«Қызанақ» қолданысқа енбей жүр

«Термин» қазақшаға аударғанда «шек, шекара» деген ұғымды білдіреді және бір термин тек бір ғана ұғымға сай айтылады. Мысалы, «қызыл» деген сөзді естісек тек «қызыл түсті» еске түсіреміз, ал «жасыл» деген сөзді естісек тек «жасыл түсті» ойға аламыз. Осы қарастырып отырған екі сөз бірін-бірі алмастыра алмайды, себебі олар негізінен бір-біріне сай келмейтін екі ұғымды білдіреді. Сондықтан әр терминнің өзіндік ұғымы, яғни шекарасы болады. Осыдан әр термин тек нақтылы бір сипатты көрсетеді. Қазіргі терминдерді негізінен екіге бөліп қарастырған жөн. Олай дейтін себебіміз, қандай да болмасын халықтардың сөздері тұрмыстық және ғылыми терминдерден тұрады. Тұрмыстық терминдер сонау адам баласының пайда болуынан бастап қалыптасса, ғылыми терминдер ғылымның дамуына байланысты қалыптасқан. Терминдер түрін басқа тілден өз тілімізге аударғанда тұрмыстық терминдердің аударылуы ғылыми терминнен көп жеңіл аударылатыны белгілі, ал ғылыми терминдерді аудару білімділікті және көп еңбек етуді талап етеді. Мәселен, «остановка» сөзін жеке алып қарастырайық. Бұл сөз қазақ тілінде «аялдама» деп аударылған. Өте үйлесімді, көңілге қонымды естіледі және нақтылы бір ойды көрсетеді. Осы аудару әдісін термин жасаудың бірінші шарты деп қарастырсақ, термин жасаудың басқа да шарттары көп болатынына көз жеткізуге болады.
Ал енді өзімізде жоқ терминдерді талдап, сараптау, түрлі дәлелдеме табу арқылы жаңа терминдерді жасау мәселесіне тоқталайық. Бұған ботаника, биология, тағы басқа әдебиеттерде осыдан көп жыл бұрын жарияланып жүрген «помидор» термині жатады және оны «қызанақ» деп аудардық. Осыған қарамастан көкөніс сататын базарлар мен дүкендерде: «Маған қызанақ өлшеп беріңізші» деп айтып тұрған адамды көрмейсің. Терминдерді аудару мәселесіндегі тағы бір әдіс ол бұрыннан келе жатқан қазақ тіліндегі терминді қолданып, басқа бір мазмұндағы жаңа термин жасау. Оған мысал ретінде кейбір авторлардың жер, су, өсімдік аттарын пайдаланып, кейбір заттың бұрынғы атын жойып оған жер, су, өсімдік аттарын теліп, жаңа атау беруін айтар едім. Осыдан соң жер, су, өсімдік және жаңа атаумен аталған зат бір терминмен аталып кетеді, яғни бір терминмен бірнеше ойды білдіріп, түрлі қиындықтар тудырады. Бұл жол термин жасау жолына сәйкес келмейді. Ендігі мәселе ол шет тіліндегі терминдердің нақтылы баламасы қазақ тілінде болғанымен, біздер сол шет тіліндегі терминдерді еш өзгеріссіз қабылдауымыз қажет. Мысал ретінде биология, математика, алгебра, химия атауларын айтуға болады. Міне, терминжасамның түрлі әдістері мен жолдары көп. Осыған байланысты бірнеше ережелерді ұсынуды жөн көрдім: Тұрмыстық және ғылыми терминдердің баламасы үйлесімді болуы; жаңа терминдерді жасауда жаңа сөзді нақтылы пайдалану, бұрынғы терминнен тағы жаңа термин жасамау; баламасы қазақ тілінде жоқ шет тіліндегі терминдерді алғашқы күйінде қалдыру; көп мағыналы бір сөзден және бір мағынаны білдіретін көп сөзден ең тиімдісін қолданып, жаңа термин жасау; бір мағыналы сөздің бір термин болуы; бір терминнің бір сөзбен ғана аударылуы; екі және одан да көп сөзбен аударылмауы қажет.

Дәулеткелді Қияшев,
ҚазҰМУ профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.