Қасымхан – Жұмат Шаниннің ұлы. Халық артисі Ақсақал Қалмырзаев осылай дейді

KalmyrzaevҚазақ көп жасап, көпті көрген адамды ақсақал деп ардақтайды, құрметтейді. Алайда біздің айтқалы отырғанымыз – Шымкенттегі театрдың байырғы актері, белгілі өнер қайраткері Ақсақал Қалмырзаев. Ташкенттің театр-көркемсурет институтын Нұрмұхан Жантөрин, Бағыбек Құндақбаевтардың соңын ала бітірген дарын иесі. Өз басым оны 1957 жылғы дипломдық спектаклінен кейін көрген емеспін. Сырттай білуімше, қазір зейнеткер көрінеді. Таяуда бір газетке берген көлемді интервьюінде әлі сахнадан қол үзгенім жоқ дегендей етіпті. Лайым, солай болсын. Қас талант иесі – көрерменнің көзайымы. Айтарын батыл айтады, батырып айтады, ешкімнің арына тимей әділін айтады деуші еді, әлгі интервьюден солардың шет пұшпағы көрінгендей бопты. Сол сұхбатты оқыған кезде бұдан жарты ғасырдан астам ілгері Ташкентте қалған жастық шағыммен қайта қауышқандай боп, ерекше күй кештім. Басқа институтта оқығанмен, қаладағы қазақ жастарын шақырған дипломдық спектакль қойған өнер кешінде Ақсақалды бірінші рет көрсем де. Ақсақал Қалмырзаевты, әрине. Енді Ақсақалдың атын атау себебіме келсем, оның шығарма­шылық қызметіне талдау жасап, баға бергелі отырған жоқпын. Неліктен екенін айттым, содан бері дидарын көрген емеспін деп. Ендігі аз-кем әңгіме – ол да сол Шымкент театрында актер боп істеген – аса дарынды, өңі қара торының кертісі болса да, ақ алмастай жарқылдап өткен, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, тек өнер үшін жаралған Қасымхан Шанин жайлы болмақ. Себебін төменде білесіз.
Қасымханмен таныс болдым, жақын араластым, әңгімелестім, сөйлестім демеймін, бірақ көрдім, өнеріне куә болдым. Бір емес, бірнеше рет. Сахнада да, экранда да, дастарқан басында да. Актерліктен бөлек, ол титтей де бұзып-жармай, нақышына келтіріп, құлпыртып тұрып, керемет ән салатын. Менің білуімше, тек халық әндерін. Басқасын естіген емеспін. Домбыра, баянда мүкіссіз ойнайтын. Аудан, ауылдарға концерттік бригадамен шыққанда, сахнаның гүлі болатын, жанып кететін. Ол да баян, домбырамен халық әндерін құйқылжыта шырқайтын тума талант Мұхтар Өтебаев, көркемсөз оқушы, әнші, күлдіргі артист Сейіт Досмағамбетов үшеуі жұптарын жазбай қатар жүріп, қатар тұратын. Үшеуінде де көрермендерді бірден баурайтын тылсым құдірет бар-тын. Мұхтар мен Сейітте кәсіби білім жоқтықтан, жоғары білімі бар Қасымханды да жұрт солай деп ойлайтын. Актерлік қабілеті зор Мұхтар Шымкенттен Алматыға шақырылып, Жасөспірімдер театры мен Әуезов атындағы театрда жемісті еңбек етіп, радио, телевидениеге толып жатқан ән-жырлар жаздырды, «Қазақфильм» шығарған фильм­дерге түсті. Қысқасы, шамасынша шарықтады, талпынды, танылды, әйтсе де, жоғары кәсіби білімнің жоқтығы да білінбей, сезілмей қалған жоқ, бірқатар сыбағадан қағылған кездер де ұшырасты.
Сейіт пен Қасымхан Шымкентте жұмыс істеді. Қасымхан сонау баяғы «Ботагөзден» бастап, біраз фильмдерге қатысты, қырғыз елінің фильмдеріне де түсті. Жетісай музыкалық-драма театрына ауысып, сонда жүргенде мезгілсіз бақиға аттанды. Алматыдағы Мұхтар Өтебаев та бар болғаны 49 жасында дүниеден өтті. Екеуінің де көл-көсір мұрасы қалды. Егер соларды тауып, әжетке жаратар жанашыр табылса, сауапты іс болар еді. Бүгінде Сейіт Досмағамбетов те бақилық. Өмірлерінің соңғы жылдарында бірі анда, бірі мұнда жүрсе де, шымкенттік өнерпаздарды еске алғанда, ол үшеуінің есімін бөліп атау мүмкін емес. Ежелден талантқа бай, Ғайни Хайруллина, Жұмабике Серікбаева, Еркін Садақбаева, Ілесбек Жолдасов, Мұхамедияров т.б. еңбек еткен Шымкенттің орны қашанда бөлек. Онда әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы қайраткерлер, шүкір, бүгін де аз емес. Осы мақаланың жазылуына себепкер Ақсақал Қалмырзаев та солардың бірі. Жоғарыда сөзді Ақсақалдан бастасақ та, ендігі әңгіме Қасымхан жайлы болмақ.
Қасымхан Шаниннің аты шығып, өнерге араласа бастағалы ол жөнінде әртүрлі әңгімелер айтылып жүрді. Өйткені Қазақ ұлттық театрының негізін қалаушылардың бірі, ғажайып режиссер, халық жауы боп атылып кеткен Жұмат Шанинді көп жұрт ұмыта алмайтын. Аты-жөнін айтуға болмайтын кезде базбіреулер сыбырлап айтып, не мүлде үндемей, кейін ақталған соң, ашық түрде әңгіме ететін болды. Ақталуын ақталғанмен, ұмытылмас қайғы-қасіреттің орны толар ма? Қасымханға көбірек назар аударылатыны, фамилиясының Шанин екендігінен еді. Жұмат Шанин. Қасымхан Шанин. Апырай, осы Қасымхан Жұматтың баласы емес пе екен? Солай болса, кәнеки. Жоқ, Жұматтың ағасының баласы. Фамилияларының бір болуы сондықтан. Егер Қасымхан Жұматтың тұяғы болса, репрессияға ұшыраған өзге халық жауларының бала-шағаларындай қысым көріп, азапқа түспес пе еді?! Тұрмыстан көп қиындық көрмей, халық жауының баласы деген қағытпа келемеж естімей өсті. Демек, Жұмат емес, оның ағасының баласы екені рас. Көзі тірісінде өзінен сұрау ретсіздеу болса керек (сұрағандар болған да шығар, кім білсін). Олай ету, біріншіден, бітеу жараны қозғау, екіншіден, егер шынымен Жұматтың ағасының баласы болса, ол кісінің көңіліне кірбің түсіретін іс болар еді.
Солай бола тұра, өз басым Қасымхан Шанинді қалайда Жұмат­тың ұлы болуы тиіс деген ойдан арыла алмай жүрдім. Біледі-ау дегендерден сыр тартып, сұрау салып та жүрдім. Халық артисі Қапан Бадыров бірден: «Жұматта бала жоқ, болса, біз білмей, кім біледі?» деп ат тонын ала қашты. Қарағанды облысына командировкаға барғанда, мәдениет саласында істейтін – Жұмат Шаниннің бауыры Атығай Шаниннен сұрағанда, ол да ашып ештеңе демеді. Қасымханды бес саусақтай білетін Мұхтар Өтебаев ол жағынан хабарым жоқ деп құтылатын. Ал мен Қасымхан Жұматтың ұлы деу­ден танбадым (өзімше). Ондағым, Жұмат Шаниндей тұлғаның соңында өнерлі ұрпағы қалғанына ділгерлік. Қаншама қуғын-сүргін көріп, тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің ұл-қыздарын көріп жүрген жоқпыз ба?!
Жо-жоқ, Қасымхан Шанин Жұмат Шаниннің баласы деп айтқандарды да кездестірдік. Бірақ бәрібір, екіұшты күйде қала берді. Сөйтсек, біле тұрып, білмейміз деп жасырғандардың түпкі ойы қайтсе де Қасымханды аман сақтаудың амалы екенін кейін түсіндік. Кейін болғанда…
Жоғарыда аталған Ақсақал Қалмырзаев атышулы газетке берген ин­тер­вьюінде солай деп ашып айтыпты. Қасымхан Шанинді Жұматтың ба­ла­сы депті. Ағасының қолында өс­ке­нін жасырмапты, шындықты ­жайып салыпты. Қасымхан әлдеқа­шан өмірден өтсе де, бәрібір, шүкір­лік еттік. Осы Алматыда Қасымханның бір кезде Мәдениет министрінің көмекшісі (қазір қайда қызмет ететінін білмеймін) боп істеген Болат деген ұлы тұрса керек. Біз көргенде әкесінің аузынан түскендей сүйкімді, ұстамды жас жігіт болатын. Енді ол Жұмат Шаниннің немересі болмағанда кім болады?!
Қасымхан Шаниннің Жұмат Шаниннің баласы екенін бізден көп бұрын білген, біліп жүрген, бірақ ашып айтудан тартынған адамдар болғанына шүбә жоқ, әрине. Ең бас­тысы, Жұмат Шаниннің ұрпақтары өсіп-өнуде. Осыны тарқатып жазар ма еді, шіркін. Қолға алатын азамат табылар ма еді. Бұл үлкен тақырып қой. Бір үміт шымкенттік Мархабат Байғұтов, Әбділдә Аймақ, Байділда Қонысбаев, Орынбай Шойбеков, Жеңіс Баһадүровтарда десек, оғаш болмас.
Бір түйткілді шешіп жіберген Ақсақал Қалмырзаевқа мың алғыс. Ақсақалға сенбей, кімге сенеміз. Жұмат Шанин аңызға бергісіз тұлға ғой. Қасымханның ерекше дарынына қарап та, оның кім болғанына көз жеткізе беруге болады. Қайран, Жұмат Шанин! Қасымхан Шанин! Рухтарың сөнбесін. Бұл қазақ сендердей даңқты тұлғалармен жасай бермек. Өздерің болмасаңдар, өнерде қалған сайрап жатқан іздерің бар. Нұрларың пейіште шалқысын, аяулы алыптар!

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.