Киізді өрнекпен көркемдеп…

Алматыдағы Гагарин даңғылы, 154-ші үйдің жертөлесіне орналасқан ЖШС-не қарасты «Қасиет» шеберханасында еңбек ететін Дамира Девятовамен жұмыс кезінде әңгімелесудің орайы түсті.
– Бөлме іші тақияларға, балалардың құлақшындарына, моншаға арналған қалпақтарға, дорба-қоржындарға, байпақтарға, ойыншықтарға, бір сөзбен айтқанда, киізден жасалған өнімдерге толы екен. Ал өзің түрлі-түске боялған киіз қалдықтарын пайдаға жаратып, ою-өрнек ойып отырсың ғой.
– Осы жерде бір жылдан бері еңбек етемін. «Біреу білмегенді біреу біледі» дегендей, әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім. Жүннен сан түрлі бұйымдар жасауға мүмкіндік бар. Әрі жылы, әрі табиғи болып саналатын материалдан дайындалатын киімдерді тұтынудың адам ағзасына тигізер пайдасы мол ғой. Қазір әртүрлі өрнек үлгілерін әзірлеудемін.
– Шіркін, әйелдің қолы, жүрегінің жылуы тиген нәрселердің бәрі де сүп-сүйкімді болатыны ғажап. Қандай ісмер қолөнершілермен бірге жұмыс істейсің?
– Ж.Түсіпбекова, Г.Адыбекова, Ә.Сисенбаева, Ж.Бекеева, П.Құрышбаева, М.Палымбетова, И.Қыдыр­бекова, Ә.Арыстанова секілді қыз-келіншектермен, апайлармен бірге жүріп жүннен тұрмысқа және шаруашылыққа керекті нәрселерді жасауды үйренудемін. Әрбір ісмердің айналысатын өзіндік шаруасы бар. Біреуі жуылып, таралған жүнді талшықтап жаймалайды. Енді бірі боялған және мата секілді жұқартылған талдырманы қияды. Енді бірі арнайы қалыпты пайдалану арқылы қандай да бір бұйымның нобайын жасайды. Мәселен, қалпақ жасау керек болса бас киімнің қалыбын, ал аяқ киім жасау керек болса аяқ киімнің қалыбын қолданады. Сондай-ақ қалыптың да бірнеше өлшемдері болады.
– Негізінен тапсырыс бойынша жұмыс істейсіздер ғой.
– Шеберхананың директоры Сламхан Айтенов мырза жақсы ұйымдастырушы. Жасаған бұйымдарымыздың сатылуына сол кісі жауап береді. Мысалы, Көктем мерекесі кезінде «Каспий банк» қыз-келіншектерге арнап сыйлық ретінде 4 мың гүл жасауға тапсырыс берген еді. Осындай үлкен тапсырыс болғанда біздің жағдайымыз да жақсарады. Сондықтан киізден бұйым жасауға тапсырыс беретіндер болса бәріміз қуанамыз.
– Ендеше, іске сәт!

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.