«Тұран» тағылымы

Алматыдағы Республика сарайында «Тұран» университетінің 20 жылдығына арналған кеш өтті.
Кешті «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов құттықтау сөзімен ашты. Университет басшысы аталмыш жоғары оқу орнында 10 жылдан астам қызмет еткен бір топ ұстаздарды арнайы сыйлықпен марапаттады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов университеттің бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері жайлы өз ойын ортаға салды. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов елімізде «Тұран» университетінің беделі жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қоса, кеште «Тұран» университетінде оқып жатқан жастар ән шырқап кештің көрігін қыздырды. Ал ұстаздар қауымы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Жиырма жыл оқу орны үшін аса бір үлкен мерзім емес. Алайда, осы жылдар ішінде «Тұран» университеті 13 мыңнан астам маман тәрбиелеп, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы өскелең ұрпаққа сапалы білім беретін ең ірі мемлекеттік емес оқу орнына айналды. Студенттерге бүгінгі заман талабына сай жан-жақты білім беру оқу орнының басты міндеті болып табылады. Осыған байланысты білім беру аясын одан әрі кеңейту мақсатында Германиямен, Түркиямен, Қытаймен, Малайзиямен тығыз байланыс жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қоса, Украина және Германия жоғары оқу орындарымен студенттер алмасу бағдарламасы жұмыс істейді. Таяуда аталмыш жоғары оқу орны Малайзиямен келісім жасасты. Сөйтіп, дарынды жастар Британ және Малайзия университеттерінің дипломдарын алады. Болашақта «Тау-Тұран» сауықтыру лагерінің базасында тұрақты жұмыс істейтін білім беру жүйесі іске қосылмақ.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.