«Жаңаөзенге Бекет ата есімін берген жөн»

Жаңаөзен қаласының атауын Бекет ата есіміне ауыстыру жөніндегі Жаңаөзен қаласы ардагерлер кеңесінің ұсынысы жергілікті халық тарапынан әртүрлі қабылдануда. Бұл мәселе бойынша біз Ақтау қаласының және Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы, жазушы Бектұр Төлеуғалиевке бірер сауал қойған едік.

– Бектұр аға, Жаңаөзен қа­ла­сына Бекет ата атын беру идеясы неден туындады?
– Қасиетті Құрбан айт мейрамы күні облыс ардагерлерінің ұйғаруымен және облыс әкімінің келісімімен Бекет атаның басына құрбандық шалуға бардық. Онда Маңғыстау облысының аудан әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары және шақырумен көптеген ақсақалдар келді. Барлығы жүзден астам адам. Сол қасиетті Құрбан айт күнінде Жаңаөзен қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек ­Ай­­даров Жаңаөзен қаласын ­Бе­кет ата атымен атайық деген ұсы­ныс айтты. Бұл ұсыныс жинал­ған көпшіліктің қолдауына ие болды.
– Қаланың атын өзгертуге қандай себеп бар деп ойлайсыз?
– Қаланың атауын өзгерту­ге қа­тысты ең бірінші себеп Жаңаөзен қаласы халқының басынан кешкен жағдайы мен қаланың атауына жабысқан қаралы дақ. Был­­­­­тыр қалада жаппай тәртіпсіздік­тер белең алып, неше түрлі қай­ғы­лы оқиғалар болды. Адам­­дар өлді, бейбіт тұрғындар жа­­па шекті, ғимараттар қиратыл­ды, қаланың жалпы сыйқы бұзылды. Бұл жағдай рухани дағдарысқа да әкеп соқты. Содан бері Жаңаөзен қаласы түрлі әңгімелерге қалып жүр. Халық арасындағы теріс сөздер, алып-қашпа әңгімелер осының айғағы. Кейбір адамдар мәселені ушықтыра түскісі келетіндей, асыра сілтеп, жөнсіз пікірлерді айтудан жалықпайды. Мұның бәрі әлдебіреулер үшін саяси ойынға айналғандай. Болып өткен оқиғаны ушықтырып, халық пікірін басқаша қалыптастырғысы келетін әрекеттерді көріп жүрміз. Әрине, оқиға болуын болды ғой, ол ешуақытта ұмытылмақ емес. Кінәлілер жазасын тартуда. Бүгінде қаланың жағдайы бірқалыпқа түсіп, бұрынғы өмірін қайта жалғастырып жатыр. Десек те, қаланың айналасындағы әңгімелер толастар емес. Мұның бәрі біздің жанымызға батады. Қамығамыз. Содан ойлана келіп, қаладағы тұрақтылықтың орнауы үшін, береке-бірліктің сақталуы үшін, неше түрлі келеңсіз әңгімелерге, бейпіл сөздерге тоқтау салу мақсатында қала атын Бекет атаға ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды. Бекет ата есімі Маңғыстау халқының қуанышта да, қайғыда да аузынан тастамай айтып жүретін ұран сөзі.
– Жаңаөзен Бекет ата деп аталатын болса, не өзгереді?
– Егер Жаңаөзен қаласы Бекет атаның атымен аталар болса, тыныс-тіршілігі де басқаша арнаға түсіп, Жаңаөзен қаласына қатысты әртүрлі әңгімелер өздігінен тыйылар еді. Бұған Бекет атаның қасиеті де септігін тигізеді деген ойдамын. Жалпы халықтың Бекет атаға деген құрметі шексіз. Бекет атаның басына күніне әртүрлі өңірлерден көптеген адамдар атбасын тіреп, дұға етіп, садақа беріп, арман-тілектеріне қол жеткізіп жатады. Қазіргі таңда Маңғыстау халқы әлденеден шошыса да «Бекет ата» дейді, қуанса да «Бекет ата» дейді, қиын жағдайға тап болса да «Бекет ата» дейді. Олар Бекет ата есімінен рухани қорған іздеп, пана табады. Міне, осындай жағдайларды ескере отырып, қала атын өзгерту жөнінде орынды бастама көтеріліп отыр деп есептейміз. Мұның мәні тереңде. Егер қаланың аты Бекет ата атына берілетін болса, ол атаумен бірге қалада көп жақсылықтар орнайды деген үмітіміз бар. Өйткені Жаңаөзеннің аты қазіргі таңда бүкіл әлемге тарап кетті. Оның барлығы тек теріс жағынан көрсетіліп отыр. Жақсы сөздер айтылмайды. Болған оқиғаны шектен шығара айту, азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне тиерліктей сөздер тудыру кім-кімге болса да абырой әпермейді ғой. Қаланың Бекет ата атымен аталуы осындай әңгімелерге тоқтау салар еді.
– Бұл жөнінде жергілікті халықтың пікірі қалай болып жатыр?
– Бұл бастаманы жоғарыда айтқанымдай, Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Айдаров ұсынды. Ұсынысты қатынасып отырған ел ақсақалдары түгелдей қолдады. Республиканың өзге де өңірлерінен хабарласып, «дұрыс» деген пікірлер айтып жатқандар аз емес. Осыған қатысты жергілікті халықтың пікірі екіге бөлініп кетіп отыр. Біреулері қолдау көрсетіп жатса, кейбіреулері қарсылық білдіруде. Соңғыларының айтып отырған уәждері мынаған саяды: «Бекет атаның атын қала атына беретін болсақ, атаның есіміне кір келтіріп аламыз» дейді. Біз керісінше, қаланың аты берілетін болса, ол рухани тазарады, адамдар арасындағы ғайбат сөздер тоқ­тап, тарихи мәнінің оңалуына мүм­кіндік береді дейміз. Тағы бір айтарым, өткенде балаларым ғаламтор бетінен Жаңаөзен қаласына қатысты жазылған пікірлерді көрсетті. Сонда былай деп жазылыпты: «Проклятый город Новый өзен» деп. Бұған қалай налымайсың? Сондықтан да біздің ортақ мақсатымыз Жаңаөзенді Бекет ата атымен атау арқылы қаланы рухани орталыққа айналдыру, әртүрлі келеңсіз әңгімелер­ден құтқару.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Дәуіржан Төлебаев

Тақырыпқа орай

Өскеменнің аты Алтай болса…

«Ана тілі» газетінің 1-7 қарашадағы №44 санында Қуанбек Боқаевтың «Қала атауы Бекет ата болсын» деген пікір айтылды» деген мақаласы жарияланған екен. Автор өз мақаласында тек Жаңаөзен қаласы­ның атауын ғана емес Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларының атын өзгерту жөнінде жұртшылық жиі-жиі мәселе қозғап келе жатқанын да айтып өтіпті. Мұндай пікірлер де орынды. Әсіресе, Өскемен қаласы орысша Усть-Каменогорск болып екі түрлі аталып жүргені өрескелдік емес пе? Мен Өскемен қаласында облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры болып қызмет еткенде де мұндай пікірді еститінмін. 1963 жылы Мәскеуде өткен халық театр­лары фестиваліне Ақжар халық театрының әншісі болып жүлдемен оралған едік. Сол кезде мәскеуліктер Өскеменді былай қойып, «Усть-Каменогорск қай жерде?» деп сұрағаны есімде. Біз «Алтайда» десек бірден түсінетін. Бір таңданарлығы, Қазақ радиосында ұзақ жыл режиссер болып қызмет етіп жүргенде тіпті, Қазақстанда тұратындар да «Өскемен деген қай жердегі қала?» деп сұрағанын естіп қалатынбыз. Сол кезеңде-ақ «қала атауын Алтай деп өзгертсе ғой, шіркін!» дегендей пікірлер айтылатын. Ал Қуанбек Боқаев «қала атауын Алтайкент» деп өзгерту жөнінде де пікірлер айтылатынын жазыпты. Рас, мұндай пікірді де естіп жүрміз. Бұл мәселені Парламент қозғаса, Елбасымыз қолдайды деп ойлаймын.

Көкенай Камалиев,
Көркемөнерпаздардың республикалық және бүкілодақтық байқаулары мен фестивальдерінің
лауреаты, Қазақ радиосының ардагері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. aскар

    көпшіліктің қолдауына ие болды,өйткені ардагерлер кенсі дегеніміздің өзі биліктің колшокпары,не айтады соны жасайтын өнкей кутляктар, БЕКЕТ АТА есімін беріп АТАНЫН атын қор қылуга болмайды.өйткені адам пенде,ал пенде жүрген жерде қателік жасалмай турмайды. Сондықтанда АТАНЫН атын корлауга жол бермеу керек. Ол кісінің аты реклама жасамай ак АТА сонша жыл өмірден өтседе ұрпағына шапағатын тигізген КАСИЕТТІ АДАМ. сондыктанда ШАЛДАР жайларына карап тыныш отырындар. АТАНын әруагын кор кылманыздар картайган сайын акыл азаяйын дегенба мына шалдарга

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.