Алаштың алтын сақасы

Қасыңда тірі жүргенде қатар қадам басып жүрген замандасыңның кейде заңғар биікке шығып кеткенін байқамай қаласың. Өмірден өтіп кеткеннен кейін аңғарасың, таңғаласың. Кеше ғана әзіл-қалжыңмен қағысып, бірге тізерлес болған досыңның кенеттен көзден таса боп, енді оралмасын ойласаң опынасың, өкінесің. Жақсының қадірін білген, кәрінің әділін білген, алдыңғының аяғынан шалмаған, кейінгінің көкірегінен итермеген азамат еді-ау Рымғали. Бізбен бірге оқыған курстаста­ры­мыздың ішінде алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан құттықтау хат алған Рымғали Нұрғалиұлы еді. 2000 жылдың 1 наурызында жолданған Прези­денттің бұл құттықтау хатын қызғанып та, қызығып та оқығанымыз есімде. Мұндай сәттер ұмытылмайды. Бәрімізде оқуға бірге келдік, бірге түстік. Сонда арамызда сондай озып туған ордалы талантты баланың жүргенін білмеппіз. Ол Абай атамыздың өлеңдерін жатқа айтса, мен Сыр бойы ақындарынан сыр шертетін едім.
Сол тұста бізден көбірек білетінін, өрісі кең екендігін байқамай да қалсақ керек. Ардақты Пайғамбарлардың с.ғ.с. Хадистерінің бірінде айтыпты: «Дүниеде қызығушылық тек екі нәрседе. Бірі Алла тағала бір кісіге дәулет беріп, оны хақ (шариғат бұйырған, яғни зекет, садақа, т.с.с.) жолға жұмсаса, екіншісі Алла тағала бір кісіге даналық беріп, ол кісі сол арқылы дұрыс төрелік етсе және оны басқаларға үйретсе» депті (Хадистер 1 кітап «Өнер», 2006, 14-бет).
Сол айтқандай бозбала кезінен биікті аңсаған Рымғали досымыз өзінің мақсатына жеткен адам. Осындайда сонау бір студенттік жылдары бір жас ақынның жақсы шумағы ойға оралады:
Бұлттар, бұлттар көрдің бе ала бұлттар,
Қарасаң бұлттарда да шалалық бар.
Біреуде жас та болса даналық бар,
Біреуде қарт та болса балалық бар.
Ендеше сол заманда-ақ бәрімізден оқ бойы озып жүрген ойлы жастың ғылым туын алысқа алып кететінін сезбеппіз.
«Лениншіл жас» газетінде қызметін тілші боп бастаған Рекең арада талай баспалдақ, белестерді артқа тастап, «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакторы болды. Студент кезінің өзінде ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен Сабыр Шарипов жайында еңбек жазды. Ал мен осы автордың «Рузи Иран» деп аталатын прозасына отыз жылдан кейін оралған едім. Сонда студентке сілтеме жасауыма тура келді.
Рымғали, сөз жоқ, бәрімізден көп оқитын, кітапханалардан шықпайтын. Құс ұйқылы жігіт еді. «Әй, бала, көп оқығанның әсері ме, қалқан құлағың ғана қалыпты ғой» деп әзілдеуші едік. Күліп қарап, жымиып өте шығатын. Сонда сол құлақтың сансыз көп нәрсені сіңіріп жүретінін білдік пе. Шынын айтсақ, қасымызда Рекең тұрғанда Абай, Әуезов жайлы жайылып айтуға батылымыз бармаушы еді.
«Мұхтар Әуезовтің трагедиялары» дейтін Р.Нұрғалиевтің кандидаттық диссертациясының авторефератына Зоя Кудрина, Леонид Соболев, М.Борбугулов, Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев сияқты аты шулы белгілі жазушылар, академиктер жағымды пікір жазыпты. Айтыңызшы, қайсымыздың кандидаттық диссертациямыздың авторефераты осыншалықты ой-пікір қозғалысын тудырды? Жоқ, ешкімді де айта алмаймын. Жиырманың жетеуіне жаңа толған талантты зерттеушінің елді елең еткізген ересен еңбегі еленіп, сүйіспеншілікке бөленді.
Рымғали өзін де, уақытын да аямай орасан еңбектің ойқазанына салып қайнатты. Сүрінді, жығылды, қайта тұрды, бірақ қасқайып қайсарлықпен қиын жол кешті. Өйтпесе, «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Өнер алды – қызыл тіл», «Қазақ драматургиясының поэтикасы», т.б. туындылар тумас еді. Ол отыз үш жасында докторлық диссертациясын қорғады, оны Мәскеу бес жыл бойы бекітпей тастады. Осының бәрі бір азаматтың басына түскен оңай шаруа дейсіз бе?! «Реке, Мәскеуден диссертациядан хабар бар ма?» деп сұрай қалсаң: «Майданнан байының хабарын күткен қатын секілді отырмыз ғой» дейтін. Сөйтіп жүріп қазақ, орыс тілдерінде үш ғылыми моногра­фияны жарыққа шы­ғарып, жеңілмейтіндігін дәлел­деп, жау­ларына жауап берді. Бұл Рымғали Нұрғалиев­тің ғылыми, әдеби ерлігі еді, мұндай жағ­дай кез келген ғалымның басынан өте бермейді. Сон­дағы Мәскеуге арыз тоғытып жүргендер кәдімгі өзі­міз­дің қазақтар еді, қазақ десек бәрімізге тиеді-ау.
Қылышынан қан тамып тұрған кезде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ж.Шанин шығармалары туралы шындықты айту, талдау ерлікке тән іскерлік, азаматтық міндет еді. Рекең соларды абыроймен атқарды. Тарлан өзінің таңдаған жолынан тайған жоқ, оның орасан ғылыми еңбектерін сол тұстағы кеңестің көп ұлтты ғалымдары, белді басылымдар, газет-журналдар марапаттап жатты. Мақтау, марапатқа Рекең тасып, асып кеткен жоқ, керемет кішіпейілділік көрсете білді. Сөйтіп жүріп, ол талай жасты қанатының астына алып, жетекшілік жасап, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғатты. Рекеңнің қай уақытта ұйықтап, қай уақытта демалатынын білмеуші ек, тәулігіне төрт-бес сағаттан артық ұйықтамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Fылымымен бірге балаларын, қыздарын тәрбиелеп, өcipiп, өмip өткелдерінен өткізді.
Мұхтар Әуезовтен дәріс тыңдаған талантты жас сыншы Мұхтар мұрасының шыңына бірінші көтерілді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Рымғали әдебиеттану айдынындағы альпинисті елестеткендей еді. Ұлы жазушының трагедияларының табиғатын ашу жас зерттеушіге оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. «Мұхтар Әуезов сияқты ұлы суреткер шығармашылығын зерттеу совет әдебиеттануының аса зор да жауапты міндеттерінің бірі. Осы орайда жас ғалым Р.Нұрғалиевтің бұрын белгісіз архивтік, тарихи материалдар тауып, сол негізде ойлар айтқанын атап өткіміз келеді» дейді орыстың көрнекті жазушысы, «Абай жолының» аудармашыларының бірі Леонид Соболев.
Тарлан тағдырына шолу жасаған Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин ұстаздары да осы ойды өрбітіп қуаттайды. Қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған үлкен үлес екенін айтады. М.Әуезов жөнінде Луи Арагон, Андре Стиль, Николай Тихонов, Шыңғыс Айтматов, Зоя Кедрина пікірлерін әрі қарай талдап кеңіткен жас қазақ сыншысы трагедия табиғатын талдау үстінде байсалды да байыпты зерттеуді зерделеп тастағанын байқамай да қалады. М.Әуезов биігін Шекспир, Мольер, Ибсен деңгейімен салыстырып қарастырады. Қазақ топырағында ұлы көштің басын бастаған Әуезов драматургиясының сан қырлы сәулелерін, жарқын жақтарын, парасатты пернелерін зерттеуші тауып, танып, терең талдап береді.
Р.Нұрғалиевтің «Күретамыры» да кезінде көп пікірлер тудырды. Сыншыл, міншіл, кінәтапқыш кейбіреулер осы кітаптың қазақ драматургиясының келелі мәселелерін, қырларын ашып бергенін мойындады. Рымғали алған тақырыбын жалпы айтпай, тігісін жатқызып, түбіне дейін жеткізіп, әбден тексеруден өткізіп барып ой алаңына алаңсыз алып шығатын шебер де, шешен де әдебиетші еді. Нағыз энциклопедист ғалым болатын. Керек жерінде ол эстет, бірде талғампаз текстолог, теоретик, философ, тарихшы, жылнамашы боп кете беретін. Әдеби әдіс, әдеби ағым, жанр жайы, мінез, сюжет жағдаяттары да жадынан шықпайтын. Сәкен Сейфуллиннен бастап, Амантай Сатаевқа дейінгі жазылған қазақ пьесаларын пайымдауда ол алдына жан салған жоқ. Рымғали таразысы бірде қатал, бірде нәзік, бірде ашық, бірде ғашық күйде келіп, оқырманын иландырып отырушы еді. Қазақ қаламгерлерінің туындыларын Батыс классиктерімен салыс­тырып айта келе, Батысқа бастарын идірмей, ессіз еліктетпей қазақ жазушысының ұлы мектебін, дәстүрін орынды мадақтаушы еді, ұлылардың көлеңкесінде қалдырып кетпей, шоқ жұлдыздардай шырқай көкке апарып қоятын, қоя білуші еді. Рекеңді оқып отырып, мен көркем шығарма оқығандай әсерде болушы ем. Өйткені ол нысананы дәл алады, ауытқып кетпейді, шебер тілмен тастай етіп береді, түйін тұжырымдары таңдай тұшытады.
Ал аударма саласында әңгіме қозғаса, шығарманың қазақ нұсқасын ғана жіктемей орыс, қырғыз, башқұрт, татар, өзбек тілдеріндегі варианттарымен салыстыра кетеді. Шекспирді тұңғыш қазақша сөйлеткен Мәжит Дәулетбаевтың «Гамлетін» Рекеңнен оқыдым. М.Әуезов тәржімалаған «Отелло» да бір ғажайып сөз әлеміне апаратынын, қазақтың шұрайлы, шешен тілінің Шекспирден кем түспейтіндігін зерттеуші нақты мысалдармен дәлелдеп кеткен. Рымғали Нұрғалиев стилі сұлу еді, ешкімге ұқсамайтын, тіл байлығы жетіп артылатын, әдеби материалға марқасқа сүңгуірдей бойлап, ойлап кететін.
Рымғалидің алғашқы қадамы журналис­тикадан басталғаны белгілі. «Лениншіл жас» газетінің бетінде мақала, очерктері бірінен кейін бірі бұрқырап шығып жатушы еді. Қаламын құрғатпай жазатын. Кейін ол «Дән» деп аталатын керемет новеллаларды дүниеге әкелді. Әр новелланың өзі бір көркем дүние еді. Айтулы әдебиет зерттеушісі, енді бірде көркем сөздің шеберіне айналып кетеді. Өмір шындығын қарапайым сөзбен жырлайды, ойдан ешнәрсе қоспай өмірдің өзінен ойып алады.
Толысқан таланттың әр қырынан көрінгені оқушысын ойға бөлеп, шабыт беретін. Күрмеуі мол күрделі туындыларды дүниеге әкелген Рымғали Нұрғалиевтің өзі кейде ақын, кейде драматург, кейде аудармашы, кей тұста прозаик боп көсіле жөнелетін. Ұлы зерттеуші танымы мол, талғамы биік туындыларының аттарын да тамаша етіп тауып қоятын. «Күретамыр», «Айдын», «Телағыс», «Дән» деген атаулардың өздері сөйлеп тұрғандай әсер етпей ме?!
Туған әдебиеттің туын берік ұстап кеткен Рымғали Нұрғалиев өнегесі кейінгі жас әдебиетшілер ұрпағына жақсы үлгі болса керек. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат соған әбден лайық. Еңбегімен танылған ер тұлғасы ешқашан ұмытылмайды. Алаштың алтын сақасындай боп, қазақ ғылымының «Құлагері» атанып кеткен Рекеңді жапырағы жайқалған, мәңгі бәйтерекке теңеймін.
Рекеңнің қолтаңбасы бар «Айғақ» кітабына үңілемін де мына жазуды қайталап оқимын. «Өтеген өлеңіңе, мақалаңа дән ырзамын. Алладан қайтсын! Рымғали Н. 4. XI. 2001 ж.» деп жазыпты. Осы кітаптың 141-бетінде өзіне арнаған «Ақылмандар ағасы» деген өлеңіммен мақаламды аяқтасам деймін.
Алаштың алтын сақасы
Ақылмандар ағасы.
Семейден шыққан сұлтаным,
Сын-мұхит сөздің сағасы.
Жақсылықтардың жағасы
Батыраштар балта сілтесе,
Тік тұрған таймай тағасы.
Бір көйлек киген құрдасым,
Сүрініп кетсем мұңдасым.
Халқыңды жырлап әлемге
Құрметті болған бір басың.
Елінің жүгін қомдаған
Ерліктің сөзін толғаған.
Басынан сыйпап ұлы Абай,
Әуезов, Мағжан қолдаған.
Ол жазған сайын гүлдейді,
Шәкіртсіз ғалым тұл дейді.
Қажы боп қайтқан қайраттым,
Демалыс дегенді білмейді.
Кітаптар жазған күнұзын,
Түп-түзу сызған сызығын
Өмір мен Өнер Сіз үшін
Береді талай қызығын.
Бейнет пен зейнет әкелер,
Сіздей-ақ болсын әкелер.
Алпыста бәрін үлгердің
Жүз жасың енді мәпелер.
Сөз айтты деме төтеден,
Бұрады Сізге бөтегем.
Шырайлы саулық тілейді
Шығыстың ұлы Өтеген.

Өтеген Күмісбаев,
ақын, шығыстанушы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.