Емделудің ежелгі тәсілі

Алматыдағы Абай даңғылы 143-ші үйдің бірінші қабатында орналасқан «Бағзор» медициналық орталығын сұраушылармен кездейсоқ кездесіп қалдым. «Осы бір зәулім үйде массаж жасайтын жер бар екен, соны білесің бе, балам?» деді жетпіске жасы таянған қария. Сөйтіп, жаңадан қоныс теуіп жатқан орталықтың директоры Бағзор Шотайбекқызымен әңгімелесудің де орайы түсе кетті.

– Әрине, массаждың артықшылығы ертеден белгілі ғой. Қазіргі уақытта массажды тұрақты түрде алатын адамдардың қатары артқаны анық. Ендеше, атқарып жатқан жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Медицинада массаждың біздің көңіл күйімізге тигізетін пайдасы мол. Массаж – ежелгі тәсіл және ұзақ уақыт бойында емдеу терапиясы ретінде қолданылады. Өзім жайлы айтсам, Қытайдан Қазақстанға келгеніме 10 жылдай уақыт болды. Қытай медицинасындағы ауруды айыра білу тәсілдері мен төрт тексеру (қарау, тыңдау, сұрау, ұстап білу) түйіндерін жақсы білемін. Сондықтан да атажұртқа келген соң, «Бағзор» деген медициналық орталықты ашып, массаж жасау арқылы халықтың денсаулығын жақсартуды көздедім. Ал біздің орталық «жазылмайтын ауру жоқ, тек сол ауруды жеңе білетін рух керек» дейтін қағидамен жұмыс істейді. Адам ағзасындағы кез келген мүшенің өз орны, өзіне тән атқаратын қызметі бар. Мысалы, табандағы биологиялық акупунктуралық белсенді нүктелер бүкіл дене мүшелеріне жауап береді. Мәселен, біз бауыр, бүйрек, жүрегіміз ауырып қалса соның себебін із­дей­­міз. Көбіміз осы кезде дәрігерге барып жү­­­гі­неміз. Шындығында аурудың көбі та­­­­бан арқылы ағзаға енеді дегенге сенер ме еді­ңіз? Қазақта «басты салқын, ал аяқты жылы ұста» дейтін сөз бар. Әсіресе жастар қыста табанынан суық өткізіп алып, ауруға қалай ұшырағанын білмей қалады. Денсаулықты ақшаға сатып ала алмайсың. Қазіргі таңда адамдардың көбісі мол қаржы тапсам екен деген оймен 2-3 жерде жұмыс істеп жүріп, абайсызда денсаулықтарын бұзып алады. Сөйтіп, емханаларда күнұзаққа кезекте тұруға мүмкіншілігі жоқ жандар бізге келіп қаралып, ем-дом алып жатады. Нәтижесі жаман емес.
– Күніне қанша адам қабылдайсыздар?
– Күніне 5 адам қабылдаймыз. Әр адамның келетін уақытын алдын ала жазып аламыз. Табатын табысымыз да аз емес. Айына орташа есеппен алғанда 140-150 мың теңге қаржы табамыз.
– Алға қойған мақсат-жоспарыңызды айтып өтсеңіз?
– Жоспар көп. Менің ең негізгі мақса­тым – жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға көмектесу. Елімізде табанға массаж жасау арқылы емделетін орталық тек жалғыз Алматыда ғана. Алдағы уақытта көрші Тараз, Талдықорған секілді алып шаһарларда осындай ем-шара жүргізетін орындарды ашамыз деп жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.