«Өмірлік гүлім, өмірлік тынысым…»

«Өмірлік гүлім, өмірлік тынысым...»  «Мынау – дала гүлі, ал сен менің – өмір гүлімсің!». Осылай деп басталатын сезімге толы бұл сөздерді оқып отырып ойға қалмауың мүмкін емес. Иә, бәрі де осы сөздерден, сөздерден емес-ау, жүрегін сыйлауға әзір тұрған жігіттің ғашықтық сезімін білдіруінен басталған…»«Қыз Жібек пен Төлеген»

«Мынау – дала гүлі, ал сен менің – өмір гүлімсің!» Осылай деп басталатын сезімге толы бұл сөздерді оқып отырып ойға қалмауың мүмкін емес. Иә, бәрі де осы сөздерден, сөздерден емес-ау, жүрегін сыйлауға әзір тұрған жігіттің ғашықтық сезімін білдіруінен басталған…
Театр ғимаратының ішінде сол бір мөлдіреген мойыл көзді, қос бұрымы иығына төгілген аққұба қызды көрген сәтінде-ақ есі кетіп, жаңа ғана әңгіме шертіп тұрған достарын бір сәтке ұмытып, барлық назарын жандарынан өтіп бара жатқан үш қыздың ортасындағы көріктісіне аударуы да тегін емес-ті. Өйткені ол бұған дейін дәл мұндай сұлу, әдемі қызды кездестірмеген еді. Мұның жылт етпе сезім емес екенін сонда ұқты. Бұл – шадыман шаттықтың, алаулаған махаббат отының тұтанған шағы еді. Кеудесін тербеген сезімнің сиқыры әзірге өзіне түсініксіздеу ме, қалай… Бәлкім бұл көңілдің сол сәттегі алабұртуы шығар. Мұның бойындағы өзгерісті байқап қалған аңғарымпаз достарының бірі: «Саған анау қыз ұнап қалды-ау, шамасы» деді жанарынан айқын сезілген іңкәрлік ізін байқап. Ол кезде бірден жауап беруге шама қайда! Көз алдынан өте шыққан арудың бейнесі өзіне тартты да тұрды.
Қойылым басталып, Қыз Жібек пен Төлегеннің бір-бірімен сырласқан сәттерін тамашалап отырса да, өзіне ғашық еткен қыздан кеш бойы көз алмай, арман мен қиялдың тәтті құшағына еніп, «қалай таныссам болады» деген ойға қамалып, шешімін таппай қарадай мазасыз күй кешті. «Қой, мұным болмас. Бүйтіп отыра берсем, қойылым да аяқталып, қызбен танысудың мүмкіндігін жіберіп алармын» деп есік жақты ертерек бетке алады. Дала салқын болғанымен, кеудесін толқыта кернеген ыстық сезім суықты да сездірер емес. Көрермендердің сыртқа шығатын уақыты таяғанда, сыртқа ентелеген қарақұрым халыққа мұқият зер салып, бағанағы өзін тәнті еткен қызды іздеумен болады. Бір өкініштісі, оны сол жолы көпшіліктің арасынан таба алмады.
Бұл – белгілі жазушы, «Таңшолпан» романының авторы Әбілфайыз Ыдырысовтың өмірлік жары Заря Мәлікаждарқызын алғаш кездестірген сәттегі көңіл күйі еді.
Міне, содан бері қаншама жыл өтсе де ағамыз үшін өміріне бақыт әкелген осы бір тәтті шақ оның жадында ерекше жатталып қалды.
– Ол кезде қылшылдаған жас жігіттер едік қой, – деп еске алады сол кезді Әбілфайыз аға. – Мен Заряны алғаш көргенімде ес-түссіз ғашық болдым. Оның бойынан ешбір қызға ұқсамайтын сұлулық көрдім. Ол жанында екі-үш қыз бар, театр баспалдағымен жоғары көтеріліп келеді екен. Неге екенін білмеймін, көзім бірден соған түсті. Қандай құдіреттің барлығын кім біліпті, бірақ сол мезетте Заряның айналасы маған нұрға толып кеткендей көрінді…
Әбілфайыз ағаның әңгімесін тыңдай отырып, бұл тек махаббаттың құдіретімен ғана мүмкін болатын әсер ғой дейсің еріксіз. Өйткені «махаббат» дейтін ұлы сезім соны өз жүрегінде мәңгі ұялата білетін жандарға ғана бұйыратын шығар, бәлкім. Олай деуіме себеп, олардың арасындағы әркім де қызығып, сүйсінер мөлдір махаббат. Сөзді Заря жеңгеміз жалғастырды.
– Сол кездесуден кейін бұл кісі мені бір жыл іздепті. Тағдыр деген қызық қой, кейіннен бір жолдасының тойында қайта кездесіп, бір-бірімізді тереңірек тани түстік. Көп күндер араға салып одан хат алдым. Онда «Мынау дала гүлі, ал сен менің өмір гүлімсің» деп жазып, астына «Өзіңнің Алтайың» деп қол қойыпты. Мен не істерімді білмей, біразға дейін өзіме өзім келе алмай жүрдім. Құрбы қыздар «ол саған ғашық» десе де олардың сөздеріне көңіл аудара қойған жоқпын. Бірақ іштей мұның тегін жігіт емес екендігіне көзім жетіп, оған деген құрметім махаббатқа айналып, тағдырымды осы кісіге арнадым ғой.
Әбілфайыздың мен жайлы «бұл әннен жаралған» деген де сөзі бар. Өйткені бұл кісі менің әніме де ғашық болған. Бұл кісі ауырған кезде де мен оны әнмен жазып алдым десем артық айтқандық емес.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, қайбір жылдары Әбілфайыз аға қатты сырқаттанып қалғанда, оның бойы­на күш-қуат берген де Заря жеңгеміздің әндері болғанын Әбілфайыз ағаның өзі де жасырмай айтып берген еді. Ал «Таңшолпан» романының өмірге келуіне де осы жағдай түрткі болғанын білгенде, махаббаттың адам өміріне нәр, көңіліне дем беретін құдіреті бөлек күш екенін сезіне түсесің.
– Осылайша, – деді Заря жеңгеміз, – жас күндерімізде дос-жарандар біздің әнімізге, сәнімізге қарап «Қыз Жібек пен Төлеген» деп атап кеткен болатын. Біз ол кезде «Қыз Жібек» операсынан қос ғашықтың ариясын айтып жүретінбіз. Бізді қазірге дейін «Махаббаттың жыршысы» деп айтады.

«Сен әнсің! Әннен жаралғансың!»Әбілфайыз ағаны өмір еркелетпеді. Ол әке-шешеден ерте қалды. Өмірдің ащы-тұщысын көріп өсті. Жетімдіктің азабын тартып, ата-анасына деген мәңгілік сағынышын бала жүрегінде сақтады. Мектепте жүргендегі оқу-білімге деген құштарлығы оны әсем қала Алматыға жетелеп, осында журналистік мамандық­ты игеріп, өзінің алғырлығының, та­лабының арқасында әртүрлі басылымдарда жауапты қызметтер атқарды. Заря Мәлікаждарқызы ол кезде Қыздар педагогикалық институтының филология факультетінде оқитын. Атақты Қарқаралы өңірінің бұла өскен ерке қызы жастайынан өнерге өте жақын болып өседі. Өйткені бұл өңірдің ұл-қыздары шеттерінен өнерпаз, сал-сері деген атқа ие болған дүлдүлдер-тін.
Заря Мәлікаждарқызы кезінде әсем әндерді нақышына келтіре шырқап, тыңдармандарының таңдайын қақтыратын болған. Асыра айтқандық емес, Заря жеңгеміздің дауысы кәсіби әншілердің өзін таңғалдырып, олар оның өнерге бет бұруына кеңес те берген кезі болыпты. Өйткені әншінің дауыс диапазоны кең болғандықтан, ол небір қиын опералық арияларды шебер орындаған әлі де орындап келеді. Бірақ Заря Мәлікаждарқызының анасы «Әншілікті қайтесің» деген соң, анасының ақылын тыңдап, қалаған мамандығы бойынша оқуын жалғастыра береді. Бірақ ән ол үшін бойындағы туа біткен қасиеті болған соң, өмірінің бүкіл мәніне айналады.
Әбілфайыз аға мен Заря Мәлікаждарқызының таныстығы жоғарыда айтқанымыздай кездейсоқ кездесіп қалудан басталды дедік қой. Әр жағы үлкен махаббатқа ұласып, олар шаңырақ көтереді. Бұл жөнінде Заря жеңгеміз: «Ағаларың соңымнан қалмай қойған соң, студенттер ­тойын жасауымызға тура келді ғой» деп әзілдейді. Әбілфайыз аға ол кезде «Қазақстан пионері» газетінде істейді. Қарымды қаламгер болып қалыптасып, елге танылып келе жатқан кезі. Енді тек асыл жар тауып, отбасын құру басты арманы. «Соның бәрі қазір ойлап отырсаң, бейне бір тәтті ертегі сияқты» дейді өзі. Әрине, жұптары жазылмай 55 жылдан астам уақыт бойы бірге өмір сүріп келе жатқан аға-жеңгемізден тағылым алатын тұстар көп. Соның ішіндегі ең бастысы – олардың үлгілі отбасын құрып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірулері болса керек. Жасыратыны жоқ, кейде өмірдің бел-бе­лестерінде өзіңе құрмет тұтқың келетін, әрбір сөзінен мол өнеге, ғибрат алатын жандарды іздейсің. Ал кездестіре қалған сәтіңде солардың бойындағы барлық асыл қасиеттерді көңіліңе түйіп, өміріңе шамшырақ еткің келеді. Сол себептен де біз Әбілфайыз аға мен Заря жеңгемізбен болған кездесуімізде олардың әдемі жарасымды өмірін, қызықты жастық шақтарын, бір-біріне деген махаббат сезімдерін білдірген ұмытылмас сәттеріне қаныққымыз келіп, отбасылық өмірдің мән-мағынасы, ер мен әйелдің арасындағы шынайы сүйіспеншілік, адалдық, биік адамгершілік қасиеттер жөнінде білуге құмарта түстік.
– Екеуміз қол ұстасып үлкен өмірге қанат қаққалы жарты ғасырдан асса да, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатырмыз. Бір-бірімізге серік болып, өмірдің барлық асуларын еңсеріп келеміз. Менің өміріме, шығармашылығыма дем беріп, қиналған сәтімде қанаттандырып отыратын да бір өзі, – дейді Әбілфайыз аға асыл жарына деген ерекше құрметін сездіріп.
Осындай өзара сүйіспеншіліктен туған «Таңшолпан» романы өздерінің жарастықты өмірлеріне арналса да, әдеби туындылардың ішінде бүгінгі жастарға жол көрсететін ақыл кітабы тәрізді. Қазір жасыратыны жоқ, жастардың үйлене салып, ажырасып жатуы да олардың бір-біріне деген махаббаттарының лап етіп жанып, тез сөніп қалуынан, отбасылық өмірді көздің қарашығындай сақтамауға ұмтылмауынан деп білеміз. Ал «Таңшолпан» романы біз үшін несімен қымбат? Ол ең алдымен үлкен өмірді бірге жүріп өткен қос ғашықтың риясыз көңілдерінің қай кезде де болмасын таза болуында, махаббат отының лаулап тұруында. Ал осы романның бас­ты кейіпкерлері Әбілфайыз аға мен Заря жеңгеміз арасындағы шынайы сүйіспеншілік қай-қайсымызға да үлгі болып қала бермек. Өйткені әдеби туынды қанша жерден сезім мен қиялдан, қала берді көркем суреттеуден тұрады десек те, «Таңшолпан» романынан қос ғашықтың бір-біріне деген риясыз сенімін, соңғы демі қалғанша сүйіп өтуге серттескен адал, кіршіксіз махаббаттың нышанын көреміз.
Әбілфайыз ағамыз бен Заря жеңгеміз айналасындағы адамдарды, дос-жарандарды өздерінің шынайы махаббаттарына тәнті етіп қана қоймай, бақытты отбасын құра білген абзал жандар. Дегенмен, бұл айтуға ғана жеңіл, өйткені отбасы шаттығын орнатудан бұрын оны сақтау қиын, берекесіне ұйытқы болудан бұрын оны да ұстап қалу қиын. Сол себепті де екі адамның көңіл жарастырып, ғашық болуымен бірге бұған жоғары парасаттылық пен асқан жауапкершілік қажет. Біз Ыдырысовтар отбасынан осындай асыл қасиеттерді байқаймыз.
«Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнін тәрк етті. Өз ғұмырын арнады. Отбасыма алтын босаға боп бекіді. Бақыттың, барлықтың қазынасы боп кірді. Рыздығымның, молдығымның байлығын тасытты. Мақтан тұтар – ұл, көзге көрік – қыз әкелді дүниеге. Балдай тәтті немерелер өрбітті маңайыма…Бағымды, сағымды көтерді. Мерей, беделімді өсірді. Асқақ етті. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиетімді тәрбиелеуге тырысты. Парасатымды биіктетуге күш салды. Жамандығымды жасырды. Жақсылығымды асырды.
Жаным бай адам болуыма барын салды. Көңіліме гүл екті, көктем етті. Жүрегіме нұр екті, өктем етті. Қатарымнан қалмауға сүйреді. Алға жетеледі. Қателессем, қатемді көрсетті. Адассам, алдыма жарық шашты. Дұрыс жолдың есігін ашты. Шаршағанда – бел, жасығанда – ер болды». Қандай ғажап сөздер! Неткен іңкәрлік! Мұндай асыл сөздерді ақтару тек жаны таза, көңілі ақ, жүрегі пәк адамның ғана қолынан келер, сірә. Ондай жан Әбілфайыз аға екеніне сенбеске лажың жоқ. Өйткені «Таңшолпан» романы арқылы Әбілфайыз аға өзінің бойындағы адал сезімді білдіріп қана қойған жоқ, ол сонымен қатар қазақ жігітінің өз жарын қалай сыйлап, қалай бағалай білетінін өмірлік деректер, нанымды суреттер арқылы паш етті емес пе?!
Ал енді Әбілфайыз аға мен Заря жеңгеміздің махаббаты қалай басталып еді? Негізі «Таңшолпан» романын оқығандар бұл жөнінде жақсы хабардар болуы тиіс. Әбілфайыз аға өзі де «Барлығы осының ішінде тұр» деп кітапқа сілтеме жасағанымен, көңіл түкпірінде жатқан құпия сырларды әңгімелеп беруді өтінгенімізде, ағамыз тартынған жоқ. Өзі айтпақшы, «бар асылын сыйлаған, керемет сұлулығын қиған» Заря жеңгеміз туралы іштегі сырларын бірінен соң бірін ақтарды. Міне, нағыз ғашықтық кепілі осы емес пе?! «Тіл жүректің сөзін сөйлесе жалған шықпайды» демекші, Әбілфайыз ағаның айтып отырған әңгімесі тура жүректің өзінен сыр болып ақтарылып жатқанын сезе түскендей боласың.
Байқағанымыз, Әбілфайыз аға асыл жары Заря Мәлікаждарқызы туралы таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар.
Ғашықтардың өмірі қай кезде болмасын тұңғиық сырларға, ғажайып сәттерге толы болып келетіні белгілі ғой. Жігіттік шақтың, серілік дәуреннің қызықты сәттері, махаббат дейтін әлемді тұрақты мекен еткен жастар, сірә, адаспас. Өйткені махаббаттың шаттық сыйлаған, көңілге қуаныш ұялатқан кездері әр адам үшін қымбат болып қала беретіні сөзсіз.
Ағамыздың болашақ жарын талмай іздеуі, артынша бір тойда жолықтыруының өзі бір хикая.
– Заряны театрда кездестіріп, артынан жолыға алмай қалғаннан кейін көп іздедім. Ақын Ізтай Мәмбетов дейтін досымды ертіп алып, ол кезде астымда мәшинем болатын, Алматының бүкіл жоғары оқу орындарын аралап шығамыз. Театр, кинотеатрларға барамыз. Талпынысымыз босқа кеткендей болады. Заряны еш жерден таба алмадық. Үмітім үзіле бастады. «Шіркін-ай, сол аруды тағы бір кездестірсем, жанына жақындап, барлық сырымды ақтарар едім ғой» деп қоям батырсынып. Шын ғашықтың не екенін сол кезде түсіндім ғой. Оған дейін бұлай ғашық болып көрмеппін. Бірақ іздеген әрекетімнен нәтиже шықпай, қиналып жүрдім. Содан не керек, әйтеуір бір күні тойда жолықтық. Қуанышымда шек жоқ. Қыздар институтының филология факультетінде оқитынын білдім. Көз алмай қараймын. Заря сол кеште әдемі ән салды. Дауысы да керемет екен. Отырғандардың бәрін тәнті етіп, таңғалдырды. Әу баста «Бір көріп ғашық болған сүйіктімді тапсам, жолықсам болды, бәрі де табанда өз орнына келеді. Онымен танысамын. Аты-жөнін кім екенін білемін. Сөйтемін де оған ғашықтығымды мөлдіретіп алға жаямын. Ол оны қалтқысыз қабыл алады. Құшағын жаяды. Мендік болып шыға келеді. Содан бастап ғажап өмір сүре бастаймыз. Сөйтіп, бірден бақытты бола қаламыз» деп қиялдағам. Бірақ Зарямен жолыққанымда «Ол менің сезімімді қабылдай ма? Мен оған ұнаймын ба? Теңмін бе? Лайықпын ба? Мен сүйгенмен, ол мені сүйе ме? Мен ғашық болғанмен, ол да маған ғашық бола ма?» деген толқудың жетегінде отырдым. Бір кезде ән айту кезегі маған да жетті.
– Кезек сіздікі, – деп жымиды Заря маған қарап. Осынысымен-ақ ол маған әлдеқандай керемет рух бергендей болды.
– Мен дауысым жетсе, елімнің Ахмет деген әйгілі адамының «Аққұм» деген әнін айтайын, – дедім де, әндегі Іңкәр есімді қызды Заря деп елестетіп, әнді салған жерден өзіне арнай айттым. Ғашықтық сезімді әнмен жеткізгім келді. Бәлкім, менің жүрек сырымды ән арқылы да ұғар деген дәмем де жоқ емес.
Маған ерекше шабыт бергені Заряның менің айтқан әніме қосылып, қолдау көрсеткені. Менің дауысым одан сайын аспандап, көңілім биіктей түсті. Арқаланып кеттім. Әлдеқандай құдірет демеп, үніме үн қосқандай болды.
– Әбілфайызды көргенімде оның маған ғашық екенін білген жоқпын. Сол күні үстел басында жастар көп болдық. Әндер шырқалып, әдемі әңгімелердің де тиегі ағытылып, көңілді отырмыз. Мен өзім өнерлі өлкенің қызы болғандықтан, ән салуға бала кезден жақын болдым. Мақтанғаным емес, отырғандардың барлығы менің айтқанымды ерекше қалап, өнерімді жоғары бағалайтын, – дейді Заря Мәлікаждарқызы.
Білуімізше, Әбілфайыз аға ғашық еткен сүйіктісінің жүрегін жаулауға батыл кіріскен көрінеді. Қыздың қандай екенін көрді. Әншілігі де тамсандырды. Енді бөгелуге болмайды. Не де болса алғашқы қадамын жасап көрмек. Сөйтіп, өзінің суреті бар хат жолдайды. Енді бірде Әбілфайыз аға нақсүйерін жатақханаға іздеп келгенде, ол шыға қоймаған екен. Бұған Әбекең көп ренжи қоймайды. Өйткені әрбір қыздың бойында өзіне тән наздылық, жігіттің алдындағы өр сезім болатынын біледі. Әдетте шынайы махаббаттың өзі осылай басталмайтын ба еді? Ғашығының шықпағанының өзін жақсылыққа балап: «Жарайды, тағы да бір реті болар» деп көңілін түсіре қоймайды. Әйткенмен, арада шынайы достық орнап, үлкен махаббаттың басталар шағы болатын бұл кездер.
Әңгіме арасында Әбілфайыз ағамыз Заря қыздың шоқтай қызыл ернін алғаш қалай өпкенін айтып берді.
– Бір күні Зәкіжан (ағамыз сүйікті жарын осылай деп еркелетеді екен – Т.Д.) ауруханаға түсіпті. Содан халін білуге ауруханаға келіп, палатаға кірсем, Зәкіжан көзі жұмулы, шалқасынан жатыр екен. Бірақ жаңа ғана есік тықылдатқанымда: «Кіріңіз! деп еді ғой. Ол екі арада оның бірден қалғып кетуі мүмкін емес қой. Шамасы мен не істер екен деп сынап жатқан болуы керек. Сол сәтте менде бір батылдық пайда болды да демімді ішке алып, қасына жеттім де еңкейіп барып ернінен сүйіп алдым, – дейді күліп.
– Әбілфайызды барлық достары Алтай дейтін. Мен де Алтай деп кеттім. Алтайдың маған ғашық екенін, менде ойы бар екенін білген соң өзім де оны бірталай байқап, сынап жүрдім. Өзі әжептәуір жігіт сияқты. Оқыған, көзі ашық. Қыздар жалпы, қумыз ғой. Бәрін байқап отырамыз, – деді Заря жеңгеміз сол замандағы қыздарға тән әдемі биязылықпен.
Әбілфайыз ағаның Заря жеңгемізге ынтық болып, өзінің бар көңілімен ұнатуы, ол сезімдердің барлығын ғашығының алдына алақандағыдай ­жайып салуы тіпті де керемет қой. Кейде махаббаттың берік орнауына осындай да өжеттілік керек-ау деп қаласың.
Әбілфайыз аға: «Сен әнсің! Сен әннен жаралғансың! Сенің табиғатың әсем әннен жаралған. Сондықтан мен сені бірінші көрген сәттен-ақ маған Жаратушы иемнің өзі сыйға тартқан мендік ғажап әнге баладым. Сен сол сәттен, менің аңсап тыңдар әніме айналдың. Иә, сен менің ғұмыр бойы құмарым қанбайтындай аңсаған әнімсің! Өмірлік сәнімсің! Міне, мен сені не үшін шын сүйем! Ақылың үшін сүйем!…Сендегі ақыл мен ән мәңгі тозбайтын сұлулық! Шын сүйгенің болу, шын сүйікті болу қандай керемет! Одан асқан бақыт жоқ. Мен: «Ең ғажап сұлуды алдым. Оның екінші ғашығы – ән!» деп «Таң­шолпан» романында жазғандай, оларды табыстырған әннің құдіреті болды.
– Зәкіжанның ән салу өнеріне елтіп, еліктей жүріп мен де шындап «әу» деуді әдетке айналдырдым. Қонақта, той-томалақта екеуміз әнді қосылып шырқайтын болдық. Әу бастағы алғашқы таныстықтағыдай, ән сазы үстінде бір-бірімізді жаңа көргендей назданысып, сағынысып қайта табысамыз. Бір-бірімізбен қол ұстасып, көз қадап, мөлдіресіп, жаңа ғана табысқандай күй кешісеміз. Жүрегіміз лүпілдесіп, жүзіміз нұр жанады. Әнді үзбей айта бергіміз келеді. Ән толқыны үзілмесе екен дейміз.
Сөйтіп жүріп біз жеке әндерді бірігіп орындауды қойып, опералық арияларды шырқайтын болдық. «Қыз Жібек», «Біржан мен Сара» операларынан үзінділер орындау әдетімізге айналды. Заря Жібек пен Сараның арияларын үзілте шырқайды. Мен Төлеген боп толғанам, Бекежан боп арындаймын! Біржанның «Халаулайына» басам. Бірақ опера кейіпкерлеріне айналғанда менің міндетім көбіне Заряның дауысын «ашуға» дәнекер болу. Осы «үй артистері» бола жүріп, біз «Қыз Жібек пен Төлеген» атандық. Жора-жолдастардың, жаңадан тапқан достардың, той-думанын былай қойғанда, тіпті достарымыздың әдепкі қонақасылары да бізсіз өтпейтін болды.

Сұлулық сыры
Иә, замандастары «Қыз Жібек пен Төлеген» атап кеткен олардың өнерлері де, өмірлері де әнмен өріліп, әнмен сабақталып жатты. Әннің тылсым сырына терең бойлап, оны жүрекпен сезініп айту үшін де адамға ерекше дара қасиет керек екені сөзсіз. Біз олардың отбасына арнайы келіп отырып, ағамыз бен жеңгемізден бір тамылжыған ән сұрамай кете алмадық. Олар өтінішімізді қабыл алып, небір керемет әндерді қосыла шырқады. Заря жеңгеміздің опералық дауы­сы тіптен керемет. Бөлменің ішін жаңғыртып жіберердей күшке ие. Ғажайып әндерді бірінен соң бірін тыңдай отырып, «Бақыттың кілті неде?» деген сұраққа жауап тапқандай боласың. Әнсіз махаббатты, махаббатсыз әннің өзін елестету қандай қиын болса, Әбілфайыз аға мен Заря жеңгеміздің бүкіл саналы өмірлері осы әннің құдіретін арқа тұтумен келе жатыр. Ол кісінің әншілігіне  риза болып, бір кездері Мұхтар Әуезовтің өзі оң бағасын берген көрінеді. Ал Әбілфайыз аға болса: «Заря маған жар болмағанда атақты әнші, халық артисі болар еді» деп әзілдейді.
Заря Мәлікаждарқызының бойын­дағы көркемдік сыры неде дегенге келетін болсақ, ол кісінің айтуынша оның бойындағы сұлулық табиғаттан берілген. Ол жас кезінде құрбылары сияқты бетін опалап, ерніне бояу жағып әуре болып көрмепті. «Менің бойымда, әдемілік табиғаттың бергені. Сонымен қатар әдемілік ол адамның мінезіне де байланысты. Айналаңдағы адамдарға мейірімді болу, ашуланбау, қызғаншақтық, көреалмаушылық сияқты қасиеттерден ада болу. Бір сөзбен айтқанда, адам тек қана сыртымен емес, ішкі дүниесімен де сұлу болу керек» дейді жеңгеміз.
– Әйел адам үйдің берекесі. Біріңді-бірің бағалау отбасына көп байланыс­ты. Отбасында ең алдымен әйел адам төзімді болуы керек. Әйел, ана өзінің төзімділігімен барлық қиындықты жеңе білген. «Жұмақ анаңның табанының астында» деген сөз бар ғой. Қазір үлкен ана болдым.
Ерлан, Құралай деген балаларымызға жақсы тәрбие беріп, жақсы азамат етіп өсіруге тырыстық. Ерланымыз ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте үздік оқыды. Өз бетінше көп оқитын. Құралай деген қызымыз да менің жолымды қуып филология факультетін тәмамдады. Немерелеміз бар. Барлығы бізді аялайды, жақсы көреді. Ендігі арман сол немерелеріміздің тойында төрде отырып ән салу. Өмір мені Әбекең сияқты асыл азаматпен кездестіргеніне ризамын. Әбекең өте қарапайым жан, кішіпейіл. Артық сөзі жоқ. Дос­тарына сыйлы. Шәкірттері де құрметтеп тұрады. Ол мені өзінің бойындағы осындай қасиеттерімен бау­рады. Бұрын біздер өмірлік жолдас таңдағанда жеке бастың қасиеттеріне мән беретінбіз. Ал қазіргі жастар өкінішке қарай әке-шешең кім, руың кім, тегің кім, қызметің қандай деп барлығын сұрайды екен. Мен осыған қынжыламын. Біздің кезімізде ондай болмайтын. Сүйдік, ұнаттық па болды. Махаббатты бірінші кезекке қоятынбыз.
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болмай тұрмайды. Әбекең кейде бір нәрселерге ренжігенде, ең бірінші басу айтамын. Өзінің мінезі сондай, көпке дейін үндемей қояды. Бірақ ренжіген адамына кек сақтамайды. Ертең-ақ ұмытып кетеді. Шығармашылық адамы болғаннан кейін көңілі нәзік, жүрегі әр нәрсеге елжіреп тұрады. Отбасылық өмірімізде бәріне де тәубе дейміз. Осынша уақыт бірге жүргенімізге. Ел қатарлы өмір сүрдік. Ешкімнен кем болғанымыз жоқ. Бәрімен бірдей сыйласып, құрмет көрсетіп жүреміз. Қонақты жақсы көреміз. Өте көп отбасылармен араласамыз. Достарымызды, жора-жолдастарымызды көрмесек, жағдайларын білмесек, хабарласпасақ отыра алмаймыз. Бұл баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Қонақ күту, қонаққа бару бізді адамдыққа үйретті, үйіңде адам қабылдауды үйретті.
Әбекеңнің ерекше қасиеті маған өмір бойы открытка жазып келеді. Әр мейрам сайын әдемі сөздерін арнайды. Өмір бойы осылай жасап келе жатыр. Мен үшін одан асқан сыйлық жоқ. Бұл біздің үйдегі дәстүрге айналып кеткен. Әбекең жазып сыйлаған сол «открыткаларды» кітап етіп шығару ойымда бар. Оларды әрдайым оқып, қарап отырамын. Бұл бір тарих. Бұл менің өмірім. Ертең өзге де жастарға үлгі болсын деген мақсатым бар. Өйткені біздің арамыздағы осындай сыйластық жастарға үлгі болса екен деймін. Мейрамдардың бәрінде, менің туған күнімде жазып қояды. Маған ұсынады.
Әбілфайыз аға кетерімізде: «Жарларыңды сыйлаңдар. Жарларың сендерді сақтайды. Егер махаббаттарың шынайы болса, ол өмір бойы сендерді нұрландырып өтеді. Жандарыңа қуат береді. Отбасылық өмірде осыны ескеру керек. Өмірде түрлі қиындықтар болмай тұрмайды. Әсіресе ер адамның басында. Сол кезде өзіңді ең бірінші қолдайтын, демейтін бұл сенің жарың, зайыбың» деген тілегін айтты.
Ғұмыр бойы тату-тәтті тіршілік ке­­­шіп, жарасымды өмірдің туын жықпай ке­­ле жатқан Әбілфайыз Ыдырысов пен Заря Мәлікаждарқызы махаббатын бір­шама сөз еткендей болдық. Айтылмай жат­қан әңгімелер қаншама әлі. Бүгінгі жас­тар осындай үлгілі отбасылардан, олар­­дың тау шыңындай биік махаббаттарынан үл­гі алып жатса, қандай жақсы. Әбілфайыз аға өзінің жан жарына көп әдемі сөздерін арнайтынын білдік. Ол әдемі сөздердің ішінде жүректі тебірентетін, көңілге қуаныш, өмірге шуақ сыйлайтындары аз емес. Осы мақаламызды Әбілфайыз ағаның Заря жеңгемізге арнап жазған, ғашықтық сезімге толы мына бір сөздерімен аяқтауды жөн көріп отырмын. Өйткені бұл сөздерде ерлі-зайыпты жандардың бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігі ғана емес, сонымен қатар отбасылық өмірдің күллі болмысы көрініс тапқандай.
«Елу жыл бойы Өмірлік гүлім, Өмірлік тынысым, Өмірлік зәмзәмім болдың. Алда да, ақырғы деміміз біткенше солай, мәңгілік жұпар иісі гүлім болып, солай ерен сұлулығыңмен, мәңгілік пәктігіңмен, мәңгілік нәзіктігіңмен, мәңгілік әсем әніңмен өзгермей қала бер. Сенің нұрыңсыз біз қалай өмір, тіршілік етеміз. Сенің нұрлы жүрегің, нұрлы ақылың, нұрлы қамқорлығың ғой, біздің өмірімізді бақытты, шатты етіп келе жатқан….»

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Махамбет

    Елдің ең басты сұрағы: «Ұлдарыңызды неге миын ауыстырмаса ана тіліне миы жетпейтін (өз сөзі), сауатсыз, намыссыз етіп өсірдіңіздер?»

  2. Дика

    Қандай керемет мақала. Қазіргі заманның жастары үшін тәрбиелік мәнісі зор мақала. Таңшолпан романын қайдан табуға болады?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.