«Дала дауысының» жаңғырығы

«Дала дауысының» жаңғырығы

Таяуда Елордадағы «Қазмедиа» орталығының кино-концерт залында халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті. Кеште Қазақ радиосының директоры Махат САДЫҚ 130-дан астам ән өне­рі дүлдүлдерінің қатысуымен жеті ай­ға созылған байқау өзінің мәресіне жет­кенін атап өтіп, бұл уақыт ішінде тың­дар­мандардың мейлінше көп дауысына ие болған 25 әншіні шын ықыласымен құттықтады.
Таяуда осы радиофестивальге байланысты Қазақ радиосының басшысымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Қазақ радиосы «Дала дауысы» радио-фестивалін қорытындылады. Қандай ой түйдіңіз?
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары қоғамда коммерциялық негіздегі радиотелеарналарды тұтыну сәнге айналғаны жасырын емес. Қазіргі кезде халқымыз өзінің ұлттық тамырына оралғаны секілді отандық рухани азыққа орала бастады. Соның әсері болар, қазір бізге адамдар «Радиодан мынадай ән тыңдағымыз келеді, мынадай мәселелеріміз бар еді» деп өтініштерін білдіріп жатады. Бұның өзі Қазақ радиосы қоғамда үлкен беделге ие екендігін, дәстүрлі әндерді тыңдауға жұртшылық ықыласты екенін көрсетіп отыр. Қазақ радиосы қашанда ұлттық рухты насихаттап келе жатқан бірден-бір ақпарат құралы екені белгілі. Шетелдердің мемлекеттік радиолары ұлттық ән өнерін дамытуға үлес қосады, біз де осы бағытта «Дала дауысы» радиофестивалін өткізу жөнінде бастама көтергенбіз. Ілгері замандағы саяхатшылар «Қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп тамсанған өнеріміз бар ғой. Таудай биік, теңіздей терең, даладай кең әуендерімізді насихаттау мақсатында 2012 жылдың бас кезінде «Дала дауысы» фестивалін өткізуді бастадық. Алғашында бұл қалай болар екен деген күдік басым болды. Бірақ нәтижесі күдігімізді сейілтіп жіберді.
– Фестивальге өнерпаздардың қатысуы қалай болды?
– Мәселен Ресейде «Золотой громофон» деген фестивалі бар. Осы сияқты әр мемлекеттің өз радиофестивалі болуы шарт. Бұл ретте біздікі «Дала дауысы» деп аталды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Нұржан Жалауқызы «осындай істі бастайық» деген ұсыныс айтқан еді. Кейін ұжыммен ақылдаса келе тәуекел еттік. 350-ге тарта әншіден ұсыныс түсті. Олардың 130-ының әндерін біз радио эфирінен бердік. Талап бойынша қатысушылар халқымыздың дәстүрлі және эстрадалық әндерін жоғары деңгейде орындауы тиіс болатын. Бұлардың бәрі таза қазақ тіліндегі әндерді орындады. Қазақ радиосында, Шалқар радиосында және Астана радиосында «Дала дауысы» айдарымен әншілердің орындауындағы әндер рет-ретімен беріліп келді.
– Үміткерлер қалай іріктелді?
– Алғашқы бастамамыз болғасын шетелдік әншілерді шақыруды жөн санамадық. Өйткені ойдағыдай өтпей қалса ұятқа қаламыз ба деп ойладық. Ашығын айтқанда, талантты әншілердің орындауындағы әндерді эфирден өткіздік. Жаңа айттым ғой, 130 өнерпаздың әнін эфирге шығардық деп, соның 50-і екінші айналымға өтті. Солардың ішінен, яғни тыңдармандар мен қазылардың талғамынан көрінген 25 әнші іріктеліп алынды. Былтыр 21 желтоқсан күні фестивальдің қорытынды Гала-концертін «Қазмедиа» орталығының мың кісілік залында өткіздік. Онда «Үздік дәстүрлі орындаушы», «Үздік эстрада әншісі», «Жаңа есім» атты 3 номинация бойынша 25 жеңімпазға «Дала дауысы» кәдесыйын жасадық. Жеңімпаздардың арасында Түркия мен Қытайдың әншілері де болды. Ендігі жолы фестивальдің қорытындысын күз мезгілінде – қырқүйекте немесе қазан айында «Қазақстан» концерт залында өткіземіз деп шештік.
Халық интернет арқылы дауыс берді. Көңілдерінен шықпағандарды фестивальдің номинанты болуға лайықсыз деп айтқандар да болды. Кім дауысты көп алды, солардың жолы болды. Алғашқы фестивальдің сәтті аяқталуы арқылы алғашқы қадамдағы бірқатар ағаттықтарды да аңғардық.
– Бұл енді дәстүрлі фестивальге ­айналайын деп отырған дүние ғой?
– Дәстүрлі болады. Биыл демеушілер тауып жұмыс істедік. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдарына рақмет айтқым келеді. Фестиваль біткесін ақпарат құралдары да жан-жақты қолдап, жазды. Әрине, фестиваль жүріп жатқан кезде ешкім мән берген жоқ. Өйткені бәрі «қаншалықты өтеді» деген оймен сырттай ғана бақылап отырды. Концертке келгесін бұның дұрыс әрі қажет идея екеніне журналистердің көзі жетті. Тпті, Түркияның, Қытайдың ақпарат құралдары «Дала дауысы» туралы жан-жақты жазды. Алдағы уақытта бұл фестивальге 7-8 мемлекетті қатыстырсақ деген ойымыз бар. Сонда бұл ауқымды қызықты шараға айналады.
– Алдағы уақыттың жоспарымен бөліссеңіз?
– Келесі жылдан бастап біз алдымызға қойған мақсаттарымызды толықтай өзгертеміз. Осы жолы бұл фестивальмен арнайы шұғылданатын жеке адам бөлінген жоқ. Радионың ішінде жанашырлық танытқан 5-6 адам ғана жүгіріп, жұмыс істеді. Оларға үлкен алғысымды айтамын. Келесі жылы осы фестивальдің әзірлігімен айналысатын жауапты қызметкеріміз болады. Фестивальдің алғашқы сатысында біз өзімізді таныту мақсатында жұмыс істедік. Ендігі міндет үлкен кәсіби деңгейге қол жеткізуіміз керек. Биыл 25 жүлдегер шықты, алдағы жылы аталымдар бойынша 18 жүлдегер ғана шығаруды жоспарлап отырмыз. Шығыс елдерінде 18 өте жақсы сан болып есептеледі. Осы жаста төлқұжат алады ғой адам. Ендігі радиофестиваль 2013 жылдың ең үздік әндерін анықтайтын болады. Біз енді аталымдар бойынша үздік әншілерді, орындаушыларды, мәтінді жазғандарды, әнін жазғандарды марапаттайтын боламыз. Алдағы уақытта осы фестивальдің қорытындысы бойынша Алматы қаласында концерт қойылмақшы. Шоу бизнеске үлес қоссақ деген ойымыз бар. «Дала дауысы» әншілерді марапаттау ғана емес әншілердің думанды мерекесі. Фестиваль арқылы еуропалық, әлемдік деңгейде шеберлігімізді көрсеткіміз келеді. Қазір «Золотой громофонды» өткізіп жүрген «Радио Российмен» бірге жұмыс істеп жатырмыз. Олар айына екі-үш рет қазақ әншілерінің әндерін 20 минут көлемінде эфирге береміз деп отыр. Жалпы орыс аудиториясы үшін қазақ аудиториясын жаулау қиын емес екені белгілі. Ал біз үшін орыс аудиториясын жаулау оңай емес. Осы бағытта орыс радиосымен келісім жасадық, олар келесі жылы үлес қосуға ниет білдіріп отыр.
– Әңгімеңізге, рақмет!

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ



Принтерден шығару Принтерден шығару