Өнерін өмірім деп біледі

гумаровНарын топырағында дүниеге келген өнерпазы – «Мәдениет қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері Мереке Ғұмаров. Атырау аймағында өнердің өрісін кеңейтіп, асыл қазынаның алтын қазығы атанып жүр. Ғасырлар құндағында қалған ұлттық музыка аспаптарын бүгінмен табыстырып, фольклорлық өнер ұжымдарын құруда Мереке Мүтәшұлының еңбегі зор.  …Аяулы анасы о дүниеге аттанғанда ол бір жас­тан енді ғана асқан сәби еді. Інісі тіпті қырқынан да шықпаған. Тағдырдың алғашқы соққысы осылай басталды. Ана құшағының мейірімін түйсініп те үлгермеген бейкүнә бүлдіршіндер тағдырдың суық ызғарымен бесікте жатып кезікті. «Үш ағайынды едік, – деп еске алады бүгінде Мереке Мүтәшұлы, – інім төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде суға кетіп қайтыс болды. Мен сегізге толған жылы әкемді де ажал алды. Сөйтіп ағам екеуміз ғана қалдық. Исатай ауданына қарасты Сарытөбе деген жердің Күйген қора бөлімінде тұратынбыз. Әке-шеше бірдей о дүниелік болғасын, Дамбыда тұратын әкемнің ағасына келіп паналадым. Бізде балалық шақ деген болған жоқ. «Бұғанамыз бекіп, қабырғамыз қатпай жатып», ауыр еңбекке жегілдік. Төртінші сыныптан бастап колхозға жалданып жұмыс істедім. Мектеп бітіргенше пішенші болдым. Тағдыр ерте есейтті. Өмірге еркелеуге болмайтынын да ерте түсіндік…».
Ал Мерекенің есею жолы былай жалғасыпты Орта мектепті аяқтаған соң химия зауытында жылу жүйесінің қызметшісі боп жүрген жерінен әскерге аттанды. Әскерден оралғаннан кейін үш жыл Балықшы ауданындағы Амангелді колхозында от жағушы, балықшы қызметтерін атқарды. 1968 жылы Алматыдағы Қазақ физкультура институтының студенті атанды. Араға он жылға жуық уақыт салып, екінші мамандықты игерді, қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен тарих және қоғамта­ну пәнінің мұғалімі деген диплом алды. Осылайша балықшының құралын мұғалімнің портфеліне ауыстырған Мереке Мүтәшұлы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте мұғалім, директордың орынбасары қызметтерінде болды. Балықшы аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде де біраз іс атқарды.
– Мектепте әнші бала атандым, – дейді Мереке аға, – төртінші сыныптан бастап әртүрлі шараларда ән айта бастадым. Ол кезде қазіргідей сайраған теледидар, радио атымен жоқ, театр да, концерт те, цирк те біз үшін қара патефон еді. Содан естіген әуендеріміз жадымызда жатталып қалатын. Әсіресе халық әндеріне деген қызығушылығым зор болды. Бүгінде белгілі ел азаматтары Жеңіс Аронов пен Ғабдрахим Жаңбырбаевтар менің бала күннен бергі достарым. Жеңіс домбыра тартып, Ғабдрахим баянда ойнап, мен ән салғанда шағын мектептің іші думанға толып кететін. Бізді сыныптас қыздар «Үш көңілді дос» дейтін. Сол достық қалпымыздан әлі айныған емеспіз…
Бала жастан бойға сіңген өнерге деген махаббат Мереке Мүтәшұлын осы салаға ақыры алып келді. Облыстық филармонияның басшысы, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Мереке Мүтәшұлының мәдениет және өнер ұжымдарын шебер үйлестіруші екенін ел жақсы біледі. Балықшы ауданында мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп облыста тұңғыш рет қазақтың көне аспаптарынан жиналған «Атырау» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрды. Алжир Халық Республикасына барып өнер көрсеткен, халықаралық, дүниежүзілік дәрежелердегі байқауларда жүлделі орындар алған ансамбльге 1985 жылы «халықтық ансамбль» деген құрметті атақ берілді. 1986 жылы облыстық филармонияға директор болып, «Шалқыма» атты лекторлық топ ұйымдастырды. «Нарын» фольклорлық ансамблін өмірге әкелді. Бүгінде Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның үлкен оркестріне айналған «Нарынның» аты әлемді кезіп кетті. 1990 жылы Балықшы аудандық атқару комитетінің орынбасары лауазымына тағайындалған соң да, өнер өлкесінен алыстап кетпеді. Мәкәлім Қойшыбаев атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрды. Оркестр бірнеше рет аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Мереке Мүтәшұлының облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Махамбет атындағы драма театрының директоры болған кездерінде өңірдегі мәдениеттің даму деңгейі көтерілді. Әсіресе қарызға батып тұрған театр­ды тұрақты жұмыс жасау деңгейіне көтергені оның өз ісінің нағыз білгірі екенінен хабардар қылары анық. Ол сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Мұрагер» атты қазақтың көне аспаптарынан құралған фольклорлық ансамбльдің тұсауын кесті. Өнер бәйгелерінде талай рет топ жарып жүрген «Мұрагер» бүгінде жемісті еңбек етіп жатыр.
Мереке Мүтәшұлының театр ұжымын жер­гілікті жас артистермен толықтыру мақсатын­да Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының жанындағы колледжден «театр өнері» бөлімінің ашылуына мұрындық болғанын да айта кетелік. Бүгінде жары (ол да музыкант, қобызшы) Райса Рақымқызымен өнегелі отбасының ұйытқысы болып, ұл-қыздан өрбіген немере-жиендерін тәрбиелеп отырған Мереке аға өнердегі игі істердің де бастамашысы болудан жаңылған емес.
– Өнер ұжымдарын құру менің хоббиым болып кетті, – дейді ол. – Қай қызметке барсам да, жаңа бір ұжым ұйымдастыру, өнерпаздардың басын қосу әдетіме айналды. 2007 жылы «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрын ұйымдастырғандағы мақсат та біздің өңірде кенжелеп қалған осы салаға қарқын беруден туындап еді. Қазір бұл театр Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға берілді. Қай өнер ұжымын да бір отбасымдай, етжақын туысымдай көремін. Қай қайсысы да маған ерекше ыстық. Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшылығында күні кешеге дейін еңбек еттім. Бар саналы ғұмырымды өнердің өрістеуіне арнадым.
Өмірін өнер жолына арнағанына өкінбейтін Мереке Мүтәшұлы – Атыраудың ардақты азаматтарының бірі. Туған жерінің тұғырлы тұлғасы болу да екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болса керек…

Бақытгүл БАБАШ
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.