Отбасым – Отаным, ошағым

Ақылбек Шаяхмет

Әлі тумаған ұлыма

Қысық көз, тампық мұрын қара бала,
Еріксіз көңіліме орала ма?!
Ей, ұлым!
Саған артар сенімім мол,
Әкеңнің абзал жанын жаралама.

Өзіңді ойлап тағы, қалқам, бүгін,
Отырмын кеңге салып арқамды бір.
Қаныңа сіңер ме екен адалдығым,
Сіңер ме сауыққойлық, дарқандығым?!

Дейді жұрт:
«Бала тәтті, бала шырын»,
Білеміз ата-ананың жанашырын.
Боларсың қандай адам
Мына маған,
Бір жерің тартар ма екен, қарашығым?!

Өзіме ұқсап кетсе бала, сірә,
Әкеңе кейін «пәле» жабасың, ә?
Жоқ еді сұлу адам тұқымымда,
Кетпесең, тартып, бірақ нағашыңа.

Шарамнан асып-тасам үйімде мен,
Осы ма әлде әкелік пейіл деген?
Жарығым, алданышым, жаным, балам,
Мен саған тумай жатып мейірленем.

Боларсың бір күн биік бәйтерегім,
Ер жетсең, әкеңнің де айт өлеңін.
Әзірше осылай деп жатырмын ғой,
Кеп қалсаң дүнияға, қайтер едім?!

Ұлым туған күні

Қиялымда ой қозғап,
жанымда арман түлетіп,
Торсық шеке ұл келді босағама шыр етіп.
Нұрға оранып жас жаным,
сергіп кетті аспаным,
Көгершін-жыр көмейден ұшып
шықты пыр етіп.

Түні бойы сол күні келмей қойды көз ілгім,
Жарылуға шақ тұрдым уысында төзімнің.
Әке болып қалдым ба
Мына жалған алдында?
Бұрынғыдан өзімді жауаптырақ сезіндім.

Ғашық көзбен қарадым ұрпағыма өзімнің,
Көшірмесі секілді ол күнәдан пәк кезімнің.
Шаттық толып көңілге,
Мына дарқан өмірде
Бұрынғыдан өзімді бақыттырақ сезіндім.

Келешектен ерекше шаттық күтіп жүр едім,
Жақсылықты сезгендей болып еді жүрегім.
Қызылшақа нәресте – қуанышым емес пе?!
Қуанышым ұзаққа созылсын деп тіледім.

Сен келдің

Жауын жауып тұрған күні сен келдің,
Кетті жылып іші суық бөлмемнің.
Шапқан аттай тулап соғып жүрегім,
Қуаныштың құшағында тербелдім.

Ұлым!
Сені көрмесем де, тебірендім.
Несібеме ырыс қосып сен келдің,
Дәл осылай күздің лайсаң күнінде
Көктем болып келеріңді білгенмін.

Ұл-қызымның қандасы боп сен келдің,
Ғұмырымның жалғасы боп сен келдің.
Қызығы мен қызуы мол тірліктің
Ғажап шағын, тағы, міне, мен көрдім.
Дәптеріме жаздым осы жолдарды
Ұлым!
Өзің отауыма келген күн.

Шілдеханада

Бүгін достан, жақыннан
Шаңыраққа күй дарып,
Жыр күтеді ақыннан
Үлкен-кіші жиналып.

Сөйлер едім есіп мен,
Әй, жалған-ай, жалған-ай!
Сәби жатыр бесікте
Қол-аяғы балғадай.

Перзент келсе өмірге,
Жалғасы ғой тірліктің,
Бүршік жарсын көңілде
Жапырағы бірліктің.

Нұрын емсін жарықтың
Іргелері бүтін ел.
Махаббаты халықтың
Кірсін ана сүтімен.

Қасиетін күнұзын
Ұғып өскен даладан,
Көкірегінің қызуын
Берсін оған әр адам.

Дәстүрін бер атаның,
Тілімді бер киелі.
Сонда ғана Отанын
Ол жанындай сүйеді.

Басылмасын арыны,
Бай болмасын, бар болсын.
Жанарында жалыны,
Кеудесінде ар болсын.

Жылда жайнап жер төсі,
Тұрсын күліп жарық күн.
Ата-ананың еркесі
Ұлы болсын халықтың.

Білермін кейін, қарағым!

Хан Шыңғыс емес, шоң Шыңғыс емес,
бал Шыңғыс,
Қолдарын қозғап, аяқты сермеп,
талпынғыш.
Ер жетсең ертең беліңді бекем буарсың,
Жасарсың, балам, ел ырза болар
тартымды іс.

Тіршілік болса, жатқанда байтақ
жер көктеп,
Жүрерсің тынбай үй ішін кезіп, еңбектеп.
Қаз тұрып барып, апыл да тапыл басарсың,
Кездесер тосын табарсың сосын ермек көп.

Талпынған жақсы,
қайырлы болсын талабың,
Қайратың толсын,
қарышты болсын қадамың!
Талабың таудай,
қимылың нардай болса екен,
Талантың қандай?
Білермін кейін, қарағым!
Ұлыма сыр

1.
Ұлым менің!
Неге сонша жылайсың?
Сәл нәрсеге көздің жасын бұлайсың.
Қатал тағдыр кездейсоққа күні ертең
Шын жылатса, қайтіп қана шыдайсың?

Ұлым менің!
Бірбеткейсің, өткірсің,
Айтқанымды жасатамын деп тұрсың.
Көздің жасы шықса шықсын, тек қана
Күн шуағы тез арада кептірсін.

2.
Ұл баласың, білмеймін, кім боласың?
Ойын десе тұрмайтын бір баласың.
Әуес көріп, әр затпен әлек болып,
Тырбанасың, әйтеуір, тырбанасың.

Қозғалыстан ашылар, сірә, тұма,
Тартып өссең ат жалын, мін атыңа.
Белдер жатыр қаншама күтіп сені,
Ізденген жан жетеді мұратына.

3.
Бал екен ғой, тәтті екен ғой жас бала,
Өзің түгіл мейірленем басқаға.
Үмітім мен өмірімнің жалғасы,
Ұлым менің, толдың бүгін жасқа да.

Балалықты, бәлкім, ерте тастайсың,
Аяғыңды аңдап қана басқайсың.
Игілік пен қараулықты арбасқан
Ертең әлі-ақ көріп-біле бастайсың.

Жақсы болсаң, таңдай күліп атарсың,
Тұрар күтіп сені алдыңнан қатал сын.
Қиыр-шиыр, кедір-бұдыр жолдарда
Сүрініп те, жығылып та жатарсың.

Бұл өмірге ғашық болсаң он есе,
Сүйсінерсің, түңілерсің немесе.
Жарты жолда кетер біреу қалдырып,
Біреу сені қолтығыңнан демесе.

Жүзім тұрса, «үз мені!» деп, – балбырап,
«Мін мені!» деп қызықтырар арғымақ.
Жастық дәурен қайта айналып келмес-ау,
Мақсатыңды берік ұстан, ал бірақ!

Арзан болып шығар, бәлкім, тапқаның,
Дәмсіз болып қалар, бәлкім, татқаның.
Қамықпа тек, жатқан болар мұратың
Кітаптардың арасында қап-қалың.

Көк теңізде құлаш ұрып жүзбесең,
Келешектен күдеріңді үзбе сен.
Ақылыңмен жүр нәпсіңді тұсаулап,
Тіршіліктен бақытыңды ізде сен.

«Ақын, ғалым болмасаң да, ұқсап бақ…»
Сен жайында көрсін шешең түс аппақ.
«Ұлым менің кәмелетке толды!» деп,
Сол шақта мен сүйем сені құшақтап.

4.
Ұлым менің!
Салдың тұлпар суретін,
Қисық болып қалыпты оның тірсегі.
Құрдастарым жандай жақсы көретін
Шіркін, менің көңілімді білсе еді.

Қағазыңа үңіліп ем жақын кеп,
Сен жыладың :
«Ұқсамады атым» деп,
«Жөн!» деуге де,
Жөндеуге де батпадым,
Қапелімде не жасасын Ақылбек?!

Сен жыладың, шарасыздан жыладың,
Қиналдым мен жұбатар сөз таба алмай.
Жүйрік қой деп ерттеп мінген пырағым
Құлыным- ау, ақсаңдап жүр шаба алмай.

Қас жүйріктер тұяғынан шаң ұшып,
Бара жатыр ескен желмен жарысып.
Тепеңдеймін…
Жетем деймін, қалайда,
Көштен қалу – намыс, ұқ!

Еліктіріп биік асу, құзар тік,
Алыстарға көз тіксең де құмартып,
Шаңды қауып артта қалып жатқанша,
Ер үстінен ұшып түскен мың артық.

5.
Ұлым менің!
Ертеңгі мұрагерім,
Мұрам бар ма қалдырар, сірә, менің?!
Кім біледі, мертігіп қала ма, әлде,
Жол-жөнекей асау жыр – Құлагерім.

Ұлым менің!
Ертеңгі мұрагерім,
Үзік ойдан өрім жыр құрап едім.
Айтқам сонда:
«Даламның қалдырам, – деп, –
Айдын көлін, кең жерін, құба белін».

Ұлым менің!
Ертеңгі мұрагерім,
Бұдан басқа мұрам жоқ, сірә, менің.
Жер-суыңды қадірлей білсең болды,
Жүрегіңмен бір соғып тұрады елің.

6.
Ұлым, саған білмеймін не дерімді,
Сенбесімді, білмеймін, сенерімді.
Қорқамын мен ұмытып өз тіліңді,
Өгейсітіп тастар деп өнерімді.

Жарасады әзірше еркелігің,
Таяқ та жеп кеп жүрсің, тентек ұлым.
Өзіңді-өзің қорғауға жарамасаң,
Елді қалай қорғайсың ертең, ұлым?!

Жарасады әзірше көз жасы да,
Жылауықтар өмірде аз ба, сірә?!
Көз жасыңды көрсетпей жүрсең ғана,
Көзім жетер дәстүрдің тозбасына.

Қазір саған барлығы жарасады,
Жарасады,
Оған кім таласады?!
Ойлан, ұлым!
Өзіңе байланысты
Өміріңнің сәулетті болашағы.

7.
Ұлым!
Сені көтеріп ем төбеме,
Масайрадың, төбең көкке тигендей.
«Мен әкемдей болдым!» деп.
Өмір сырын терең зерттеп үйренбей
Айтпа бірақ болмай жатып толдым деп.

Мендік сезім махаббатпен өтелсін,
Күндер өтер…
Белдігіме жетерсің
Отан үшін белді буу керегін
Сол кезде сен түсіне алар ма екенсің?!

Әкең сені әлпештесін, көтерсін,
Айлар өтер…
Кеудеме де жетерсің.
Көп алдында кеуде кермеу керегін
Сол кезде сен түсіне алар ма екенсің?!

Талай қиын асулардан өтерсің,
Жылдар өтер…
Иығыма да жетерсің.
Ел жүгіне иық тосу керегін
Сол кезде сен түсіне алар ма екенсің?!

Саған айтар жоқ қой менде бөтен сыр,
Теңесерсің…
Бөркіме де жетерсің.
Кім біледі, кім біледі
Мүмкін, сен
Одан да асып кетерсің,
Одан да асып кетерсің…
Жапырағым –
жан-балам

«Әке – терек, шеше – бұтақ сүйейтін,
Сүйемесе, бала-жапырақ жүдейтін».
Қалиахмет Серғалиұлы

Балам менің!
Жазғы жасыл жапырағым,
Құнарлы еді сені өсірген топырағым.
«Суыққа ұрынып қалмасын, – деп, –
Жуықта үсік шалмасын» деп,
Тілеуіңді тілеп қана отырамын.

Шешең – бұтақ,
Сен қиналсаң, майысады,
Жүдеп-жадап, қабырғасы қайысады.
«Өтер ме деп абайлап,
Кетер ме деп жел айдап»
Қамқор көңіл сан тарапқа ойысады.

Болсын, балам, жаның сенің жап-жасыл,
Жайнап тұрсын жақсылықтың бақшасы.
Жасыл болсаң – қалмағаның масыл боп,
Жасыл болсаң – самғағаның асыл боп,
Қызыл гүлге бір тірейтін ат басын.

Көктей солып, жұлынып та қалған көп,
Сарғайған да, ортайған да орман көп.
Балам,
Саған тірек болып бұтағым,
Жылу берсе тамырым,
Ата-ананың ұға білсең қадірін,
Бәйтеректей сүйеу болсам, арман жоқ.

Менің босағам

Бір күнім бар –
Асыл жарым бар менің,
Бес балам бар –
Бес жұлдызым бар менің.

Ай болам да өзім енді түк үнсіз,
Айналам да жүрем бәрін тынымсыз.

Біздің құйттай отбасымыз – бір әлем,
Тыныштықты тілеп оған тұрар ем.

Кейде ұлдарым төбелесіп қалады,
Кейде жарым ерегесіп қалады.

Ыдыс-аяқ сылдырлайды әр үйде,
Мұның бәрі өткінші жай, әрине!

Ей, жарандар!
Бақыттымын мен қандай?!
Барлық әлем маған қарап тұрғандай.

Ашық болсын менің шағын аспаным,
Қажеті жоқ,
Қажеті жоқ басқаның.

Тағы шайдай ашылғандай бүгін көк,
Болсын дәйім несібе көп, дос аман.
Жарым жүрсін күндей болып күлімдеп,
Мен жүрейін барлығын да гүлім деп,
Аман болсын менің титтей босағам!

Менің санамағым

Бас бармағым Бауыржан,
Балаң үйрек Бақытжан,
Ортаң терек Ғалымжан,
Тас батса да қайсыңа,
Менің тәнім ауырған,
Менің жаным ауырған.

Жан-жарымнан жаралған,
Бөлінбес бес қабырғам.
Көз жанарым – шырағым,
Шылдыр шүмек Шынарым.
Кішкене бөбек Шыңғысым,
Ұшырдыңдар жыр құсын.
Бір иіскемей сендерді,
Басылмайды құмарым.
Күліп-ойнап жүрсеңдер,
Таусылмайды жыр-әнім.

Жүрегімнің арманы,
Көңілімнің орманы,
Қолымның бес бармағы,
Жолымның бес тармағы,
Бес жұлдыздай жайнаған
Жырымның бес шумағы
Сендерсіңдер, бес балам,
Өс, өсе бер, өс, балам!!!

Қызым туған күні

Перзентіне арнайтын жарым жасын,
Ата-ананың көңілі тарылмасын.
Жарым, енді бар сенің қолқанатың,
Ұлым, енді бар сенің қарындасың.
Орындалып аңсаған ізгі арманым,
Жайқалады бақшамда қызғалдағым.
Мәңгі көктем келгендей отауыма,
Ұмыттым мен суық қыс, сыз болғанын.

Ұмыттым мен көңілсіз шақтарымды,
Тағы күліп қарсы алдым ақ таңымды.
Ақ түйенің қарыны жарылды да,
Сыр-сандықтан жыр-шашу ақтарылды.

Көрген сайын күш тасып, уайым кеміп,
Өссін қызым талайдың ойын бөліп.
Мың жасаған дегенің сол емес пе,
Жүрер болсақ ұл-қыздың тойын көріп.

Қазынамды сен үшін жиып па едім,
Қыздың жиған жүгіндей биіктедім.
Ұлдарыма арнаушы ем жырларымды,
Енді, қызым, сен болдың кейіпкерім.

Ата болу бақыт екен

Балдай тәтті Бекзатым мен Нұрбегім,
Сағынамын сүймей қалсам күнбе-күн.
Тәубе қылам өздеріңді аймалап,
Көрген сайын беріктігін іргемнің.

Сендерсіңдер ұл-қызымның жалғасы,
Үзілмейтін өмірімнің арнасы.
Бізді талай биіктерге көтерер,
Өздеріңнен басталатын жол басы.

Балдай тәтті, жырдай сәтті немере,
Шаршағанда қуат берер денеге.
Қылықтарын қызықтауға тоймаймын,
Мына жалған екі айналып келе ме?!

Елжіреткен Елдос пенен Анарым,
Сәтті болсын алға аттаған қадамың.
Боларсыңдар маған мықты таяныш,
Жасым жетіп, жұмылғанша жанарым.

Орта жаста тумаса да жыр демде,
Шабыт келер Әминамыз күлгенде.
Әке болу қиын емес секілді,
Ата болу бақыт екен білгенге.

* * *
Жүрегімнен өткізген жан ыстығын,
Көз алдымда тұрғандай таныс күнім.
Немереміз тілдессе телефонмен,
Жақындаған секілді ғарыш бүгін.

Қиялымды перзентім тербеп менің,
Бесігіңді есімде тербеткенім.
Ерте есейдім десем де өзімді мен,
Байқамаппын баламның ержеткенін.

Тағы, міне, мәртебем асып менің,
Тебірендім сезгендей ғашық демін.
Ізбасарым болғаны қандай жақсы,
Келе жатқан өкшемді басып менің…

* * *
Теледидар алдында ел тыңдайтын,
Кіп-кішкентай бала отыр ертегі айтып.
Өкінішті-ақ көре алмай осы күнді,
Әке-шешем кеткені ерте қайтып.

Қызықтасам бал тілін немеренің,
Мен де, бәлкім, тоқсанға келер едім.
Тіл мен дінге, әрине, байланысты,
Мықтылығы шаңырақ, керегенің.

Ержеткен соң көрсе де тамашаны,
Қымбат шығар әркімге бала шағы.
Ертегі емес, шындықты отыр жырлап,
Қазақ деген елімнің болашағы.

* * *
Көңілім кең әлем тұтас сыйғандай,
Дастарқаным жатыр әлі жиналмай.
Жаңа күнмен достасамын шаттана,
Ескі күнмен қоштасамын қиналмай.

Ұзақ жолға шыққан жанмын мен де бір,
Зая кетпес деп ойлаймын еңбегім.
Босағаңнан аттағалы отырмын,
Жаңа жылым – бақыт жылым сен бе едің?!

Осы күні заман қандай, заң қандай,
Қатал тағдыр суға малып алғандай.
Жан-тәніммен түсінейін мен сені,
Тұңғыш рет қызға ғашық болғандай…

Отырайын көкейге сыр түйіп кеп,
Қуаныш пен игілікті үйіп-төк!
Немереміз қалсын бір жас есейіп,
Қалайын мен бір мәртебе биіктеп.

Әминаға

Жауған қардай түнерсе де қабағым,
Таңғы шықтай мөлтілдейді жанарың.
Алдыма алып, бір иіскесем, қарағым,
Мейірленіп, жаным сергіп қаламын.

Күлкің сенің сыңғырлаған ақ бұлақ,
Кәусар сезім жүрегімнен атқылап.
Сыртта жүрсем, көз алдымда тұрады
Құлын-тайдай жүрген кезің шапқылап.

Бау-бақшама көктеп шыққан шыбығым,
Бүршік жарып, бой жетерсің, құлыным.
Қартаярмыз, қайғы ойлармыз, сонда да,
Естен кетпес балдан тәтті қылығың.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.