Мәселеге байыппен қарайық

«Ана тілі» газетінің №1 (1155) 4-қаңтар күнгі санында жарық көрген автор Құралай Күдеринованың «Латын қарпі: сарабдалдық қажет» атты мақаласы мені оқырман ретінде бейжай қалдырмады. Енді бәрін рет-ретімен баяндайын.
Автордың ұсынып отырған жазуды, лексиканы басқа түркі халықтарымен бірдейлестіру идеясы ақиқаттан алшақ жатқандай. Бірдейлестіру үшін олардың барлығы бір мемлекетте, бір қоғамда, бір геосаяси жағдайда өмір сүруі керек емес пе? Әр мемлекетте өмір сүргендіктен ортақ тілдің өзі әртүрлі бола түседі. Мысалы үшін орфографиядағы Ұлыбритания мен АҚШ-тағы алшақтықтар (labour-labor, favour-favor, defence-defense) немесе бір затқа тән екітүрлі атауларды, жергілікті жерге байланысты идиомаларды, т.б. әркелкі екенін айтпағанда.

Автордың «тілдің дыбыс жүйесі өзгермейтін құбылыс емес» деген пікірімен келісемін. Бұл жерде қазақ тілінің қай уақыт, қай заман болмасын басқа тілдермен және мәдениеттермен қатар өмір сүріп келгенін, сондықтан да оған екінші не үшінші тілдердің ықпалы болғанын айтуымыз керек. Мысалы, тілімізге араб пен парсының әсері көп болды. Соның әсерінен [х, һ, ф] дыбыстары қазақ тілінің тілдік жүйесіне кірігіп кетті десе де болады (мысалы үшін, молдалар діни уағызында түпнұсқаға жақындап айтуға тырысады емес пе). Сондықтан [һ] мен [ф] не үшін «бөтен» дыбыстар санатына енгізілгені түсініксіз. Сондай-ақ, [в]-дан құтылуға тырысу қазіргі қазақ қоғамы үшін қиялға ­симайтын нәрсе. Ағылшын тілінен тікелей терминдер алатын болсақ, «в»-сыз болмайды.
Ғалымның ағылшын тілінің орфографиясынан мысал келтіруінің ешбір қисыны жоқ. Әңгіме қазақ тілі жайында болып отырған жоқ па? Егер «қазақы» көзбен қарасақ, ағылшын тілінің орфографиясында да неше түрлі түсінбестіктер бар. Мысалы: ағылшын тілінде [к] дыбысын төрт түрлі жолмен беруге болады: «c», «k», «ch» (carachter), «q» (queen), неміс тілінде [ш] дыбысын «sch» (schwarz) немесе «s»-мен (spiegel). «Weber» деген сөз ағылшынша [уэбер], ал немісше [вэбер] болып оқылады. Сонымен қатар қазақ тілінде жуан және жіңішке дауысты дыбыс деген ұғым бар. Мысалы, «он-өн», «ал-әл». Ағылшын тілінде мұндай түсінік жоқ, мысалы: «and» сөзінің өзі [ænd, әnd], т.с.с. болып оқыла береді. Жалпы ағылшын дауыссыздары екпінмен әрі қатқыл айтылады. Мен бұны ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудара алатын маман ретінде айтып отырмын.
Мақала иесінің «-sion/-tion деген латын жұрнағы» дегенімен келісе алмаймын. Кезінде институтта латын тілінен дәріс алып едік. Со кезде жүзден аса «изречение» (мақал-мәтел) жаттағанбыз. Қазір көп болса оны ғана қалған шығар есімде. Сондағы латын тіліндегі зат есімдерді еске түсіріп көрелік. Ignorancia (білместік я надандық) non est (емес) argumentum (дәлел). Scientia (ғылым) potentia (күш) est. Repititio (қайталау) est mater (анасы) di studiorum (оқудың).
Қосымша мысал ретінде келесі сөздерді келтіруге болады: inertia, inertiae, inprudentia, inprudentiae, ignorantia, ignorantiae, imperitia, imperitiae, inscientia, inscientiae, amusia, amusiae.
Зерттеушінің келтіріп отырған «presentation, construction, action» сөздері ағылшын тілінен алынған (олар өз кезегінде француз тілі арқылы алған). Бұл жерде мақаладағы ұсыныс түсініксіз – сөзді латыннан алсақ –cia, -tia деп алып, ағылшыннан алсақ –tion, -sion бола ма?
Сосын біз неге түрік тілінің ығына жығы­луымыз керек? «Физикті» «physicist» деп ағыл­шынша атағанда не ұтамыз? Тағы бір сұрақ: «евроны» «euro» деп алдық делік. Енді оны [евро не еуро] деп оқимыз ба жоқ [юро (ағыл­шынша)], [айро (немісше)] деп оқимыз ба?
Қазіргі кезде латынға негізделген қазақ әліпбиінің көптеген жобалары бар екен. Бұл кейбіреулер үшін ермек болып алған. Бұның өзі қазақы дыбыстарды дәлме-дәл әрі табиғатына лайық ете беретін латын әріптерінің жоқ екенін көрсетеді. Әрбірден кейін дыбыстау дегеніміз – фонетика. Қазақ тілін дыбыстап үйретуге қазақ тілінің фонетикасы үйретеді. Орыс я ағылшын тілінің фонетикасынан хабарсыз адам сол тілдердегі мәтінді оқи алмайды. Сосын әр тілдің орфографиясы да әртүрлі. Мысалы, «w» ағылшынша [у (қазақша айтқанда)], немісше [в] болып оқылады, «v» ағылшынша [в], ал немісше [ф] болып оқылады. Қарапайым мысал: «Қазақстан» деп жазамыз, [қазағыстан] деп оқимыз, «Балқадиша» деп жазамыз, [балғадиша] деп оқимыз.
Бізде қазір жалпы мойындалған қалып қазақ тілі және орфографиясы бар, сондай-ақ жергілікті вариациялар бар. Мысалы, бір аймақта [ш]-ны [ч] деп дыбыстайды (чөп, чал, чақыру), екінші бір өңірде [ң]-ның орнына [н] деп айтады (мын, жана, барасын), [а]-ның орнына [ә]-ні, [о]-ның орнына [ө]-ні айтады (жәңә, жәқсі, төғіз). Сондықтан қай аймақтың адамы болмасын, қазіргі қазақ тілін мойындайды. Себебі ол ондаған жылдар бойы қалыптасып, орныққан, ғылыми негізделген тіл.
Қазіргі жазуды, сызуды қалыптастыру үшін талай ұрпақ, талай қазақтың ғалымдары тер төкті емес пе? Осыны да ойлағанымыз жөн.
Нағыз ғылыми зерттеулерге сүйенген тұжырым-ұйғарымдарға көңіл бөлсек қана іс оңалады.

С.Сатаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.