Есіктен ескен леп

Есік – Іле Алатауының солтүстік баурайында, теңіз деңтейінен 935-1040 метр биіктікте орналасқан қала болып саналады. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының осы орталығында тұрғындар саны 31,3 мың болса, оның басым көпшілігін жергілікті халық құрайды. Сондай-ақ орыс, түрік, шешен және басқа да көптеген ұлт өкілдері тұрады.  Есік қаласының орнын адамдар өте ертеден мекендеген. Қаланың солтүстік жағында сақ мәдениетінің б.з.б. V-IV ғасырлардағы аса көрнекті ескерткіші — Есік обасы бар. Бұл маңдағы сақ дәуірінен сақталған обалар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның ішінде ең көрнектісі – үлкен Есік қорымы. Қорым құрамында солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып ауданы 3 шаршы шақырым жерді алып жатқан 45 топырақ бар. Әр топырақ көлемінің диаметрі 30-90 метрді, ал биіктігі 4-15 метрді құрайды. Өкінішке қарай, обалардағы қыш құмыралар, алтын және көптеген бағалы заттар патшалық Ресей тұсында көптеп тоналған болатын. Сонымен қатар Есік қаласының маңынан тарихқа бай көмбелерді де кездестіруге болады. Есік көмбелерін 1953-1958 жылдар аралығында Г.Мартынов, Қ.Ақышев, И.Копылев зерттеді. Көмбелер Есік қаласының және Жетісу өлкесінде көптеп кездеседі. Мұндай деректер осы өңірдің ежелгі дәуірлерде қола құю, темір соғу ісі жақсы дамыған үлкен металлургиялық орталығы болғанын дәлелдейді.

Алтын адам – еліміздің азаттық  символы

Есік аумағы жайлы сөз еткенімізде ең алдымен байтақ қазақ елінің атын әлемге әйгілеген, отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» ойға оралады. 1970 жылдың басында Есік қорғанында сақтар тайпасының жас көсемінің зираты табылды. Қорған қазбалары Қазақстанда мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді. Бұны археолог Кемел Ақышев тапқан. «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелері бар алтын әшекейлермен безендірілген. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас. Биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 сантиметр шамасында екен. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, сау­сағында екі алтын жүзік, қамзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның біздің заманымыздан бұрынғы V-IV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология салаларынан мол дерек беретін «Алтын адам» сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Бүгінгі таңда «Алтын адам» – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.

Көкке ұмтылған
көркем таулар

Шұрайлы да, көрікті Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі «Есік» ша­һары жайлы айтқанымызда біздің көз алдымызға төбесі көк тіреген таулар, Алатаудың көз моншағындай мөлдіреп жатқан Есік көлі мен Жасылкөл, сұлулығы көз суыратын Түрген шатқалы, жартасты жарып, таудан тулай аққан сарқырамалар келері сөзсіз.
1854 жылы бұл көне қоныс орнында Надеждинск станцасы қаланыпты. 1923 жылдан бастап ол Есік станицасы аталды. 1968 жылы қала мәртебесін алған, қалада қазіргі күні «Көктем», «Есік шарап зауыты», «Дионис», «Елес», «Фудмастер», «Голд Продукт» сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ қалада құрылыс, көлік мекемелері мен шағын өндірістік кәсіпорындар, сонымен қоса жалпы білім беретін 9 мектеп, педагогикалық колледж, біріккен қазақ-түрік лицейі, мәдениет үйлері, кинотеатрлар, клуб, аурухана, емхана, дәріханалар бар. Қаладан оңтүстікке қарай 17 шақырым жердегі әсем тау шатқалында демалыс және туризм аймағы саналатын Есік көлі орналасқан.

Туризмге сұранып  тұрған мекен

Есік аумағы бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа қарқын ала бастаған туризм саласының болашақ үлкен бір бұтақтарының бірі. Бұл маң табиғи және тарихи-мәдени туризмді дамытуға аса қолайлы аймақ. Көрікті мекенде көненің көзіндей болып бізге жеткен әйгілі сақ қорғандары, тарихын тасқа қашап жазған бабаларымыздың сөзіндей болып аманат қылған тас бетіндегі суреттер, түп-тұқиянымыздың келелі кеңесі мен кемеңгер шешімдері өткен қала жұрттары мен еңселі ордаларының орындары сынды қадіріне жете білсек, қаншама ұрпаққа мақтаныш болар тарихи нысандар болып табылады.
Сол мұраларымызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, көпшілікке таныстыру, оларды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету, рухани байлығымыздың қадіріне жете білу үшін, Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ежелгі сақтардың астанасы орналасқан жерден құрылған бұл мұражайдың атқаратын істері өте ауқымды. Ашылғанына көп бола қоймаған қорық-мұражайға келіп, көне тарихтың құпияларына қанығып, сырына бойлаймын деушілерді ең алдымен кіреберіс дәліздің қабырғасына бекітілген «Қазақстан аумағындағы сақ-скиф дәуірінің ескерткіштері» атты электронды карта қарсы алады. Онда қазақ жеріндегі сол дәуірге тән 155 археологиялық нысандардың орындары көрсетіліп, тізімдері берілген. Келушілер аталмыш картамен танысып болған соң, 145 жәдігерліктері бар екі бірдей экспозициялық зал есігі ашылады. Оның біріншісі – сақтар тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне арналған «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» залы. Бұл залда келушілер жаңа ғана өздері біраз мағлұмат алып шыққан электронды карта мәліметтерінің заттай деректерімен таныса алады.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы сол аманат жүгін арқалап, баға жетпес рухани құндылықтарымызды бүгінге таныстырып қана қоймай, оны болашаққа да жеткізуді мақсат етеді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. сезім

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.