Шәкәрімтанушы ғалым Балтабай Әбдіғазиұлының шығармашылығынан

Тәуелсіздікпен бірге келген ұлы өзгерістер қоғамға, елге өзгеше серпін, леп әкелгені белгілі, бұл ғылымға да әсерін, өз үлесін қосты. Ғылыми өмірін ел мүддесіне арнаған қазақ ғалымдарының жаңа легін өмірге әкелді. Солардың жарқын өкілдерінің бірі, бүгінгі әңгіменің негізгі арқауы – білікті маман, шәкәрімтанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, жаны жайсаң, кішіпейіл азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы.  Ол 1987 жылы сол кездегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын аяқтады. Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша 1990 жылы «Абай дәстүрі және Шәкәрім поэ­зиясы» деген тақырыпта кандидаттық және «Шәкәрім: дәстүр және көркемдік» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми еңбегі де елінің азаттығы мен тәуелсіздігін аңсаған, сол жолда өмірін қиған Алаштың азаматы Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. Шәкәрімдей ұлы тұлғаны ғылыми әлемге таныту оңай емес… Көп ізденуді, ғылыми дәлелді деректерді, мұрағаттарды, қажырлы еңбек пен талапты керек етті. Осы жолда жалықпай көп ізденді де. Біз соның куәсі болдық. Ол оңайға соққан жоқ, тарих атты ұлы керуен, әрбір тарихи кезең – өз таңбасын қалдыратыны ақиқат. Оның негізі қай қоғамның да көкейкесті мәселесі болып келген адам тұлғасы, адам баласының мәселесін көтеруінде жатыр. Бұл жағдай Шәкәрім өмір кешкен қилы заманда ғана емес, қазіргі заманда да адамзат үшін аса маңызды тақырыптар болып қала бермек. Сол тарихи дүниелерді жаңғыртып, «…халықтың ғасырлар тізбегіне ілесе жүріп жинаған бай рухани мұраларының, ізгі дәстүрлерінің өрелі өнегесін көркем ойлау табиғатына дарытқан талант иесі ғана шеберлік атты құдіретті аша алмақ» деп өзінің ана тілінің айшықты ойымен берелік.
Бүгінгідей жаһандану жағдайына бағыт бұрған заманда ұлттың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұраларын қайта зерделеп, оның тағылымдық мәнін тәлім-тәрбие ету заман тудырып отырған қажеттілік, сұраныс. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүріп ғаламдық ой-таным дәрежесіне көтерілген Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасының түпқазығы, бастаулары, ақындық даралығы, терең ой-пайымдары – өмір, адам, әділдік, адалдық, ақыл мен еңбек иесін қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу деп негізгі қағидаларды ұсынады.
Профессор Б.Әбдіғазиұлының қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақтар жөніндегі, оның ішінде Алаштың ұлы тұлғасы, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы туралы тұңғыш диссертациялық зерттеу еді. Бұл еңбекте шәкәрімтану ғы­лымы баспалдақтарының алғашқы бас­тауы және Шәкәрім шығармаларының мәні мен маңызы өте терең түсіндіріліп, қазақ ұлтының рухани құндылықтары­ның бірі екені қарастырылды. Сол тұрғыдан баға берілді. Б.Әбдіғазиұлы имандылық пен адамдық, әділдік пен адалдық, ар қасиеттерін алға шығарып бүкіл шығармашылығына өзек еткен Шәкәрім тағылымын бүгінгі ұрпақ үшін аса қажетті, негізгі көкейкесті мәселе екенін талдады. Ғалым ұлы Абайдың ізбасары өз шығармаларына өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруы Шәкәрім ұлылығын айғақтайтын негізігі белгісі тұрғысынан саралады.
Б.Әбдіғазиұлы негіздеген шәкәрім­тану ғылымы өзінің теориялық мәні мен маңызы, құндылығы жағынан әдебиеттану ғылымында жоғары ба­ғаланды. Шәкәрімтанушының ғы­лыми тұжырымдамаларын кейінгі зерттеушілер тиімділікпен пайдалануда және жаңа ізденістерге дұрыс бағыт алуға мүмкіндік туғызуда. Шәкәрім қалдырған мұраларының сан салалы сипаты әртүрлі ғылым өкілдерінің назарын аудартып, тың ізденістер тудыруда. Ақын шығармашылығы­мен тек әдебиетші қауым ғана емес, тілшілер, философтар, тарихшылар, психологтар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, т.б. ғылым саласында жүрген ғалымдардың назарында және оны кешенді түрде зерттеу заман үдерісінен туған қажетті сұраныс. Ғалым ол жайында: «Автор айналасына немесе өзіне риторикалық сұрақ береді де, соның шешімін табуға ұмтылады немесе оны табу міндетін тыңдаушысының үлесіне қалдырады. Шәкәрім өлеңдерінде риторикалық сұрақтар көп. Ақын әсіресе өмір мен өлім, таза адам, әділдік пен адалдық төңірегінде ойланады. «Адалдық жолы болар заман бар ма?» ойын түйіндейді.
Б.Әбдіғазиұлы ақын поэмаларының тақырыптық жүйесі, мазмұндық негізде­рі түп тірегін және шешуші мәнін құрайтын адам мен қоғамның, адам мен тылсым дүниенің мәнін ашу іргелі зерттеуге негіз болатын өзекті мәселе екенін айта келіп, өмірдің айналасындағы жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, әділдік пен әділетсіздіктің аражігін ашуға талпынады деп зерделейді. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы, тақырыптық мазмұны, көркем ұғым, терең түсінік болмысы алуан түрлі. Ақын дүниетанымы бүкіл адамзаттық мазмұндағы ойлармен сабақтасады. Ақынның әрбір сөз қолданысы мен ой-пайымдары терең. Сөз арқылы адам түзетпек болған сөз зергері: …Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық –талапқа алты түрлі ноқта тақтық (Шәкәрім) деген жолдардан рухани тазарудың жолын аталмыш қасиеттерден іздеген ол қоғамдағы жеке адамның тұлғасына, яғни «таза адамға» келгенде алты қасиетті «ноқталап» береді деп көрсетеді ғалым.
Ғалымның зерттеулеріндегі бас­ты ерекшелігі деп мына қырларын көрсетуге болады: Балтабай Әбдіғазиұлы бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – имандылық, адамгершілік, дін тақырыбы­на қатысты ақынның тұжырым, түсінік, түйіндерін танып-білудің маңыздылы­ғы туралы тұтас жүйе тұрғысынан кешенді теориялық тұрғыдан қарастырады. Ғалым өз зерттеулерінде: «Мынау фәни жалғанда адам баласының көзімен көр­гені шектеулі, ертең о дүниеге аттан­ған сәтте ол әсердің бәрі де жоғалады. Ал көңілдің көзі әрдайым ашық, яғни адамның жақсылығы, ақыл-парасаты, өнегелі ісі мен ғибратты сөзі жоғалмай­ды, кейінгі ұрпаққа жалғасады» деп ойын өрнектейді.
Әдебиетші ғалым, ақын ақыл мен парасаттылық негіздердің өзегін өмір игілігіне айналдыра білгенін өлең жолдарындағы тілдік деректермен дәйектейді. Шәкәрімтанушы ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының жаратылысқа деген сенім мен сүйіс­пеншілігін, ойы мен мұңы, мейірімі, ішкі жан дүниесі мен мұрат-мақсаты, қоғамның өткені мен бүгіні, жақ­сылықтың  көзі ретінде бағалау арқылы өмірді сүюге, адам баласын аялауға үндеген ғибратты ойлары мен пайымдарын өз көңіл сүзгісінен өткізіп, ішкі мәніне үңіліп, ойлана, дәйекті зерделеген. Әлеумет дегеніміз халық, қоғам, адам. Ақынның негізгі нысаны да осы ұғымдардың төңірегінде табылмақ деген қорытындыға келеді. «Шәкәрімнің лирикасы сол заманның айнасы болды» деп ғылыми еңбекте дәлелдейді.
Б.Әбдіғазиұлы Шәкәрім шығарма­ларындағы күрделі тақырыптарды дү­ниетанымдық тұрғыдан ғылыми саралау – «Ақын және лирика: заман таным, тақырып» деген тарауында рухани әлемді жаңа әдіс-тәсілдермен, бейнелік оралымдармен, образдық үлгілермен толықтырған ғалым. Автор «Ақынды өсіретін жағдай – қоғам тіршілігі. Оның ой-пікірінің қазығы сол тіршілік. Қоғамдық ойдың өресі мен екпіні қаншалықты күшті болса, ақын ойы биік деңгейден табылмақ» деп келтіреді. Шәкәрімнің шығармашылық әлеміндегі бейнелі суретті образдардың мәні жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығын мына өлең жолдарынан көруге болады:
… Жуаны қылады зорлық,
Момынның көргені қорлық.
Теп-тегіс қулық пен ұрлық,
Ал енді қайтіп ел болмақ (Шәкәрім). Мұнда елдің тіршілігі, жамандыққа, арамдыққа, надандыққа шырмалаған заманның бейнесі бар, бірін-бірі алдаудан аса алмаған арсыз адамдар, көпке тырнағын батырған әкімдер жүр деген жолдарындағы тарихи кезеңді сомдаға­нын айтады. Автор ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің тақырыптарында қоғам, әлеумет мәселелері терең ойшылдықпен көркемделіп, шығарма философиялық және терең әлеуметтік мазмұнға ие болғанын саралайды. Ұлт болашағы жастар десек, оның негізгі нәр алатын өзегі әдебиеті мен тілінде. Осы тұрғыдан келгенде таным сабақтарының, ұлттық әдебиеттің алатын орны ерекше болса, соны жасаушы өкілдердің бірі – Шәкәрім шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні, мазмұны үлкен.
Профессор Б.Әбдіғазиұлының ғылыми еңбегінің келесі тарауы: Ақын және поэма: адам, уақыт, кеңістік деп беріліп, қоғамдағы сан алуан өзгеріс, халықтың рухани өміріндегі құбылыстарды зерделейді. Себебі қай заманға болмасын мәңгілік тән тақырыптарды (имандылық пен адамгершілік, жан мен тән, өмір мен өлім, адам мен қоғам, жаратылыс) бейнелеу көне заманнан бүгінгі кезеңге дейін түрлі даму сатыларын басынан өткерді. Ақын жалпы адамзатқа ортақ  қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып-білудің жолын Жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Мысалы,
Ел қамы үшін өлуге жанын алып,
Соғыс десе тұрмайды қойса байлап.
Жауға батыл, жақынға және әдепті,
Кішіні іні, үлкенді ағатайлап (Шәкәрім), – деп тек қана «ел қамы» сөзінің мағыналық өрісін кеңейту арқылы өлеңнің көркем­дік сапасын биіктететін батыр тұлғасын, әдептілігі мен өжеттілігін кескіндеу арқылы дәлелдеген. Сөйтіп, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып, ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтергенін тілге тиек етеді.
Профессор Б.Әбдіғазиұлы әдеби шығармалардың ежелден бергі нысаны адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса, ақын бұл тарапта қазақ қоғамының жеке тұлғасын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелегенін ғылыми жұмыста нақты шығарманың үзінділерін дәйекпен келтіре отырып дәлелдейді. Шәкәрім өлеңдерінің сөз өнеріне деген айрықша сүйіспеншілігі мен ықыласын оның айшықты сөз оралымдары кейіпкерінің көңіл күйімен қоса, оның рухани ой-дүниесінің терең қырларын тануға да мүмкіндік беретінін талдап көрсетті. Табиғатында еңбектенгіш қасиет оны ғылымға, ұстаздыққа әкелді. Өмірден түйгені мен тоқығанын, ғылыми ізденісін алдындағы студент жастарға білім ретінде ұсынды. Ұлттық болмысы кемел, сапалы білімді маманды даярлау мақсатында жауапкершілікпен үлкен жұмыс атқарып келеді. Сондықтан ұлттық әдебиеттің бас­тауларынан нәр алып, адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өз­герістерді әдеби шығармалардың тілі­мен өрнектеп жеткізіп, жастарды жалпы түркі руханиятының мәнді де мазмұнды туындыларынан сусындатып, рухани білім бе­ріп келеді.
Б.Әбдіғазиұлының ғылыми еңбек­терінен үйренген таным баспалдақтары ке­ңейіп, өмірге жолдама алып жатқан та­лай жас­­тар жаңа өмірге білікті маман болып ­­жол ­тар­тып жатыр… Профессор Б.Әбдіғазиұлы әде­биеттану ғылымы саласында есімі та­нымал ғалым. Туған әдебиетіміздің тарихы мен әдебиетті оқыту мәселелері жөнінде­гі ғалымның баяндамалары еліміздің ғылы­ми және педагогикалық орталықтарын­да, сонымен қатар Түркияда, Қытайда, Чехияда, Ресейде өткен халықаралық конфе­ренцияларда ғылыми жұртшылықтың на­зарына ұсынылды. Бұның бәрі білім жүйесіне қосылған ғылыми құнды кешендер­ді құрайтын профессор Б.Әбдіғазиұлы­ның ғылыми әлемі.

Балқия Қасым,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.