Тілді меңгеру үшін тілдік орта керек

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «…Қазақстанның жастары мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік мекемелерде немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек» деп атап өткен болатын. Демек, еліміздің келешегі жастар Елбасының осы талабы үдесінен шығуды өз алдарына міндет етіп қоюлары керек. Сонда ғана мемлекеттік тіл өз Отанында өркен жайып, іс жүргізу тілі ғана емес, осы елді мекен ететін барлық ұлттық қарым-қатынас тіліне айналары анық. Ал ресми  тіл деген мәртебеге жол беріп, жалпақшешейлікті доғаратын кез жетті. 

Иә, бір өкініштісі, қалалық мәртебесі бар барлық жерлерде қазақ тілінде сөйлесетін тілдік орта жоқ. Телеарналардың барлығы дерлік орыс тілінде хабар таратады. Басқа да тілдік мәселе жетерлік… Өзге ұлысты былай қойғанда, «жаңа қазақтар» деген қисық терминге ие болған «орыстілді, яки ағылшынтілді қазақтар» да өздерінің төл тілін төрге шығармауда. Егер «Қазақстанның азаматымын» деп ойлайтындардың бойында мемлекеттік тілді меңгергенім «Отаныма адал қызмет еткенім» деген ұғым пайда болса, бұл мәселенің түйіні шешіліп, қажеттілікке айналар еді.
Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, әлемде 6000-нан астам тіл бар. Халық үшін тілдің мәні қашанда зор. Халықтың барлық рухани байлығы тіл арқылы көрінеді. Сонымен қатар тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді.
Сондықтан да өзге ұлттар арасында өмір сүріп жүрген адам ең алдымен, сол ұлттың тілін жақсы меңгеруі керек. Бұл әрекетімен ол сол ұлтқа деген құрметін көрсетеді. Елімізде тұрып жатқан әрбір адам қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Оның ең бірінші себебі, Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Барлық ісқағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Келешекте, қазақ тілін білмейтін адамға оқу да, жұмысқа орналасу да қиын болады. Менің ұлтым – ұйғыр, қазақ тілін қазақы ортада тұрғандықтан тез үйреніп кеттім. Айналамның қазақша сөйлегендері құлағыма сіңіп, олармен қазақша сөйлесе бастадым. Әрине, тіл үйренуде мектептің де ықпалы зор. Бірінші сыныптан бастап қазақ тілі оқытылады. Тілге деген қызығушылығым артып, оны жетік меңгеру үшін арнайы оқытылатын қазақ тілі пәніне, қосымша қазақша әуен, радио тыңдадым, көркем кітаптарды оқыдым, телеарналардағы қазақ тілінде жүретін түрлі бағдарламаларды көріп жүрдім. Осылайша тілімді жаттықтырдым.
Әсіресе менің қазақ тілін жетік білуіме Абайдың қара сөздері мен өлеңдері ықпал етті. Мен оны жаттап, жадымда сақтадым. Одан соң қазақ тілінде өткізілетін әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Қазір мен қазақ тілін толығымен меңгердім деп айта аламын. Тіл туралы айтқанда, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлын айтпай кету әділетсіздік болады. Себебі олар алғашқы болып қазақ әліпбиінің негізін салушылар әрі осы ағартушы-педагогтардың ғылыми зерттеулері арқасында қазақ филологиясы ғылыми биік деңгейге көтерілді.
Ал қазақ тілін үйренемін деп жүргендерге, тілді жылдам меңгеріп кету үшін алдымен қазақ ұлтымен жолдас бол, етене аралас, тілдің көнеден келе жатқан тарихына да үңіл деген кеңес берер едім. Тіпті тілді жылдам үйренгісі келетіндер тілді күнделікті тұрмыста көбірек қолданулары керек. Қазақ тілінде қысқа шумақты өлеңдер жаттап, қазақша қысқа әңгімелер оқып, қазақ тіліндегі бағдарламаларды көріп, сөйлеу тілін дағдыландыруы, жаттықтыруы тиіс.
Бұл – тілді үйренудегі кішкентай болса да алғашқы әрі маңызды қадам. Ал мемлекеттік тілді меңгерген маманға үкіметтік және үкіметтік емес мекемелердегі қай кәсіпте де есік айқара ашық екені баршамызға мәлім. Еліміз мемлекеттік тілді меңгерген мамандарға зәру, демек, жастарға тіл үйренудегі белсенділігін құр тілімен ғана емес, ісімен көрсететін уақыт жетті.

Аидам Раюп,
Халықаралық бизнес
университетінің студенті
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.