Көздері Гүләндамның інжу-маржан…

«Қисса Баһрам» дастанын алғашқы рет Ш.Құсайынов 1908 жылы Қазан қаласындағы «Университет» баспасынан, 1912 жылы «Домбровский» баспасынан шығарған екен. Қазіргі таңда қисса Қазан мемлекеттік университетінің Н.М.Лобачевский атындағы ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы. Дастанның сюжеті Фирдоусидің «Шаһнаме» эпосынан алынғанын кезінде қазақтың әдебиетші ғалымы А.Қыраубаева да дәлелдеген екен. Дастанда махаббат, ғашықтық сезімдері ертегілік биіктету, әсірелеу жолымен кестеленеді. Пері қызын көрген жігіт ғашықтық сезімге беріліп есінен танып қалады. Біраз уақыттан соң ғана өз-өзіне келеді. Бұның өзі ғашықтық жырларда жиі қолданылатын әсірелеудің бір түрі.
Кіші хан Құдайдан бала сұрап, мал-мүлкін кедей, ғаріп пақырларға садақа қылып үлестіреді. Алла жар болып, әйелі ұл туып, атын Баһрам қояды. Елден ерекше сұлу, әрі зерек болып өскен Баһрам аң аулап жүріп, бір киіктің соңынан еріп кетеді. Орғып секіріп, жігітті алдап-арбап сиқырлап, артынан ілестіріп алып кеткен алтын киік Гүләндам дейтін қыз болып шығады.
Жыршы дастанды баяндауда қиялға молынан бой алдырады. Барынша қиял-ғажайып оқиғаларды баяндау арқылы тыңдарманның көңіл-күйіне әсер етуді мақсат еткені анық. Бұдан кейін оқиға қызу дамиды. Жыршы қаһарманын ауыр қиыншылықтарға душар еткізеді, адам төзгісіз азаптарға салады. Киіктен көз жазбау жолында көптеген мехнаттарды көрген Баһрам керемет бір қалаға, сосын абат бақты, сән-салтанаты келіскен бір сарайға тап болады.

Шарбағын жасатыпты меруерттен,
Қақпасы тоғыз есік зүбәржаттан.
Бір шаһар көрінеді жасыл жауһар,
Кірпіші – лағыл, жақұт, өңшең гауһар.
Жаққаны көшесіне лағыл фанар,
Зүбәржат лағыл інжу шарбағы бар.

Осындай керемет асылдармен апталған жерде тұратын қыздың кескін-келбеті тіптен көркем болып шығады. Сөйтіп, киік болып қашқан қыздың ажарын сипаттағанда айшықты теңеулер көптеп кездеседі.
Ақ беті ай мен күндей, көзі жұлдыз; аяғы ақ күмістен, шашы алтын; көздері Гүләндамның інжу-маржан; дидары он төртінші туған айдай; інжуден отыз тісі, ерні – ақық; «Өзі – адам, бір міні жоқ, нұр сипатты» деп Баһрамның алас ұрып, қайғыруының да жөні бар еді.

Жамалы Гүләндам қыз нұрға толып,
Нәзік бел, көзі гауһар, опа жаққан.
Лағылдан шам қойдырды баққа жағып,
Бау-шарбақ сылдырайды шәрбат ағып.

Жігіт тап болған Алтын сарай кілең жын-перілер мекендейтін орын болып шығады.
– Адамзат көп қырылған бұл жерге сені өлім айдап келді ме? –деген зарлы үнді жігіт анық естиді. Дию-перілермен шайқасып, алысып-жұлысып жүріп соңында жігіт олардың бәрін жеңеді. Киік қызды табу үшін диюлардың айтқан талаптарын да орындайды, небір жол азабын көреді, айдаһармен алысады, жабайылармен жанжалдасады, керуендерге кездеседі, ал теңізде жайынмен соғысады. Осылайша өрбіген оқиғалар тізбегі дастанның халық ертегілерімен тығыз байланысын танытады, ал көркемдік бояуын қанықтыру үшін нақышты кестелер көптеп қолданылады. Шаршап-шалдығып барып Баһрам қыз туралы толық мағлұмат алады. Гүләндам Фағфур ханның қызы екенін біліп алады.
Адасып әр тараптан келеді екен,
Сол елде сауық құрып жүреді екен.
Бәрі де ғашық болып Гүләндамға,
Жете алмай шерменде боп тұрады екен.
Иранбағына жиналғандарға бір табақ ұсынылады екен. Келгендер сол ыдысқа қызға арнаған сый-сияпаттарын, яғни алтын, күміс, лағыл, бірлән, маржан салып жіберетін көрінеді. Ер Баһрам саусағынан суырып алып жүзігін жолдайды.
– Туғалы мұндай сақинаны көр­генім жоқ, –деп ханның қызы қатты таңыр­қайды, бірден диуанаға көңілі ауады.

Гүләндам Баһрамға болды ғашық,
Тұрады күн батқанша жанталасып.
Күн батқан соң қасына барайын деп,
Қояды қырық қызбен ақылдасып.

Алайда жігітпен бетпе-бет келгенде қыз өзінің ішкі сезімін жасырын ұстап, айласын асыруға тырысады.

Жер құрты, мұнда жатқан бір адамсың,
Киімің жоқ, жалаңбас диуанасың.
Маған «ғашық болдым» деп
неге айттыңыз,
Әкеме айтып, алдырамын сенің басың.

Жігіт байғұс қызды іздеу жолында неше мың малынан айрылғанын, пері шалға кездескенін, жын-перілер мекенінде болғанын, жер астында ойран салғанын, балуандармен күрескенін, көрген бейнетін, бәрін-бәрін айтып береді. Осыдан кейін ғана қыздың жүрегі жібіп сала береді. Шәмин шаһарында тұратын Фағфур хан ғаламдағы бүкіл перілердің тілін білетін ақылы мол жан екен. Оның қызы Гүләндам өте сұлу және ақылды адам болып шығады.
Көздері Гүләндамның інжу-маржан,
Баһрам оны алған соң қылмас арман.
Ер Баһрам Гүләндамға болған ғашық,
Көрсетті нұр дидарын
пердені ашып.
Басында киік болған қыз Гүләндам,
Жетіпті мұратына дидарласып.

Ал, қыздың ұзатылу кезіндегі той думанның шеруі тіптен ерекше.

Қасында қанша нөкер, әскер еріп,
Астында Баһрамның тұлпар керік.
Ұзатты Гүләндамды әскерменен,
Әкелді жиһазының бәрін теріп.
Гүләндам әртарапқа тойлар қылды,
Көрсетті салтанатын әрбір түрлі.
Жиылды әртараптан падишалар,
Құбылтып шатыр тікті тоқсан түрлі.
Саф лағыл тарантас қоңырау таққан,
Екеуін жүзде сегіз нөкер баққан.

Сөйтіп, Баһрам мен Гүләндамның қырық күнге созылған тойы қызыққа толы болып өтеді.
Мойны ақ лағылға толы, қызыл жақұт сырғасының бауы гауһар, белі нәзік Гүлән­дам ұжмақтағы хор қызындай болып сипатталады. Баһрам көрген азаптарын ұмытып мұратына жетеді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Рауза

    Бабалар созинен

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.