Символдық мағынадағы сипаттар

Уақыттың эстетикалық кеңістіктегі қатаң талабы жазушыларымыздан сәтті ізденістерді талап етіп жатқанға ұқсайды. Жиырма бірінші ғасырға иек артқан тұста қарапайым жазылған көркем дүниелердің бәрі қабылдана бере ме деген сауал қоюға мәжбүр болып отырмыз. Қаламы қатайып кеткен егде қаламгерлердің өздері де осынау үрдістің шаңына ілесу қамында. Соның бір куәсі С.Елубаевтың «Жалған дүние» романының мазмұндық белгілері. Бұл туындыны оқыған оқырман одан бұрын жарық көрген «Ақ боз үй» және «Мі­нәжат» романындағы кейіп­керлердің арғы тағ­дырларының қалай қалыптасқанына қанық болады. Бір-бірімен жалғасып жатқан бұл үш шығарма қазақ халқының тарихындағы елу жылдық кезеңде орын алған жекелеген оқи­ғаларды қамтиды. Яғни жанрлық сипаттарына қарағанда, бұлар – трилогиялық романдар.
«Ақ боз үйде» өткен ғасырдың жиыр­масыншы-отызыншы жылдарына көркем барлау жасалса, «Мінәжат» кейіпкерлердің отыз жетінші жылдың зобалаңы мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тағдырлары­нан сыр толғайды. Ал «Жалған дүниенің» кейіпкерлері – сол романдарда көрін­ген басты қаһармандардың ұрпақтары.
Трилогияның бірінші кітабында көрінген бас кейіпкерлер арасынан Хансұлудың әбден қартайған шаққа жеткен кезеңіне куә боламыз. Бас кейіпкер Едіге болса, бір кездегі ер жігіт Бұлыш пен Балзия арудың бел баласы. Замана ағымымен тағдырлары түрлі өткелектерден өтіп келе жатқан бұл адамдардың өмірлері бейбітшілік орнаған жаңа заманда да бір арнаға түсіп, тыныштық әлдиіне қарай ыңғайлана алмапты. Бір замандарда саяси нәубеттің әсерімен зорлық-зомбылықты, қасіретті нәубеттерді бастан кешкен аталар мен әжелердің ұрпақтары тағы да күрес жолында көрінеді. Бұл кезеңдегі кү­рестің ­си­­паты бөлек, енді саясаттан гөрі әлеу­мет­тік-моральдық мәселелер алдыңғы орынға шығып, өз өктемдігін жүргізе бастаған.
Басынан өткізбеген қиындығы жоқ Хан­сұлу бүгінде өлім аузындағы кейуана. Өзі­нің о дүниеге аттанатынын жақсы түйсінгенімен, жаны байыз тауып­, байырқалар емес. Өйткені ше­ші­мін таппаған түйткілді мәселелер көп, жан дүниесін аяусыз жабырқатып, мынау фәни жалғанда жалғызсырататын да солар. Алатаудай арқа тұтып жүрген Алматыдағы бастық баласы Тұлымхан тағдыр тәлкегіне ұшырап, сүмірейіп ауылдағы үйіне қайтып келіп отыр. Жай келмей, маскүнемдікке салынып, қай жағынан болсын, тұңғиыққа қарай мүлде құлдырап кеткен.
Бар үміт артары – жоғары оқу орнына түскен немересі Бөпенай еді, оның да бола­шағы бұлыңғыр. Тек бұлыңғыр ғана емес, кәрі әжені шошытатындай қатерлі сияқты. Оған әженің бастығырылып жатып көрген түсі айғақ. Осы түс арқылы автор қасиетті кейуа­­наның бірер жылдан кейін орын алған Жел­тоқ­сан оқиғасын мегзеп отырғаны анық. Осынау ауыр түсті көріп жатып, көз алдына әл­де­нелер елес­теген ананың қиналып жатып өмір­ден өтіп кетуінде де символдық мән бары байқалады.
Бас қаһарман Едіге отыз екінші жылдың ашаршылығы туралы романын бастыра алмай, басы қатып, сенделіп жүр. Бір қарағанда, ол тек өзінің қара басының қамы, шығармашылық мұраты жолында ғана күресіп жүрген сияқты көрінеді. Бірақ бұл арада кейіпкердің жазушы екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені жазушы деген бүкіл бір халықтың арман-мүддесін, ұл­тының өзекжарды мәселелерін көтеретін бел­сенді тұлға. Демек, Едіге өз халқы­­ның тағды­рындағы қасіретті кезеңді сурет­теу арқылы сол халықтың мұң-мұқтажын да көркем ойдың өзегіне айналдырып отыр. Ендеше, оның күресі – бүкіл бір ұлт­тың рухани мүддесі үшін күрес.
Шығарма оқиғасының едәуір бөлігі оқырманның көз алдында шегіністі баяндаулар арқылы көлденеңдеп жатады. Олар бас кейіпкерлер Хансұлу мен Едігенің өз өмірлерінің қайтып келмес жылдарына ойша барлау жасауы арқылы берілген. Хансұлу ой сапарын сонау отызыншы-қырқыншы жылдарға бағыттаса, Едігенің еске алатын кезеңдері әлдеқайда бертіні­рек. Оның шығармашылық, әлеуметтік қырларымен бірге астасып көрінетін моральдық ұстанымдары. Былайынша өзіне-өзі иелік жасауға шамасы жетерлік жігіт ағасы қыз-келіншекке келгенде босаңдау. Өзімен бірге кино түсірісіп жүрген Назыкен есімді қызға көңілі кетіп, әуейі болуы – бас кейіпкердің пендешілік осалдығынан хабар беретін деталь.
Кейіпкердің мұндай пендешілік әлсіздік­тері қазақ прозашыларының көптеген шығар­ма­ларына тән. Мысалы, Ө.Ахметтің «Жылыс­тап өткен жылдар-ай» хикаятындағы бас кейіп­кер тележурналист Ерғалиға өзімен бірге қыз­меттес Айнұр деген жас қыз көңілі кетіп, соңынан қалмай қояды. Бұл екеуінің қыз-жігіт ретіндегі арақатынасы да іссапарда жүрген кезде айқындалады. «Жалған дүниеде» кейіпкерлер кино түсірушілер болса, «Жылыстап өткен жылдар-айда» телехабар түсіруші журна­листер. Ситуациялардың бұлайша ұқсастықтарына қарап, оларды белгілі бір мамандық иелерінің, нақтырақ айтқанда, телевидение, кино қызметкерлерінің өмірінде кездесетін типтік құбылыс емес пе екен деп қалуға да болады.
«Жалған дүние» романы бас кейіп­кер Едігенің Өктем үнмен сұхбаттасып жү­ріп, ақыры соңында жүгіріп келе жатқан бойы қа­заға ұшырауымен аяқталады. Жалпы түрлі естелік баяндаулар және Өктем үнмен сұхбат құру формасы туындының постмодернис­тік үлгілерді де негізге алғанын байқатса керек. «Іштегі бір қозғаушы күш, адамды өмір май­данына айдапсалып отыратын күш көзі тартылғандай. Кісі қартайғанда сол күш, өмір­ге деген құштарлық сарқылмақ. Оны жұрт қартаю дейді. Ақиқатына келгенде, сол «қартаю» мысықтабандап келген ажал емес пе? Ал бұның ажалы төбеден түскен жайдай болды. Сонымен не ұқтың?.. Болжағаның сол… бір шым-шытырық түс көргендей болдың» деген философиялық түйіндеулер романдағы авторлық кредо екендігі де айқын.
Бас қаһарманның өлім алдындағы түсініксіз сәті «Кенет кеуде тұсының ­лау ете түскенін сезді, өзінің лезде от ­ти­­ген қауырсын­дай лапылдап бара жатқа­нын сезді. Дүние шыр айналды да, іле құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалды. Қауырсындай қалқып, айналып ұшып келе­ді Едіге» деп суреттеледі.
Қысқаша тұжырымдап келгенде, С.Елубаев­­тың «Жалған дүниесі» тек психо­логиялық тұрғыдағы ғана емес, фило­софия­лық сипаты да көрініп тұр­ған, заманауи көркем ойдың өзгерістері­не ілесе білген роман.

Нұрдәулет Ақыш,

жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.