«Сен арқылы тіршілікпен тілдесем»

АлшынбековаСенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем, – деп ақын жырлағандай бүгіндері мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп білеміз. Осыған орай еліміздің мемлекеттік шекарасын күзетіп жүрген шекарашылар қауымының қазақ тілінің одан әрі көркеюіне қосқан үлесі орасан зор. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жеке құрамалары мен бөлімдерінде мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі жақсы дамып келеді деп айтсам артық болмас. Өйткені бұл бағытта Шекара қызметінің орталық аппаратынан бастап, әскери бөлімдердің бәрінде дерлік көптеген жұмыстар жүзеге асуда. Үстіміздегі жылдың өзінде Қазақстан халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай Шекара қызметінің құрамалары мен бө­лімдері арасында «Мемлекеттік тіл – тұғырың» атты байқау кең көлемде ұйымдастырылды. Он жылға жуық уақыттан бері дәстүрлі өткізіліп келетін шараға өзге ұлт өкілдері де белсене қатысып, мемлекеттік тілге барынша құрмет көрсете білді. Байқауға қатысушылар арнайы қа­бырға газетін шығарудан және мем­лекеттік рәміздер туралы сайыс­қа қатысып, «Қазақшаңыз қалай?» атты театрландырылған қойылымдарды тартымды ұйымдастыра білді. Жалпы шекаралық құрылымдарда мемлекеттік тілдегі құжат айналымы сексен пайызға жуық орындалып жүр. Бұл көрсеткіш ше­карашылардың қазақ тіліне қос­қан үлес салмағы өткен жылдардағымен салыстырғанда біршама өскендігін байқатады. Мемлекеттік тілді оқытуды біріздендіру мақсатында көптеген әдістемелік оқу құралдары әзірленген. Шалғайдағы шекаралық құрамалар мен бөлімдерде, арнайы сыныптарда сабақ өткізіледі.
Көптеген ұлттың өкілдері қызмет атқаратын Шекара қызметінің офицерлері мен жауынгерлерінің барлығы бірдей қазақ тілін толық меңгерген деп айта алмаймыз. Осыған орай әрбір әскери бөлімдердегі мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі офицерлердің атқарып жатқан жұмыстары қыруар. Мысалы, өздеріне жүктелген жауапты міндетті бұлжытпай орындауға дағдыланған тіл үйренуші әскери қызметшілер мемлекеттік тілді меңгеру барысында берілген тапсырмаларды уақытында орындауға барынша тырысады. Мемлекеттік тілді үйретудің негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің қызмет барысында қазақ тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде үйренуіне ықпал ету және күнделікті қолданыста пайдалана білуіне дағдыландыру. Әскери бөлімдерде мемлекеттік тілді дамытумен және оны толыққанды игеру мақсатында жоспар бойынша апталық сабақтардан бөлек, бөлімдер арасында тоқсан сайын түрлі іс-шараларды ұйымдастырып тұру үрдісі дәстүрге айналған. Мысалы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Сауатты қызметкер» тақырыбында шығарма жазудан жарыс және «Мамандығым – мақтанышым», «Үздік іс жүргізуші» сияқты байқаулар ұйымдастырылып тұрады.
Бүгінде Шекара қызметінде мемлекеттік тілдің мерейін өсіру, офицерлердің іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптау, мемлекеттік тілде дайын­далатын ісқағаздың сапасын арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Әскери ұжымдардағы мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту жолында мәдени-көпшілік, оқу-ағарту шараларын және көрнекті құралдардың атқаратын рөлі өте маңызды. Тәуелсіздігіміздің Елтаңба, Ту, Әнұраны секілді мемлекеттік белгілерінің бір нышаны – ана тіліміз. Бұл дегеніміз бүкіл халқымыздың сан ғасырлар бойы жиналған алтын қазынасы, көзінің қарашығындай сақтаған қасиетті дүниесі. Қалай айтсақ та тіл кез келген халықтың тірегі, ұлттық болмысы. Туған тіліне терең мән берген халықтың әдебиеті мен мәдениеті, салт-санасы мен таным-білімі бар қалпында сақталып, ең бастысы ұлт болып ұйып, мемлекет болып қалыптаса алады. Ал тілдің тізгінін қолдан шығарған ұлттар мен ұлыстардың қай-қайсысы болмасын ұлттық үрдісінен ажырап қалуы ықтимал. Осы орайда Алаштың ардақты ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөзі еріксіз ойыңа орала береді.

Гауһар Алшынбекова,
әскери журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.