», «Қолтаңба», «Біз, жігіттер!» секілді көптеген туын­дыларда ол дәуір келбетін әр алуан қырынан талдап, оқырманды тың пайым­дармен қаруландырады. Сөйте-сөйте шығармалар жалпы адамзаттық, әлемдік деңгейге өрлейді.
Селк-селк етіп иықтары,
Өксіп-өксіп тау жылады.
Неткені? – деген ақын бүгінгі Жаратылыс, Адамзат құбылыстарының зардапты себептеріне зер сала үңіледі де, дүние болашағына біздің ұлттың да дәрменді, пәрменді екенін «Арман» өлеңінде айшықтайды:
Мына байтақ Ғаламның
Өркендетіп жан-жағын,
Ұл менен қыз атадан
Зият туса болғаны.
Қасиетті ойлармен
Сан ғасырлар алдағы,
Абыз бенен Ақынның
Басылмаса толғағы…
Ақ ордалы отаулар
Нұрын шашып шаңырағы,
Беріп тұрса қуатын
Адамзатқа әруағы…
Әдетте біз халық басындағы белгілі­ бір тауқыметтерге заман кінәлі деп түсі­ніп, «заман-ай!» – деп сол уақытты айыптаймыз ғой. Ал, Мырзекең бүкіл ғұмыры тартыспен келе жатқан Маңғыстау туралы сонау 74-ші жылғы «Заман тағдыры» өлеңінде:
Таласы, тартысы
Көп болған күнінде,
Тыныстап жатыр ғой
Денең бүгінде.
Енді ұқтың ба,
Заман тағдыры –
Адам ойының
Тереңдігінде, – деп, өз заманы үшін адамның, қоғамның өзі жауапты деп тұжырымдайды. Өтпелі кезеңде бұл ойын:
Заманды – адам,
Адамды – заман бұзды, – деп нақтылайды.
Ақын қай тақырыпты да зерттеп жырлайды. «Адамның да алтыны, күмісі бар», «Менің даусым», «Матай түні», «Көлеңке», «Сутегі», «Күн мен Жер» және басқа туындылар зертханаларда түзілгендей әсер береді және құбылыстар көз алдыңда елестеп отырады.
Суреткер ақын шығармашы­лығына туып-өскен өлкенің тигізген әсері кеңінен байқалады. Әңгіме бір пейзажды не бір ғажайып көріністі суреттеп беруде ғана емес, туған табиғаттың, онымен біте қайнасқан ұғымның ақылыңды шартарап ойларға жетелеуінде, әлем құбылыстарының образын өз көңіл көзіңмен көруге түрткі болуында. Бұл туралы ғалым Құлбек Ергөбек осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын жеткізе жазды. Ақын жырларында табиғат пен адам біртұтас астасып кеткендей, оқырман сол көріністер ішінде жүргендей күйге бөленеді. «Бал құрақ, барша құмдар», «Дала кеші», «Кеш», «Көктем», «Қуаңшылық», «Ауыл көрінісі», «Таң суреті», «Күз суреті», «Күз күндері», «Дала! Дала!», «Түнде», «Түнгі елестер» секілді туындыларды оқығанда, айнала қабырғаларыңда ілулі тұрған картиналарды тамашалап жүргендей күйге бөленесің. Поэзияның бұл үлгілерінен ақынның халық тілінің небір құнарлы сөздерін образдық-троптық арнада шебер қолдана білетіндігінің куәсі боламыз. Талант иесінің теңеген, суреттеген, әсерлеген көріністері айқын, жарқын болып келеді. Ақын Өтежан Нұрғалиевтің: «Мырзағали өлеңдерінде кең алымды суреткердің аршындылығы да, әрбір дыбысты жандандыра білетін шебердің камералық дәлдігі, зергерлік рухы да бар», деп қорытындылауы сондықтан. Ойды жай жеткізу мен бейнелі жеткізудің арасындағы айырмашылықты айтудың өзі артық. Ақын поэзиясынан сусындаған әрбір оқырман оның тіл байлығына, сөз саптасы мен бейнелі сөз қолданыстары­на қаныға береді.
Мырзағали Іңірбаев қаламынан «Қаһарлы махаббат» поэмасы, «Күн мен Жер», «Сутегі» секілді хикаяттар, балла­далар туған. Поэмаларда эпикалық, тип­тік қаһармандар жасалды. Қазіргі қазақ поэмасының ішкі жанрлық жағынан сан алуан тақырыптық-идеялық дамуына М.Іңірбаевтың кең құлашты жанрдағы туындыларының өзіндік үлесі бар.
Мір Шайыр әдебиетке өмірдің өзінен, қайнаған өндіріс ортасынан, халық ішінен келді. Сондықтан оның шығармаларының негізгі мазмұны мен пафосы өмір құбылыстарына халық көзқарасын білдіреді. Ақын табиғатындағы қоғамдық сананың жоғарылығы, азаматтық көзқарас биіктігі ерлікке толы, психологиялық сезім күйіне бай пафосты жырлар туғызуға себеп болғанын көреміз. Оның өлеңдерінде халыққа тән дарқан мінез, кеңпейілді­лік, жан сұлулығы бар.
Айтулы жазушылар көркем әдебиетке әуелі ақын боп келетіні белгілі. Мырза-ағаны да біз алдымен ақын ретінде таныдық. Енді қайраткер, ақын Мір Шайырдың қазақ прозасына қосқан тың дүниесі «О, Данышпан Дүние!..» роман-трилогиясына тоқталайық. Бұл өзі қазақ романдарындағы кәдуілгі сара жолмен жазылмаған, «тумысы бөлек туынды».
Осы заман тақырыбына барып, замана ерлерінің бейнесін жасау қазақ прозасының күн тәртібінен түспек емес. Мір Шайыр «О, Данышпан Дүние!..» ­романында биік интеллект иелерін, парасатты азаматтар бейнелерін, жаңа тұлғалар галереясын жасап, өзгеше үлгі тудырды. Академик Зейнолла Қабдолов: «Замандас тұлғасы!.. Өз дәуірінің үні болып табылатын жазушы атаулының ең абзал, ең асыл мұрасы – осы», деп тектен-тек айтқан жоқ. Әрине, адамгершілік, ізгілік сияқты ұлы мұрат адамзат тарихының өне бойында жалға­сын таба беретіні кәміл. Барлық уақытта көркем әдебиеттің негізгі нысаны адам, оның ішкі жан дүниесі болған, бола да бермек. Әдебиеттің басты мақсаты – өз заманын, қоғамын суреттей отырып, соған сай замандастардың, қоғамға өнеге болар жаңа адамдардың, болашақ иелерінің тұлғасын сомдау, рухани болмысын суреттеу.
Замандастың көркем образы арқылы рухани болмысын ашып көрсету үлгілері әр жазушының дүниетанымы мен талантына, шеберлік қырларына байланысты. Жазушы Мір Шайырдың «О, Данышпан Дүние!..» трилогиясы – оқырмандарын соны мұраттарға жетелейтін, жаңа дәуір тудырған өміршең, кесек шығарма. Адамгершілікті өзек еткен бұл туындыдан жазушының замандастардың асқақ рухын, қыры мен сыры мол жан дүниесін барынша ашып көрсетуге деген жемісті ізденісін анық байқаймыз.
Эпикалық ірі романда жаңа уақыт, 1986 жылдың 16 желтоқсаны алып кел­ген азаттық, адамдар арасындағы саяси, ру­хани күрес, қазақ елінің бүгінгі сипаты кең тыныспен суреттеледі. Өтпелі кезеңдегі ахуалды, жаңа заман өзгерістерін халықтың қалай қабылдағаны жазушылық көрегендікпен, ерекше амал-тә­сілдермен, терең психологиялық иірімдермен, ой ағыстарымен су­реттеледі. Шығарма идеясы романның басты кейіпкері Әлигердің өмірі, ой-санасы, сезім толқыныстары арқылы байыппен ашылады. Трилогияның басым оқиғала­ры Әлигер төңірегінде өрбиді. Әлигерге тән қасиеттің бірі – ойшылдық.
Қазақ Елінің күрделі тарихы, Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі, кеңестендіру және Кеңес өкіметі кезіндегі жағдайы, Желтоқсан қозғалысы қарсаңындағы және тәуелсіздік алғаннан кейінгі кейіпкерлер тірлігі барысында сараланады. Роман қаһармандары: «Осыдан жүз жыл бұрын қазақ қара басындағы тауқымет үшін Құдайды айыптап, оны жер төбелеп қарғаған. Сосын қызылкөз өкіметті кінәлады. Ал, қазіргі өтпелі кезеңдегі мүшкіл халы үшін де тек Құдай мен өкімет кінәлі ме? Әрбір адам, бүкіл қоғам өзінің лайықты өмірі үшін неге өзі жауап беріп, өзі күреспейді?!» деп толғанып, әр оқырманды өзінің ішкі әлеміне үңілдіреді, өз мүмкіндіктерін іздестіруге итермелейді.
Күрделі жанрға қалам тартқан Мір Шайыр психологизм иірімдеріне жиі жүгінеді. Қазақ прозасында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды белді қаламгерлер негізін салған, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин және басқа кейінгі буын жазушыларда жалғасын тапқан терең пси­хологизм Мір ­Шай­ыр трилогиясында соны серпіліс­пен, өзгеше өңмен көрінеді. Ро­ман стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі, тақырып пен идеясы жағынан іргелі көркемдік талаптарға жауап береді. Шығармада Уақыт пен Кеңістік әлемі жаңаша ашылған. Шашырап жатқан бірде-бір ой, оңды-солды қолданылған бірде-бір сөз жоқ. Адамды рухани құндылықтар биігінде тәрбиелеуді мақсат етіп қойған жұп-жұмыр шығарма – нағыз өмірдің өзінен ойып алынған шындық екенін танимыз. Автор пайымдарының батыл да өткірлігіне риза боласыз. Талантты жазушы адам мен заманды бір-біріне байланысты обьектілер деп қараған. Романда образ, Уақыт пен Кеңістік бірлігі бөлінбестен, тұтастықта алынып, шынайы қалпында суреттелген. Шығарма оқиғалары, кейіпкерлері, автордың ой-толғамдары бүкіл Қа­зақстанның сонау шығысынан батысына дейін қамти өрбіп, Ресей, АҚШ, Еуропа, Түркия сияқты алпауыт елдерді де қанатымен көмкере, енді бір сәт Ғарыш әлемін, Жер-Ананың қойнауларын, шексіз-шетсіз Ұлы Даланы еркін шарлайды. Шығарманың өміршеңдігіне осы тұстар қуат беріп тұрғанын мойындаймыз. Адамзаттың кешегісі мен бүгіні, Уақыт пен Кеңістік, Ғалам ғажаптары Ұлы Дала мен Қазақ­­­тың өмірімен ұштасып жатыр. Қазақстан­­­ның ұлы дәуіріндегі жаңалықтар қанық бояуымен көз алдымыздан сырғи өтеді.
Шығарма тақырыбы – ұлт тағдыры, жаңа өмірдегі, адамдар дүниесіндегі өзгерістер, қазақ халқының тәуелсіздікті нығайту жолындағы күресі болса, идеясы – халықты татулықпен бір тудың астындағы бірлікке үндейді. Адамдар арасындағы тартыс, алауыздық, жемқорлық, қазақтың жеріне келімсектердің иелік етуі, ұлтымыздың өз жерінде өгейсуі… сияқты кеселдермен күресу идеясы өзгеше өріс алған. Жазушы Мір Шайыр жаңа өмірді суреттей келе, жаңа адамдар образын психологизм иірімдерімен, жаңаша ойлау жүйесімен көрнекілейді. Кейіпкерлер тағдыры тек автор баяндауымен ғана жазылса, жазушының стильдік шеберлігі көрінбес еді. Аталмыш романда кейіпкерлердің ішкі ой еркіндігі, терең ойлау жүйесі, ой-санасындағы шырғалаңдар барынша айқын ашылады.
«О, Данышпан Дүние!..» – қазақ тарихының күрделі бір кезеңін мүмкіндігінше молынан қамти алған қарымды дүние. Мір Шайыр ұлы оқиғаларды тек көркем баяндаумен шектелмей, оқырманды түптердің түбіне үңілдіреді… Ең бастысы – шығармада тәуелсіз Қазақстандағы жаңа өмір үшін күрестің ыстық лебі санаңды шарлап отырады. Бірінші кітапта елдің еркін күндерге ұмтылысын жүрегің сезінумен болса, екінші томда әрбір елжанды кейіпкер мақсатына жетсе екен деп тақымыңды қысумен боласың, – деп Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әли әділ бағалаған.
Әлем халықтарының, оның ішінде түркі тілдес халықтар әдебиетінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетін әулие-әмбиелер, Қыдыр ата, Қызыр ата бейнелері, Қырық Шілтен, Ғайып ана сияқты кейіпкерлер оқырманға белгілі. Олар әр уақытта тірліктегі адамдарға күш-қуат беріп, сырттай қамқор болып, жоқ жерден жолығып, жәрдемдесетіні түрлі әдеби нұсқалардан жақсы таныс. Мір Шайыр прозасында да Асанқайғы, Ер Қосай, Пір Бекет, Райымбек рухтарының жер бетіндегі ұрпақтарын желеп-жебеп жатуы шығармада нақ өмірдегідей нанымды әдіптеледі. Ғалым Оңайгүл Тұржан атап айтқандай, адами ұлы қасиеттерді қалғытпаудың ежелден келе жатқан тәсілі – Ғалам сырларына мейлінше қанық ата-баба аруағымен үндесе өмір сүру.
Кейіпкер психологиясын ашудың негізгі кілттерінің бірі ішкі монолог Мір Шайыр романында сара желі тар­тып жатыр. «Дүниенің, адам баласы­ның болмыс сырларына қаныққаннан қымбат не бар, тәйірі?!» деп ойлайтын Әлигер соның жаңа жолдары алдынан ашыла түсердей, романның өне бойын­да тегеурінді тебіреніспен жүреді. Бірінші кітапта бас кейіпкердің ішкі монологтары, Ғалиасқаровпен, ғалым Шоң Ғайсинмен сырласулары ғылымның осы саласын кеңейтердей тұтас бір жүйе құрайды. Екінші кітап соңындағы Әлигер толғанысы былайша өріледі: «…Шіркін, Ғалам мен Жердің көшірмесіндей адамның санасынан да, әлгі бір-бірінің қанын ішіп, жанын жеп, азапқа салғандардың, Құлтан, Айтан секілділердің саналарынан да құбыжықтарды шыңғырта қуып шығып, жойып тынар ма еді!.. Адам баласына әйтеуір бір нәрсе жетпейді…».
Жазушы адам мүмкіндігінің шек­сіздігін көрсетуге бел байлап, кішкен­­­тай миымызға шексіз кеңістікті, Ұлы Даланы сыйдырған. Бір жүйемен, ауыт­қы­май жазылған трилогияның соңын­да Әлигер Қазақ Елінің алыс болашақ­та­ғы көркем келбетін ерекше сұлу елестете­ді: «…Ұлы Дала жатыр керіліп… Қаба­ты қалың тарих… Кілкілдеген бүгін­гі күндердің аржағынан бұлыңғырлана оқылады… Ықылым дәуірлер бірін-бірі көлегейлеп, бірін-бірі аспалап, бермен ұмтылады… Барлығында бір мүдде, әлеуметтік жаңғыру мүддесі…», «Өмірді құлпыртқысы келеді. Өне бойын күш пен жігер, шабыт кернейді». Романның соңғы нүктесі осылай қойылған.
Сөйтіп, Мір Шайырдың бұл романда уақыт шындығын саралай, көркем зерделеп, қазақ және әлем прозасында бұрыннан бар дәстүрлерді жаңа шығармашылық ізденістермен, стильдік-даралық ерекшеліктермен байыта түскенін көреміз. Қазақтың принципшіл үл­кен ақыны, осы трилогияның қалың-қалың үш томының редакторы ­Есенбай Дүйсенбайұлы романды «осы заманның ой биігінен жазылған» деп атап айтып, автордың ойшылдығына көңіл қойған-ды. Ал, Қадыр ­Мыр­­за Әли­дің роман туралы бірде: «Аян бері­ліп туғандай» дегені бар. Әдебиет­ші А.Төлеуханқызы авторды философ­қа балайды. Ойшылдық автор­дың алты томдық таңдамалысының соң­ғы екі томындағы көркем очерктері мен, зерттеу мақалаларына да тән. ­Фари­­за Оңғарсынова 1978 жылы Мырза-ағаға Алматыдан қызмет, үй қамдап шақырғанда, ол үш ай ойланып, келмей қалған. Енді сол талант поэзиясымен де, прозасымен де, публицистикасымен де кенелтіп отыр.
Қаламгер шығармашылығы – қазақ әдебиетінің асыл үлгілерінің бірі екенін батыл айта аламыз. Мырза-аға өз тағдырын туған елінің өзегімен тұтастықта сезініп, туындыларында ұлтымызға тән қасиеттерді жарқын көрсете білген. Оның батыл да ойлы, өткір де сыршыл поэзиясының, бүгін мен болашақ үшін актуальды прозасының әсерлі де тартымды, маңызды болуы – алға қойған мақсат-мұраттарының асқақтығында, шынайылығында жатыр.
Мір Шайыр шығармашылығын зерттеп, игеру – қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған елеулі міндеттердің бірі деп білемін. Оның эстетикалық, көркемдік, елжандылық қасиеттерге бай трилогиясы жоғары оқу орындарында, мектептердің жоғары сыныптарында арнайы факультативтерде оқытылса, бұның жаңа қоғам ұрпақтарын тәрбиелеуге ықпалы елеулі болар еді.
Бүгінде жер ортасы алпысқа келген Мырза-ағаңа біз мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс­тар тілей отырып, туындыларыңыз әдебиетіміздің, халықтың игілігіне айнала берсін демекпіз.

Нағбду Қамарова,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг университетінің проректоры, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.