Қоңырша қыздың қайсарлығы

конырша-Батырлар жырларының бірі – «Жаскелең» жырында көптеген фольклорлық мотив пен сарын, эпизодтар қамтылатыны анық. Жастардың батырлар жырында бір-бірін түстерінде көріп ғашық болуы; шешесі қызды іздеп шығуына қарсы болғандықтан, жігіттің жолға батасыз шығуы; қыздың еліне келген бойда зынданға түсуі; зынданда жатқан Жаскелеңнің зарын естіген біреуден Қоңыршаның хабар алуы; Қоңыршаның қарауылды алдап Жаскелеңді босатуы; Жаскелеңнің Қоңыршаның қарт анасына барып паналауы жырда шынайы суреттеледі.

Түсімде көрдім, қалқам, сенің жүзің,
Жетер ме сізге сәлем, айтқан сөзім.
Білдірші руыңды, аққұба қыз,
Іздеймін таппасам да менің өзім, – деп Жаскелең түсінен сөйлеп жатып оянады. Дәл сол мезетте басқа елді мекенде тұратын Қоңырша да дәл осыған ұқсас ғажап бір түс көрген екен.
Жаскелең, жатқан жерің Нарын еді-ай,
Бұл дәурен әркімдерден қалып еді-ай.
Бір Алла шыбын жанға бергей аман,
Алдыңда кәпір жауың қалың еді-ай.
Қоңырша менің атым, әкем – Найман,
Тіледім мен де сені бір Құдайдан.
Әуелде берген антың өз мойныңда,
Бір келіп жолықпасаң Алтынсайдан.
Бұл жерде айтпағымыз, жігіттің өзін түсінде көргеніне және іздеп шығу үшін өз-өзіне уәде бергенін бірден біле қоюының өзі Қоңыршаның сергектігі мен сезімталдығын айқын көрсетіп тұр емес пе?!
– Қызды іздеп жолға шығамын, – дегенде 65 жастағы шешесі жалғыз ұлын жат жерге жібергісі келмей әлек салады. Осыдан кейінгі уақытта да жігіттің түсіне тағы да қыз кіреді. Сөйтіп, қыз бен жігіт пәк сезімдерін өлең түрінде бір-біріне түс көріп жатып білдіреді.
Ақыры ғашықтық сезіміне бөленген Жаскелең жолға шығып кетуге мәжбүр болады. Сапар кезінде талай-талай жағдайларды бастан кешеді, неше түрлі ағын суды, қалың тоғайды айналып өтіп, соңында бір алтын сарайға тап болады. Сол жерде бір топ адам оны ұстап алып, аяқ-қолын шынжырлап байлап, зынданға салып тастайды.
Түсімде көріп мен сені,
Өртенеді өзегім.
Енді маған табылмас,
Бұрынғыдай шалықтап,
Жүретұғын өз елім, – деп бастап зарланып, бүкіл наласын төгеді.
– Зынданда бір әдемі жігіт жатыр, қапаста жылайды екен қорлық көріп, – деген хабар ауыздан-ауызға тарап, соңында Қоңыршаға да жетеді. Аты-жөнін, нәсілін білуге құмартады.
Жаскелең деген мырзаның
Көркемдігін сұрасаң,
Шыққан күндей балқыған.
Айбатын оның сұрасаң,
Айдаһардай жұлқынған…
Осылай деген қыз жігітті өз көзімен көруге, бетпе-бет дидарласуға асығады. Күзетшілерді қапыда қалдырып, ақылды, айлалы қыз екендігін және дәлелдейді.
Әкемнің жайын айтамын,
Алтыннан сарай салдырған.
Ол сарайдың сахнасын,
Сары алтынға малдырған.
Тәрбиелі хан Найман,
Сусынын балға қандырған.
Қарағай аула көк торғын,
Сыртынан орлар қаздырған.
Әскері көп хан еді,
Білінбей кетіп қалайық.
Жігітті көрген соң қыз оған ессіз ғашық болады да, бірге қашып кетудің амалын қарастырады.
Тұлпарды сұрап мінген соң,
Дұшпандардан қауіп етпе.
Желіктіріп желерсің,
Аман барып, сау қайтсаң.
Қоңыршадай аруды,
Өз жаныңда көрерсің, – дейді де, шешесі тұратын жердің мекенжайын баяндап, қаз мойын қара тұлпарды қалай да сұрап алу туралы қолқа салады.
Жігіттің қарт анадан қаз мойынды қара тұлпарды және ер қаруы – бес қаруды сұрап алуына Қоңыршаның кеңесі себеп болғаны анық. Артынан қуа шыққан 30 мың қалмақты «қойға тиген бөрідей» 12 күн бойы Қоңыршаның қыруы оның ержүрек жан екенін көрсетіп тұрғандай. Ал осыдан кейін 13-інші күн болғанда қаз мойынды қара тұлпардың әлсіреуі, елде қалған Жаскелеңнің шешесінің түс көруі, оны болжауы, осыған орай қарындасы Аягөздің жылқыдан таңдап алған атына міне салып жолға шығуы, 12 күн жол жүріп дұшпанға жеткен Аягөздің 12 мың адамды жеңуі, сол уақытта Жаскелең екеуі бірін-бірі танымай оқ атып қылыштасуы, екеуінің күші тепе-тең болуы, жөн сұраса келе табысуы, еліне оралуы, той жайы, міне осылардың бәрін дастанда баяндау барысында ауызекі тілдің небір шұрайлы сөздері кеңінен қолданылады.
Жыр жолдарын оқып отырғанда байқағанымыз, Қоңыршаның қандай істі де алдын ала ойластыра білетіндігі және ер-азаматқа керекті жүйрік ат пен қару-жарақ­ты күн ілгері дайындап қойғандығы еді. Қыздың шешесі Жаскелеңді жақсы қабылдап, барын алдына тосып күтеді. Алаңсыз аунап-қунап сол үйде жатқан кезде соңынан қуа шыққан көп қалмақпен Қоңырша жалғыз шайқасады. Молынан тынығып, бес қаруын асынып, қара тұлпарға мініп жолға шыққан кезде ғана жігіт Қоңыршаны көреді. Екеуі қосылып, дала төсінде жауға қарсы бірлесіп қарсы шығады. Он үшінші күн дегенде қаз мойын қара тұлпардың аяғынан әл, мойнынан жал, қабырғасынан қан, тебінгіден тер кетіп әлсірейді. Сол тұста Жаскелеңнің шешесі түс көріп, ұлының басына қатер төнгенін болжап біледі. Қарындасы Аягөз құлаша атымен жетіп келіп, 12 күн бойы ұрысып, 12 мың қалмақты жеңеді.
Қаланың аузын қандатты,
Қақпаның аузын шаңдатты.
Матушке мен маржаны,
Маңыраған қойдай шулатты. Бұл жолдардан қалмақтарды қырып, өлтіріп, жаралыларын жаншыған ғашықтардың ерен қимылдарын көреміз. Осыдан кейін олар елге оралады.
Малын сойды той қылып,
Тойына жұртын шақырып.
Көп халықты жиғызды,
Баршаға қызық көргізді. Дастан осылайша аяқталады.
«Жаскелең» жырында жігіт пен Қоңырша есімді қыздың арасында оянған мөлдір сезім бұрқанып, шегіне жетеді. Одан әрі өзара сыйластық пен түсінісушілікке ұласады. Екі жас бір бағытқа қарап, бір-біріне сенімді серік бола біледі. Міне, дастанның көтерген жүгі осыған саяды. Өйткені жылт еткен, әсіресе қызыл өткінші сезім емес, талай қиыншылықтарды бірлесіп жеңіп, парасат биігіне көтерілген махаббат қана мәңгілік болады екен.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.