«Ұлы аманат етейік еркіндікті»

Жұмыр жердің тыныс-тіршілігін жіті бағып, оның бар асылы мен жасығын тарих таразысында зерделеген ұлы көш алға басып барады. Уақыт көші, өмір көші бұл.
Аға ұрпақтың ерлік жолы, өзінің ұлтын, салт-дәстүрін сақтаудағы әр заманда көрген қиыншылықтары мен азаптары бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ. Бұл ата-бабаларымыздың көзінің қарашығындай сақтап, найзаның ұшымен, біліктілік ісімен, арыстанша алысқан ерлік жолы, бізге қалдырған аманат жолы. Тәуелсіздік – ел дәулеті, халқы­мыздың ертеңі. Осы тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлеріміз қаншама! Халықтың бірлігі мен тұтастығын Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хандар сақтай білді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек батырдай бабаларымыз жұртын аман алып қалам деп жаумен айқасты. Кенесары, Сырым, Исатай, Махамбеттердің өткен жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ал Абай, Шоқан, Ыбырай сынды біртуар қазақ азаматтары халқының мәдениетін, білімін көтеруді армандап, сол жолда өмірлерін сарп етті. Үміт сәулесін үзбей, ел болып өзгелермен иық тіресу үшін жасалған құтты қадамдар осы.
Елдікті сақтау жолындағы 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» халық санасынан өшер ме?! Желтоқсанда халқым деп аттандап, ерлікпен алға ұмтылған жастардың дауысы мұз құрсаудың көбесін сөкті, халықты елең еткізіп, есін жинатты.
«Желтоқсан оқиғасы» қанша ызғарлы естілсе де, елдің рухын көтеріп, еркіндік сәулесінің жібін қайта сабақтады. Өктем күш шыдықты жер бетінен жасырғысы келгенімен, адалдық үні ақыры жарып шықты. Ғасырлар бойы ұлттық намысын қайрап, ғажайып ерліктерге бастаған қазақы рух өткен ғасырда қалғып кеткендей, тіпті мүлде ұйықтап қалғандай еді. Бодандықтың иірімінен шыға алмай, шыбын жаны шырқыраған елдің еңсесі түсіп, қатал тағдырдың дегеніне көнген, айтқанына мойынсынған. Азаттық үшін күрескен бабалардың қандай күйге ұшырағанын білетін ұрпақтың ауызы құлыптаулы, рухы бұғаулы еді. Санасы сергек ұлан қалғып кеткен намысын түртпектеп оята алмай, іштей тілін тістеп, булығып отыратын.
Тәуелсіздікті бабалардың ерлігін жалғастырған, еркіндік күресінің алау отын жаққан жастардың рухы әкелген сияқты. Бұл ұлттық рухы өше бастағандардың санасына саңылау енгізген, қасиетті жерінің құнын арзандатушылардың оянуына ой жүгірткен, нақақтан-нақақ «ұлтшыл» болып, өмірден от-жалын қалпында кеткен Мағжан, Ахмет, Міржақыптардың арман отының алауы еді. Бұл дәуір көшінен қалмай, көшбасшы болсақ деп ұмтылған, «халық жауы» болып өмірден жалт етіп өткен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің өкініш өксігінің жалт еткен жалыны еді.
Үш мың жылдық тарихы бар қазақ халқы бүгін әлем назарын аудартқан мәртебелі мемлекет. Тәуелсіздік – біздің туымыз. Халқымыз осы тәуелсіздікке жету үшін талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткеріп, жаңа үшінші мыңжылдықтың қарсаңында қол жеткізді. Әлемдегі талай ел өз тәуелсіздігіне қанды соғыспен, қыруар шығынмен жеткен. Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі, өзгеге қиянат жасауды білмеген халық пейілінің қайтарымы.
Тәуелсіз ел болдық. Еліміздің егемендік алуымен бірге өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ақылшы болған Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке билермен табыстық, елі­міз­дің шынайы тарихын зерделей бастадық.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын, Тілін тұмардай қасиет тұтуы қажет» деген тебіреніске толы сөзі ұрпақ жүрегінде жатталып қалды. Ал Шерхан Мұртаза: «Тәуелсіздік – біреу. Ол – біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен Алланың ақ нұры. Оған бәріміз адал ниетімізбен тіреу болсақ қана заман түзелер» деген еді.
Тәуелсіздіктің туы желбірегенде мақтаныштан жүзінде нұр күлкісі төгілмеген қазақ жоқ шығар, сірә. Осы орайда тіліңе Тұманбай ақынның:
«Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең,
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті» – деген шумағы қалай оралғанын да байқамай қаласың.
Тәуелсіздікпен бірге келген бақыт, қуаныш, шаттық жырын айтып тауысу қиын-ақ. Тәуелсіздіктің әр жылдарында әртүрлі іс-шаралар жүргізіліп, халық арасында қолдауын табуда. Астанамыз бой көтеріп, жылдан-жылға көркею үстінде.
Елбасымыздың «2030 стратегиялық бағдарламасы» бойынша болашақта Қазақстан даласы гүлге, жырға, нұрға тұнған, байлығы мол, өркениетті, салауатты өмір салты орнаған Азияның барыс еліне айналмақ.
Ынтымақ, ұлы достық құшағынан,
Біздерміз болашақта елді ойлаған – демекші, болашақтағы елдің тірегі де, тілегі де – біз, жастар.
Отаны жоқ адам тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты. «Отан – оттан да ыстық» демекші, туған жердің топырағы, тауы, даласы да қымбат. Отанның аптап ыстығы да жанға жайлы. Оның көнеден жеткен тарихы мен тілін түсінген жанға сырлы шежіре шертеді.
Бабаларымыздың азаттық, теңдік жолындағы күресі тек біздің халқымыз үшін ғана емес, осынау сайын даланы мекен еткен барша ұлт өкілдері үшін де қасиетті, қастерлі болуға тиіс. Бабалар салған сара жолды ұрпақтар үшін дара жолға ұластыру біздерге зор жауапкершілік жүктейтініне кәміл сенеміз.

Мөлдір ҚҰМАШЕВА
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.