Алқоңыр

Қала үйінің өлшеп-пішілген бөлмесінің бір бұрышына орналасқан қоңыр пианиноның қақпағын ашып, салалы саусақтарымен күйсандық тілін басып-басып жіберді де, сиқырлы әуендердің басын бір үйлесімге ұйыстырған аккордтардың соңын айдын көл бетімен жүгірген нәзік толқындарға ұқсаған әуезге ұластырып жіберді. Күйсандық тілінің үстімен безек қаққан саусақтар жұлын-жүйкеңді діріл қаққызып, соңғы нотаны басып барып, тоқтай қалды. Шағын бөлменің іші әп-сәтте басқа бір күйге еніп, әуенді толқындардың бояуына көміле берді.

Әлгі соңғы нотаның ар жағында жатқан сиқырлы әуенге ұмсын­дырып барып тынши қалған саусақтардың ұшынан сырлы үн тамшылап жатқандай көрінді. Сонан соң:
– «Алқоңырды» тыңдашы» деді.
Радиодан талай тыңдап жүрген әнім күйсандық тілінде тіпті құлпырып кетті. Кәсіби музыканттың қолына түскен аспап құдіреттеніп кете ме, әлде, ауылда жүрген маған мұндай аспаптың таңсық болғанынан ба, әйтеуір әлгінде ғана бір бұрышта томсырайып тұрған «қоңыр жәшік» сөйлей жөнелді. Бірін-бірі жетелей жүгірген әуендер легі жүрек түкпіріндегі құпия қылды қозғап, жан дүниеңді құдіретті әуен тербеп, дүние тұтқасын ұстап тұрған ырғақтың киесін ұқтырғандай. Құдды өзеннің ағысы. Жағалауын сипалай аққан өзен өмір жырын толғайды. Толқындары бір-біріне еркелей ойнап, сыңғырлап күледі. Үрейлі үн шығаратын тау өзендеріндей емес, мына өзен кербез, керім, аптықпайды. Баяу ағыстан да бояу көреді екенсің. Қоңыр. Қазақи бояу. Дала өзенінің мінезі осысымен ерекше екен-ау. Ақ сәуле шашқан «Алқоңырдың» әуені елітіп әкеткен менің ойымды орындаушының сөзі бөліп жіберді.
– Италия музыканттарын таңыр­қатқан «Алқоңыр» осы. Ғажап ән. Осы әнді күйсандықта орындағанда менің көз алдыма ғажайып Лепсім, Лепсінің бойындағы туған ауылым Көкжиде, күн көзімен шағылысып жататын алтын құм елестейді. Өлеңдеріме қозғау салатын күш те осы «Алқоңыр».
Бұл – композитор, дирижер, ақын Тілеуғазы Бейсембекпен алғаш танысқан кезімде жадымда жазылып қалған тамаша сәттің бірі еді. Содан ба ақын ағаның жырларын оқығанда құлағыма «Алқоңыр» әнінің әуені келеді.
Тілекең (Тілеуғазы Бейсембек) – Лепсінің перзенті, Көкжиденің ұлы, құмды ауылдың құлдыраңдап өскен баласы. Қазақтың ақыны.
Сағынамын құмымды,
Балқашымды сағынам.
Олар жоқта мұңымды,
Кімге айтып шағынам?
Туған аулынан жырақта күн кешіп жатқан ақын жүрегінің сағынышы, ынтыққан көңілдің мазасыздығы, аңсаған ақын жанының аласұрған күйі. Туған жерді жан біткеннің бәрі сағынады. Ал ақынның сағынышы өзгеше.
Кім біліпті бағамды,
Құм секілді жұмсақпын.
Арттан тебер адамды,
Бастан сипап жұмсаппын.
Тоқсан тарау тірліктің қа­бырғаңа батар тауқыметі бұл ақынның да жан-жүрегін айналып өтпеген ғой, сірә? Ақынның мұңы қара басының қамын ғана қаузайтын пенделердің мұңынан өзгеше.
Ақыл әлде келте ме?
Бәрін ойлап бас қатты.
Құмы жоқ бұл өлкеде,
Табаныма тас батты.

Намыс сенің бағаңды,
Өсіре алмай күрсіндік.
Құмға басып табанды,
Балқашыма бір сүңгіп,

«Ризамын» деп ант еткем,
Содан кейін ізінше,
Шағаланың саңқ еткен,
Үнін естіп үзілсем.
Бұл түңілу емес, дәм-тұзын татып жүрген жерін жатсыну да емес. Алаштың амандығын бәрінен ілгері қоятын ақын үшін мына байтақтың бөтендігі бола ма екен? Жоқ. Бұл – тыншуды білмейтін, беймарал күндердің өзінде әлем-тапырық болып жататын ақын жанының бір күйі.
Көзінің алдына күллі алаптың көрінісін әкеле алатын құдіреті бар, кешегі мен бүгінді салыстыра алатын өз таразысы бар, мына ортаның тынысын бағып, тірлігін бағалай алатын өз өлшемі бар ақынның кем-кетікпен келісімге келе бермейтіні белгілі. Өзі ғұмыр кешіп отырған уақыт пен кеңістіктің қожайынымыз деп жүрген кеудемсоқтармен ақын бір дастарқан басында отыра алмайтыны да түсінікті.
Жақсы кім, жаман кім, қайсы­сының қоржыны қомақты, жүлде жүйрікке бұйырды ма, жылпостың қолында кетті ме, «жерім, елім» деп ұпай жинап жүр­гендердің жеме-жемге келгенде жалт бұрылғаны несі, қараша үйден шығып, күн салып көкжиекке қарап тұрған қарияны көп қабатты үйдің самалдығынан қарап тұрған пендеңіз неге көзге ілмейді, айта берсе көп, қу дүниені күйттеп, ертеңнің шаруасына бас қатыра бермейтіндермен ымыраға келмей кеткен ақындар осының бәрін көре біледі, сезе біледі. Көргенін, сезгенін былайғы топқа айтса, түсінісе бермейді. Сосын өлеңге мұңын шағады. Ендеше ақынның өлеңдеріндегі мұң қарақан басының мұңы емес, қоғамның дертіне дәру іздеген, іздегенін таба алмай санасы саққа жүгірген, тек келер күннің жақсылығынан үміт күтіп, соған сенім қолын созған жанның мұңы.

***
«Поэзия – өнердің ең жоғарғы тегі». Белинскийдің бұл тұжырымы – қолына қалам ұстаған кез келген қаламгердің жадына жазып алар заңы, қастерлі қағидасы. Кім көрінгеннің кіріп-шыға беретін орны поэзия емес екені бес саусақтай белгілі. Өкінішке орай өңмеңдеп жүріп, өлеңімді де «өткізіп аламын» деп жүрген өлермендердің поэзия сарайының қабырғасынан саңылау іздеп, ішке енгісі келіп жанталасатынын қайтерсіз. Солардың «жолы болып жататыны» тағы бар. Әлгі біз айтып жүретін пендеңіздің кәсібі осы.
Біз өлеңдерін сөз етіп отырған ақынның бұл топпенен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өлеңге өз үнімен, өз дауысымен келген ақын Тілеуғазы Бейсембек өзіне де, өлеңіне де биік талап қоя білетін ақындардың санатынан. Айтар ойы анық, салмағы қорғасындай, көркемдігі келісті, жұп-жұмыр жырлары ақын Тілеуғазының жүрек түкпірінде жаратылып, ақылында қайнап, алпыс екі тамырын қуалап барып шыққан туындылары. Ол өлеңнің бейнетін де, ләззатын да біледі.
Шерулі жыр көшіне мен
кеш іліктім,
Шабытты шақтарымда
кең көсіліппін.
Азабын тартып келем
жыр жолының,
Мазағын көріп келем пендешіліктің.
Тілеуғазы аға – кәсіби музыкант. Музыка әлемінен өлең патшалығына келген адамның өнердегі жолы кездейсоқтық емес. Ұлы үйлесімге құрылған музыкалық шығарма мен өлеңнің табиғатындағы туыстықты аңғару, әрине, қиын емес. Тегі бір дүние. Әйтсе де музыка саласының майын ішкендер өлең жаза бермейтіні тағы шындық. Ақындардың да сиқырлы әуен әлемінде жолы болып жүргендері де санаулы. Тілекеңе Алла осы екі қасиетті бірдей етіп дарытыпты. Киелі өнердің қос бұрымындай музыка мен поэзияны тең ұстап келеді. Сондықтан болар ақынның өлеңдерінен ән сарыны естіледі, әуезділігімен ерекшеленеді. Кім біледі, «Алқоңыр» өнердің осы екі саласының арасын жалғап жатқан алтын көпір шығар.
Ақынның «Қайран жүрек, дүрсілде…» деген өлеңдер шоғыры жүрек кардиограммасы сияқты. Жарық дүниенің жақсысы мен жаманын жанарымен қағып алған ақын батпан-батпан салмағы бар қалың ойды жазығы жоқ жүрегінің түбіне жинай береді. Сыздайды, ауырады, жүрегінің басын жылытарға шара жасайды. Азайып бара жатқан марал, таңдайы кепкен Арал, жерінің тағдыры ойландырмайтын жетесіз, тілінің болашағы толғантпайтын намыссыз, жалғандықтың азуында шырылдап бара жатқан шындықтың айқайы, сатып кеткен сенімсіз дос – бәрі-бәрі жүрек соғысын айнытпай танитын кардиограмма өлеңде жазылып тұр.
Аһ ұрғанмен болмады қайыр, үміт,
Шақырғанмен келмеді қайырылып.
Қансыраттым өзіңді,
қайран жүрек,
Бір досымнан тірідей айырылып.

Алай-дүлей көңілім бұрқасындай,
Досым кетті, басқаның
жүр қасында.
Ықпалды, епті саусаққа еріп
кеткен,
Есепшоттың еркі жоқ
бір тасындай.
Бұл – ақынның шұрқ тесік, тілім-тілім жүрегінің диагнозы көрсетіп тұрған дерттің бірі ғана.
Ақын үшін бағасы өлшеусіз байлық – халқы, халқының бақытты тұрмысы. Сол үшін жанын құрбан етуге де әзір. Халқының қабағынан қасірет көргеннен қарс айырылып кеткенді жөн санаған ақын көкірегінен асып барып төгілген мына бір сертке парапар шумақтардан жасандылық таба алмайсыз.
Болашақтан кетер ме түңіліп көп?
Әр күн жатыр кірпікке мұң іліп кеп.
Көрер болсам көз жасын
дәрменсіздің,
Шыққыр көзім, шықпасаң,
жұмылып кет.
Кетпесе екен заманым
тарылып тек,
Қалтасынан кедейдің барын үптеп.
Көрер болсам халқымның қасіретін,
Қайран жүрек, сол жерде
жарылып кет.
«Ақын дәуірінің арпалысқан ары болу керек» (Сен-Жон Перс) деген үддеден көрінудің белгісі осы.
Шоу алаңындағылардың көзін жарқыл-жұрқылымен қарықтырған пиротехникалық бұйымдардың тамашасы сияқты әуелде тамсантып, кейін көңіл көзден ғайып болатын өлең бүгінгі поэзияның биігін көрсететін өлшем бола алмайды. Модернизм, постмодернизм – белгілі бір аралықта болатын ізденістердің көрінісі. Оның бәрі ұрпақ игілігіне жарай береді, ұрпақпен жасай береді дегенге өз басым күмәнмен қараймын. Дәстүрді «бұзып» ұшпаққа жеткендерді көргендер бар болса, дау айтар, орынды болса қабылдаймыз. Әзірше жұртқа ой салатын, анығырақ айтсақ ойландыратын дүние керек. Ақын Тілеуғазы Бейсембектің ойлы, сырлы, оқырманының тілін тез табатын, оқырманы да жылы қабақпен қабылдайтын, айтпақ болғанының бәріне түсінікті, қасиетті қара өлеңнің қағидасынан шыққан мұнтаздай, сұлу жырлары (поэмалары өз алдына жеке сөз етуді қажет етеді) бізді осындай ойға тағы да табан тіретті. Оқырманға рухани нәр беретін дүние керек. Өлеңіңіз осыған қызмет ете ала ма, ол – өлең. Сырт сипаты көз жауын алатын қытай тауарындай екі-үш күндік «ғұмыры» бар дүниеңіздің берері, әй, қайдам…
Ақын Тілеуғазының ал­қоңыр жырлары – адалдық пен адамгершілікті, тазалық пен пәктікті, жақсылық пен жылылықты өзек еткен дүниелер. Онда шынайы өмір шындығы жатыр, айнала құбылысты қалт жібермей қадағалап тұратын ақын көзінің көңілде қорытылған түйіні түзілген. Асыра бояуы жоқ, айтпағы жанға жақын жырлардың өз мінезі бар. Ақын ақыл айтудан аулақ, жүрегінің дүрсілінен ұққан сырларды ғана кестелі тілмен келісті үйлесімге айналдырған. «Ақындардың бәрі дауыстап өзімен-өзі сөйлеседі, ал әлем оны тыңдап тұрады» (Бернард Шоу) деген сөздің мәнін осындай жырлардан кейін ұғынасыз. Алқоңыр жырларыңның айтары көп, ақын аға.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.