Сабырлы, сырбаз абыз ол. Шығармалары өмірдің өзіндей шыншыл суреткер жайлы сөз

НуршайыковБұл адамдар мәңгі өшпейтін
Жүрек пенен көңілден.
Тірі жүрсе жол сілтер-ді
Ай-жұлдыз боп көгіңнен.
Олжас Сүлейменов

Бірінші сөз:

ӨЗІНЕН БҰРЫН АТЫ ЖЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

Алла тағала тарыдай бақ, таудай азап берген талант атаулының өзгелер­ден бір өзгешелігі, артықшылығы десек те болар, халыққа өзінен бұрын аты жетеді. Өзінен бұрын халыққа жақсы аты жеткен жазушының бірі – Әзілхан Нұршайықов. Оның мыңдаған оқушыларының бірі мен де өзін көрмей тұрып атына қанық болдым. Университетте оқып жүрген жылдары Әзағаңның газет-журналдарда жарияланған очерктері мен «Алыстағы ауданда» атты кітабын қызыға оқып, шіркін, мен де осылай майын тамызып жаза алсам деп армандаушы ем. Кейінірек Валентин Овечкин, Татьяна Тэсс сынды очерк жанры майталмандарының шеберлік сырына үңілдік. Әзағаң орыстың осы атақты қаламгерлерімен үндес, әйтсе де жазу машығы өзгеше өз үні бар қаламгер еді.
1966 жылы «Қазақстан» баспасынан алғашқы кітабым «Қайырлы таң» шықты, көрнекті жазушы Сейтжан Омаровтың алғы сөзімен. Сол жылдың күзінде Жазушылар одағында кездескен Әзағаңа сәлем беріп, жоғары қабатқа көтеріле беріп ем, ол кісі:
– Інім, тоқтай тұршы, – деп кідіртті.
– Сен «Қайырлы таңның» авторы Сәбит Досанов боларсың?
– Иә, аға.
– Кітабыңды оқыдым. Өмірдің өз көріністері екен. Ұнады. Саған берер батам: кіші Сәбит, үлкен Сәбиттен ас! – деп қолымды қысты.
«Сәбит Мұқановтан асу тұрмақ, оған жету қайда?» деп ойладым мен сол сәт. Сол ойдан әлі айнығаным жоқ.
1971 жылы Сәбит Мұқанов мені «Жазушы» баспасының сол кездегі директоры Дүйсенбек Еркінбековке ертіп апарып, проза редакциясына редактор етіп орналастырды. Сол жетпісінші жылдары «Жазушы» баспасы Әзағаңның әңгіме, хикаялар жинағын жарыққа шығарды. Арада оншақты жыл өткенде, менің «Екінші өмір» атты романымның қолжазбасына Әзілхан Нұршайықов жазған жабық рецензиямен таныстым. Өзім талантын құрметтейтін сұңғыла суреткер ақын жайлы романыма жоғары баға бергеніне қуанғаным әлі есте.
«Қазақ әдебиетінде» очерк бөлімінің меңгерушісі едім. Газет шаруасымен Әзағаңның бұрынғы Мир, қазіргі Желтоқсан көшесіндегі 159-үй, 21-пәтеріне бардым. Үшінші қабатқа көтеріліп, қоңырау түймесін басып ем есікті жазушының өзі ашты. Халима апаймен сол жылы таныстым. Ол кісі қайтыс болғанда Алматыдан алыста едім. Кейін жұбайым Құралай екеуміз Әзағаңа барып көңіл айттық. Халима апай бар кездегідей емес, Әзағаң көшкен елдің жұртында жалғыз қалған жетім баладай қатты жүдеп отыр екен. Халима апайдың қайтыс болар алдында Әзағаңның өзіне білдіртпей сүйікті жарына арнап алтын сақина жасатып, сандықтың түбіне қалдырып, хат жазып кеткенін жылап отырып баяндады.
Әзілхан ағамен соңғы жиырма жылда жиі араластым. Өз сөзімен айтқанда мен оның «ең сенімді серігі, ең жақын досы» едім. Алматыда да, алыс жолға шыққанда да жұбымыз жазылмаушы еді. Астанада өткен әртүрлі жиындар мен мерекелерге де, Шымкентте өткен жазушы Әбдіжапар Жылқышевтің 90 жылдық, белгілі кәсіпкер Молдалы Қолдастың 70 жылдық мерейтойларына да, Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауданының сексен жылдығына да бірге барып, бірге жүрдік. Қаламгер қадірін білетін алмастай асыл, алтындай аз азаматтың бірі Серік Әбікенұлы Үмбетов екеумізді арнап шақырған Талдықорған сапарында Әзағаңның қалауымен кенже ұлым Даниярды ала кеттік. Екеуміздің арамыздағы байланысшы Данияр­ды Әзағаң қатты жақсы көруші еді. Данияр Әзағаң екеумізді машинасымен Жамбыл ауданына да апарып еді. Кездескен кезде де, телефон шалған тұста да Әзағаң: «Дәкеңе сәлем айт» деуді ұмытпайтын.
Желтоқсан айының 15-жұлдызы Әзағаңның туған күні. Жыл сайын сол күні гүлімізді, азын-аулақ сыйлығымызды алып Әзағаңа барушы ек Құралай екеуміз. Есікті Әзағаңның өзі ашар еді. Алдымен жазушының кабинетіне кіреміз. Қашан барсақ та Әзағаң: «Мынау менің Джокондам» деп Халимасын «мынау менің кішкентай Тәжмахалым» деп өзінің Халимасының басына тұрғызылған кесененің суретін көрсетуден танбайтын, жан жары жайлы әңгіме айтудан жалықпайтын. Сосын ақ дастарқан жайылған үлкен бөлмеге қарай жол бастайды Әзағаң. Бізді төрге оздырып, өзі төмен отырар еді. Әзағаң жанындағы орындықтың арқалығына Халиманың жемпірін жауып қояды. Ол орындыққа ешкім отырмайды. «Бұл Халиманың орыны» дейді Әзағаң.
Халима апай қайтыс болғаннан кейін Әзағаң Франческо Петрарқа құсап сүйген жарына жауһар жырмен жақұт ескерткіш орнатты. «Халимаға хатты» түзді. Италияның ұлы ақынынан өзгешелігі бұл сонет емес, өлеңмен өрнектелген роман. Бұл шұрайлы шығарманың бітім-болмысы бөлек, формасы өзгеше. Әзағаң Халимаға хаты:
Сен өмірден озғалы бүгін пәленше күн, түгенше күн деп бастап, сол күні не болғаны, өзінің не тындарғаны жайлы жан жарына есеп береді.
Адасып сенен қалғалы,
240 күн болды.
Дидарыңды бір көру,
Мәңгілік маған мұң болды, – деп басталатын жолдар жалғасып кете беретін өлең-романның жастарға ғана емес, жасымыстарға да берер тағылымы мол, айтар ойы көп.
Екінші сөз:

КРЕМЛЬДЕН ҚАЙМЫҚПАҒАН ҚАЙРАТКЕР

«Күн ертеңге ауып барады. Жатар алдындағы желпініске шыққанға дейін мана таңертең бастаған жаңа әңгіменің жалғасын жазып тастайтын». Осы оймен жазу столына отырғаны сол еді алдында тұрған қара телефон безілдеп қоя берді.
– Кешіріңіз, бізге жазушы Әзілхан Нұршайықов керек еді, – деді ар жақтан естілген әйел дауысы. – Бұл Мәскеуден, КПСС Орталық Комитетінен. Сізбен ­Курпатов жолдас сөйлеседі. Сәл үнсіздіктен соң сымның ар жағынан ер кісінің сыздана сөйлеген сыздауық дауысы естілді.
– Менің фамилиям Курпатов.
– Сізді тыңдап тұрмын.
– Сіз Михаил Сергеевич Горбачевтің атына хат жаздыңыз ба?
– Иә, жаздым.
– Колбиннің атына ше?
– Иә, екі адресқа бір хат жаздым.
– Колбинге жазған хатыңызды оған бердіңіз бе?
– Бердім.
– Қашан?
– Қыркүйек айының он төртінші жұлдызында.
– Қалай, кім арқылы бердіңіз?
– Көмекшісі арқылы.
– Сіз хатыңызды берген көмекшінің аты-жөні?
– Шатунов жолдас.
– Колбин не деп жауап береді?
– Әңгімелесуге шақырды.
– Қашан?
– Желтоқсан айының жетінші жұлды­зында.
– Ол не деді?
– Жүзшілдікпен, жершілдікпен күресу үшін сізше қандай шаралар қолдану қажет? Нақты ұсыныстарыңызды айтыңыз деді.
– Сіз не дедіңіз?
– Кешіріңіз, сіз өзіңіздің және әкеңіздің атын айтыңызшы.
– Николай Иванович, – деп гүж ете қалды Курпатов. – Білмеуші ме едіңіз?
– Николай Иванович, мен Колбин жол­дасқа Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митеті Бюросы мүшелерінің құрамында бар­лық өлкелердің, кейде жүз деп айтатын аймақ­тардың өкілдері болуы керек. Сосын Орта­лық Комитеттің ұйымдастыру бөлі­мінде кадр­ларды жауапты қызметтерге ұсын­ғанда жүз бен жерге бөліп, алаламайтын, ком­мунистерді іскерлік қабілетіне қарап ірік­тей­тін адал қайраткер отыруы шарт. Сонда Мем­лекеттік сыйлық пен наградаларға ұсын­ғанда да әділетсіздікке жол бермейді дедім. Осы мәселелерге байланысты ойларым мен нақ­ты ұсыныстарымды жазып жібермек болдым.
– Жазып бердіңіз бе?
– Иә, жазып бердім.
– Қалай, кім арқылы бердіңіз?
– Көмекшісі арқылы.
– Онда не деп жаздыңыз?
– Мен онда Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Арқатай Есеновичтің адамдарды жүз бен жерге бөлетіндігін, барлық мәселені сондай зиянды көзқарас арқылы шешетінін нақты дәлелдер келтіре отырып баяндадым.
– Сіз Нұршайықов жолдас, мұның бәрін ойдан шығарғансыз. Қазақстанда ешқандай жүзшілдік те, жершілдік те жоқ. Бұл әңгіменің барлығына жүз жайлы кітап жазып жүрген сіздердің ғалымдарыңыз бен жазушыларыңыз кінәлі. Сіздер жүзшілдікті мадақтайсыздар. Ал студенттер соны пайдаланды…
Осылай деп әр сөзіне зілмауыр салмақ сала сөйлеген Курпатов:
– Сіз коммуниссіз бе? – деп сұрады қатқыл дауыспен.
– Иә, мен коммуниспін.
– Коммунист болсаңыз жүз туралы айту сізге ұят. Сонда біз не істеуіміз керек? Бәлкім сіз учетный листокқа кадрдың қай жүзден екенін жазатын графа қосуды бұйырарсыз. Бұл барып тұрған жолсыздық! Сіздерде ешқандай жүзшілдік жоқ, болған да емес!
– Бар! Бар болғанда қандай Николай Иванович. Бұл біздің ескі ауруымыз. Бұрын кадрлар Қонаевқа жағыну ыңғайында жоға­рылатылатын, ал қазір Арқатай Есеновичтің руластары мен жерлестеріне жасыл көше ашылды. Мен мұны сізге нақты фактілермен дәлелдеп бере аламын, – деді Әзілхан.
Курпатов та айтқанынан қайтпады.
– Николай Иванович, кешіріңіз, сіз Арқатай Есеновичтің сөзін қайталап тұрсыз. Ал ол дұрыс істеп отырған жоқ. Рушылдықпен ауырып, әділдікті белінен басып отыр.
– Бұл әңгімені осымен доғарыңыз, – деді Курпатов бұйыра сөйлеп. – Енді ең негізгі әңгімеге көшейін.
– Ол қандай әңгіме?
– Сіз Горбачев жолдасқа жазған хатыңызда КПСС Орталық Комитетінің Қазақстан туралы алынған белгілі қаулысындағы «Қазақ ұлтшылдығы» деген екі сөзді өшіруді өтініпсіз.
– Солай деп жазғаным рас! Мұны өтініш деп те, сан мыңдаған қазақ коммунистері мен партияда жоқтардың талабы деп те қабылдауыңызға болады.
– Солай ма?
– Иә, тап солай!
– Онда бұл сөзіңіз үшін әлі талай өкінесіз. Райыңыздан қайтыңыз.
– Айтылған сөз – атылған оқ. Ол кері қайтпайды.
– Жазылған хаттағы қатеңізді түзетуге болады ғой.
– Хатқа түскен сөз тем более қайтпайды.
– Солай деңіз…
– Өкінерім де, тем более кешірім сұрап өтінерім де жоқ.
– Онда өз обалыңыз өзіңізге. Бізге өкпелемеңіз!
Курпатов осыны айтты да, «қош» демес­тен телефон тұтқасын тастай салды. Әзілхан «тук-тук» деген дыбысқа құлағын тосқан күйі аң-таң болып тұрып қалды. «Партиялық этикет қайда? Орталық Комитеттің білдей бір хатшысы қатардағы коммунистермен осылай сөйлесе ме? «Қош бол» деуге де мәдениеті жетпеді ғой. Бұл да Арқатай Есенович құсаған биік креслодағы аласаның бірі екен ғой. Партиялық тәртіп, мәдениет қайда? Әділдік қайда?…»
Курпатовпен арадағы әңгімеден соң жазу жайына қалды. Ауыр ойлар еңсесін езген Әзілхан жазу столының жанында тұрған диванға киімшең қисая кетті. Сол сәт оның көз алдынан бүгінгі жайсыз әңгімеге алып келген оқиғалар тізбегі өтіп жатты.
Желтоқсан көтерілісінен кейін арада алты ай өткенде Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулы қабылдады. Он бес одақтас республикаларды тырп еткізбей уысында ұстап отырған Кеңес Одағы деп аталатын алып империяның сан мыңдаған газет-журналдарында жарияланып, шетелдерге дейін тараған бұл қаулы қазақ халқына ту сыртынан қадалған қанжардан кем болған жоқ. Зиялы қауым бұл қаулының империялық астамшыл ой мен сұрқия пиғыл, сұм саясаттың тағы бір улы жемісі екенін білді. Әзілхан Орталықтың бұл улы түтінін ауруханада жатып жұтты. Ауырып жатып, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Горбачевке хат жазды. Әзілхан бұл хатында қазақ халқының ұлтшыл емес, шынайы интернационалист екендігін нақты фактілермен дәлелдей отырып, Орталық Комитеттің қаулысынан «Қазақ ұлтшылдығы» деген аса зәрлі екі сөзді алып тастауын өтінді.
Ауруханадан асығыс шыққан Әзілхан бұл хатты алдымен өзінің сүйікті жары Халимаға оқып берді. Ол біраз ойланып отырды да, өз ойын айтты.
– Менің жарым да, ағам да, әкем де бір өзіңсің, – деп бастады ол сөзін. – Өмірдің қиындығын да, қуанышын да қырық жыл бойы бірге бөлісіп келе жатырмыз. Мына хатты Мәскеуге жіберсең оның соңы екеумізге де ауыр соққы болып тиетініне сене бер. Сені партиядан шығаруы былай тұрсын, түрмеге отырғызуы, темір тордың ар жағында ұрып-соғып, қинауы да әбден мүмкін. Мына жақта мен де қан жылап, төсектен тұра сала саған қарай құстай ұшамын. Осының бәрін біле тұра мен саған алған бетіңнен қайт деп айта алмаймын. Себебі сен менің сүйікті жарым ғана емес, халықтың иықты перзентісің! Жазушысың! Халықты емес, ең алдымен өзіңді, мені, бала-шағаңды ойла деп қалай айтамын? Қанша қиналсам да, сені де, өзімді де қиындыққа қимасам да олай деп айта алмаймын. Солай деп айта қалсам да ол сөз сенің көкейіңе қонбас еді. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, мен білмейтін сырың жоқ. Сенің халқыңды жаныңдай жақсы көретініңді, ол үшін қажет жерде басыңды бәйгеге тігетініңді білемін. Бұл хатты тиісті жерге жібере алмасаң жүйкеңнің жұқара түсетіні тағы талассыз. Сол себепті мен бұл хатты Мәскеуге жіберуіңді қолдаймын.
– Бар кездегідей мені бұл жолы да түсінгеніңе, қолдағаныңа ризамын, – деді Әзілхан Халимаға мейірлене қарап.
– Мен ештеңеден, тіпті түрмеден де қорық­паймын. Жағдай шиеленісіп кетсе саған қиын бола ма дегенім ғой. Жалғыз уайымым сол.
– Біз көрген алғашқы қиыншылық емес қой бұл. Мен қандай қиындық болса да қайыспаймын. Хатты Мәскеуге тездетіп жібер. Қағазға түскен жазу қор болмайды. Бұл өмірде ешнәрсе ізсіз кетпейді. Сенің бұл хатыңның халқымыздың бір қажетіне жарарына, сірескен сеңнің көбесін сөгеріңе сенемін. Мен бар кездегідей қасыңдамын. Не көрсек те бір көреміз. Өлсек те бірге өлеміз. Сен жалғыз емессің!
«Осы хат үшін мені атып тастамас, – деп ойлады Әзілхан. – Көп болса түрмеге отырғызар. Халимашым барда ештеңе де қорқынышты емес маған».
Жан дүниесін жанарынан танитын ақыл­ды жарына риза болған Әзілхан бұрынғыдан бетер шиыршық атып, ширығып шыға келді. Әзілхан сол күні Халиманы ертіп Әбдіғали Айбасовтың үйіне барды.
– Әбеке, – деп бастады Әзілхан сөзін, – екеуміз әдебиет атты ақ айдында жарты ғасырға жуық бірге жүзіп келеміз. Қазақстан Жазушылар одағы атты қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын да қатар аттадық. Сен де, мен де коммуниспіз, Отан соғысының ардагерлеріміз. Әрқилы оқиғалар мен әртүрлі адамдарға байланысты көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, бізді ұсақ құштарлықтар құшағынан босататын бәрімізден де аяулы Халық атты қасиетті Ана бар. Халық Ананы біз қорғамасақ кім қорғайды? Шындықты біз айтпасақ кім айтады?! Осыған орай екеуміз бірлесіп бір әрекет жасасақ деп едім.
– Ол не әрекет? – деді Әзілханға суық жанарымен сұғына қараған Әбдіғали.
– Горбачевтің атына хат жазып едім. Сол хатқа екеуміз бірлесіп қол қойсақ деп едім.
– Ол неғылған хат?
– Міне, ол хат мынау. Оқып көр.
Әзілхан осыны айтып, машинкеге кеше Ха­лима басқан хатты Әбдіғалиға ұсынды. ­Әб­ді­ғали ол хатты ала қоймады. Әзілханның хат ұсын­ған қолы аспанда қанатын қақпай қал­­қыған құстың қанатындай қалт тұрып қалды.
– Өзің оқы, – деді біраздасын ерінің ұшы­мен еріне сөйлеген Әбдіғали Әзілханға жылан көзімен жымысқылана қарап. Әзілхан Бас хатшыға жазылған хатты оқып берді. Жылан көзін сығырайта Әзілханға сынай қараған Әбдіғали хатты ернін шүйіре, езуіне кекесін күлкі үйіре тыңдады. Хат оқылып болған сәтте Әбдіғалидың әйелі Базаркүл шоқ басқан баладай шыр етіп, шаңқылдап ала жөнелді:
– Сен бізді қандай өртке итермелеп отырсың? Жо-жоқ, менің байым мұндай қатерлі хатқа қол қоймайды!
Әзілхан түндей болып түнеріп, көзімен жер шұқып отырған Әбдіғалиға қарады:
– Сен не дейсің, Әбеке!
– Басқа емес, неге мен қол қоюым керек? – деп сұраққа сұрақпен жауап берді Әбдіғали.
– Өзгеге емес, өзіңе келген себебім, – деді Әзілхан, – сен менің қатарымсың.
– Базаркүл дұрыс айтады, – деді қасқыр тістерінің арасынан сыздықтай шыққан сыздауық сөздерін бөліп-бөліп әрең жеткізген Әбдіғали, – бұл хатқа мен қол қоймаймын. Жұртқа жақсы атты болғың келген шығар. Халықтан алатын наградаңды өзің-ақ ала бер.
– Мен бұл хатты сен айтқандай әлдебір ба­қай есеппен емес, азаматтық арыммен, қа­лам­ды көз жасым мен қаныма малып оты­рып жаздым. Елдің бәрін өзіңмен өлшеме, Әбдіғали.
Әзілхан осыны айтты да Әбдіғалимен қоштаспай шығып кетті.
– Үлкен басыңды кішірейтіп осы Әбдіғалиға бекер-ақ келген екенбіз, – деді Халима сыртқа шыға бере.
– Оған өкінбе, Халимаш, – деді Әзілхан аяулы жарын жанарымен аймалап. – Не көрсек те халық үшін көреміз.
– Осы Әбдіғалиды жұрттың бәрі неге жек көреді десем, қара басының қамынан басқаға селт етпейтін сұмырай екен ғой.
– Сұмырай ғана емес, барып тұрған сұм ол! – деді Әбдіғалидан көңілі әбден қалған Әзілхан. – Бұл өмірде бұдан асқан өзімшілді көргем жоқ. Жылмиып жүріп, жымиып күліп, талайды тақырға отырғызған сұм емес пе ол. Әбдіғалидың кличкасы Мерез.
– Кім қойса да дәл тауып қойған екен.
– Енді ешкімге бармаймын. Хатты жалғыз өз атымнан жіберемін.
– Дұрыс. Бірақ қалай жіберетініңді ойлан. Алматыдан жіберсең КГБ-нің Нағашыбай құсаған салпаңқұлақтары ұстап қалады ғой. Онан да Мәскеуге баратын және оны тиісті жеріне жеткізе алатын сенімді адам табайық.
– Сондай ел қамын ойлайтын сенімді ер азамат бар ма?
– Бар!
– Ол кім?
– Олжас ше? Олжас бар емес пе?
– Ақылыңнан айналдым, Халимашым! Осы сенің жап-жасыл жапырақтай жұп-жұқа, нәп-нәзік болып тұрып-ақ алты атанның өзіне ауыр жүк болар ақылды қайдан алатыныңа таңым бар.
– Сол құпияны әлі білген жоқсың ба?
– Білсем сұраймын ба?
– Ол құпия өзіңсің! Мен күш пен қай­ратты, ақыл мен парасатты сенен, сенің маған деген кіршіксіз таза махаббатыңнан аламын.
– Гүлдей үлбіреп, күндей күліп жанымда жүре бер, Халимашым. Сен барда мен бақыттымын, жаным!
Екеуі әңгімелесе жүріп үйге келді. Келе сала шешінбестен Олжасқа телефон шалды. Бас хатшыға жазған хатының қысқаша мазмұнын айтты да:
– Осы хатты ала кетіп, Горбачевтің өз қолына болмаса соған жеткізе алатын көмекшілерінің біріне тапсыра аласыз ба? Сіз КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатысыз ғой. Кремльге кіретін пропускіңіз бар ма? – деді.
– Әзаға, сіз дер кезінде хабарластыңыз, – деді Олжас. – Мен бүгін кешке Мәскеуге жүр­гелі жатырмын. Хатыңызды тезірек анамның үйіне жеткізіңіз. Мен дәстүр бойынша жолға сол үйден аттанамын. Хатыңызды ескі алаңдағы ақ үйге жеткізуге уәде беремін. Ал енді анамның мекенжайын жазып алыңыз.
– Әзілхан Олжас айтқан мекенжайға асы­­ғыс жетті. Есікті Олжастың анасы ­Фатима ашты. Олжастың анасы сұңғақ бойлы, сымбатты кісі екен. Нұр төгілген жұқалаң, аққұба жүзінде текті, көргенді кісілерге тән бекзаттық бар. Бірінші рет көріп тұрған адамды жатырқамай, жылы қабақпен қарсы алып, төрге шығарды. Сол сәт Олжас та келіп жетіп еді. Олжас көп кідірген жоқ, Әзілханның хатын алды да, Мәскеуге ұшатын ұшаққа үлгеру үшін әуежайға асығыс кетті. Олжас кеткесін Әзілхан орнынан тұрып, шығар есікке беттеп еді, Фатима:
– Қарағым, асықпа. Дәм тат. Отағасы жұмыста, оның да келетін уақыты болып қалды, – деп тоқтатты.
Шай үстінде Әзілхан Фатимаға Олжасқа бер­ген хат жайлы айтып берді. Айтуын айтса да «Баламды қатерлі іске жұмсағаның қалай?» деп іштей болса да ренжіп қалар ма екен» деген күдігі болып еді. Онысы бекер екен.
– Осы жай Олжасымның да қабырғасына ба­тып жүр еді. Мұныңыз бір ақылды іс бол­ған екен. Баласының сыры анасына аян. Хатың­ның орта жолда қалмасы хақ, – деп жігер бере сөй­леді. «Апыр-ай, – деп ойлады Әзілхан, – Арқатай Есенович шаң жуытпай әспеттеп, кей­біреулер құрметтеп жүрген Әбдіғали Айбасовтан үй шаруасындағы мына кісі әлдеқайда ақылды, әлдеқайда артық екен ғой. Бәсе-бә­се, халық айтса қалт айтпайды, жақсының өзі­нен бұрын аты жетеді деген осы. Халқына өзі­нен бұрын жақсы аты жеткен абыз ана, аңыз ана Фатима ғой бұл! Абылай хан­мен бір­ге атқа қонып, ел қорғаған атақты ­Олжа­­бай батыр­дың жетінші ұрпағы Олжастың өз әкесі Омар отыз жетінші жылы «Халық жауы» атанып елі үшін құрбан болған жоқ па? Ата-бабасы мен әкесі сондай болғанда анасы мынандай асыл текті ақылман екен ғой. Олжас­тың екін­ші әкесі Әбекең – Әбдуали Қарағұлов та өз қатарынан оқ бойы озық тұрған қаламы ұш­­­қыр журналист, редактор-қайраткер ғана емес, терең біліміне тектілігі сай ақиық азамат қой. Адамның азаматтық биікке көтерілуі шық­­қан тегі мен өскен ортасына тәуелді де­сек, Олжастың бас айналар биікте жүруі заң­ды ғой…» Сол сәт Олжас сынды данышпан өс­­кен мына қасиетті қара шаңырақтың иесі – Әбдуали кіріп келді. Сол-ақ екен бірін-бірі бұ­­рын­нан білетін Әзілхан мен Әбдуалидің әңгіме, әзілі жараса кетті.
Арада бір апта өткенде Әзілхан Фатимаға телефон шалып, хал-жай сұрасты.
– Олжас хатыңды Горбачевтің сенімді серіктерінің біріне тапсырыпты. Енді беліңді бекем буып, қазақ халқын ғана емес, өзіңді де қорғай біл. Менің саған берер аналық ақ батам осы қалқам. Жалғыз мен ғана емес, елің сендей ердің тілегінде, – деді Фатима.
«Апыр-ай, – деп ойлады Әзілхан, – мы­на Фа­тима анамыз бітімі бөлек бекзат қой. Мені ер дейсіз. Аналық, даналық қасиетін батыр­­лы­ғы көркейткен ер сіз ғой, Фатима». Атағынан ат үркетін Әбдіғали Айбасов сіздің тырнағыңыз­ға тұрмайды ғой, тұрмайды. Олжас екеуміз­­ді қолдап, сіз жасаған ерліктен садақа кетсін ол! Аяулы перзентің Олжасыңның халық үшін басын бәйгеге тігіп, қатерлі хатты Орта­лық Комитетке жеткізуін қолдаған даналы­ғыңыз, ерлігіңіз бір төбе де, әлем мәдениетіне Олжас сынды ұлы тұлға сыйлаған ұлы еңбегіңіз бір төбе ғой! Осыдан соң сізді дара демей, дана демей, пана демей кім дейміз?! Жағың түспей жамандық көрме! Олжасыңның бақытын, халқыңның қуанышын қызықтап жасай бер ақылман Ана, абыз Ана, аңыз Ана Фатима!..»
Әзілханның ойын азық-түлік дүкеніне барып, артынып-тартынып жеткен Халима бөлді.
– Әзекем-ау, қабағыңда кірбің бар ғой, жайшылық па?
– Жай, әншейін, қан қысымым кө­те­­ріліп тұрғаны, – деді жарының жанын жай­­сыз хабармен жаралағысы келмеген Әзілхан.
– Көңіліңді көзіңнен танып тұрмын. Жүйкеңді жұқартқан кім? Мен жасиды деп жалтармай айтсаңшы енді, – деді Халима аяулы жарын жанарымен аймалап.
– Жаңа бір әзірде Мәскеуден Орталық Ко­­ми­теттің хатшысы Курпатов телефон шалды.
– Иә, не дейді ол? – деп елең ете қалды бір тықырдың таянғанын сезген Халима.
– Баяғы Горбачевке жазған хат жайлы сұра­ды.
– Жай ғана сұрап қоймаған шығар. Жел­тоқсан көтерілісінен кейінгі қорқынышты кез­де тағы бір қорқытып, үркітіп алайын деген болар.
– Хатыңды қайтып ал. Әйтпесе басыңа бұлт үйіріледі деп қоқан-лоқы жасады.
– Сен не дедің?
– Мен екі сөйлемеймін дедім.
– Дұрыс айтыпсың. Бұл да бір қиындық қой. Оған жасымайық. Қиындық деген тас қай­рақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болат­ты қайрасаң жетіледі. Тапқан екен Курпатов қоян жүрек қорқақты. Қорқақ адам хал­қын қорғап, басын бәйгеге тіге ме? Соған да ақылы жетпепті ғой халықтың бағын емес, ас­тындағы тағын ойлаған қаңылтыр қай­рат­кердің. Тұр. Шайыңды іш те, жазуыңды жаз. Бар ау­рудың емі – жазу. Сендей талантым бол­са мен жазу столынан оңайлықпен тұрмас ем.
Үкідей үлбіреп тұрған нәп-нәзік жарының жігерлі сөзі Әзілханның жігерін жаныды. Шуақты сөзбен қанаттанған бойына тың қуат біткен Әзілхан тау қыранындай дүр сілкініп, бойын тіктеді.

Үшінші сөз:

ҚИЫНДЫҚТЫ
ЖЕҢГЕН ҚАЙРАТТЫ ЕР

Әзілхан Нұршайықовтың соңында қалған мол әдеби мұрасын түге­сіп оқып, түгел зерттемей-ақ жай санап шықсаңыз да оның жанкешті ең­бек­қорлығы мен асқан ұқыптылығына таңғаласыз. «Махаббат, қызық мол жылдар», «Аңыз бен ақиқат» романдары, «Халима» хикаясы, «Алыстағы ауданда» очерктері, өзге де әңгіме, өлең-дастандары бастаған көл-кө­сір көркем шығармаларын былай қойғанда, «Соғыс күнделігі», «Тұрмыс күнделігі», «Әдеби күнделік» деп үш салаға жіктеп, жілік­­теген күнделіктерінің өзі бірнеше том. Жарық­қа шыққан естеліктерінің өзі жүз бас­­­па табақ. Алыс пен жақыннан алысқан, жауап жазысқан хаттары бір төбе. Жан алысып, жан беріскен алапат арпалыс-соғыстың ал­ғы шебінде жүріп, күнделік жазуын бір күн тоқ­тат­па­ған неткен жанкешті еңбек, қандай ұқып­ты­лық десеңізші. Соғыстан соң тұрмыс тау­қы­метін тарта, жер мен жүзге бөлінген күн­шіл топтың қызғаншақ қызыл итіне тала­на жүріп, ол ол ма, жазықсыз жазаланып, жа­­ла­­­мен қызметтен қуылып, аш-жалаңаш оты­рып та қаламын бір суытпаған жазушыны қиын­дық­ты жеңген қайратты ер демей, кім дейміз?!
Қажымас қайрат пен қайтпас қайраткер­лік­­тің құпиясы қайсы, сыры неде? Бұған жауап­­ты жазушының жүз отызыншы күнделі­гінен табасыз:
«Газет-журнал күйелеп, жатсадағы жасыма. Жаныңдағы жараңды қан шығара қасыма. Бү­­­гін бұлтты болғанмен, ертеңгі күн ашылар. Дауыл, боран сұрапыл уақытында басылар. Бү­­гін түнек болғанмен, ертең нұрлы күн шы­ғар. Кеше көрген қорлықтың бәрі тегіс тұн­шы­­ғар. Сол газеттер өзіңді қайта мақтар кез ке­­­лер, кеше саған жау болған бүгін мүлде өзгерер».
Жазушының сырласы – күнделік шерткен сырдан оның басына бұлт үйірілген кезде де сарыуайымға салынбай, қаламын қайраған қай­­ра­тына қайран қаласыз! Қаламдастарының ға­на емес, оқушыларының да жігерін жани­тын мұңдай оптимистік ой-толғаныстар Әзағаңның күнделіктерінде ғана емес, көркем шығармаларында көп.
Қиындық деген қайрақ қой, оған қаңыл­тыр­ды жанысаң кетіледі, болатты қайрасаң жеті­­леді. Әзағаң қиындық дейтін қайрақта қаңыл­­тыр болып кетілмеген, болат болып же­тіл­­ген қайратты ер. Содан да болар, ол көп жаз­ған өте өнімді жазушы.
Күн бар жерде, көлеңке болатыны сияқты қа­лам құрғатпай көп жазудың күнгейімен бір­ге көлеңкесі де бар. Күнгейі – саннан сапа туа­ды. Қалам суытпау шеберлікті шыңдауға сеп­теседі. Көлеңкесі – көп жазудың бірінде болмаса бірінде асығыстық болады. Шолоховтың сөзі­мен айтсақ: «Асығыстықтан ақаулы бала, ақ­сақ шығарма» туады.
Қиындықты жеңген қайратты ер – Әзағаң­да ондай-ондайлар жоқ та емес, әйтсе де көп те емес.

Төртінші сөз:

ЖАЛҒЫЗ ТАМШЫ ЖАС

Әзілхан Нұршайықов 50, 60, 70-ті айта­сыз, 80 жасқа келгенде де мерейтойын өткізбеген жазушы. Жаратылысынан кішіпейіл Әзағаң туған күнін өзінің шаңырағында шағын ғана топпен, онда да етжақындары еркелеп келгесін амалсыз атап өтетін. Сөйтіп жүргенде 85 дейтін жасқа екі-ақ ай уақыт қалды. Сол күндері мен Әзағаңа 85 те бір белес, кең көлемде тойлау керек деп құлаққағыс жасадым. Алғашында ол ат-тонын ала қашты. Мен де тақымдап қоймадым. Бір күні Әзағаң:
– Сен өзің қайта-қайта айта бердің. Балаларым мен немерелерім де сені қостап тұр. Шы­нымды айтсам, көп үгітке өзім де көне бас­­тадым. Тоқсанға дейін кім бар, кім жоқ деген де бір ой келді. Әйтсе де, әлі де ойланайықшы.

– Не ойланатыны бар? Көп шалқая берме, сен шал, – дедім мен Әзағаңа. Еркелетіп, еркін сөйлетіп үйреткен өзі.
–Театрда өткізуге екі түрлі кедергі бар, – деді Әзағаң ойлана сөйлеп.
– Ол не кедергі? – деп сұрадым мен.
– 85 деген дөңгелек цифр емес. Атаулы дата болмағасын Президенттің құттықтауы да болмайды. Елбасы құттықтамаған тойда мән мен сән бола ма? Бұл – бір. Екінші – театрды жалға алу үшін 500 мың теңге керек екен. Ондай қаржы менде де, сенде де жоқ.
– Ал осы екі проблеманың екеуі де шешілсе, келісесің бе 85-ті тойлауға.
– Келісемін.
– Онда жазуыңды алаңсыз жаза бер. Мен той қамына кірісемін тездетіп.
Телефон тұтқасын қоя салып, дереу іске кірістім. Алдымен Жазушылар одағының бірінші басшысы Нұрлан Оразалинге телефон шалып, Әзағаңның 85-ке келгенін айтып, Президентке хат жазуын өтіндім. Ол өтінішім орындала салысымен Ақордадағы ішкі саясат бөліміндегі Әлібек Асқаровтан бас­тап, еліміздің сол кездегі бас идеологы Мәулен Әшімбаевқа дейінгі талай азаматты мазаладым, Оразалиннің хатын Елбасыға жеткізіңдер деп. Хабар жетсе Әзағаңды ерекше құрметтейтін Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтау хат жолдайтынына сенімді едім. Еңбегім ақталды. 2007 жылы желтоқсан айының он екінші жұлдызында Әзағаң телефон шалды.
– Қалалық әкімшіліктегі жігіттер хабарласты,– деді Әзағаң қашанғы сырбаз қалпымен сабырлы сөйлеп. – Президенттен құттықтау хат келіпті. Соны қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің өзі үйге келіп, өз қолымен тапсырмақ екен. Қалған шаруаны сонда ақылдасамыз депті айналайын Имекең.
– Қашан?
– Оны кейін айтамыз деді.
– Қуаныш құтты болсын.
Әзағаң ертесін тағы хабарласты.
– Иманғали бауырым он бесі – мен туған күні келмек екен үйге. Мен жалғыз қалай қарсы аламын, сен келсеңші. Журналистер де келеміз деп телефон шалып жатыр.
– Мен келемін. Тағы бірер кісі болғаны жөн.
– Кімді шақырсақ екен? –деді Әзағаң.
– Бір бастық пен бір ақсақал болғаны жөн. Нұрлан мен Тұрсынбек ағаны шақырыңыз, – деп ақыл қостым.
– Тауып кеттің, – деді Әзағаң.
Осы әңгімеден соң Парижге теле­фон шалып, Олжас Сүлейменовке Әз­ағаңа құттықтау хат жіберуін сұрадым.
Желтоқсан айының он бесі күні таңертең сағат тоғыздан отыз минут өткенде Нұрлан Оразалин, Тұрсынбек Кәкішев үшеуміз Әзағаңның үйінде басқосып, сағат 10-да келмек әкімді күттік. Сол екі арада бір топ журналистер де келе қалды. Әйтсе де Президенттің Алматыға іссапарына орай қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов емес, оның орынбасары Серік Сейдуманов пен әкімнің кеңесшісі Жүнісбек Сұлтанмұратов келді. Әзағаңа Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатын Серік Сейдуманов, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Нұрлан Оразалин, ЮНЕСКО-ның елтаңбасына жазылған Олжас Сүлейменовтің құттықтауын мен оқып бердім.
Сол сәт журналистердің бірі қойын дәптері мен қаламын, бірі түсіру аппаратын қолға алып, әркім өз жұмысына кірісіп кетті.
Серік Тұрарұлы Әзағаңның Иманғали Нұрғалиұлына қандай тапсырмасы бар екенін сұрады.
– Тапсырма жоқ. Рақмет, – деді Әзағаң.
– Тапсырма емес, Имекеңе айтар өтініш бар, – дедім мен. – Жаңа сіз, Серік Тұрарұлы темір тұлпардың кілтін Имекең Әзағаңа өзі тапсырады деп қалдыңыз. Мүмкіндік болса, темір тұлпар емес, пәтер сыйласаңыздар екен. Халық жазушысының ескі пәтерде тұрып жатқаны сырткөз сыншылар алдында да ыңғайсыз ғой. Бұл – бір. Екінші – мерейтойды М.Әуезов театрында өткізуді ойластырып ек. Жалға төлейтін қаржы жоқ бізде.
– Жақсы. Пәтер жайлы өтініш­теріңізді Иманғали Нұрғалиұлына жеткіземін. Театр мәселесін өзім шешемін, – деді Серік Тұрарұлы.
Сәлден соң дастарқаннан дәм тата отырып М.Әуезов театрында өтетін мерейтойдың уақытын жаңа жылдан кейін деп келістік. Сонымен Алла сәтін салып Алматыда өтетін мерейтой мәселесі шешілгеннен кейін Әзағаңды туған жері Шығыс Қазақстандағы оқырмандарымен кездестірсек деген ой келді. Әзағаң жастық шағының ізі қалған Семей қаласын қалады. Әзағаңның келісімін ала салып Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабековке, оның орынбасары Тұрсынғазы Мүсірбековке телефон шалдым. Ол кісілердің келісімін алғасын Әзағаң, Тұрсынбек Кәкішов үшеуміз жолға шықтық.
Бұл 2008 жыл. Ақпан айының 7-жұлдызы. Әуе таксиі аталған «ЯК-40» Семей қаласының әуежайына түске жақын келіп қонды. Аспан ашық. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Екілене соққан ызғырық жел қойын-қонышымызды қуалап, тұла бойымызды тітіркентті. Ұшақ баспалдағынан қала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қарсы алды.
– Қалай, жақсы жеттіңіздер ме? – деп Тұрсынғазы Мүсірбеков.
– Әзаға шаршаған жоқсыз ба? – деп жазушы Рысхан Мусин.
– Алматыдағы ағайын бай-қуатты ма? – деп Абай атындағы Семей театрының директоры Адай Азаматов жарыса хал сұрасып, жік-жапар болып жатыр.
Құшағымыз арулар ұсынған алқызыл гүлге толып, дәстүрлі нан-тұздан дәм татқан соң қалалық мәдениет басқармасының бастығы Нұрқасым:
– Әзағаң суықтап қалмасын, қозғалайық, – деді.
Қол созым жерде тұрған жеңіл машиналарға отырып, Семей мейманханасына келіп ат басын тіредік. Арнайы дайындалған бөлмелерге орналасып, бірер кесе шай ішкесін қарсы алушы топпен бірге Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық университетіне келдік. Университет ауласында қарсы алған ректор Ерлан Сыдықовпен бірге бірден акты залына өтіп, алғашқы кездесуді бастап кеттік. Аса тартымды болған сол кеште Әзағаңа университеттің құрметті профессоры атағы берілді. Дастарқан жайып Әзағаңды күтіп отырғандар көп екен. Рысхан Мусин солардың алдын орап кетпек болып, кешке шайға шақырып еді. Әзағаң:
– Саған бүгін де, ертең де бара алмаспыз. Бүрсігүні Алматыға аттанар алдында баралық. Бүгін кешке кішкентай Халимаға барамыз.Мерейтой ертең кешке театрда дейді мына Тұрсынғазы бауырым, – деді Әзағаң қашанғы сабырлы, сырбаз қалпымен жұмсақ жымиып. Сосын «сен ренжіме, жарай ма?» деп арқасынан қағып қойды.
Бұл жерде Кішкентай Халима кім? – деген сұрақ туған жоқ. Себебі бүгінде «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкерлері Меңтай мен Ербол, роман авторы Әзілхан, оның жан жары Халима есімі Семейде ғана емес, кең байтақ Қазақстанның әр өңірінен жиі кездесетінін елдің бәрі білетін. Әзағаңның жаңа айтқан Халимасы осыдан бір ай шамасында өмірге келген сәби. Оның анасы Қалдықыз әдебиет пәнінің мұғалімі, әкесі милиция капитаны Бешімбаев Руслан екен. Сол Руслан Халима өмірге келісімен Әзағаңа хабарласып, сәбиді Халима апайдың есімімен атауды ұйғарып, рұқсат сұраса керек. Әзағаң болса рұқсат берумен ғана шектелмей, дүкен аралап, сәбиге керектілердің біразын, тіпті жөргегіне дейін сатып алған ғой. Сосын сол заттар мен өзінің кітаптарын Русланның мекенжайына почта арқылы жедел жөнелтіпті. Ұзынқұлақтан Әзағаңның Семейге келетінін естіген кішкентай Халиманың ата-анасы Алматыға телефон шалып, бүгін кешке шайға шақырып үлгеріпті. Уәде – Құдай ісі.
Кешкісін Русланның үйіне келдік. Үй иелерінің қуанышында шек жоқ. Әзағаңның қырқынан кеше ғана шық­қан жас сәбиді қалай аймалап, аялағаны, көрімдік деп Қалдықыздың құрбысына бір уыс ақша ұстатқаны… бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымда. Сәнді де мәнді тойға ұласқан сол жан толқытып, жүрек тебіренткен кеш жайлы кезінде «Әзілхан мен Халима» атты суреттеме жазып ем. Ол «Әдебиет айдыны» газетінде жарияланған болатын. Келесі күні тағы бір кездесу өтіп жатқанда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болып, Әзілхан Нұршайықовқа Семей қаласының құрметті азаматы атағы берілді деген қуанышты хабар жетті. Бұл хабарға мен әрі таңғалдым, әрі қуандым. Таңғалғаным бүгінде Әзағаң жасаған еңбектің оннан бірін жасамағандар алып жатқан осы құрметті атақтардың Әзағаңа тым кеш берілгендігі. Мұның екі түрлі себебі болса керек. Біріншісі – еңбекті дер кезінде бағаламайтын қазақы құнтсыздығымыз, екінші – Әзағаңның кейбіреулердей атақ қуып, өзеуремейтін өзгеше кішіпейілділігі.
Кездесуден шығып, түскі асқа отырған сәтте «Бүгін Семей театрында өтетін Әзағаңның мерейтойына облыс әкімі Кәрібжанов келмейтін болыпты» деген хабар жетті. Мен дереу Өскеменге телефон шалып, облыс әкімі Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжановпен сөйлестім.
– Сәке, мен жұмыстан босай алар емеспін. Бүгінгі кешке орынбасарымды жіберемін, – деді Жәнібек Сәлімұлы.
Жәнібек Сәлімұлы вице-премьер қызметінде жүргенде көрші тұрып, араласып ек. Әңгімені елдің жағдайын, жұбайы Банудың, балаларының амандығын сұраудан бастап, арасында бір әзіл айтып, көңілін көтеріп алдым да, бүгінгі кешке қалайда орынбасарының емес өзінің келуін өтіндім. Біраз пікір алысудан соң Жәнібек Сәлімұлы Семейге келіп, кешке қатысуға уәде берді.
Кәрібжановтың біраз басшыларда жоқ бір қасиеті – уәдесінен таймайтын бір сөзді, табанды азамат. Жәнібек Сәлімұлына рақмет, қыстың көзі қырауда Өскеменнен Семейге ұшақпен де емес, машинамен келіп Әзағаңның 85 жасқа келген мерейтойына қатынасты. Жай, құлықсыз қатынасқан жоқ, жазушы ағасына деген ыстық ықыласын театр төрінде әдемі сөзбен әдептеп, иығына шапан жапты, қолына темір тұлпардың кілтін ұстатты.
Облыс әкімі қуатты серпін берген Әзағаңның Семейдегі 85 жылдық тойы өте сәтті өтті. Театрдың абажадай залы халыққа лық толды. Кеште сөйлеген жазушының қаламдас досы, көрнекті әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев біраз көсілді. Оның көсемсөзіне елге белгілі еңбек ардагері, кезінде Абай ауданында бірінші басшы болған Хафиз ­Матаев бастаған, жазушы Рысхан ­Мусин қостаған шешен сөздер қосылды. Өз кезегімде мен де Әзағаңды біраз асқақтаттым. Әзілхан Нұршайықов жайлы іштен шыққан ішті сөздер әсем әнмен әдіптеліп, сымбаты бөлек сұлу бимен нұрланып, күмбірлеген күміс күймен көмкерілді. Ай мүйізді арқалы ақындар ағынан жарылып, жарқыраған жақұт жырмен жауһар шашу шашты.
Жәнібек Кәрібжанов сол күні кешке облыс әкімдігі атынан берілген банкетке қатысып, Әзағаңа тағы да жүректен шығып, жүрекке жеткен жылы сөздер айтты. Білдей бір облысты басқару оңай ма? Бірінші басшының өзі ғана шешуге тиіс күрмеуі қатты күрделі проблемалар аз ба? Жұмысы бастан асып жатқан, әр минуты санаулы Жәнібек Сәлімұлы сол күні түнделетіп Өскеменге қайтып кетті. Кәрібжановтың кейбіреулердей кеуде көтеріп, көп кергімей Әзағаңа шын жүректен құрмет көрсеткеніне риза болған біз алыс жолда азап көрмей Өскеменге аман-сау жетуіне тілектес болып қала бердік.
– Семейде болған үш күннің қалай тез өткенін байқамай қалдым, – деді Әзағаң Алматыға аттанарда. – Бар білетінім оқырмандарымның ыстық ықыласы көкірегіме қуаныш болып құйылды.
– Оны күлімдеген көзің мен нұр төгілген жүзіңнен көріп тұрмыз, – деді Тұрсынбек Кәкішев. – Осы сапар он жасқа жасардың.
– Он емес, жиырма жасқа, – деді Әзағаң.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың бірінші және ең соңғы мерейтойы 2008 жылы ақпан айының 15-жұлдызында Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында өтті. Әзағаң театрдағы салтанатты жиынды әдеттегідей кешкі сағат алтыда емес, таңертеңгі сағат онда бастау керек деп шешті. Оның себебін әдеттегідей кештен соң банкетке жиналсақ халық шаршайды. Жиналыс пен кешке жайылатын ақ дастарқан аралығында халық демалсын. Бұл олардың денсаулығы үшін қажет, – деп түсіндірді. Мен «Осы қыстың көзі қырауда таңертең халық театрға келе ме? Ойланыңыз» деп едім, Әзағаң: «Жүз адам келсе де аз емес. Мерейтой иесін емес алдымен халықты ойлау керек» деді. «Таңертең театрға кел деп кімді үгіттейсің? Өзінің емес, халықтың қамын ойлаған қайран Әзағам-ай! Сегіз жүз адамдық үлкен залда әртұстан бір төбе көрсеткен селдіреген сирек топпен қалай той өткіземіз? Енді қайттік?» деп уайымдадым.
Қуанышқа орай, мен қатты қателесіппін. Сағат таңертеңгі тоғыз отызда-ақ театр залы халыққа лық толды. «Жарнамасы да көп болмаған мерей­тойға халықтың қаладан ғана емес, алыс-жақын жерлерден ағылып келуі – са­бырлы, сырбаз, көпшіл Әзілхан Нұршайықов­тың елге сүйкімділігі мен талант қуатының бір белгісі» деп ойладым.
Әзағаңның М.Әуезов театрында өткен 85 жасқа толған мерейтойы жайлы кезінде газеттер жарыса жазғандықтан оған көп тоқталып, оқушының қымбат уақытын алмай-ақ қояйын, әйтсе де, осындай өзге шығармашылық кештерде кездеспеген бір-екі көріністі айта кетейін. Әзағаңды құттықтау үшін республикалық «Ұланның» сол кездегі қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов сахнаға шыққанда сексен бестегі сержант Әзілхан Нұршайықов орнынан жеңіл көтеріліп, саптағы жас сарбазша нық адымдап келіп, әскери шені үлкен інісіне сұңқардай саңқылдап сәлем берді. Генерал-лейтенант иіліп тағзым етіп, сержант жазушыға генерал пагоны тағылған сұр шекпен кигізді. Ал Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева студент жастардың тілегі бойынша Әзілхан Нұршайықовқа «Махаббат президенті» деген атақ берілгенін хабарлап, арнайы жасалған диплом тапсырды. Көптің көңілінен шыққан бұл екі көрініс онсыз да мәні мен сәні жарасқан мерейтойды онан сайын көркейте түсті.
Кішкентай кезімнен әке-шешемнің айтатын ақылы: «арақ ішпе, темекі тартпа, өтірік айтпа, орыс қызға үйленбе, үлкеннің жолын кесіп өтпе, кішіпейіл бол, қолыңнан келгенше елге жақсылық жаса, жақсылық қылсаң бүтін қыл және есеппен жақсылық жасама, онда ол жақсылық емес, сауда болып кетеді, кең бол, Алла тағала адамның ниетіне береді» болып келетін. Жастықтан болар, мұндай ақылға көңілім онша толмайтын. «Мұның бәрі арифметика сияқты жеңіл ғой, математика сынды терең ақыл айтса қайтеді» – деп ойлаушы ем. Кейін ойлап отырсам бұл айтылғандар тура жолдан тайдырмайтын бағдаршам екен. Қайта-қайта айтылған ақыл жадымда жатталып қалды да, сол әке-шеше ақылымен өмір сүріп келемін.
Мұны айтып отырған себебім, Әзағаңның мерейтойы мәреге жетер тұста әке-шешемнің «жақсылық жасасаң аяғына дейін жаса» деген сөзі ойға оралды. Қандай тойдың да түйіні мейрамханадағы банкеттен соң алыстан ат артып келген ағайынға ұядай үйде ақ дастарқан жайып, сыр-сұхбат құрумен түйілмей ме? Халима апамыз болса ондай отырыс Әзағаңның шаңырағында өтер еді. Әлия есімді студент немересі күтіп отырған Әзағаңда ондай мүмкіндік жоқ. Жан жары Халимасын жоқтатпай осы бір ауыр жүгін арқалап әкету парыз емес пе?!
Осы ойға табан тіреген мен мерейтойға Астана мен Өскеменнен, Семей мен Жармадан, Шымкент пен Қызылордадан келген Әзағаңның қонақтарын өз шаңырағымда қабылдадым. Ақ ниетпен жайылған ақ дастарқанда Әзағаң жақсы көретін алматылықтар да бас қосты. Біздің заманның Төлегені мен Қыз Жібегі Әбілфайыз аға Ыдырысов пен Зария жеңешем әуелете салған әсем ән, ақындардың аққуы Марфуға Айтқожина оқыған жыр, Әзағаңның Шым­кенттен келген кәсіпкер досы Молдалы Қолдас ағынан жарылып айтқан ақ тілек, Семей театрының директоры Адай Азаматовтың біздің театр «Махаббат, қызық мол жылдарды» сахналап жатыр деген сүйінші хабары, астаналық жазушылар Кеңес Юсуповтың өзі бас редактор болып отырған «Әлем әдебиеті» журналында жазушы шығармасы жарық көргелі жатқаны жайлы жағымды хабары, Қайсар Әлімнің ел газеті «Егемен Қазақстандағы» журналистер мен еліміздің барлық өңірлерінен келген оқырмандардың ыстық ықыласын көрікті ойлармен көмкеруі Әзағаңның көңілін көкке көтерді. Ханқызындай Ханбибі Есенғараеваның: «Шымкенттен бар тірлікті жиып тастап бір сіз үшін жетпедім бе, жүрегімді қолыма ұстап. Сосын ғой қонаққа шақырған Тұрсынбек Кәкішевтің үйінде опырылып отырып алмай, құстай ұшқаным. Шынымды айтсам мен сізге ғашықпын, алсаңыз сізге тиер ем, Әзаға! Кәне, мына тосты екеуміз махаббат үшін ішейікші» деп орнынан тұрып, төрдегі мерейтой иесімен қолы мен қолын айқастырып тұрып, бокал толы шарапты тамшы қалдырмай ішіп алып Әзағаңның ернінен сүйіп алды. «Ту алпыс екі тамырым балқып кетті ғой, О Жаратқан ием, маған жас иіс иіскетіп, Ханбибіні балқытатын жастық жалын бере гөр» – деп сабырлы, сырбаз қалпымен жұмсақ жымиды Әзағаң. Әзілің жарасса атаңмен ойна деген осы. Дастарқанның ажарын ашып, сән-салтанатын асыра түскен сәтті сәттер көп болды сол күні.
Алты сағаттан асқан отырыстан соң Әзағаң Құралай екеумізді құшақтап, бетімізден сүйді.
– Айналайын, асылдарым-ай! Халимашымды жоқтатпай жасаған мына еңбектеріңе қалай алғыс айтарымды білмей, қиналып тұрмын. Тұрсынхан сендерді бекер мақтамаған екен. Ана жаққа барғанда Халимаға да жеткізермін бұл жақсылықтарыңды. Екі дүниеде де ризамын екеуіңе де, – деп қатты толқып, тебіренді.
Сол сәт сабырлы, сырбаз Әзағаңның ойлы, мұңлы жанарынан жалғыз тамшы жас үзіліп түсті…

Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.