Баһаргүл және «Әдемі-ай»

АдемиайБаһаргүл ТӨЛЕГЕН 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Пекин мемлекеттік университетінің биология факультетін 1994 жылы бітірген. Сол жылы ата қонысы Қазақстанға келіп, ежелгі қолданбалы өнерді зерттеуді мақсат етті. Қазіргі таңда «Әдемі-ай Plus» компаниясының президенті, сондай-ақ «Әдемі-ай» журналының құрылтайшысы. Қазақстан Республикасының Мәде­ниет қайраткері. Өмірлік серігі Мұрат Әкімбеков екеуінің шаңырағында Әдемі және Айжамал есімді қыздары өсіп келеді. Ұлттық құндылықтарымызды жинап қана қоймай, еліміздің бай мәдениеті мен тарихын насихаттап жүрген Баһаргүл Төлегенқызымен әңгімелесудің сәті түсті. 

Өнердің ежелгі  туындыларына құштарлық

Отбасымыздағы алты баланың кенжесімін. Әкем Төлеген банк қызметкері болды, ал анам Зұлқиза Тоқайқызының мамандығы мұғалімдік болатын-ды. Анам өте өнерлі жан еді. Қытайдың батыс өңірін «үш аймақ» дейді. Сол жерде тоқыма бұйым өнері қатты дамыған. Жас кезімде анамның инесін сабақтап беріп, шамам келгенше көмектесіп жүретінмін. Ол кісі кесте төгіп, сырмақ жасап, текемет басып, жас жұбайларға арналған неше түрлі киімдер мен төсек жапқыштарды тігетін еді. Біз соның бәрін көріп өстік. Ағаларым жайлы айтсам, бір ағам Қытайда, екі ағам қазір Қазақстанда, ал екі ағам о дүниелік болып кетті.
Кішкене күнімнен өнерге құштар болып өскендіктен де ұлттық жәдігерлерді әспеттеуге, оларды жұрт назарына ұсынуға асық болдым. Қытайда оқып жүрген кезімде қойнауы тарихқа толы талай жерді аралап, сән-салтанаты жарасқан сарайларды көріп, көңіліме ұнаған бұйымдарды жинап жүретінмін. Сол заттардан кәдімгідей коллекция құралды. Кең көлемде болмаса да, шағын мұражайдың сөрелерін толтыратындай жағдайға жетті. Туған елге оралғанымда тіл тұрғысынан біршама қиындықтар көрдім. Алайда күш-жігерімді жанып, жанымды салып жұмыс істедім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық курсында оқыдым. Сол кезде маған «Мен неге өзге елдің заттарын жинай беремін. Одан да өз ұлтымның асыл заттарын жинап, сақтамаймын ба?» деген ой келді. 1994-1997 жылдары өз мамандығым бойынша ғылыми жұмыспен айналысып жүргенімде жергілікті жердегі ежелгі қолданбалы өнердің туындыларын жинастырушылармен танысқан едім. Сөйтіп, Қытайда жиған заттарымды сатып, оның орнына қазақ халқының металдан жасалған бұйымдарын жинауды бастадым. Қазір менің коллекциямда бүкіл Орта Азия халқының сирек кездесетін заттары бар. Мысалы, түркімен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз секілді көршілес елдердің де қолөнер бұйымдары бар. Сол XVIII-XIX ғасырларда көрші отырған елдер бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап тұрған ғой. Сондықтан қолөнерлері де бір-біріне ұқсап жатады. Ал тек қазақ халқының асыл бұйымдарын жинау оңай шаруа емес. Баяғының бай-манаптары сән-салтанат үшін алыста жатқан шеберлерді арнайы шақырып алдырып, үйіне айлап, жылдап жатқызып асыл бұйымдар жасатқан ғой. Қазір олардың бәрі бірдей сақталмаған. Дегенмен, шамам жеткенше жинап жатырмын.
Қазақтың қол өнер бұйымдарын жинап келе жатқаныма талай жылдың жүзі болды. Еліміз енді еңсесін жиып келе жатқан кезде, яғни 90-шы жылдары бұйымдар арзан еді ғой. Өкінішке қарай, сол кезде біраз затты уысымнан шығарып алдым. Қазір сол заттарды іздеп, таппай жүрмін.

Әр затта ұлттық
нышан бар

Халқымыз қолөнерді ертеден қастерлеп, бағалай білген. Шеберлердің көз майын тауысып алтын мен күмістен, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасаған бірегей дүниелері әрдайым жоғары сұранысқа ие. Атадан балаға ұласып келе жатқан зергерлік өнердің мәні мен маңызын алдымен елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне, содан соң шетелге таныстыруды мақсат еттік. Біз бұрын-соңды болмаған қазақтың бір топ кәдесый топтамаларын жасадық. Райымбек, Бәйдібек, Махамбет, Исатай секілді батырларымыздың шағын бейнесін жасап шығардық. Егемендік алғаннан кейін бой көтерген монументтердің шап-шағын көшірмелерін авторларымен бірлесе отырып дайындадық. Мәселен, Бәйтерек тек Астанада тұр. Басқа қалаларда ондай монумент жоқ. Елдігіміздің символы әр қазақтың үйінде тұруы керек деген оймен олардың да кішірейтілген нұсқасын жасап шығардық. Сондай-ақ Түркістандағы тайқазан, Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі де патриоттық сезімді оятатын дүниелер болып саналады. Киелі қобызды, домбыраны, асық пен жауырынды да кәдесый ретінде дайындап, жарыққа шығардық. Әр заттан ұлттың келбеті көрініп тұруы керек. Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміз таңбаланған жәдігерлерден сыр шертіп тұруы тиіс. Біздің басты ұстанған мақсатымыз осы. Көбіне көшпелі өмірдің көрінісін бейнелеуге тырысамыз. Мысалы, «қыз қуу» дейтін ойын бар ғой. Соның өзін кәдесый ретінде дайындадық. Қа­зақтың торсығы неге тек қайыстан немесе теріден жасалуы керек. Оны да қоладан құйып, сыр­тын алтынмен қаптап жасап шығардық. Ер-тоқымның, шаңырақтың өзін кәдесый ретінде жасап жатырмыз. Қысқасы, біз кәдесыйлар арқылы қазақы өмірдің тұтастай бейнесін беруге тырысамыз. Әр жасаған затымыз ұлт өмірінен, өткенінен хабар беріп тұрады. Шетелден, сырттан келген адамдар біздің кәдесыйлар арқылы қазақтың тұрмыс-тіршілігін білуі керек деген ойдамыз. Ұлттық кәдесыйларды жасау бойынша Қазақстанда көшбасшы атандық. Мәселен дарынды сәулетшілер Сәкен Нарынов, Аманжол Найманбаев, Қарағандыда тұратын көрнекті суретші, Мәдениет қайраткері Мұрат Қалқабаев сынды азаматтармен қоян-қолтық араласып, бірлесіп, кеңесіп жұмыс істейміз. Әр ай сайын кемінде 5-6 жаңа өнімді шығарған кездеріміз де болды.

Көз жауын алар
кәдесыйлар

Бүгінде «Әдемі-ай» өнер үйінің қоржынында мыңнан аса кәдесый үлгілері топталған және Қазақстан Республикасы мен Орта Азия елдерінің зергерлік бұйымдары, ат әбзелдері, ерлер мен әйелдер бел­діктері, тұрмыстық бұ­йымдар, сондай-ақ көш­пенді қа­зақтардың киіз үй жаб­дығы, келі-келсап, диір­мен, ошақ, бесік, сыр­мақ, неше түр­лі қы­лыш, ер-тұр­ман, тоқыма бұйымдары, сақи­на, сырға, білезік, тиындар, самаурындар сияқты көне жәдігерлері жинақталған.
Біз  тек темір-терсек жинап қана қоймай, сынған-тозған дүниелерді қайта қалпына келтіреміз. Онымен  жұбайым Мұрат Әкімбеков бастаған шеберлер  айналысады. Олар тәуелсіздік жылдары тұрғызылған ескерткіштер мен Қазақстанның рәміздерінің кішірейтілген нұсқаларын сыйлық ретінде жасайды. «Тәуелсіздік монументі», «Астана бәйтерегі», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі, «Алтын адам», «Исатай-Махамбет», «Бәйдібек», «Қорқыт ата» сияқты туындыларға өз елімізді айтпағанда, шетелден келген қонақтардың қызығушылығының зор екенін байқап отырмыз. Ұлттың иісі аңқып тұратын, елдігімізді біл­діретін, өсіп-өркендеудің нышаны болып табылатын кәдесыйлар әр үйдің төрінде тұрса ғой, шіркін! Мәселен, Астанада ашылған «Қазақ елі» монументі қандай ғажап. Аспанмен астасып жатқан алып монументтің жанында тұрып түрлі ойға берілесің. Талай қырғын болса да жер бетінен жойылып кетпеген, елдігін сақтап қалған мемлекеттің бүкіл тарихы санаңда жаңғырады. Еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілігің үдей түседі. Мен «Қазақ елі» монументі қазақ халқына қойылған ескерткіш деп ойлаймын. Сондықтан біз оны кәдесый ретінде жасадық. Ал Алматыда тұрған Тәуелсіздік монументін біз елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы деп санап, алғашқы болып кәдесый ретінде жасадық. Ол халық арасында бірден сұранысқа ие болды. Жұрт шетелден келген қонақтарға не болмаса өздері сырт елдерге барғанда «біздің тәуелсіздігіміздің символы осы» деп беріп жатады.
Біз ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты насихаттап, ел ішінде көзден таса болған асыл мұраларды өзіндей болмаса да, соның көзіндей етіп жасап, халыққа қайта ұсынып отырмыз. «Әдемі-ай plus» шығарған бұйымдардың суреттерін бір жерге біріктіріп, оларға анықтама беріп каталог шығардық. Соны көрген ағаларымыз «Мынау үлкен дүние ғой. Мұны неге журнал ретінде тіркемейсің? Сөйтіп, мектептерге, мәдени орындарға таратпайсың» деп ұсыныс айтты. Шынында да, біз жасаған каталогтың өзі журналға сұранып тұр екен. Содан оны журнал ретінде тіркедік. Атын елімізге есімі танымал этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыз қойып берді. Кезінде «Әдемі-ай» этнографиялық журналы осылайша дүниеге келген еді. Қазіргі таңда «Әдемі-ай» деп аталатын өнер мұражайы да жұмыс істеп тұр.

Асығың алшысынан түссін…

Осылай аталған кәдесыйды қоғамдағы барлық адамға ұсынғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мәселен, жаңадан жұмысқа тұрған кісіге, дүниеге келген нәрестеге, туған күн, мерейтой иелеріне, қоныс тойын атап өтіп жатқандарға, жаңадан отбасын құрғандарға жақсы тілекпен сыйлауға болады. Біз асықтың бір ғана түрін жасап қоя салған жоқпыз. Алдымен жалғыз асықтың алшысынан түсіп жатқанын жасадық. Онан соң жеті асықтың жантайып жатқан түрін айналымға шығардық. Кейіннен 16 асықтың басын бі­ріктірдік. Ең соңынан 24 асықтан тұтас композиция жасап шықтық. Жалпы, қай нәрсені болмасын дизайнер, суретшілермен келісе отырып түрлендіріп шығаруға мүмкіндік мол. Айта кететін жай, кейбір кәдесыйлардың қасынан «Асығың алшысынан түссін», «Жолың болсын», «Амандық тілеймін» дейтін жазуларды оқуға болады.
Ұлттық құндылықтарымызды, яғни қазақтың қолөнерінің баға жетпес түрлерін шетелдерге таныстыру мақсатында 2000 жылы «Әдемі-ай plus» жеке шаруашылық серіктестігін, ал 2002 жылы «Әдемі» атты өнер үйін аштым. Сөйтіп, тек көне жәдігерлерді жинап қоймай, егемен еліміздің бай мәдениеті мен терең тарихын насихаттайтын, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін ұлттық кәдесый топтамаларын дүниеге әкеліп, патент негізінде шығаруды жолға қойдым. 2007 жылы өзімде бар дүниелерді жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында «Әдемі-ай» деген этнографиялық, мәдени-танымдық журнал шығаруды қолға алдым. Өзім басқаратын «Әдемі-ай plus» компаниясы құрылған күнінен бастап ұлттық құндылықтарға қызмет етуді алдына басты мақсат етіп қойды. Осыған орай дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Ақындар айтысы», «Қазақстан» Ұлттық  телеарнасының «Намыс дода», «Әнші болғым келеді» сияқты бағдарламаларына және «Сағындырған әндер-ай» фестиваліне, Алматы қаласы бойынша өткен «Ұлттық делфийлік ойындарға» да демеушілік жасаған болатынбыз. Осы уақытқа дейін көп­теген көрмелерге қатысып қайттық. 2011 жылы елімізде өткен VII Қысқы Азия ойындарына арнап 15 миллион теңгенің кәдесыйларын жасап ұсындық. Жаз мезгілінде жаңа мекенжайға қоныс аударуымызға байланысты тұсаукесер рәсімін өт­кіздік. Аумағы екі жүз шаршы метр жерді алып жатқан Алматы қаласындағы Шевченко көшесіндегі 133-ші үйдің бірінші қабаты сауда-саттыққа, екінші қабаты мұражай мен көрмелерге, ал үшінші қабаты шығармашылықпен айналысатын адамдарға арналған. Бұл жерде редакциямыз, «ademi-ai.kz» деген сайтымыз бар.
2012 жылы «Хабар» телеар­на­сының «Аймақтар аламаны» бағдар­ламасына демеушілік жасадық. Журналистер арасында «Тіл және БАҚ» байқауына демеушілік жасағанымыз үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бізді алғысхатпен марапаттады. «Қазақ радиосында» «Дала дауысы» бағдарламасын ойдағыдай өткізуге атсалысып келеміз. «Жұл­дыздар отбасы» журналында «Жиыр­ма жылқы және бір түйе» деп аталатын жазылушыларға арналған «Жыл жобасын» ұйымдастырдық. «Хабар» телеарнасының «Ду думан», «Еларна» телеарнасындағы «Жарайсың» бағдарламасының аяғынан тік тұрғызуға септігіміз тиді. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Қанатты әйел – 2012» байқауына да демеушілік жасаған едік. Артынша бізді қала әкімі Ахметжан Есімов алғысхатпен марапаттады. Құдай бұйыртса, 2013 жылдың наурыз айында жеке көрмемді өткізуді жоспарлап отырмын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.