Тау көтерген толағай

Еліміздің денсаулық сақтау саласына өзіндік үлесін қосып, сара жол салып келе жатқан «Жас-Ай» медициналық орталығының атын бүгінде жалпақ жұрт жақсы біледі.
«Бағытымыз – халықтың бақыты» деген бір ауыз сөзді айнымас тұғырнамасына айналдырған бұл орталық биылғы көктем-жаз мезгілдерінде 3014 науқасты емдеп жазды. Мыңға жуық науқастарға жеңілдік жасап, оның ішінде 400 науқасқа тегін ем көрсетті. …Кішкентай ғана ғимараттың есігі таң атпай ашылып, көз байланар шақта ғана жабылады. Аптаның алты күнінде адам аяғы бір үзілмейді. Еңкейіп кіріп, еңсесі көтеріліп шыққандардың қарасы көп. Әр жерден келген, әртүрлі жастағы адамдар. Көбінің жағдайы ауыр, үміті азайған, сабыры сарқылып, тағаты таусылған. Аурудың барлық түріне шипа беретін Шығыс-Тибет медицинасын мықтап меңгерген «Жас-Ай» орталығы олардың үміт отын үрлеп, ажалына араша болып келеді.
Мұндағы емделушілердің саны мен емдеудің сапасына қарап, аядай ғана жерде орналасқан бұл орталықтың бір қалалық немесе бір облыстық ауруханалардың жүгін арқалап келе жатқанын пайымдау қиын емес. Бас дәрігер Жасан Зекейұлынан бастап, дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмыс істеу қарқыны мен уақыт тығыздығын еліміздің басқа орталықтарынан кездестіре алмайсың. Жұмысына салғырт қараған бір ақ халаттыны көрмейсіз. Әр қызметкерге қатаң талап қойылып, үлкен жауапкершілік артылған.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, мұнда екінші немесе үшінші мәрте ем қабылдап жатқандар да көп. Тараз қаласынан келіп емделіп жатқан Исмайылова Гүлмираш апамыз: «Мен жығылып жамбасымды сындырғанмын. Дәрігерлер ота жасап, жамбас сүйектің жартысын кесіп алып тастап, орнына темір салып берген. Содан бастап денсаулығым әлсіреп кетті. Тісім, шашым, тырнағым түсе бастады. Ауырғанды басатын дәрілерді іше беремін деп, есімнен де айырылып қалдым. Ақыры, ажалды күтіп жатудан басқа шара болмады. Су ішерім бар екен. «Жас-Ай» медициналық орталығы және профессор Жасан Зекейұлы туралы естіп, соңғы үмітімді арқалап осында келдім. Алтын ине мен шөп дәрілерді қабылдадым. Міне, үшінші мәрте ем қабылдап жатырмын. Алғаш келгенде жүріп-тұрудан қалғанмын. Үш кезек емнен кейін аяғымнан тік тұрдым. Бұл орталыққа көтеріп алып келіп еді, енді өз аяғыммен қайтып барамын. Артық ақша жұмсамадым, кері әсер де алған жоқпын. Бізге одан артық не керек. Бұл жердегі дәрігерлер өте сауатты әрі кішіпейіл екен. Профессор Жасан Зекейұлының өзі әр науқаспен жылы сөйлесіп, ауруына мұқият қарайды. Шіркін, еліміздің әр түкпіріндегі барлық ауруханаларымыз «Жас-Ай» сияқты жауапкершілікті сезінсе, дәрігерлеріміз Жасан Зекейұлы сияқты білікті болса, Алматыға шапқылап неміз бар еді!» деп, көңілдегісін жасырмай жайып салды.
Бұл орталықта қарапайым адамдардан бөлек, елге танымал, зиялы тұлғалар да жиі кездеседі. Сондай ағаларымыздың біріне «Шетелге шығып теңіз жағасында дем­а­лып, дамыған медицинадан ем алып қайтуды қалтаңыз көтермеді ме?» деп, мысқылдап сұрақ қойған едік, ақ жағалы ағамыз миығынан жымиып бір күлді де, – Сөзің сүйектен өтеді екен, жігітім. Бірақ, жағдайы барлардың шетелге барып емделгісі, демалғысы келетіні шындық. Мен де солардың қатарындамын. Дегенмен, екі жылдан бері жаздық демалысымды Алматыда өткізіп келемін. Адамға керегі – жан. Ал жанға керегі – шынайы ем. Егер ауруға шынайы шипа жасай алатын орталық өз жеріңде болса, одан артық не керек? Басқа елдің топырағы мен суына, ауасы мен тамағына үйірлеспей қиналасың. Жұтқан дәрің бойыңа жұқпайды. Міне, «Жас-Ай» орталығы бізді сол қиындықтан шығарып, өз жерімізде Шығыс шипагерлігімен емделумізге толықтай жағдай жасап отыр, – деп жауап берді.
Бір қуанарлығы, «Жас-Ай» ме­ди­циналық орталығы халықтың сұранысын ескере отырып, 5 қабатты аурухананың құрылысын бастап кеткен. Күніне 40-қа тарта емделушілерді қабылдап, олармен жеке-жеке сөйлесіп, ауруларын анықтап, емін жасай жүріп, құрылыс жұмысына да бас қатырып жүрген профессор Жасан Зекейұлымен аз-кем сөйлескенімізде: «Халықтың шығыс медицинасына деген сұранысы күн санап артып келеді. Біз бірнеше облыстардан филиалдарымызды ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, орталығымызға алыс-жақыннан келетін емделушілердің саны күн санап артып келеді. Олардың жатын орын мәселесі бізді бейжай қалдырмайды. Сондықтан Алматыдан үлкен аурухана салу жұмысын қолға алдық. Әрине, мемлекетке қол жаймайтын біз сияқты жеке орталық үшін бұл үлкен жұмыс, ауыр міндет екені рас. Бірақ, ажал мен ауру бізді күтіп тұрмайды ғой. Денсаулық сақтау саласының әр қызметкерлерінің жүрегі науқастармен бірге қиналып, бірге қуануы керек» деп, нағыз ел үшін туған ерлерге тән азамат екенін танытты.
Қазақ еліне Жасан Зекейұлы даңқты дәрігер ғана емес, Атымтай жомарт ретінде де танылды. Табан ет, маңдай терімен тапқан азғантай қаржысын басқалармен бөлісуді парызым деп білген ағамыз бұл жылы да біраз адамдарға көмек қолын созып үлгерді. Құрметті оқырманым, біз шабытқа беріліп, асыра сілтеп отырған жоқпыз. Дәлелін айта кетейін. Айталық, «Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына» орай өткен республика­лық шахмат жарысы, Ермұрат Зейіпханды еске алу кеші, елімізге белгілі «Қыздар-ай» тобының концерті сияқты бір қатар игілікті шаруалардың әрқайсысына 100 мың теңгеден кем болмайтын қаржылар берді.
2010 жылдан бері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит әндерінен республикалық деңгейде концерт өткізіп келе жатқан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігіне» үзбей көмектесіп келеді. Бұл шараға осы күнге дейін 450 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті. Сонымен қатар, Берік Тоэ­қайдан деген азаматтың жұмысқа ке­ректі компьютер алуына қол ұшын бер­ді. Таеквондо жаттықтырушысы Адай Марғұланның Вьетнамда өтетін ха­лықаралық чемпионатына баруы үшін 100 мың теңге берді. Ыбырайым Бегжігітовтың шөп дәрі жинауына көмек ретінде 100 мың теңге атаса, Ержан Арызқұловтың отбасы­лық жағдайына байланысты 100 мың теңге көмек көрсетілді.
Осы жылдың көктемінен бастап, Қазақ радиосында таратыла бастаған «Бауырластар» бағдарламасының ақылшысы да, қаржылай қамқоршы­сы да осы Ж.Зекейұлы болатын. Елді бірлікке шақырып, алты Алаштың басын бір тудың астында біріктіруге үндеп, қазақ ұлтының ұлттық болмысына қан жүргізуге ниеттенген радио бағдарламасының маңызы мен мәні де ерекше. Жәкең айтпақшы, Құдіретті Алла тағала ұлт пен ұлысқа бөлгеннен кейін, өз тілінде сөйлеп, өз ұлтының табиғатында өмір сүрген адам ұзақ жасайтынын, керісінше, өзге ұлттың тілінде сөйлеп, өзге мәдениеттің жетегінде өмір сүру адам денсаулығына кері әсер ететінін ескерсек, «Бауырлас­тар» сияқты бірегей бағдарламаның ауадай қажет екенін түсінесіз. Міне, осындай қоғамға қайраткерлік қырымен де көзге түсіп, халықтың қажеттілігін дөп басып жүрген Жәкеңнің есімі ел жүрегінен орын алып келеді.
Райымбек мешітіндегі медресеге ай сайын 100 мың теңге беріп тұратынын айтпағанда, апта сайын жеке басын­дағы қиыншылығын шешіп беруге өтініш айтқан қанша адамдардың тілегі қабыл болды. Біздің бұл айтып отырғандарымыз Жасан Зекейұлының жасаған игі істерінің бір бөлігі ғана. Анығын айтсақ, есте қалғанын айтып отырмыз. Әйтпесе, Жәкеңнің әр күні елге жақсылық жасаудан кенде емес. Ең кемінде күніне бір науқасты ауруынан тегін айықтырады. Терең судың тасымайтынын, құр ыдыстың даңғырлақ келетінін ескерсек, Жасан Зекейұлының игі істеріне үнсіз бас иесіз.
«Жас-Ай» медициналық орталығын ашып, халықтың денсаулығы үшін өлшеусіз еңбек етіп жатқан Жасан Зекейұлының жарты жылы міне осылай өтіпті. Елдің денсаулығы деп еңбектеніп жүрген Жәкеңді көргенде бала кезімізде ертегіден көп еститін «Тау көтерген Толағай» елестейді. Жә­кең тау көтермесе де, таудай жүк көтерген Толағай екені сөзсіз.

Қазірет БЕРДІХАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.