«Алғашқы сурет дәптерім қара жер болатын…»

Суретші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, профессор Тоққожа Қожағұловпен сұхбат.

Тоққожа Мұқажанұлы 1962 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. 1984 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1984-1987 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет істеген. 1987 жылдан бастап Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында (қазіргі ҚазҰПУ) оқытушы.

– Тоқа, Сіз біздің елімізде кенже дамыған портрет жанрында өнімді еңбек етіп жүрген қылқалам шеберлерінің бірісіз. Әңгімемізді осы жанрдың пайда болу тарихынан бастағанымыз жөн шығар.
– Бұл жанр сурет өнеріндегі күрделі жанрлардың бірі. Оны біреулер фотографиямен ұқсастырады. Алайда ол екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Айтайын, портрет белгілі бір тұлғаның ішкі әлемін, мінезін, табиғатын ашатын құрал. Осындай қасиеттерін аша білу, әрине, суретшінің шеберлігіне байланысты. Бұл жанрда суретшінің де көзқарасы айқындалады.
Портрет жанры адамзат баласының пайда болуымен бірге жасап келеді. Оған есте жоқ ескі замандағы тасқа қашалған суреттер куә. Соның негізінде бертінде бұл өнер небір таланттардың дүниеге келуімен дамып отырады. Ал оның өрлеу дәуірі Леонардо да Винчи, Микеланджело, Тициан, Дюрер, Веласкес, Рембранд сияқты ұлы суретшілердің есімдерімен тығыз байланысты. Бұлар бояумен шебер жұмыс жасай білумен қатар, психологиялық тереңдікке бойлай алған дарабоздар. Рембрандтың қарама-қайшылықтарды шешу әдісі, Веласкестің бояу табудағы шеберлігі, Репиннің образды шешудегі жетістігі таңғалдырмай қоймайды. Бұлардың қатарында Рафаэльдің де есімі аталуы заңды.
Бертінде орыс суретшілері Репин, Крамской, Перов және т.б. дарын иелері портрет жанрында ізденіп, жоғарғы жетістіктерге жетті. Олар өз туындыларына ұлттық бояу, ұлттық сипат бере білуімен ерекшеленді.
– Қазақтың бейнелеу өнеріне қарай ойыссақ…
– Біздің бейнелеу өнеріміз өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап кәсіби арнаға түсті десем жаңсақ бола қоймас. Оның көш басында, әрине, Әбілқан Қастеев тұр. Тырнақалды туындысы «Автопортреті». Осы алғашқы туындысымен-ақ Қастеев – Қастеев болып қалды. Шығармаларында тазалық тән ондай суретші сирек шығар. Бұл жерде мен оның жас кезіндегі дүниеге әкелген туын­дылары жөнінде айтып отырмын. Енді 50-60 жылдардағы сурет өнері төңірегінде аз-кем әңгіме қозғайық. Бұл кезең өздеріңіз жақсы білесіздер, қызыл империяның жалаң ұрандары жалындап тұрған шағы. Еңбек адамының бейнесін сомдау деген науқаншылдық әдебиетті, оны жасаушы көркемсөз иелерін қалай тығырыққа тіресе, қылқалам шеберлері де сол мәжбүрлеу сая­сатынан тысқары қала алмады. Әрине, біз бұл жерде бейнелеу өнеріне 60-шы жылдары келген суретшілердің аяқ алысындағы артықшылықтарды бөле-жара айта кетуіміз керек. Бұл буынның ерекшелігі – туындыларына ұлттық тұрғыдан келуге ынта туындатуын­да, айрықша назар аударуында болса керек. Ол кезде мұның өзі үлкен ерлік болатын. Біз Қ.Телжановты, С.Мәмбеевті, М.Кенбаевты сол биіктен көреміз. Сол суретшілердің қатарына С.Айтбаевты, А.Ақанаевты, Т.Тоғызбаевты, О.Нұржымаевты, тағы да басқа таланттарды жатқызуға болады.
– Бүгінде біз әдебиетіміз бен өнеріміздің алтын дәуірін алпысыншы жылдармен байланыстырып жатырмыз. Оған біреу қосылар, біреу қосылмас. Дейтұрғанмен, сол кезең ұлтымыздың бітім-болмысын көркемдік-шығармашылық тұрғыда айшықтау, айтарлықтай бетбұрыс жасауға септігін тигізгенін айту парыз. Одан бертінде бірнеше буын алмасты. Талай талант топ жарды. Соның бірі өзіңізсіз, бүгінгі таңда портрет жанрында өнімді еңбек етіп жүрген суретшісіз. Енді әңгімеміздің арнасын осы жанрға, жеке шығармашылығыңызға қарай бұрсақ. Портреттің басқа жанрдан түпкі айырмашылығы қандай? Мүмкін бұл модель мен шеңбердің қарым-қатынасы ғана шығар?
– Ол да бар. Модельдің суретшіге сенуі, ал суретшінің одан тұлғаны көруі. Портрет жанрының басты құндылығы – адам өмірінің жеке, яғни субъективті бейнелеуінде. Демек, бұл жанр суретшінің өз өмірімен астасып жатады. Сондықтан оның осы ерекшелігі сақталмай портрет болып саналмайды. Екінші жағынан портрет – көркем дүние. Оған баға да көркемдік тұрғыда беріледі (композиция, ритм, колорит).
– Сіздің осы жанрға келуіңіз…
– Менің сурет өнеріне келуіме туып-өскен өлкенің табиғаты ықпал етсе керек. Топырағы құнарлы, сұлулығы ғажап қой, шіркіннің! Бала кезімізде жерге сурет салып ойнайтынбыз. Сондай-ақ қиыршық тастармен жартасқа да бірдеңелерді шимайлауға әуес болдым. Яғни менің алғашқы сурет дәптерім қара жер мен жартастар еді. Бұлар менің әліппем іспетті. Оқушы кезімде менің ермексаздан, сазбалшықтан, құмыра сынықтарынан адам мүсінін жасауға деген құштарлығым да ерекше болатын. Бір күні мынандай қызық болды: Пластилиннен Абайдың мүсінін жасап, барынша ұқсатуға тырысып отырғанмын. Әкем байқап қалып: «Әй балам, сен мені өлтіре алмай жүрсің бе, мынауың не? Басыма тас қоюға асығасың ба?» деп қалды.
– Жоқ, әке, – деппін сасқанымнан. Сосын қолымдағыны лақтырып жібергенім есімде. Содан бастап сол әуестігімді жеңуге тура келді. Қолыма сазбалшықты да, пластилинді де, құмыра сынықтарын да ұстамауға бел будым.
1979 жылы Абай атындағы педагоги­калық институтының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түскеннен кейін портрет жанрына ден қойдым. Дәл сол жылы әкем дүниеден өтіп кетті. Араға біраз жыл уақыт салып барып әкемнің портретін салуға отырдым. Бұл менің бір жағы парызым, екіншіден, сағынышым еді. Тырнақалды туындым осылай дүниеге келді. Ол өзімде сақтаулы. Одан кейін анамның портретін салдым. Бұл туынды сабақ беретін ұстаздарымның тарапынан жақсы бағаланды. Тоқтар Бейсенбинов (ұстазым) ағамыздың ақылымен «Ана» портреті республикалық, бүкілодақтық суретшілер көрмесіне қатысып сатылып кетті. Мәскеудегі көркем сурет дирекциясы сатып алды. Осы туынды менің өнердегі жолымды ашты, портрет жанрына бетбұрыс жасады деуіме болады. Жер бетінде қанша адам болса, сонша сипат, сонша мінез бар. Олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Осы нәрсе менің портрет жанрына деген махаббатымды уақыт өткен сайын арттырумен келеді.
– Бұл сіздің қызығушылығыңыз. Ал қиын­шылығы қандай?
– Суретші кейіпкердің өзіне деген көзқарасын (егер ол өмірде бар адам болса), суретшінің кейіпкерге деген және көрерменнің көзқарастарын түйістіре білуі қажет. Соның шешімін таба білуі тиіс. Егер кейіпкер өмірде жоқ адам болса, оның өмір сүрген ортасын зерттеуге, заманын түсінуге, түсіну үшін ізденуге тура келеді. Мұндай істің қаншама күш-жігерді, ерінбей еңбек етуді талап ететіндігін өзіңіз де жақсы білесіз. Георг Вильгельм Фридрих Гегель «…живопись прогресі жетілмеген тәжірибелерден басталып, портретке жетумен аяқталады» дегенінен көп нәрсені аңғаруға болады ғой деп ойлаймын.
– Тоқа, жасыратыны жоқ, бізде көп­теген портреттер автордың көзқа­расымен салынып жатады. Көрерменді сендіре алмайтын туындылар қаншама. Бұны қалай түсінуге болады?
– Әрине, біржақты бейнеленетін дүниелер де болады. Бұған себеп – кейіпкердің өмірде жоқ болуынан да туындап жатады. Ешқандай дерек, дәйек жоқ жерде суретшінің өз жеке көзқарасына сүйенуден басқа амалы жоқ. Сондай-ақ қайсыбір тұлғалар портретте әдемі көрінгісі келеді де, өзін өзгертіп салуды қалайды. Ал шынайы өмірде оған өзінің шашы немесе мұрны ұнамауы мүмкін ғой…
Кейде мынандай да жағдайлар болады. Суретші кейіпкердің қарапайым күнде жұртшылыққа сезіле бермейтін ішкі құпиясын, жасырын мінездерін байқап қалуы мүмкін. Оның сол «ұрлығын» бірінші планға шығарып бейнелейтін суретшіні кейіпкер де, көрермен де түсінбей қалып жатады. Әрине, мұның бәрі тапсырыспен жасалатын дүниелерге қатысты әңгіме. Ал таза шығармашылық жұмыстарда суретшінің кейіпкерге тәуелді болуы мүмкін емес. Қалай десек те оның өз талғам-талабы бар екенін естен шығармауымыз керек. Өз ісінің маманы ретінде оның қаламынан туған шығарманы өзгелердің түсінуге өресі де жете бермейді. Жұрттың бәріне бірдей ұнауға ұмтылу – меніңше өнерді орға жығуы мүмкін.
– Айтыңызшы, өмірдегі бар адамның бейнесін салу оңай ма, әлде?..
– Өмірде бар адамды салған жеңіл. Оны зерттеп, мінез-құлқына үңілуге болады. Жиі араласып жүрген жан болса тіпті жақсы. Өмірде жоқ адамның соңында фото-суреті қалған күннің өзінде оның шынайы бейнесін, бітім-болмысын дәл беру қиынның қиыны. Жансыз бейнеге жан бітіру оңай емес қой. Егер ол шығармашылық адамы болса, соңында қалған рухани мұрасымен таныса отырып портреттегі бейнесіне жан бітіруге әбден болады. Өйткені оның бүкіл бітім-болмысы, мінез-құлқын сол мұраларға үңіле отырып анықтауға мүмкіндік бар. Мысалы, Абай, Мұхтар, Мұқағали, тағы басқа секілді тұлғалар.
– Сонда біз тарихи тұлғалар – хандар мен билердің, батырлар мен абыздарымыздың портреттерін неге сүйеніп бейнелеп жүрміз? Жалпы осы бағытта дүниеге келіп жатқан шығармаларға көңіліңіз тола ма?
­­– Біз мынандай жайттарды естен шығармауымыз керек. Тәуелсіздігімізді алғанға дейін қазағымыздың қазақ болып қалуына, мына ұлан-ғайыр даланың бүгінгі ұрпаққа аман-есен жетуіне маңдай тері мен қызыл қанын қатар төге жүріп үлес қосқан тарихи тұлғаларымыздың қаншасының есімі аталмай келді. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста сол олқылықтың орнын толтыруға тура келді. Оның атын рух шақыру десек те болады. Міне, өзіңіз айтып отырған туындылар сондай бір кезеңнен бастау алған болатын. Суретшілер материалдан, яғни тарихи құжаттардан тапшылық көрді. Бар болғанмен өте аз еді. Тапсырыс берушілер оған қарай ма? Қарамайды. Уақыт тығыз болғандықтан, менің әріптестерім әлгі тарихи тұлғаның бүгінде арамызда бар ұрпағының «осы тегіне тартқан-ау» деген бір перзентіне ұқсастырып бейнесін жасап шығуға мәжбүр болды.
Әбілхан Қастеев жұрттың бәріне жақсы таныс «Амангелді» атты портреті бар. Кәдімгі Амангелді Иманов туралы. Ғажап дүние. Әбекең бұл шығармасына ұзақ дайындалған. Қаншама материалдар жинақтаған. Қаншама адаммен тілдескен, кеңескен. Өмірде жоқ батырды алдынан, қырынан да қаратып салып, бірнеше нұсқасын жасаған. Нәтижесін өзіңіз жақсы білесіз. Амангелдінің өзін көрген Әліби Жангелдин портретті көріп: «Нағыз Амангелді» деп баға берген. Бұл суретшілерге үлгі болатын-ақ нәрсе. Амангелді Имановтың өмір сүру кезеңі ХХ ғасырға тиесілі. Уақыттың көзімен қарасаң кеше ғана. Ал хандарымыз бен батырларымыздың өмір сүру уақыты тым әріге кетеді. Сондықтан осындай жайттарға байыппен қараған абзал. Оның үстіне мынандай заманда бір шығарманы 15-20 жыл бойы салу дегеніңіз мүмкін емес. Әрине, ізденіс үстінде еңбек етіп жатқан қылқалам шеберлері бізде жоқ емес, бар.
– Сіз Қарасай батырдың суретін салдыңыз. Ол да тапсырыс па?
– Мақсатым образ жасау болды. Көрген болсаңыз, онда Қарасай батыр ғана емес, ауыздығымен алысқан ақ боз ат, жолбарыс қатар бейнеленеді. Яғни бұл сол кездегі қазақ рухының биіктігін көрсетуге арналған туынды. Оны бүгінгі уақытпен сабақтастыруға ұмтылдым. Қалай десек те, біраз кемшіліктеріне қарамастан көптеген тарихи тұлғалардың кескін келбеті менің әріптестерімнің еңбегі арқылы ұрпақ санасына сол қалпында орнығып калды.
– Сіздің «Мұқағалиға» келуіңіз қалай болды?
– Мен Мұқағалидің есімін 1976 жылы оқушы кезімде естідім. Жазда су ұстайтын қалыпты тірлік бар ғой ауылда. Қойшиев дейтін ағамыз мұрап болатын. Сол кісі бір күні түскі тамақтан кейін «Сарыжайлауды» шырқап сала берді. Алдында талай естіген әніміз, бізде қосылып қоямыз ішімізден. Содан әлгі ағамыз «Сарыжайлаудың» әнін Нұрғиса Тілендиев, сөзін Мұқағали Мақатаевтың жазғанын, Мұқағалидің Қарасаздан екенін айтып калды. Содан бастап мен ақын шығармашылығына құмарта бастадым, өлеңдерін іздеп жүріп оқыдым.
Студент кезімде Мұқағалидің портретін күйдіріп жасап көрдім. Сыртын өрнектеп, айналдыра «Егерде халық өзін ұмытпаса бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп жазып қойдым. Бұл менің Мұқағали тақырыбындағы тұңғыш шығармам еді. Екінші рет портретін майлы бояумен жаздым. Оны кезінде қазіргі «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Дүйсен Мүсірәлиевке сыйлаған болатынмын. Қазір қайда екенін білмеймін.
Ақиық ақынның сәтті шыққан портреті 1988 жылы дүниеге келді. Қазір баспасөзде сол портрет көп жарияланады. Жұртшылық оны жылы қабылдады. Портретті салып болған соң Мұқағалидің зайыбы Лашынға көрсетіп ризашылығын да естігенмін.
Одан бертінде «Мұқағалимен» әуестену­шілердің қатары көбейіп келеді. Елде Нұрболат Ысқақов, Алмас Сырғабаев деген суретшілер бар. Сол әріптестерім бүгінде ақын тақырыбында біраз істердің басын қайырып тастады. Міне, осылайша Мұқағалидің бейнелеу өнеріндегі өмірі басталды деуге болады. Мәңгілік өмір…
– Бұл тақырыпқа қайта айналып соғу ойыңызда жоқ па?
– Ойымда бар. Жобасын жасап та қойғанмын. Шешімін іздеп жүрмін.
– Кәсіби көзбен қарағанда өзіңізге айрықша ұнайтын шығармаңыз бар ма?
– Ол менің анамның портреті. Ең шоқтығы биік дүнием сол. «Мұқағали» да, сюреалистік бағытта жазылған «Жамбыл» да менің жаныма жақын шығармалар.
– Соңғы уақытта суретке түсу сәннен қалып, сурет салдыруға деген құлшыныс күшейіп барады. Осы құбылыс өзіңіз ыстық-суығына қатар төзіп, көкжиегін кеңейтсем деген жанрдың деңгейін күрт құлдыратып жібермей ме? «Халтураға» алып бармас па екен?
– Мен олай ойламаймын. Бұл қайта суретшінің өсуіне, талғамының қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Портрет салу барысында суретші толғанады. Түрлі шешімдер қақ­ты­ғысады. Суретші соның ұтымдысын таң­дап алады. Сәтсіз шыққан жағдайда ол өз кем­шілігінен сабақ алатын болады. Мұны былай қойғанда, кейінгі толқын суретшілерге естелік үшін салынатын портреттер таптырмас құрал болып қалады. Салыстыру үшін. Салыстыру жоқ жерде өнер дамиды деуге сену қиын.
– Тоқа, осы мүсінші мен суретші көзқарасындағы айырмашылық қандай?
– Екеуі де бір төбенің басына шығып алып, жоқ қараған адам сияқты. Айыр­ма­шылығы жоқ. Мүсіншінің де көзі қолында, суретшінің де көзі қолында. Алайда мүсінші саусағына сенеді, суретші саусақ арасына жасырынған қылқаламға сенеді. Мүсіншінің бір артықшылығы бар. Ол өз шығармасына жан-жағынан қарай алады. Суретшіде ондай мүмкіншілік жоқ. Есесіне мүсінші үшін бір-ақ бояу бар. Ал суретші – барлық бояудың қожасы. Бары осы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Жарас СӘРСЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.