Халық музыкасының құдіреті

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетінің деканы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаевамен сұхбат

– Кәрима апай, көп жылдардан өнер жолындасыз. Рухани құндылық туралы не айтар едіңіз?
– Елдің еңселілігінің, қоғамның салауаттылығының көрінетін тұсы – рухани дүние деңгейі. Рухани дүние қандай кезеңде де басты құндылық. Рухани құндылықтар адамның жер бетінде өмір сүруінің мәнісін анықтайды. Бұл ғасырлар бойы өмір сүрген халықтың қалыптасқан болмысы, сана-сезімінің, көкірек күйінің үні, дамуы, сол арқылы сипатталған тарихи тағылымы. Қазақ халқы өз өмір сүрген заманында мұндай ма­ңызды құндылықтарға жіті көңіл бөлген және рухани құндылықтардың шежіресін қалыптастырған. Рухани дүниенің заманалардан жеткен, ғасырлар­ды кейінге қалдырып келер ұрпақпен болашаққа жол тартқан жалпы тарихнамамыздың күрделі тіні – өнер. Сан қырлы рухани құндылықтар негізі топтастырылған өнердің сындарлы саласының күрделі тармағы – музыка.
Әр ұрпақ құндылықтарды қажетіне жарату, алға апару, үйрену, үйрету жүйесін жасайды. Біз де шамамызша осы жолда келе жатырмыз.
– Ұзақ жылдан бері өнердің қара шаңырағы саналатын консерваторияда ұстаздық етіп келесіз. Консерватория тарихы қалай басталып еді?
– Академик, ғалым, сазгер Ахмет Жұбанов ел ішіндегі таланттарды бір ортаға топтастырып, жинап, 1934 жылы қазіргі академиялық оркестр негізі болған домбырашылар ансамблін жасақтады. Сол кісінің тікелей еңбегінің арқасында 1944 жылы алғашқы музыкалық жоғары оқу орнының іргетасы қаланып, 1945 жылы консерваториядан «Халық аспаптар» кафедрасы ашылды. Өзінің 70 жылға жуық тарихында консерватория Қазақстан музыка мәдениетінің жоғары деңгейлілігін әлемге мойындатқан, жұрттың қызығушылығын таныт­қан киелі өнер ордасына ұласты.
Консерватория республикамыздағы талай таланттарды тұғырына қондырды. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, Еңбек Ерлері, КСРО халық артистері, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткерлері, т.б. елі үшін қызмет етіп келе жатқан консеватория түлектері жетерлік.
– Консерваторияның бүгінгі жетіс­тіктері жөнінде айта кетсеңіз…
– Жетістіктеріміз жетерлік. Жәния Яхияқы­зы­­ның бастауымен өмірге келген игілікті шара – «Классика» орталығы және «Жанар жұлдыздар» курсы. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтымен бірігіп атқарған «Қазақ музыкасы антологиясы» көп томдығы және Мәдениет және ақпарат министрлігі демеушілігімен біздің ұстаздар қатынасқан «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» топтамалары. Америкадан жарық көрген Қ.Ахмедияровтың 14 СД дискіден тұ­ратын альбомы және әр ұстаздың жеке орындаушылық шығармашылығы мен әдістемелік оқу құралдары, т.б.
Тәуелсіздікпен келген басты бастамалардың бірі фольклорлық-этнографиялық аспаптарды игеруді жандандырып, оқу бағдарламасына қайта енгізу болатын. Республика бойынша фольклорлық, тіпті мұражай жәдігері санатында болып келген сыбызғы, жетіген, сазсырнай аспаптарын белгілі этнограф ғалым Б.Сарыбаев ізімен танымдамалық пән ретінде қолға алынған жұмыс өтпелі кезеңде қысқартуға ілікті. Осы саланы кеңінен өрістетіп, жалпыға қолжетімді факультативтік оқу үрдісінен бастап кәсіби мамандық деңгейінде үйретіп жатқан республика бойынша жалғыз музыкалық орын – консерватория. Халық музыкасы факультеті студенттері жаппай бірнеше аспап меңгеруге бет бұрған. Осы орайда көптеген фольклорлық-этнография­лық топтар құрдық. «Сарын», «Тұран», «Алтын орда», «Бабалар сазы» ансамбльдері республикалық, халықаралық сайыстар жүлдесін жеңіп алған, республикаға, шетелдерге танымал ұжымдар. Жетіген, сыбызғы, саз сырнай және ұрмалы аспаптар мамандықтарынан түлек түлеткенімізге де көп болған жоқ. Соған қарамастан бұл аспаптарды қосымша меңгеруге тек қана дәстүрлі музыка орындаушылары емес, жалпылама музыка мамандары да қызығушылық танытып отыр. Дәстүрлі өнерге қатысты қасиеттер мен қабілеттерді, тәжірибелік білім негіздерін сіңіру мақсатында жоғары оқу құрамынан және таңдамалы пәндер топтамасы «Суырып салма» (импровизация), «Күй хаттау», «Айтыс өнері», «Жеке репертуарлық қор», «Күйші шеберлігі», «Дәстүрлі ән-күйді аспаптандыру», «Фольклорлық ансамбльге ән-күй лайықтау», т.б. пәндердің білім бағдарламасына енгізілгені үлкен ізденіс жолы. Музыкалық оқу орындары мен музыкалық мектептердің жоғары сынып оқушыларына арналған «Жалғастық» атты фестиваліміз бар. Жыл сайын өткізіліп тұрады. Үстіміздегі жылы фестиваль аясында «Күйшілер құрылтайы» өткізілді. Демеушілеріміз – «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры», Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы. Сондай-ақ барша әншілік мектептерді біріктірген «Ән шашу» қойылымы да консерваториядан бастау алған. Мұндай топтастыру кейде сынға тап болғанымен ұлттық өнер мектептерінің молдығын, таланттардың салыстырмалы түрде шеберліктерінің өсуін, жан-жақтылығын, барша көпшілік тыңдарманның еліміз бойынша ұлттық өнерге деген танымы мен сүйіспеншілігін арттырғаны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі құзырет­тілігімен жылда өткізілетін республикалық олим­пиада студенттердің орындаушылық шебер­лігін жетілдіруімен қатар ғылыми салаға бет бұрғызды. Жан-жақтылық – заман талабы. Факультет ұстаздары жылына 80-нен аса республикалық конкурстар лауреаттарын дайындайды. Халықаралық байқауларда да шәкірттеріміз олжамен оралып, қазақ өнерін бүкіл әлемге танытуда өзіндік үлестерін қосып жүр. Атап айтар болсақ, қобызшы Л.Тәжібаева жылда АҚШ-тың Голливуд қаласында өте­тін 4 бағыт бойынша аспапта орындаушы­лар­­­­дың са­йысында төрт бағытына да прима қобызымен ­2 рет қатысып, 8 рет «Алтын медаль» жүлдесіне ие болса, «Дельфий ойындары» халықаралық сайысында жыршы З.Баймұрзаева «Алтын медаль» иеленді. Сырнайшы Н.Бекмолдинов Италияда (2 рет), Мәскеуде және Астанада өткен халықаралық сайыстарда 1-орын, Саратов қаласында 63 елден қатысқан «Дельфий ойындарында» 100-ден аса орындаушылар арасында «Күміс медаль» жеңіп алды.
Келесі үлкен табысымызды да айта кету орынды.Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астана қаласының «Қазақстан» концерттік залында бүкіл ұжымымызбен өзіміздің есеп беру концертімізді өткіздік. Жақында ғана Мәскеу жұртшылығын сүйсіндірген гастрольдік сапардан оралдық.
– Сіз қалай ойлайсыз, соңғы кездері домбырамыз шетқақпай болып жүрген жоқ па? Күйшілік өнеріміз кенжелеп қалған сияқты?
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Домбыра шетқақпай болып жүр деп ойламаймын. Жаңа айтып өткенімдей, Астана қаласында өткен концертіміздің тартымды тұстарының бірі – дәстүрлі күй тартыс өнері болды. Күйшілік өнер дамыған аймақтарды айтпағанның өзінде, дәстүрлі өнерде шеттеу, кенжелеу қалған Өскемен қаласында 420, Қытайда 10 мың домбырашының бір ­уақытта қосылып орындауы өміршең құбы­лыс­­қа айналғандығын дәлелдейді. Бұл шығармашы­лықты тұлғаның дәстүрлі «суырыпсалмалық» қасиетін дамыту жолы болып табылады. Концерт­тегі «Күй тартыс» – өнерге ие өскелең ұрпақтың болашағын айқын көрсетті. Осындай өнер жарыстыру үрдісі бүкіл республика бойынша басқа аспаптардың орындаушыларының да сүйікті сахна үрдісіне айналды. Оған дәлел ретінде консерваторияның есепті концертіндегі бірнеше жылдан қолға алынған 5-6 рояль­мен күй тартысты айтсақ та жеткілікті. Мұны әлі ешкім қайталай алған жоқ. Ал үрлемелі, ұрмалы аспаптардың дефиле қойылымы, студенттік хордың жеке шығуы (шығарманы үш тілде орындауы), ұлт аспаптары және симфониялық оркестрлердің дәстүрлі музыкамен және шетел классиктері туындыларынан айтыс ұйымдастыруы бұрын-соңды Қазақстанда емес, әлемде де болмаған жаңалық.
Осындай жетістіктерінің арқасында консерватория соңғы 6 жыл көлемінде шығармашылық оқу орындарының сан-салалы көрсеткіштерімен бағаланатын рейтингтік сараптамасында 1-орынды иеленіп келеді.
– Алдағы жоспарларыңыз?
– Консерватория оқу стандарттары аясында стратегиялық жоспар құрады. Әлемдік және мәдени кеңістікте іске асыратын шаралар кешенді жоспармен белгіленеді. Барлық саладағы жетістіктер қоғамның дамуына жаңашылдық әкелу мүмкіндігіне, оны іске асырудағы кешенді бағдарламаларына байланысты. Өркениетке жол тартқан Қазақстанның діңгек негізі ұлттық білім деңгейімен анықталады десек, қабылданған модульді іске асыруда рес­публика және жоғары оқу орындарында арнайы бағдарламалар бекітіл­ген. Музыкалық білім беруде жаңа үлгіні сапалы енгізуде алдымен оқытушылық құрамның заманауи шығармашылық қадамы, ыждағатты ізденісі, жаңалықты негіздегі білімі қажет. Өнермен қатар барлық салада: Саясатта, кәсіпкерлік, ұйымдастыру, басшылық, білім беру, халықаралық қатынастарға икемділікке, бәсекелестікке, жан-жақтылыққа баулу – өнер қара шаңырағының басты ұстанымы. Рухы биік, болашағы зор, жан-жақты, бәсекелестікке қабілетті, зерделі мамандар дайындау – біздің бас­ты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.