Менің университетім – мақтанышым

Ел ағаларының қамқорлығын көріп келеміз. Өміріме оң ықпал еткен кісілердің қай-қайсысының да «жақсылығын айтып, нұрын тасытпасам» да, жақсының ісін жария қылсам деген ниетпен, өзіме ұстаз санайтын Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Инженерлік академия және Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров туралы ойымды қағазға түсіруді ұйғардым.

Ә.Әбжаппаров есімін ең алғаш мектепте оқып жүргенде 2001 жылдары Білім және ғылым министрлігінің жоғарғы және орта арнаулы білім беру департаментінің директоры қызметін атқарып жүргенде біле бастадық. Сол жылдары ол Қазақстанда алғаш енгізілген талапкерлерді қабылдаудың жаңа моделі – Бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесін қалыптастыруға басшылардың бірі ретінде қатысқан екен. Кейін 2001 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықта С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарған. Яғни Маңғыстауға мен университетке түсерден бір жыл бұрын ғана ауысқан екен.
Менің университетім – мақтанышымӘбекеңнің жанында жүріп, ол кісінің салмақты, өте талапшыл, керек жерде ашық, жайдары мінезін байқадым. Талай жерде жан-жақты біліктілігімен таңғалдырды. Оқыған-тоқығаны мол, сөзге шешен. Әсіресе құжаттық жұмыстарға мұқият. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің барлығын безбендеп отырады. Еш нәрседен қалыс қалмауға ұмтылады. Сол тұста ағаймен бірге ақын-жазушылар, қайраткер ағаларымыз Әбіш Кекілбайұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов сияқты, т.б. айтулы азаматтармен кездестім. Көрнекті тұлғалардың әңгімесін тыңдап, өнегесін үйренуге тырыстым. Менің де кейбір жоспарларымды жүзеге асыруға жол ашты. Жас маман деп қызметтік пәтер берілді. Бірақ бұл іске икемді болдым деп айта алмаймын. Тура бір жылдан соң көмекшілік қызмет уақытша екенін және оның өзіме қол емес екенін түсінгеннен кейін оқуымды әрі қарай жалғастырып, болашағымды әдебиетпен, ғылыммен байланыстырғым келді. Магистратурада оқуды мақсат тұттым. Қайтпек керек?! Университет қабырғасында қызметімді жалғастыра берейін десем, магистранттарға жұмыс істеуге болмайтыны белгілі.
Осының алдында ғана ректордың тікелей қолдауымен университетте оқу телестудиясы ашылған болатын. Соңғы үлгідегі сандық бейнекамералармен жасақталған телестудияның қызметкерлер құрамы ұзақ жыл телевизия саласында еңбек еткен білікті инженер, режиссер, редактор және бейнеоператорлардан тұрады. Жазуға бейімі бар, қабілет-қарымы байқалған университет студенттері мен магистранттары журналист ретінде жұмыс жасайды. Оқу телестудиясында түсірілген университет жаңалықтары жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан апта сайын көрсетіледі. Әрі университетіміздің «Жас толқын» ғылыми, ақпаратты-публицистикалық газеті ай сайын шығып тұрады. Сондай-ақ құрамына университет сайты да қосылатын жаңа «Қоғам және БАҚ-пен байланыс орталығы» құрылды. Бұл мен үшін оң жамбасқа келіп тұрған іс екен деп сол орталықта журналистік қызметімді қайта жалғастыруды ойладым. Содан бір күні магистратурада оқығым келетіні жөнінде ректор атына өтініш жаздым.
Өтінішімді қағазға басып шығарып, кеңседен келген көп құжаттың ішіне қоса салдым. Түстен кейін хатшы қыз қол қоюға ұсынылған папканы қолтықтап алып шықты да тиісті иелеріне тарата бастады. Мен қылпылдап отырмын. Шекесіне не деп ескерту жазар екен деп. Сөйтсем, ағай менің хатымды өзіне алып қалған екен. Санаулы минуттардан соң-ақ кабинетіне шақырды. Менде үн жоқ. «Сенің талабың зор болғанмен оқу-тоқу жағың кемшіндеу. Ең алдымен бакалавр дәрежесіндегі базалық біліміңмен шектеліп қалмай, оқуыңды жалғастыруың керек. Әрі тіл үйренуің керек. Ғылыммен айналысқым келеді деген талабыңды құптаймын» деп келісімін берді.
Ректордың маған өзге тілдерді үйрену керектігімді ескертуі тегін емес еді. Ә.Әбжаппарұлының өзі 1988-1989 жылдары Германия Федеративтік Республикасының екі университеті – Клаусталь техникалық университетінде және Аахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық жоғары мек­тебінде іс-тәжірибеден өткен. 1994-1995 жылдары Целли қаласында Төменгі Саксон неміс басқару академиясында білім алып, диплом жұмысын қорғаған. Неміс тілін жетік біледі. Гете институтының сертификатын да алған (Франкфурт). Сірә, мені де тек Қазақстан шеңберінде шектеліп қалмай, Еуропа елдерімен таныс болғанымды қалаған болар, былтыр бірінші курста оқып жүрген кезімде Берлин қаласында өтетін журналистер мен жас сарапшыларға арналған Герман-Қазақ тәжірибе алмасу бағдарламасына Қазақстаннан қатысуға талапкер ретінде ұсынды.
«Жастар тақырыбына арналған Баспасөз Орталығы» (PNJ – Pressenetzwerk für Jugendthemen) – Германия Федеративтік Республикасы жас журналистерінің кәсіби қоғамы. ГФР отбасы, қарттар, әйелдер және жастар ісі жөніндегі министрлігінің қаржыландыруымен аталмыш ұйым өзінің ынтымақтастық жөніндегі серіктесі Қазақстан Рес­публикасының Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаменті ар­қылы қазақстандық бірнеше жас қаламгерлерді тәжірибе алмасу бағ­дарламасы бойынша 2012 жылдың мамыр айында Берлин қаласына ар­найы шақырды. Федеративті ми­нистрлік тарапынан жастарға арналған түрлі бағыттағы қажетті кә­сіби бағдарламалар жоспарланған екен. Негізгі тақырып: «Мектептік білімнен – кәсіби қызметке көшу». Біздерді жас қаламгерлер орталығына, кәсіби ақпараттық бюроға, кәсіби оқу орындарына, әлеуметтік мақсаттағы ұйымдарға алып барды, қаланың мәдени, тарихи орындары мен көрнекті жерлерін аралатты. Бұл қысқа мерзімді тағылымдама – менің педагог ретінде негізгі мамандығыма да, журналистік қызметіме де игі әсерін тигізді. Түрлі салалар бойынша кездесулер өткізіп, кеңесшілермен сұхбаттасып, әсіресе журналистік қызметте жалпы бағыттан кәсіби салада қалам тербейтін маманданған бағытқа көшу тәжірибелерімен танысып қайттық. Баспасөз, радио, телевизия саласындағы неміс журналистерімен пікірлескенімізде бұл тәжірибенің оңтайлы тұстарының көп екендігіне көзім жетті.
Сондай-ақ Қазақстан мен Польша Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынас тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында басталған. Әсіресе мәдениет пен білім саласында белсенді ынтымақтастық орнаған. Соның негізінде қос мемлекеттің жоғары оқу орындары да тығыз байланыс­та жұмыс жасауда. Біздің уни­вер­ситетіміздің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының магистранттары А.Аймұханова, Л.Исабаева, Г.Алтыбаева, А.Нұрдәулетова және ме­нің өзім биылғы жыл басында Польша Республикасы Адам Мицкевич атындағы Познань университетінде тағылымдамадан өтіп келдік. Ондағы университетпен, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарының ұйым­дас­тырылуымен таныстық. Тә­жі­рибе жинау мақсатымен «Неофилология» факультетіндегі «Азия­тану» кафедрасының профессор-оқы­тушылар құрамының ғылы­ми-зерттеу бағыттарымен танысып, дәріс-сабақтарына қатыстық. Сондай-ақ магистрлік диссертация та­қы­­рыптарымыз бойынша материал­дар жинау үшін Познань ғылыми кітап­ханасында жұмыс жасадық. Ка­федраның қазақ, түрік тілдерінде оқып жүрген студенттерімен кездесулер өткіздік. Познань қаласының көрікті, тарихи орындарын аралап, Польшаның ұлттық мұражай мен көрмелеріне бардық.
Менің университетім – менің құттыханам. «Мәңгілік шәкіртің боп қалуға ұялмаймын» (Мұқағали) дегендей, осында әрі шәкірт, әрі қызметкер болып жүрмін. Бұл қара­шаңырақтың болашағы зор. Қазір­дің өзінде еліміздің жетекші оқу орындарының қатарында, Каспий аймақтық елдері университеттерінің арасында зор беделге ие.
Университет ректоры Ә.Әбжаппа­ров­­тың Маңғыстауда жоғары мектеп­тің үлкен басшысы, білікті менеджері ретінде таланты жан-жақты ашыла түсті. Университеттің қызметінде айта қаларлықтай сапалық өзгерістер жүзеге асырылуда. Жаңа зертханалар көптеп құрылды және қайта жасақталды. Оқулықтар мен оқу құралдары, оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми мақалалары жиі жарық көреді. Сонымен қатар профессорлық-оқытушы құрамның ғылыми әлеуеті жыл сайын еселеп артуда. Университет қызметкерлері мен студенттерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Университет халықаралық деңгейде тартымдылыққа қол жеткізді. Әлемнің маңдайалды университеттері – Ресейдің Ломоносов атындағы ММУ (МГУ), Бауман атындағы ММЖТУ (МГВТУ), т.б., Польшаның Вроцлав, Познань университеттері, Германияның Вилдаудағы техникалық университеті, АҚШ-тың Луизиа­на штатындағы университеттер жүйесі, Түркия, Қытай, Иран, Әзірбай­жан, Дағыстан, Қалмақ, Корей уни­верситеттерімен халықаралық қатынастар жөніндегі келісім-шарттар жасалынды және олармен тығыз байланыстамыз. Осы келісім-шарттар негізінде шетелдік ЖОО профессорлары университетке келіп, дәріс оқиды. Біздің университет студенттері тәжірибе алмасып оқыту бағдарламасы бойын­ша Польшаның, Түркияның, Қытай Халық Республикасының ең таңдаулы жоғары оқу орындарында, теңіз мамандығының студенттері Нидерландиядағы «Willem Barentsz» теңіз институтында оқып білім алады. Университеттегі студенттерді ғылымға тарту ісі жандандырылды. Жыл сайын республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларда алдыңғы орындарға ие болуда.
Кейінгі жылдардағы ең үлкен жетістік – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған университеттің жаңа заманға сай студенттік кам­пу­сының құрылысы. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2008 жылғы қау­лысымен Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті – Ш.Есенов атындағы Каспий мем­лекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болып қайта құрылды. Дәл осы шешіммен Ақтауда ха­лықаралық деңгейдегі жаңа заманғы технологиялар университетінің негізі қаланды. 2009 жылдың қыркүйек айында университеттің бас оқу ғимараты пайдалануға берілді. Оның құрылысы, яғни университет кешенін салу жұмысы әлі де жалғаса береді. Университет кампусының жобасында ақпараттық-есептеу орталығы бар кітапхана, жүзу бассейні бар жаңа заманға сай спорт кешені, жатақханалар, студенттер сарайы, университет қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер, т.б. құ­рылыстар салынуда. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының ғылым мен білім беру саласындағы еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып, әр жылдары түрлі марапаттарға ие болып отырды. Атап айтқанда, «Қазақстан Респуб­ликасы Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (1996), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) белгісі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» (2004), Мемлекет басшысының Алғысхаты, «Қазақстан Республикасындағы инженерлікті дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2002) белгісі, Қазақстан ЖОО қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы күміс белгісі, «Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі» (2003), «Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі» атақтары, «Астанаға 10 жыл», «Маңғыстау облысына 35 жыл» мерейтойлық төс белгілері бар. 2009 жылы мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазір ел Ш.Есенов атындағы Кас­пий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жаңадан бой көтерген бас ғимаратын Маңғыстаудағы білім мен ғылымның ордасы деп атайды. Ал университет ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров басшылық жасаған кейінгі жылдар замандастар тарапынан көркею кезеңі деп бағаланды.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.