«Жақсы болса қосағың, Маздап жанар ошағың…»

Ғазиз ағамыз бен ол кісінің зайыбы Күлбәрәм апамыз туралы жылы пікірді көбірек естуге болар еді. Былайғы жұрт екеуінің арасындағы сыйластыққа, жарасымдылыққа қатты қызығады. «Бұлар осынша ғұмырларында еш шәй деспеген болар» дейді сүйсініп. «Махаббаттары мықты ғой. Мектепте жүргенде танысып, кейін содан қосылыпты…» дейді ерлі-зайыптылардың өмірлеріне жете қанық замандастары.
Сөздерінің жаны бар. Ғазиз бен Күлбәрәм мектепте танысты. Ғазиз бастауыш мектепті тәмамдағаннан кейін Қызылжар қаласындағы №5 қазақ орта мектебіне ауысты. Оныншы сыныпта өзінен бір сынып төмен оқитын Күлбәрәмді кездестірді. Дәлізде кетіп бара жатқан. Екі-үш құрбыларының ортасында жанындағылардың сөздеріне құлақ түріп тұрған орта бойлы, шашы бұйра, жанары тұп-тұнық қызды байқап қалды. Кейін мектеп сахнасынан да көріп жүрді. Өзіне жарасымды әсем дауысымен ән салып тұратын. Содан бәрі басталды… Кездесіп қалуға тырысатын болды. Қыз да әлденені сезгендей… Жылы амандасады.

Мектеп бітіретін жылдың көктемі. Жер бусанып, ағаштар бүршік жара бастаған. Есілдің суы буырқана ағады. Бір күні қасында сыныптас достары Серік, Сабыр бар өздері ұнатып жүрген қыздармен Есіл жағасына қыдырып қайтуға келісті. Бұл Күлбәрәмді алып шығатын болса, олар Ұлсары мен Мәриямды ертетін болды. Бұл бір ерекше күн еді. Ғазиз осы жолы өзі жақсы көретін қызға жүрек сезімін білдірді. Биыл мектеп бітіретінін, жоғары оқу орнына түскісі келетінін сөз етті. Өзінен хабар үзбейтінін, мәңгілік бірге болғысы келетінін емеурінен білдірді.
Ғазиздің арманы жүзеге асып Ресейдің Омбы қаласындағы ауылшаруашылық институтына оқуға түсті. Бір орынға жеті-сегіз абитуриент таласты. Мектепте үздіктер қатарынан көрінген. Әсіресе, математика, химия, физика, орыс әдебиеті сүйікті пәндері болатын. Жақсы оқығанның пайдасы тиді. Институтта оқып жүргенде Ғазиз Қызылжарға, Күлбәрәм Омбыға жиі келіп жүрді. Ақырында Ғазиз үшінші курс оқып жүргенде екі жас шаңырақ көтерді. Бұл 1958 жылдың 14 ақпаны еді.
Күлбәрәм ақ босағаны аттағанда мынандай оқиға болады. Үйдегі туша егіз туды. Ғазиздің анасы Рысты мұны жақсы ырымға балап, қуанды: «Құдай бұйырса, Күлбәрәмым үйге құт, береке әкеледі. Алғашқы қадамы құтты болды» деді.
Ғазиз әлі оқып жүргендіктен Күлбәрәмді ауылдағы анасының қасына қалдырды. Қарындасы Бақытжан да үйде болатын. Жас келін алғашқы кездескен қиындықтардың бәріне көнді. Жұмыс істеп жүріп, кәрі ананы күтті. Бала кезінен іс тігуге құмар-тын. Кешкілікте бос отырмай неше түрлі кесте тігеді. Оларын терезеге перде қылады. Жастықтың, ыдыс-аяқтың үстіне жабады. Жалақысына мата, ыдыс-аяқ сатып алды. Бірде дүкеннен кішкентай самаурын сатып алып, үйге әкелгенде Рысты ана ерекше қуанғаны бар.
Желтоқсан айында Гүлнар өмірге келді. Рысты ана мәз. «Енді арманым жоқ. Алла бар тілегімді орындады, енді алса да қарсылығым жоқ» деп немересі болғанына шаттанды. Бір ешкісін сойып, қалжа берді. Қаңтардың ортасында қарт ана тамағынан дұрыс ас жүрмей, төсек тартып қалды. Ғазиз келгенде іштегі сырын ақтарды: «Мен үшін уайымдама. Күлбәрәм айналайын, туған қызымнан артық күтеді. Білем, оған өте қиын болып жүр. Бірақ пысық, сыр бермейді, бәріне де үлгереді. Менің бар тілегім: «Күлбәрәмды ешқашан ренжітпе, сыйла. Күлбәрәм өзіңе лайық ғұмырлық жан жолдасың, сенің бағың. Бақытыңды аялай, бағалай біл. Осы тілегімді орындасаң мен де, аруағым да риза».
Анасының «Алаңдамай оқуыңа бар» деген сөзінен кейін Ғазиз Омбыға оралды. Алайда жоғарыдағы сөз ананың ақырғы өсиеті, тілегі екен. Сырқат ана төсектен енді тұра алмасын білді. Күлбәрәмға көзі жұмыла қалса не істеу керектігін айтты: «Өлген кісімен болу оңай емес. Бірақ менен қорықпа. Мен кешегі жаныңда жүрген апаңмын ғой. Қайтқанда көзімді жұмып, қол-аяқтарымды түзеп жатқыз. Қорықсаң жүрегің қозғалып кетеді, аурулы боласың, сақтан» деді. Түнде басқаларды жолатпай Күлбәрәмды оятады: «Мыналардың қолы маған инедей қадалады. Менің құлынымның (Күлбәрәмның) қолы мамықтай, жұп-жұмсақ. Төрт ай күттің ғой, құлыным. Енді шыда, көп қалған жоқ» деді.
Айтқанындай төрт айдан кейін енесі дүние салды. Ғазиз жетіп үлгіре алмады. Күлбәрәм молда шақырып, ақырғы сапарға Бақытжан екеуі өз қолдарымен шығарып салды.
Сонда Күлбәрәм небәрі жиырма жас­та ғана. Жұмыс істейді, сиыр, қой, ешкі бар, үйге от жағу керек. Гүлнар бесікте, төсек тартып жатқан ауру. Осының бәрі мойнында болды. Бәріне де төзуге тура келді.
– Шүкіршілік, жеке өмірімде, отбасымда да бақытты сезінемін. Мектептен, оқушылық кезеңнен танысып, сүйіп қосылған жарым Күлбәрәммен, міне, елу бес жылдай тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Күлбәрәм шаңырағымның негізгі тірегі, балаларымның басты тәрбиешісі бола жүріп, еңбектен қол үзген жоқ. Қайда көшіп барсақ та өз мамандығы – экономистік қызметті абыроймен, зор біліктілікпен атқара білді. Қырық жылдан астам уақыт қызмет істеп, ұжымында құрметті, сыйлы болды, – дейді Ғазиз ағамыз.
– Қазақтың әйелдері қашан да ер азаматты сыйлаған. Үлкендер осылай үйретті. Мен де азаматымның жүзі жарқын, ортасында абыройлы жүруі үшін осы уақытқа дейін қолымнан келгенді жасап келемін. Мұны парыз санаймын. Айтпақшы, бұл кісісіз ас батпайды. Кешігіп жатса елеңдейтініміз бар. Мұны не дейсіздер, махаббат па, сүйіспеншілік пе? – деп Күлбәрәм апа күлімдеп қойды.
Иә, осыдан елу бес жыл бұрын бой көрсеткен жылы, сезімнің арада қаншама уақыт өтсе де суы­май келе жатқаны махаббаттың құдіреті шығар.
Таяуда ғана 76 жасын атап өткен Ғазиз Есмұқанұлының өмір жолын көктей шолып өтейік. Туған жері Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданының Бостандық ауылы. Мектеп бітірісімен Омбының ауылшаруашылық институтына түсіп, агрономдық дипломмен елге оралды. Алғашқы еңбек жолын кеңшарда бас агрономдықтан бастады. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. Осы қызметте жүріп алғашқы наградасы – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Обком нұсқаушысының орден алуы ол жылдары сирек құбылыс. Бір қызығы кейін қызмет барысында аталған орденге үш мәрте ие болды. Сірә, мемлекет азаматтың еліне көрсеткен еңбегіне, құрметіне әбден риза болған секілді. Кейін Соколов аупарткомының екінші хатшысы, тоғыз жыл осы ауданның атқару комитетіне төрағалық етті. Содан Д.А.Қонаевтың қабылдауында болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, араға бес жыл салып, қайта оралып, осы бөлімге жетекшілік етті. Арасында Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. Одан кейін Ауылшаруашылығы министрінің, Еңбек министрінің орынбасарлығында болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де ел үшін маңызды заңдарды қабылдауға белсене атсалысты.

Қазақ көшінің
бастауында

Ғазекеңнің еліміздегі көші-қон мәселесімен тікелей айналысуына себепкер болған республиканың Еңбек министрі Саят Бейсенов еді. Алдында Моңғолияға бірге барып қайтқан:
– Ғазеке, Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің 1992 жылғы бірінші қарашадағы қаулысымен Көші-қон департаменті құрылғанын білесің. Мына іссапарда он күндей бірге болдық. Сенің ұлтжанды, қазақтың жанашыр азаматы екеніңді байқадым. Бізге келіп, сол департаментті басқаруға қалай қарайсың? Министрдің орынбасары деген лауазы­мың болады. Қазіргі қызметіңмен атағы бір болғанымен еліміз үшін, халқымыз үшін біздегі қызметтің маңызы да, мағынасы да зор. Әрине, қиыншылығы да көп, онсыз өмір де, жұмыс та болмайды. Бірлесіп көтерерміз. Менің байқауымша, осы қызметке лайық адамсың. Қолыңнан келеді, тек келісіміңді бер, – деп өтінгендей болды.
Ақыры, «қолдау болады» дегеннен кейін келісуге тура келді. Алдымен Моңғолиядағы қазақтарды көшіру қолға алынды. Бұл жұмысты ұйымдастырудың да өз ерекшелігі болды. Қазақтардың көпшілігі Қобда, Баян-Өлгийде орналасқан еді. Олар Улан-Баторға келіп, одан әрі поезбен Иркутск, Новосибирск арқылы Қазақстанға жетуі өте ұзақ әрі қымбатқа түсетін. Нәтижесінде, екі елдің үкіметтерінің қолдауымен Еңбек министрліктері Баян-Өлгий тұсындағы Ресейдің Ташанты бекеті арқылы автокөліктермен Қазақстанға жетуге қол жеткізді. Сондай-ақ Алматы – Өскемен – Баян-Өлгий араларына ұшақ қатынайтын болды. Бұлардың бәрі оңай емес еді. Облыстармен тығыз байланыста болуға тура келді. Өйткені облыстарға қанша адам баратынын, қанша автокөлік қажеттігі анықталу керек. Адамдарды Өскеменге уақытша орналастыру, тамақтандыру, облыстарға жөнелту әжептәуір уақыт алатын. Көшті тиімді ұйымдастыру мақсатында Баян-Өлгийде және Өскеменде жұмыс тобы құрылды. Сөйтіп, 1991-1993 жылдары атажұртқа Моңғолиядан 60 мыңнан астам көшірілді.
Мұнан соң, Ирандағы қандастары­мызға назар аударылды. Көшіріп алудың бірнеше жолдары қарастырылды. Біріншісі – ұшақпен тасу. Қазақтар не­гізінен Иранның солтүстігіндегі Горган, Гомбат, Бендер Түркмен қалаларында тұрады. Әуежай Тегеранда ғана. Ол әлгі жерлерден 250 шақырымдай алыста. Иран үкіметіндегілер бұл нұсқаны қолдамады. Жұртты улатып-шулатпай тұрған жерлерінен алып кетуді жөн көрді. Екіншісі, Өзбекстанның үстімен, Түркменстан арқылы өз поезымызбен жеткізу. Үшіншісі, Каспий теңізі арқылы Энзели портынан Ақтауға әкелу. Ақылда­са келгенде, екінші нұсқа қабылданды.
Көшу барысында қиындықтар да кездесті. Ауғаннан келген қазақтардың осында табан тірегендеріне үш жыл болса да ешқандай құжаттары болмай шықты. Бұл мәселені де шешу оңай болмады. Дегенмен де кедергілерді жеңіп шығуға тура келді. 1993 жылы Ираннан елге 3661 қандасымыз жеткізілді. Олар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстанды. 1995 жылы Иран азаматтығы бар 684 қазақ Каспий теңізі арқылы Ақтауға әкелінді. Олардың көбісі Маңғыстау облысына, қалғандары өз тілектерімен Алматы, Жамбыл облыстарына қоныс аударды.
Түркиядағы қандастарымызды көші­ру аса қиынға түскен жоқ. Аса бір қатты бақылау болмады. Алғашқы көшке байланысты өткізілген митингіге Ыстамбұл қаласының басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысып, қоныс аударушыларды салтанатты жағдайда шығарып салды. Түркиядағы жерлестеріміз елге келгеннен кейін Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарына орналастырылды.
Қытайдағы қандастарымызды кө­шіру баяу жүруде. Көші-қон мәселесіне орай бұл елге келісім-шарт жобасы жіберілгенмен, ешқандай тұшымды ­жауап болмай тұр. Олар «Қарап жатырмыз, бірақ қайтам дегендерге бөгет жасамаймыз» дейді. Жоғарғы деңгейдегі келісім болмағаннан кейін, көп адамды алып келуге заңды негіз жоқ. 1991-1993 жылдары Қытайдан бір адам да келмеді. 1994 жылы 180, 1995 жылы 263-ақ қандасымыз оралды.
– Меніңше, Ғазекең 1990 жылдары бастаған қазақ көшінің көлікті болуына үлкен үлес қосқан, осы көштің тарихынан ойып орын алатын азамат.
Ғазиз Есмұқанов бастаған департамент осы қиын-қыстау кезеңнің өзінде қыруар шаруалар бітірді. Ол кезде Көші-қон департаментінің есігі үнемі ашық. Ғазекеңнің өзінен бастап, қызметкерлері көшіп келіп жатқан қазақтарға жанымен жақын жүретін. Шынын айту керек, осы азамат кеткеннен кейін Көші-қон департаменті «бюрократияланып» кетті ғой деймін, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы. Ал дипломатия ардагері Сәлім Құрманғожин былайша жылы пікірін білдіреді:
– 1992 жылдың күзінде Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Тәуелсіздік алған еліміздің астанасында өткен осы басқосудан кейін шетелде тұратын қандастарымыздың елге қайтуға деген ниеттері бұрынғыдан да күшейе түсті. Ғазиз басқарған департамент өз еліне қайтам дегендерді көшіріп әкелу, орналастыру, оларды заңды құқықтарымен қамтамасыз ететін бағдарламаларды жасау және үкімет қаулыларын орындау жолында көп еңбек сіңірді.
Ғазиз ағаның өзі көші-қон мәселесіне байланысты ойын былайша өрбітеді:
– Көші-қон департаментін дербес мекеме жасау туралы, Көші-қон туралы жаңа заңның жобасы, жеке қор құру туралы Президент Жарлығының, Үкімет қаулысының жобаларын даярлап ұсындық. Бұлардың барлығы да жеке лауазымды адамдардан қолдау тапса да, кейбір жаны ашымастардың кесірінен шешімін таппағандықтан, көшіп келген отандастарымыз көп қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Сол кездегі біз көтерген көптеген күрделі мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келе жатқаны қынжылтады. Дегенмен, еңбек жолымның соңғы кезеңінде, тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекетіміздің өте ауыр жылдарында осы ұлы істің – Ұлы көштің басында болғаныма тағдырыма ризамын. Сол жылдары атқарылған істер де ауыз толтырып айтарлықтай. Әрине, шешілмеген қиындықтар да баршылық. Бірақ үлкен жауапкершілікпен, зор жанашырлықпен елге оралған қандастарыма адал қызмет етіп, қолдан келген көмегімді түсінушілікпен жасап, аянбай еңбектендім. Сол бауырларымның алдында арым таза, қазір де кездесе қалсақ жүзім жарқын.
Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялағанда шетте жүрген қандастарымыз елдегі қазақтардан артық қуанбаса, кем қуанған жоқ. Соның әсерімен Моңғолиядағы туыстар алды-артына қарамай, қайда қоныс теберін де ойламай, Қазақстанға жетсек болды деп үдере көшті. Солардың көпшілігі үлкен азап шегіп Иркутск арқылы Қазақстан­ның кез келген жеріне қоныстана бастады. Міне, осы үлкен адам толқынын бір жүйеге келтіріп, заңдастырып, жоспарлы түрде зор ұйымшылдықпен, реттеп қоныстандыру қажет болды. Оларды баспанамен, жұмыспен қамтуды да ойлас­тыру керек болатын. Алда тұрған бірінші міндетіміз де осы еді.
Департаментті басқарып тұрғанда көші-қон мәселелерінің заңды негіздерін жасауға, халықтың, жергілікті биліктің, жалпы жұртшылықтың, қоғамның кө­шіп келген ағайындарға жанашырлық, азаматтық көзқарасын қалыптас­тыруға тырысып, бұқаралық ақпарат құралдарында да сұхбат беру арқылы өзекті проблемаларды талқыладық. Бұл үлкен мақсатта сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары, марқұм Қалдарбек Найманбаев зор азаматтық танытып, әрдайым күрделі мәселелерді шешуге үлкен көмек көрсетіп отырды.
Бүгінде сол ел экономикасының өте ауыр 1992-1995 жылдары тоқтамай, елге, туған жерге үдере қоныс аударған қазақтың ұлы көшінің тоқырап қалуы, бұл елдігімізге, ұлтымызға ауадай қажет маңызды іс тізгінінің полицияға тапсырылуы дұрыс болмады, келем деуші және келіп жатқан ағайындарға өте қиын болды. Бұл жағдайды тез арада түзету керек. Көші-қон мәселесі дербес мекеме болмайтын болса, онда қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына беру керек. Қазір бұл министрлікті жас, жігерлі, жүрегінде ұлтымызға, халқымызға, елімізге деген зор жанашырлығы бар Серік Сақбалдыұлы Әбденов сынды азаматымыз басқарып отыр. Бұл жалғыз мені ғана толғантып жүрген жай емес, көптің көкейіндегі пікір, сондықтан ойымды ортаға салып отырмын және көпшілік қолдайтынына сенімім мол.
Ортаға салынған бұл пікірлер ескеру­сіз қалмас деген ойдамыз. Себебі көші-қон мәселесі – мемлекеттік маңызды іс.

«Тілге құрмет – тілге қажеттіліктен
басталады»

Ғазиз ағаның тағы бір ерекшелігі – қазақ тілінің жанашыры. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезінде егеменді еліміздің алғашқы заңдарының қабылдануына атсалысты. Солардың бірі – «Тіл туралы» заң болатын. «Бұл заңның қабылдануы елімізде бұйығып қалған ана тіліміздің еңсесін көтеруге, өсу, өрбу, мемлекеттік дәрежеде қолдану проблемаларын ашық айтып, шешуге жол ашты» деп әңгіме тиегін ағытқан кейіпкеріміз тілдің ұлт үшін алар орны ерекше екендігіне тоқталды. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедұлының «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деген пікірін де тілге тиек ете кетті.
Ұлтжанды азамат күні бүгінге дейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшесі. Алғаш қоғамның құрылуына, нығаюына қал-қадірінше үлес қосты. Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары болып жүргенде қоғамның бірінші құрылтайын өткізуге атсалысты. Тұрақты мекенжайы болуына көмегін тигізді. Бірінші рет киіз үй тігіп, қоғам атынан Наурыз көже ұйымдастырғандары әлі күнге есінде. Сол жылдары министрлік ғимаратында арнайы бөлме босатып, министрліктің бірқатар қызметкерлерінің қазақ тілін оқып-үйренуіне ұйытқы болды. «Тіл туралы» қабылданған жаңа заңды іске асыруда академиктер Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы, Рәбиға Сыздықова, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев сынды және басқа да ел ағалары зор еңбек еткендігін айтады. «Сол зиялы азаматтармен осы ұлы істе үзеңгілес болған өмір кезеңіме әлі де қанағаттанарлық сезімде болып, шүкіршілік етемін» дейді.
– Қазір Парламентте Мемлекеттік қызмет жөнінде заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатқанынан хабардармын. Мемлекеттік тілді алдымен білуге тиіс адам – мемлекеттік қызметші ғой. Мұны сіздер жақсы жаздыңыздар. Менің ойымша, мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту үшін қоғамымызда қажеттілік тудыру керек. Мемлекеттік тілді білмесе жұмыс істеу, қызметке тұру мүмкін емес болатындай жағдай орын алуға тиіс. Міне, сол кезде қазақ тілі өз тұғырында мығым тұра алады, – деген Ғазекеңнің тілге қатысты ойына алып-қосарымыз жоқ. Біздің де айтып жүргеніміз осы. Тілге сұраныс болу керек. Олай болмаған жағдайда тілге құрметтің, оны білуге деген ұмтылыстың бола қоймайтыны белгілі жайт.

Інілік ілтипат

Күлбәрәм апа әңгіме арасында Ғазекеңнің өмірден ерте өткен, небәрі ширек ғасыр ғана ғұмыр кешкен талантты ағасы Бейсенбайдың өлең-жырларын жарыққа шығаруда көп еңбектенгенін айтып қалды.
Бейсенбай мектепте жүргенде-ақ өлең жазып, жұрттың көзіне түседі. Тіпті ауылдағы кемшіліктерді де сынап, әзіл өлеңдер де шығарған. Бағиша атты әйел қаймағы алынған сүтті пісіріп, дала қосына жөнелтеді екен. Бірде сүтті жөнді пісірмегендіктен, іріп кетеді де, егістік басында жүргендер сүт орнына қара көже ішеді. Бұл жайт Бейсенбайдың қаламының ұшына ілігіп, мына өлең ауыл ішіне лезде тарап кетеді:
Бағиша атты уа, жеңгей,
Сүтіңді пісір бәлденбей.
Қара көже ішкен соң,
Жігіттер жүр әлденбей…
1951 жылы қазан айының басында ақын Сырбай Мәуленовтің өзі Бейсенбайды арнайы іздеп «Жаңажолға» келеді. Ол осының алдында облыстық газетке бас сұғады. Газетке шыққан өлеңдерді шолып отырып, Бейсенбайдың туындыларына айрықша назар аударады. Ұнайды. Содан танысуға бел байлайды.
Сырбай ақын үйде екі-үш күн болады. Бейсенбайға өлеңдерін оқытып, бағасын береді. Кетерінде жас жігітті Алматыға шақырады. «Өлеңдеріңді алып кел, жеке кітап етіп шығармасақ та газет-журналдарға берейік. Өлеңдер жинағына енгізейік» дейді.
Елге танымал әрі өзі өнеге тұтатын ақынның сөзі жас таланттың шабытына шабыт қосады. Көп ұзамай «Кекті ару», «Өмір мен ажал туралы аңыз» атты екі поэманы, көптеген өлеңдерді өмірге әкеледі.
Өкінішке қарай, бала кезінен ауруға шалдыққан Бейсенбайдың сырқаты қайта қозып, төсек тартып жатып қалады. Емделгенмен болмайды. Көз жұмады…
1955 жылы Ғазиз оқып жүрген мек­тепке Сәбит Мұқанов келіп, кездесу өткізеді. Оқушылар атынан құттықтау сөз айту Ғазиздың үлесіне тиеді. Кездесуден соң жазушыға жолығып, ағасының өлеңдері, қолжазбалары туралы айтады. Сәбең өлеңдерді Жазушылар одағына жіберуді, бұл жөнінде хат арқылы хабарласуға кеңес береді. Ғазиз жазушының айтқанының бәрін істейді. Өлеңдерді Жазушылар одағына жөнел­тіп, Сәбеңнің өзіне хат жазады. Алайда еш жауап болмайды. Ал қайта хабарласуға беті бармайды.
Көп уақыт өткеннен кейін, 1998 жылы ғана Бейсенбай Есмұқановтың «Аманат» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл жинақтың шығуына көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың еңбегі зор болатын. Осы кітапқа алғысөз жазған Кәкең ақын өлеңдері жайлы былай дейді: «Табиғат пен махаббат Бейсенбай аға шығармаларында ақтума уыздай, сүттей таза, көз жасындай мөлдір қалпында, тербеле аққан өзеннің егіз толқынындай бауыр басып қатар жүреді. Бір қызығы табиғаты қатал Солтүстік Қазақстанның төл тумасы қысты да, жазды да бірдей жақсы көреді. Ақынның сол табиғи мінезі өлеңдерінде жақсы өріс алған. Махаббат жазиралы көктемді де, аязды ақпанды да бірдей баурамай ма? Қыс қырауын көп көрген Бейсекеңнің махаббатына еш ызғар, боранды үскірік кедергі бола алмайды…»
Ойсыз ісің жөнсіз соқпақ,
Ойсыз жанның алды тар.
Ойсыз талап – әлсіз қорқақ,
Аяғын тез шалдырар.
Өмірді көп ойға салып,
Өзіме ақыл беремін.
Ойдан нұрлы азық алып,
Сыр маржанын теремін, – деген Бейсенбай ақын өмірден қыршын кетпегенде туған халқын талай тамаша жырларымен қуантары анық еді…
Ағаның бағалы мұрасының із-түзсіз кетпей, жарыққа шығуы жолында біраз тер төккен інінің еңбегі де айрықша атап өтерлік қой. Бұлай ету де біреудің қолынан келсе, біреудің тәуекел ететін шаруасы емес. Талантты, өлеңді түсінетін жандар ғана осындай ізгі істі атқара алады.

Шаңырақ шаттығы

Хамит Біржанұлы, Алматы қаласы Бостандық аудандық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы:
– Ғазиз өмірде де, отбасында да орнын тапқан бақытты жан. Зайыбы, біздің әдепті де, әсем келініміз Күлбәрәм еріне серік бола білетін, қолынан да, тілінен де келетін, алғыр да нәзік перизат. Арқа түгілі, бүкіл Алашта ат оздырған, асқақтаған әндерімен атақтары шыққан Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың рухынан нәр алған ұрпағы.
Жақсы болса қосағың,
Маздап жанар ошағың, – деген ұлағатты нақыл дәл Күлбәрәмға арнап айтылғандай.
Аялап жүр жарыңды,
Аяма одан барыңды.
Өзің таза, пәк болсаң,
Сындырмайды сағыңды, – деген жыр жолдары да осы бір аяулы ана, асыл жарға бағышталған дерсің. Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем демекші, келініміздің үй ұстауына да, қонақасы беруіне де, ең бастысы кісі сыйлай білуіне дән ризамыз. Ғазиз бен Күлбәрәмнің ұйымшыл отбасына қарап, «Қуана білгенге құт дариды, бағалай білгенге бақ қонады» – деген мақалдың ақиқаттығын сезінесің. Шүкіршілік, әке тілегі мен ана жүрегінің нұрына бөленген ұлдары ұяға қонып, қыздары қияға самғаған. Ғазиз бен Күлбәрәмға бүлдіршіндей немерелер сүйгізіп, қуанышқа кенелтіп отыр. «Өмірдің бір қызығы бала» деген ұлы Абай тұжырымы осы шаңыраққа үйлесімді.
Сабыр Сауытбаев, бұрынғы Жезқаз­ған облыстық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы:
– Ғазиздің сәнді де мәнді өмір соқпағында оны жан жары Күлбәрәмсіз ауызға алуға, одан жанарыңды жалт еткізуге болмайды. Тіпті бір-бірінсіз. Жастайынан қол ұстасқан Күлбәрәм екеуі жұртты сүйсіндірген, тамсандырған жұптарын жазбай үлгілі жанұяның ұйытқысы болып жүр. Ғазиз заман үлгісіне салып, «Күлбәрәм Тоқышқызы» деп үлкейткісі келсе де, Күлбәрәм біздер үшін баяғы сүйікті де сүйкімді, жайсаң да жайдары, бауырмал да байсалды, ілтипатты да іскер қалпы. Аналық жүрегі ылғи жақсылықты жалау еткен. Ғазиз екеуі балаларын да солай тәрбиелеген. Бір ғана мысалмен айтып шықсам, соның өзі төрелік айтардай. Алматыда үлкен бір ұжымды басқарып жүрген Серік ұлдары Қызылжарда жаңадан салынып жатқан мешіттің құрылысына бес жүз мың теңге аударып берген. Кейінірек алқалы бір басқосуда сол облыстық мешіттің бас имамы Жақия қажы Абдоллаұлы Серікке арнап арнайы бата бергенін, сөйтіп жиналған жамағайынды бір желпіндіріп тастағанын айту ләзім. Бұл – Серікжанның көргенді жерден шыққанының куәсі.
Қымбат Есмұқанқызы, педагог, Ғазиздің қарындасы:
– Ғазиз бен Күлбәрәмнің мектептегі мөлдір махаббаттары отбасын құруларына жалғасты. Сол тұстағы тұрмыс қиын­дығына мойымады, жасымады, кездескен кедергілерді қабақ шытпай жеңе білді. Сөйтіп, өздерінің келешек бақыттарына, бүгінгі шат-шадыманды ордалы әулеттеріне қарай қажыр-қайраттарымен қарыштап жол тартты.
…Анам қайтыс болған соң Ғазиз бен Күлбәрәм менің әке-шешемдей болды. Күтті, тәрбиеледі, оқытты, армандаған мұғалімдік мамандық алуыма жағдай жасады. Ержеткен соң салт-дәстүріміз бойын­ша қыз баланың жасауын жасап, ойын-тойын өткізіп, Қайыркеш екеуміздің отбасын құруымызға көмектесті. Сол көмек, қамқорлық өзіміз ата-әже болсақ та әлі үзілген жоқ. Кем-кетігіміз болса әрқашан жөндеп, толықтырып жүреді. Бірімізге-біріміз сүйеніш, демеу болдық.
Өзім есейген соң өмір жолымды ойша сараптап отырсам, сол кезде Күлбәрәм жиырма-ақ жаста, менен үш-ақ жас үлкен екен. Осы арада бір айта кетерлік жағдай, тап Күлбәрәмдай асыл жардың кездесуі, ағамның да, менің де басыма орнаған қосымша бақ жұлдызындай болды ғой деп ойлаймын. Қазақта жеңге мен қайын сіңлі арасындағы қарым-қатынас ерекше нәзік болатыны белгілі. «Жеңгесі жақсы қандай-ды…» деген нақыл өлеңнің айтылуы содан болса керек. Құдайға ризамыз, тұлымшағы желкілдеген қыз күнімде де, бойжетер шағымда да, одан кейін де жеңгемнің жақсылығын көріп өстім. Күлбәрәм әрі анамдай, әрі сырлас құрбы досымдай болды. Әрқашан менің көңіліме қаяу түспеуін қатты қадағалап, елгезектігі мен сергектігінен айнымады. Жүрегінің жылуын, мейірімнің шуағын жан жарының жалғыз қарындасына теңдей бөліп құя білді. Мұны мен қымбатты да аяулы Күлбәрәм жеңгемнің сол бір қиын шақтардағы жас та болса ақылды даналығы әрі тумысынан бекзат адамгершілігі, үлкен де дарқан жүректілігі деп білемін.
…Бұл бақытты шаңырақ. Үш бала үш отау болып, әке-шешелеріне тамаша неме­релер сыйлады. Алғашқы шөберені де көрсетті. Тұңғыштары Гүлнар фирмада бас есепші. Ұлдың үлкені Серік маманды­ғы бойынша құрылысшы, «Имсталькон» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. Кезінде құрылыс фирмасын басқарып, Алматыда Президенттің резиденциясын, жаңа әуежайды, көптеген сауда орындарын, көпқабатты тұрғын үйлерді, тағы басқа құрылыс нысандарын салды. Кіші ұлдары Есілбай авиация саласында қызмет етеді. Өкінішке орай, өмірде қуанышпен қатар мұң, қайғының да қатар жүретін әдеті. Немерелері Аслан жарық дүниеге келгеннен кейін дәрігерлердің ағаттығынан анасы Салтанат үлкен дертке душар болды. Аслан ананың ақ сүтін еме алмай, ыстық құшағын сезе алмай, әжесінің аяулы алақанында өсіп келеді. Тағдырдың жазғанына не шара, артының қайырын тілеген дұрыс болар.
…Мөлдір махаббат мектептен басталып еді. Адал да іңкәр сезім ордалы отбасындағы сырт сүйсінер сыйластыққа, жұрт қызығар жарасымдылыққа жалғасты.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.