«Шевронның» стипендиясы

Өткен аптада «Шеврон» компаниясы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің техника мамандықтарына арналған 2012-2013 жылғы стипендиялық бағдарламаның жеңімпаздарын марапаттады. Ғылым мен технологияға талпынған жастардың еңбегін бағалаған мұндай шара университетте биыл алтыншы рет өткізіліп отыр.
Марапаттау рәсімі барысында аталмыш компанияның Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорының орынбасары Имир Боннер қомпанияның Қазақстандағы қызметі және елдегі университеттермен өзара қарым-қатынастың дамып келе жатқандығы жайында сөз сөйледі. Қазір білім алып жатқан жастарды болашақта компанияның әлемнің түрлі елдеріндегі өндірістік алаңдарына жұмыс істеуге шақырды. Келтірілген деректерге сүйенсек, биыл университеттің ең үз­дік 65 студенті таңдап алынған. Олардың ішінде 38-і толық, 27-сі жартылай стипендияның иегері атанып отыр. Компания осы уақытқа дейін үздік студенттерге 266 стипендия бөліпті.
Стипендияның иегері атану үшін қойылатын бірқатар талаптар бар. Студент ең бастысы оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, өз бетінше ғылыми жұмыстармен айналысып көзге түсуі керек. Осы орайда стипендияны жеңіп алған студенттерді әңгімеге тартқан едік, – «Университет табалдырығын аттағалы бері оқу үлгерімім жақсы, – дейді Геология және пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлау мамандығының студенті Тәңірберген Керімбекұлы. – Университеттегі геологтардың бірлескен қоға­мының мү­шесімін. Сонымен қатар түрлі спорт жарыстарынан көзге түсіп жүрмін. Бірінші курстың өзінде ­Шахмардан Есенов атындағы стипендияның иегері атандым. Бүгін қолыма тиген стипендияны мейлінше пайдалы жаққа жұмсауға тырысамын. Қазір бірқатар ғылыми жұмыстармен айналысып жатырмын, соған пайдаланамын деген ойым бар».
Мұнай-газ ісі бөлімінің студенті Салтанат Батырқызы өзінің нәзік жанды болғанына қарамастан, техникалық маман­дықты толықтай игеріп, еліміздің ілгерілеуіне үлес қосуға дайын екенді­гін жеткізді. – «Осы жылы Сібірдің ғы­лыми орталығына барып, өзімнің техника мамандығын таң­дауымның себебі жайында баяндама жасадым. Кейін Лукойл компаниясында практикада болдым. Тәжірибе жинадым. Бұ­лардың бәрі маған жаңа серпін берді. Мақсатыма жету үшін ағыл­шын тілін меңгергім келеді. Жеңіп алған стипендия­ның бір бөлігін тіл үйренуге пайдаланамын деп жоспарлап отырмын. Бір бөлігі анамның емделуіне жұмсалатын болады».

Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.