Айдабол қайта пайда бол

СЕРІЛЕРДІҢ ТҮНГІ СЕРІГІ

Ай Жердің табиғи серігі. Қашан, қалай пайда болғаны туралы сан түрлі болжам бар. Қазақ Ай мен Күнді қосып айтады. Кейбір ертегілерде бір-бірінің бетін тырнаған бақталас арулар ретінде сипатталады. Десек те, Айдың беделі басым. «Ай мен Күн» дегенде түнгісі бірінші тұр. Халық әні «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» қалай басталатын еді:
Аппақ шыңын Ай сүйген асқар Алтай,
Арайлы Күн алтын нұр шашқан Алтай.
Алдымен Айды, сосын Күнді сипаттаған. Ұмытпасақ, Әбділда Тәжібаев ақынның анасының аты – тура осылай бірігіп жазылған Айменкүн. Иә, қазақ қыздарының аттары: Айман, Айша, Айым, Айымгүл, Айғыз, Айбала, Айбүбі, Аймекен, Айғаным, Айбарша, Айсұлу, Айсәуле, Айкүміс, Айнұр, Айгүл, Айжан, Айдана, Айсара, Айтолқын, Толғанай деп тегін қойылмаған. Айшешек деген атты Мұхтар Мағауиннен оқығанбыз. Тарихи романда жүруіне қарағанда, Айнұр мен Айгүлден бұрын қойылғаны хақ. Жазушы бір немересін Айшешек деп атап, ежелгі есімді жиырма бірінші ғасырдағы ұлт санасына қайта сіңірді. Қос кітаптан тұратын «Аласапыранның» ең соңғы тарауында бүкіл Оразмұхамед хан әулетінен тірі қалатын құртақандай жалғыз ханша бар емес пе. Оның да аты – Айданақ.
Одан да әріге тереңдесек, қазақтың ең ежелгі дастаны, эпос атаулының атасы, Сұлтанғали Садырбаев сынды ғалымдар 1500 жыл болды деп санаған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуда» қыздың бір жеңгесінің аты еш қосарсыз, жалғау, жұрнақсыз түбір сөз – Ай емес пе? Екінші елеулі эпосымыздың атында да Ай тұр: «Айман-Шолпан». Сол заманнан бері егіз қыз болса, аттары міндетті түрде Айман мен Шолпан қойылады. Қыздар апалы-сіңлілі келсе, ежелден – Айсұлу мен Күнсұлу. Таласыңыз жоқ шығар, ағайын. Сол қазақ қыздарының биі – «Айгөлек».
Қазақ бүкіл шаруасын Айға қарап істейтін. Жыл санауы ықылым заман бойы Күнге емес, Айға қарап түзелген. Бір жылда он екі ай бар деген. Орыстың бодандығынан соң Георгиан күнтізбесіне көшсе де, арыдағы аңыздардың бәрінен айтізбесі аңқып тұрады. Арыдағы аңыздар дейміз-ау, берідегі Жұмекенді оқып көріңізші:
Айлар, айлар… көрдім жүзін көп Айдың,
Айлар өтсін санамаймын… санаймын.
Ай өткенін мен туғалы талай бір
Самайына қарап білдім ағайдың…
Күннің шығуы мен батуынан Айдың тууы мен толысуы, мүжілуі мен өліарасы анағұрлым маңызды. Әжелер жаңа туған Айға сәлем жасайтын:
Ай көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім.
Ескі айды есірке,
Жаңа айды жарылқа!
Шалдар ауа райын түнгі Ай-жұлдыздың тоғысымен болжайтын. Әсте қателеспейтін. Көші-қон, отын-су, егін ору мен шөп шабу, күйек алу мен мал төлдету, қой қырқу мен қозы бөлу, тіпті құда түсу мен қыз ұзату… бәрі-бәрі табиғат амалдарын аңдап барып атқарылатын. Беріде оның сырын білетін жалғыз адам қалды. Жас кезінде Елін сүйген ерлер партиясын, яғни «Есепті» құрғаны үшін Сібірге айдалып, сталиндік лагерьде көпті көрген қазақ қарияның қасында жүрген қарағандылық жазушы Кәмел Жүнісов. Телевизия айташыларының аспан шоғырындағы он екі жұлдыздың ежелгі атын білмей, «суқұйғыш» деп, «балық» деп айтып жүргені жанына бататын жалғыз кісі. Анда-санда қоңыраулатып қояды. Бізді мұндағы қорықшы санайтынына және рахмет!
Қош. Ай қазақ ақындарының бар жырына арқау болыпты. Аналарымыз той-думанды:
Аспанда Ай болмаса адасады,
Көңілді көтермесе кір басады.
Көңілі жақсылардың алтын сандық,
Сандықты кілт болмаса кім ашады? – деп бастайтын.
Екінші бірі:
Ай батса дала қалар күңгірт болып,
Көктемде қой өледі қылқұрт болып.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қалармыз біз де бір күн жым-жырт болып, – деп іліп әкететін.
Қайран, қазақтың қара өлеңі. Қандай қапысыз айтылған. Соны шырқаған аналар тегіс жым-жырт болған. Ауылдың әр шетіндегі төбелердің төскейінде молалары ғана томпаяды. Кейін Оразақын Асқар ағамыз жинап шығарған «Қара өлең» кітабынан осылармен қатар, бұрын біз естімеген Айға қатысты қаншама шумақтарды таптық. Жинақтың өзін ауылдан келген туған ағамыз қолқалап сұрағанда, «бес сөре кітапты түгел алыңыз, бірақ бұған тиіспеңіз» деп шорт кесіп едік. Амалы құрыған Амангелді ағамыз бірнеше күн тұқшыңдап, ішінен қаншама шумақты теріп жазып алып еді. Енді ойлап қарасақ, ең болмаса ксерокстен өткізіп бере қоймаған біздікі кісәпірлік екен. Сонымен, «Қара өлеңде»:
Ай да аспанда емес пе, Күн де аспанда,
Аспанды көр жұлдыздар ымдасқанда.
Қуанысып олар да нұрын шашар,
Жерде екеуміз оңаша бас қосқанда.
Иә, бір-біріне ынтық жандардың табысқанына әсте Күн емес, Ай куә болатын. Оны дәлелдеу үшін тағы бір ақынға жүгінуге тура келмек. «Ай да бүгін аласарып төбемізден төнеді» деп бастап, «Ай сәулесі түсіп тұрды жүзіңе» деп жалғастырған Тұманбай ағамыз алпыс жылға созылған махаббат лирикасын.
Әлгі Оразақын аға ерінбей-жалықпай жинап берген «Қара өлеңде» Айға қатысты біз бұрын естімеген және бір ғажап шумақ былай басталады:
Болғанда жұлдыз шағын, Ай көлемді,
Көңілім ашылады айтса өлеңді…
Иә, қазақ естіген сөзіне емес, көрген кө­зіне сенген. Қараған жанға небір жұлдыздан Ай үлкен болып көрінеді. Ал нақты ғылым Айдың әкесіндей жұлдыздарды анықтады. Сол нақты ғылым Айдың жасын есептеп шығарып берді. Қазақтың «Ай тұтылған жылы туған ала сиырдың бұзауы» дегеніне қарағанда, мұның цифрлары бар. Бірақ «Ай тұтылған жылы туған ала сиырдың бұзауына» қарағанда, «миллион жыл әрі миллион жыл бері болуы ықтимал» деген ескертпесімен.
Американың «Аполлон-16» ғарыш кемесі Айға қонып, бір шөкім, анығында 2 грамм топырағын алып келді. Оның құрамындағы үш металл: қорғасын, неодим және самарийдің изотопының қалыптасу уақыты өлшеніп, Айдың жасы есептелді. Ол жаратылғаны 4 миллиард 360 миллион жыл өткен екен. Соңында «3 миллион әрі-бері болуы мүмкін» деген қосымшасы бар. Түсінікті.
Айдың өзі қалай пайда болды дегенге ең соңғы ғылыми жауап мынадай: Сол жылы (4,36 миллиард жыл бұрын) Жер қаңғалақтап келіп қалған Тейя атты планетамен соқтығысқан. Көлемі Марспен шамалас Тейяңыз күл-парша болып, Жер де біраз опырылып, ғарышқа сансыз күл-топырақ шашылады. Ып-ыстық сол қо­ламта ақыры суынып, тығыздалып, Жердің тар­тылыс күшін жеңіп шыға алмай, серігіне айналды.
Манағы «Айдың бір шөкім топырағы» дегеннен шығады, ХХІ ғасыр басында елші ағалардың демеуімен Еуропаны айналып жүріп Голландияның мұражайында Айдың тасы тұр дегенді естігенбіз. Осы елдің үкімет басшысына 1969 жылы АҚШ елшісі «Аполлон-11» ғарыш кемесі әкелген еді» деп тарту етіпті. Беріде Амстердам университетінің ғалымдары Рейкс­мюсеумде сақтаулы тұрған әрі жарты миллион долларға қамсызданған тасты арнайы зерттейді. Нәтижесінде… ол кәдімгі жердегі тасқа айналған ағаш болып шығады. Бұл ақиқаттан гөрі «Айдан әкелінген» деген аңызы анағұрлым тәтті еді, қайтерсің. Біз көргенде жұдырықтай жұмыр тас қалың әйнек астында, алтын жазулары жарқырап жатқан, енді көшеге лақтырып тастаса өздері біледі.
Сонымен, серілердің түнгі серігі ретінде қаншама жырға қосылған Ай қалай зерттелген? Серілер демекші, аттап кетсек қиянат болар, марқұм Өтежан Нұрғалиевтің қуатты қаламы аспандағы Айды жерге түсіреді. Және бақшаға түнетеді. «Бақшаға түнеген Ай»:
Шөмеле күйіпті, күрсінген екен,
Ай жатқан жерді тат басып.
Араның балынан нұр сіңген екен,
Топылайына баттасып.
Ғажап жыр еді. Біздің көкіректе сайрап тұр. Сіздер енді іздеп оқырсыздар. Біздің әңгіме Айды зерттеу шежіресіне ауысады.

КОРОЛЕВТЕН КЕЙІНГІ КІСІ

Оның аты-жөні – Георгий Николаевич Бабакин. Кеңес Одағының ғарышты игеру кезіндегі ең елеулі, атақты адамдарының тізімінде Бас конструктор Королевтен кейін аталу құрметіне тегіннен-тегін ие болмапты.
Ғарышқа алғаш адам аттандырған, сосын оларды қос-қостап, тіпті үштеп ұшыруға қол жеткізген Бас конструктор Сергей Королевтің бір арманы Айға адамзат табанын тигізу еді. Бұл жай арман емес, өмірдің сан саласында Америка Құрама Штаттарымен жанкешті бәсекеге түскен Кеңес Одағы көсемдерінің ғарыш саласы басшыларының мойнына артқан міндет болатын. Бірақ түрлі себептер, оның ішінде Королев пен зымырандардың қозғағышын жасауға жауапты бас конструктор Глушконың арасындағы пендешілік дау-жанжал кесірінен Айға адам апаруда алдыға АҚШ түсіп кетті.
Жалпы осы екі теңдессіз маманның арасынан жүгірген ала мысық жайында ресейлік зерттеушілер сан рет жазды. «Бір қазанға басы сыймаған екі қошқар» тіпті Орталық Комитет, Министрлер Кеңесі, Қорғаныс министрлігінде кездесе қалса сүзісіп кететін. Алғаш 1932 жылы Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясының Қаруландыру басқармасының бастығы маршал Тухачевскийдің алдында танысқан Королев пен Глушко өмірдің сан соқпағынан бірге өтеді. 1938 жылы екеуін қатар тұтқындайды. Қазанның арнайы түрмесінде ұшақтарға қозғағыш ретіндегі сұйық отынды зымыран жасау тапсырылған. 1944 жылы табысты зерттеулері үшін екеуін толық ақтайды. Соғыстың соңынан бұларды астыртын түрге Германияға апарып, Гитлерден қалған зымыран техникасын тексертеді. Осы сапардан соң Королев зымыран жасауға, ал Глушко зымыранға арналған қозғағыш жасауға түбегейлі кіріседі және бір-біріне тәуелді емес, керісінше бақталас тұлғаларға айналады. Бақталастық соңы Кеңес Одағының Айға адам ұшыру бағдарламасының созылуына, АҚШ-тың алға түсіп кетуіне соқтырды.
Бәсекеде бірінші болмаған соң Кеңес Одағы басқа жолды жөн көрді. Енді Жердің табиғи серігін жан-жақсы зерттеу үшін арнайы аппарат түсіруге талаптанды. Бізше Айдабол, орысша айтқанда Луноход идеясы осылай пайда болды.
Осы жерде ғарышты зерттеу шежіресінен ауылдың естелігіне ауысып, ми тынықтырып алайық. Бала кезіміз. Үйдегі жұмысты, үлкендердің тапсырмасын ұмытып ойнап кетеміз. Ауыл сансыз тау-төбелер қойнауында жатқандықтан бір ойнасақ, ешкімге таптырмаймыз. Үйге тек қарын ашқанда ораламыз. Сонда шешеміз: «Айдабол, ас ішерде пайда бол» деп мысқылдайтын. Айдабол атауының ар жағында қаншама терең мән мен мағына, тілек пен талап жатқанын енді пайымдаймыз. Қазір ауыл арасында балаларға Айдабол деген атты сирек қояды. Қалаңыз ондай ат барын мүлде ұмытқан. Кеңес дәуірінің өзінде қарымды қаламгер Мағауиннің Айшешекті ұмыт заманнан үміт заманға жетелеп әкелгені сияқты Луноходты «Айдабол» деп аударып, ағадан үлгі алып жатырмыз. Санаға сыя ма, жоқ па, оқырмандар өздеріңіз бағаларсыздар.
Сонымен ауыр зымырандар, яғни қазіргі «Протонның» аталарымен айналысып жатқан Королев Айда жүретін аппарат жасау жұмысын Георгий Бабакинге тапсырып, оны 1965 жылы салалық Бас конструктор етіп тағайындаттырды. Кейін «Лавочкин» ғылыми-өндірістік бірлестігі аталған бұл мекеме алыстан басқарылатын аппарат жасауға дереу кіріседі. Және бес жылда оны жасап, толық сынақтан өткізіп, Айға аттандырып жібереді. Басқа жобалармен салыстырғанда, бұл Кеңес Одағында өте тез және сәтті іске асқан бағдарлама деу керек. Королевтің өзінің Айды зерттеуге жіберген «Лунасы» оның тұсынан тоқтамай өтіп, сәтсіздікке ұшыраған. Шолпанға аттандырған «Венерасы» тиісті зондты тастай алмаған.
Ай мен Шолпанды және Марсты зерттейтін спутник аттандыру ісі түгелдей қолға тиген соң Бабакин қатты құлшынған. 1966 жылы нау­рыз айында ол жасаған спутник Айдың жасанды серігіне айналып, ғарыштан көп фото мен ақпарат жолдайды. Осы оқиға туралы өлең де шығарылған. Бала кезімізде фотоаппарат сияқты жұмыс істеген миымызда ол да сақталыпты:
Ай ұялшақ баладай,
Жерге тура қарамай.
Бұрып алып бір бетін,
Көрсетпейтін келбетін.
Айдың арғы бетіне
Ракета барды да.
Көк тұманды ысырып,
Суретке келді түсіріп.
Қара өлеңнің көшіне ілесе алмаса да әжептеуір теңеуі мен бейнелеуі, ең бастысы өмір шындығы жатқан екі шумақ, міне, қырық жеті жылдан соң кәдеге жарады. Қазақтың «керек тастың ауырлығы жоқ» дейтіні осы шығар.
1967 жылы «Венера-4» спутнигі Шол­панның тұсына жетіп, бір жарым сағат бойы оның ауасын химия-физикалық жағынан тексерді! Сосын Бабакин Ай бетінде өздігінен жүретін арба жасауға қызу кіріскен.
Иә, кеңестік Айдаболдың тұрқы мен сұлбасы бөшке тиелген арбаға келіңкірейтін. Оның да өз естелігі бар. Он екі жасымызда қалада оқитын әпкеміз Луноходтың ойыншығын әкеліп берді. Қазіргідей, қиқылдақ-шиқылдақ қытайы электроникасы жоқ, жай пластмасса ойыншық. Бірақ Айда жүрген Луноходтың көшірмесі. Дереу мақтанып, көрші үйдегі Қауыс (шын аты Қапсіләм екенін беріде білдік) деген балаға көрсеткенбіз. «Мынауың арба ғой» деп көңілімізді суыта салған сол Қауыс.
Айдабол неге арбаға ұқсады? Түрлі ғылыми, ғарышты жазбаларды қопарыстырып жүріп, жауабын таптық. Оның жүретін бөлігін бас конс­труктор Бабакин Ленинградтағы «Трансмаш» ғылыми-өндірістік бірлестігіне жасатқан. Талай жыл құпия болған бұл өндіріс орны танктерге жыланбауыр жасаумен шұғылданған. Айдаболды қалай жүргіземіз дегенде мамандар әдеттегі шынжыртабан жасаудан бастартады. Себебі Айдың топырағы өте сусыма, ал жыралары өте тік. Мұндай жағдайда бір-біріне тәуелсіз сегіз-сегізден он алты доңғалақ тиімді. Бір жақ қатардан бір-екі, тіпті үш-төрт дөңгелек істен шықса да Айдабол жүре беруі керек. Кейін Айда жосылтқанда он алты дөңгелегінің бір де бірі істен шықпапты.
Бұл Айдаболдың жүріс-тұрысын сынау үшін Қырымда арнайы полигон жасалды. Оның бедерін Айға барынша ұқсатуға тырысқан. Бірақ ол кезде Ай туралы ақпарат аздау болды. ХХІ ғасырда кезіндегі Айдаболдар, американдық ғылыми сапарлары барысында жинақталған көп мәлімет бойынша неміс ғалымдары тура Ай бедерінен аумайтын полигон жасайды. Бірақ бәрібір өзіндей қайдан болсын. Ең бастысы, Айдың топырағы өте улы екен. Әлгі Жермен соғысып, тас-талқаны шыққан Тейя планетасынан мұраға қалған топырақ әу-бастан солай болған шығар. Әйтеуір, Жерге там-тұмдап жеткізілген Ай жынысын зерттегеннің бәрі оның зарар шашып тұрғанын айтады.
Ай келбеті қорасан дағы қалған адамның бетіндей ойдым-ойдым. Бұл кратерлер сансыз метеориттің соққысынан болған деседі. Қадыр Мырза Әліде:
Жетпісте жүрек жүдеп, миың мықтар,
Көңілің жан тыныштық күйін құптар.
Сала-сала әжімдер маңдайдағы
Сызып-сызып тастаған қиындықтар, – деген өлең бар еді.
Жетпісіңіз не, 4 миллиард 360 миллион жыл­дық ғұмырында Ай жарықтық не көрмеді? Айт­пақшы, «Айды бағындырғанның бірі» атал­ған Бабакин сол жетпіске де жетпей, 56 жасында қайтыс болған. Лениндік сыйлық алып үлгерген. Францияның Ғарыш зерттеулері Ұлт­тық ғылыми орталығының медалін таққан. 1971 жылы кенет қаза тапқан соң оның атымен Ай­дағы және Марстағы бір-бір кратер аталыпты.

АМЕРИКАНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ
АППАРАТ

Сонымен Бас конструктор Георгий Николаевич Бабакин өзіне жүктелген міндетті орындап шықты. 1970 жылы 17-қарашада кеңестік «Луна-17» планетааралық стансасы Ай бетіне Айдаболды аман-сау түсірді. Бірінші Айдаболдың салмағы 756 килограмм, ашық күн батареясын қоса есептегендегі ұзындығы 4,42 метр, ені 2,15 метр, биіктігі 1,92 метр еді. Ай бетінде арбитып қалдырған дөңгелек іздерінің арасы 1 метр 60 сантиметр. Айға он алты дөңгелегі аман-сау тиген соң әй-дә, Айдабол жұмысқа кіріседі.
Сөйтіп, ғарышты игеру жылнамасына жаңа парақша жазылды. Жердің табиғи серігінің бедерін, радиациялық белсенділігін, ғарыштан рентген сәулесін қабылдауын, жынысының химиялық құрамы мен ерекшелігін тура үстінде тұрып зерттеу мүмкіндігі туды.
Бұл үшін Бабакин Айдаболды екі телекамерамен, төрт бұрылмалы телефотометр­мен, қысқартылып РИФМА аталған рентгенді флуоресцентті жарық өлшегішпен, рентгенді телескоппен, одометр-пенетрометрмен, радиация өлшегішпен және Ай бедерін лазермен тесергішпен жабдықтаған. Бәрі – сол замандағы ең озық жетістіктер. Әлбетте, ең ғажабы – Айдаболды Жерде отырып басқаратын тетік.
Қазіргі көзбен қарасаңыз, күрделі нәрсе емес. Аядай жерге сыйып тұр. Бүгінгі орташа менеджердің жұмыс үстелі одан үлкен шығар. Төменгі қатардың бір жағында: бес қалтылдақты тақта. Қалтылдақтар Айдаболдың тіршілігін әр қырынан хабарлап тұрады. Екінші жағында: екі қатар түймелі тақта. Түймелермен Айдаболды қозғайды, тоқтатады. «Оңға», «солға», «алға», «артқа» дегенді білдіретін сызықшалар бар. Қайсын бассаңыз, Айдабол солай жүреді. Тек өз бұйрығыңыздың орындалғанын 20 минуттан соң біліп отырасыз. Екі тақтаның арасындағы экран тура алпысыншы жылдардың теледидарынан аумайды. Ол Айдаболдың телекамерасы не түсіріп тұр, соны көрсетеді.
Бұйрықтың орындалғанын жеткізіп тұратын және зерттеу нәтижелерін хабарлайтын қос қалқанша жоғары қатарда тұр. Қарасаңыз, тура сейсмографтың тілі іспетті. Есеп түрлі сызықша түрінде қағазға түседі. Кәдімгі кардиограмманы оқыған дәрігер сияқты ғарыш мамандары Ай мәліметімен танысады. Қарадүрсін сөздермен сипаттағанда, Бабакин жасаған Айдаболды алыстан басқару пульті осындай еді.
Басқару пультінің мамандары оған дейін Кеңес Одағында болып көрмеген жаңа жұмысты атқарды. Айдағы көлікті Жерде отырып басқару шынында, керемет қой. Экипаж мүшесінің бірі, Айдаболдың штурман-бағыттаушысы болған Викентий Самаль былай еске алады: «Барлық сеанста, ауысымсыз жұмыс істедім. Топографиялық және айналаның морфологиялық құрамын тану, Ай жынысын, рентгендік сәуле шашуын зерттеулер және басқа көптеген істер жоспарланды. Соның бәрін абыроймен атқарып шықтық».
Айдаболды Жерде отырып айдаған Вячеслав Георгиевич Довгань 2010 жылы 17-қарашада кеңестік өздігінен жүретін «Луноход-1» аппаратының Айға барғанына 40 жыл толуына орай ресейлік «Новости» ақпарат агенттігіндегі баспасөз мәслихатында бірқатар қызғылықты естеліктер айтқан. Ол өзінің он ай бойы Ай кестесімен өмір сүргенін еске алды. Айдағы бір күн Жердегі он төрт жарым тәулікке созылады. Бір түн де тиісінше Жердегі 14,5 тәулікке тең. Айдабол негізінен Айдың беті жарық болып тұрған уақытта жүргізілген.
Айта кетсек, Айдағы күндізгі ыстық Цельсий бойынша +120 градусқа жетсе, түн түскендегі суық осы өлшеммен –170 градус суыққа барады. Түнде Ай бетіне Жердің Күннен шағылысқан сәулесі құйылады. Ол Айдың Жерге беретін сәулесінен анағұрлым артық. Түсі көгілдір, осы заманғы үнемді электр шамдарының жарығына ұқсас. Рас болса, Айдағы «Жер толысқан» түндері кітап оқуға болады екен.
Желсіз түнде жарық Ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай
Тасыған өзен күрілдеп, – деп неге Абайды оқып тұрмасқа. Бірақ Айда қайдағы өзен, қалың ағаш? Ғашықтарды айтпағанда.
Қош, ендігі сөз Айдаболдың жылдамдығы жайында.
– Сағатына ең қатты жүргенде екі шақырымға жетуге болады, – дейді Вячеслав Георгиевич. – Бірақ мұндай жылдамдықты ұстап отыра алмайсың. Кратер көп. Біріне түссең, қайта тырбаңдап шыққанша Жердегі пәленбай сағат өтеді.
Довгань бірер рет ғылыми жоспардан ауытқып, шығармашылық еркіндікке салынғанын жасырмады. 1971 жылы 8-наурызда Айдабол солға, одан оңға, одан қайта солға, сосын және оңға бұрылып, Ай бетіне «8» деген цифр жазады. Бұл – Жер бетіндегі әйелдерді мерекесімен құттықтағаны. Ол ізді фотоға түсіріп, ақпарат құралдарына таратқан. Ал партияның ХХІV съезі ашылғанда, оны да рим цифрлары ретінде із тастап құттықтаған екен. Бірақ бұл із Жердегі экраннан қарағанда орыстың үш әріптен тұратын жаман сөзіне ұқсап шыққан соң фотоға түсірмеген, ешкімге көрсетпеген.
Обалы не керек. Айдабол әу-баста есептелген мүмкіндіктен үш есе артық жұмыс істепті. Жердегі өлшеммен үш айға шамаланған қуаты он айға жетті. Ай бетін айғыздап, 10 шақырым және 540 метр жол жүрді. Жай ғана жүріп өтпей, 80 000 шаршы метрді зерттеді. 211 рет телекамераға түсірді. Оның сыртында 25 мың рет суретке тартты. Осының бәрін Жердегі ғалымдарға шашпай-төкпей жолдап отырды.
Айдабол 301 тәулікке, сосын 6 сағат және 37 минутқа созылған тірлігінде Жермен 157 байланысқа шықты. Жердегілердің 24 820 радиокомандасын орындады. 537 рет Ай жынысының физика-механикалық ерекшеліктерін анықтады. 25 нүктеде тұрып топырақтың химиялық анализін жасады.
1971 жылы 15-қыркүйекте Айдаболдың ішкі қызуы күрт төмендеген. Бұл Айда түн түсер кез еді. Сосын Айда қайта таң атқан 30-қыркүйекте ол байланысқа шықпады. Бес күнгі нәтижесіз әрекеттен соң онымен байланысты тоқтату туралы түпкілікті шешім шықты.
Сөз жоқ, Айдабол адамзат тарихында қалды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Айдағы аппаратты алыстан басқару теңдессіз жетістік еді. Бұл орайда Кеңес Одағы бас­ты бәсекелесі Американың алдында тұрған. Айдаболдың арқасында. Тек…
…Қазақ ұлттық университетінде оқып жүргенімізде сатирадан сабақ берген Темірбек Қожакеев жарықтық «соң күлген – оң күледі» дейтін. Рас екен. Бәрібір Америка озды.
Олар 2012 жылы Жерден басқарылып, өздігінен жүретін машинаны Марсқа түсірді. Ара қашықтық 53 миллион шақырым. Сегіз ай бойы толассыз ұшып жетті. Көрдік. Әлбетте, теледидардан, интернеттен, ақыр соңында кенже баламыз ай сайын оқитын «TopGear» журналынан. АҚШ Ұлттық ғарышты зерттеу агенттігі екі жарым миллиард долларға жасатқан, «Curiosuity» деп атаған бұл аппараттың негізгі қаңқасы баяғы Айдаболды еске салған. Сол бір-бірінен тәуелсіз айналатын дөңгелектер. Тек саны анадан аздау екен – екі қапталында үш-үштен, барлығы алтау. Жылдамдығының Айдаболдан асып тұрғаны шамалы. Сағатына 160 метр. Оны Жерден басқарып отырған Мэтт Хеверли деген жүргізушінің әрекеті тура қырық екі жыл бұрынғы Довганның қимылындай. «Егер алдыңнан тасты көріп, тормоз басқанша сол тасқа шығып кетесің, – депті Мэтт журналға берген сұхбатында. – Сондықтан бар команданы алдын ала жолдап отырмыз».
«Curiosuity» жайындағы ақпараттарды құныға оқыған сайын баяғы Айдабол еске түсе берді. Құлагерін жоқтаған Ақан Сері сияқты.
ШЫҒАННАН ШЫҚҚАН
ШАҒЫЛЫС

Енді өз шежіремізге оралайық. Алғашқы Айдаболдан соң Кеңес Одағы «Луноход-2» аппаратын жасап аттандырды. Ол да Жер серігін шамасы жеткенше зерттеді. Оған үшінші бейнекамера қойылғаны зерттеу аясын кеңейтті. Бұл бірінші Айдаболға қарағанда төрт еседей ұзақ, 37 шақырым жүрді. Бірінші Айдаболдың ішкі қызуы төмендеп, байланысқа шықпай қалса, мынау керісінше қызуы қатты көтерілгендіктен, 1973 жылы 4-маусымда тоқтайды.
Енді мына қызықты қараңыз, арада 20 жыл өткенде Кеңес Одағы ыдырап, Айды зерттеу бағдарламасы адыра қалған кезде баяғы «Луноход-2» аппараты сатылған. Тура Айда тұрған тұсында. Сатушы иесі – Бабакиннен қалған «Лавочкин» ғылыми-өндірістік бірлестігі. Сауданың делдалы – Сотбис аукционы. Сөйтіп, нөмірі екінші Айдаболыңыз өзін сонда жеткізген «Луна-21» планетааралық ғарыш стансасымен бірге 68 мың 500 долларға саудаланған. Алушы – белгілі кәсіпкер Ричард Гэрриот. Өзі астронавтың баласы көрінеді. Әрі 2008 жылы қазан айында турист болып ғарышқа да ұшып келген.
Аукционда алған, Айда тұрған меншікті затының координатын білмек болған Гэрриот сосын ғалымдарға жүгінеді. Батыс Онтарио университетінің Фил Стук деген профессоры Айдан алынған суреттерге қарап отырып, оның тұрған тұсын айқындап береді. «Екінші Айдаболдың ізі көрініп тұр. Оның сапар барысында қалай жүрген тарихы біздің қолымызда. Қай жерде алқаптың магнит өрісін өлшегенін, ақпаратты мол жинау үшін ілгері-кейін жүргенін білеміз» деп мақтанған әлгі профессор. Рас, Кеңес Одағының мұрағатында қалған сапар есебін қалай қолға түсіргенін айтпапты.
Қанша жерден мақтанса да, Фил Стук мырзаның екінші Айдаболдың заңды иесіне берген мәліметі жаңсақ екен. Оның «мынау тұрған сіздің Айдаболыңыз» деп көрсеткен суреттегі қара ноқат «Луноход-2» емес, Ай бетіндегі оймақтай кратер болып шығады. Ол жерге жүріп-тұрған кезінде екінші Айдабол түсіп кетіп, көп машақатпен шығыпты. Кәдімгі ауылдың шұқырына батқан автокөлік секілді. Сол арлы-берлі ышқынғанда шиырлап тастаған топырағы қара нүкте болып қалыпты.
Ресейдің Вернадский атындағы Геохимия және аналитикалық химия институтының салыстырмалы планетатану зертханасының меңгерушісі Александр Базилевский осылай мәлімдеген. Бұл маман кезінде Айдаболды айдаушылардың бірі болғандықтан, пікірі пәтуалы еді. Кешікпей басқа мамандар суреттерге қарап отырып, Ричард Гэрриот мырзаға тиесілі Айдаболдың қайда тұрғанын дәл анықтап беріпті. Осыны естігенде ауылда жоғалып кеткен сиырын іздеу үшін құмалақ салдыратын құдамыз еске түссін.
Ал бізге ыстық бірінші Айдабол ше? Мына мақаланың жазылу себебі сол Айдаболдың табылғанына қатысты. Ғарышты жаппай зерттеп жатқан ғылыми орталықтардың бірі Сан-Диего университетінің физиктері АҚШ Ұлттық ғарышты зерттеу орталығы «кеңестен қалған «Луноход-1» тұр» деп көрсеткен тұсқа 2012 жылы лазерлік түртпек жібереді. Лазерлік түрткі Нью-Мексико штатында тау басындағы Апаче-Пойнт обсерваториясының телескопы арқылы жолданған. Кешікпей сол түртпек шағылысып, обсерваторияның өзіне оралған.
– Белгі соншалықты күшпен оралды. Мен бастапқыда не болып қалғанын түсінбедім. Бірінші толқынның өзінде біз «Луноход-1-ден» қуаты 2000 фотондық түрткі алдық, – деп мәлімдеген осы ғылыми жобаны басқарған астрофизик Том Мерфи. – Енді нысанды пайдалана отырып, Эйнштейннің салыстырмалық теориясындағы ауытқушылықты анықтаймыз. Және Айдың орбитасын тура миллиметрлік дәлдікпен есептеп береміз.
Бұлай істеу Айдаболдың жүріп-тұрған кезінде неге кеңестік ғалымдардың ойына келмеді екен?!
Сонымен бар екен. Бар екенін айғақтап белгі беріпті. Қатты қуандық. Бала кезімізде жаттаған тақпағымыз, пластмасса болса да ойнаған ойыншығымыз емес пе?!
Айтпақшы, сол ойыншықты дөкір пластмассадан домбайлай салмай, әрлі-берлі командамен жүргізетін пультпен жасауға Кеңес Одағы неге мән бермеді екен дейміз. Айдағы Айдаболды басқару мүмкіндігін жасаған империяға бес метр жердегі ойыншыққа пульт істеу қиын ба еді? Тек, зейіндері жетпеген, мойындары жар бермеген. Соның салдарынан осындай ойыншығы бар Батысқа ынтық, құмар, еліктегіш ұрпақ өсіп шықты. Нәтижесі неге соқтырғанын баршамыз білеміз.
Қош, ойыншығымыз бен тақпағымыз болу сыртында әскердегі ағамызға, оқудағы әпкемізге жолдаған хатымызға жапсырылған маркада «Луноход-1» тұратын. Сондықтан ескі досымыздың хабарын естігендей желпіндік. Көз майымызды, ми сығындымызды, маңдай терімізді талай жылдан жұмсап жүрген телевизия саласындағы бір бағдарламаға «Бармысың, бауырым?» деп ат қойып едік. Айдаболға қатысты сол тіркесті айтқымыз келген. Бірақ телевизия шіркінде термин көп, техникасына малтығып жатқаның, ал өлең әлемінде ойың өрнекті, сезімің мөлдір өрбиді. Сондықтан:
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің.
Гүлім едің,
Елтіген түнім едің.
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?!
Әлбетте, танып отырсыздар, Мұқағали. Осындағы «Махаббат» деген зат есімді «Айдабол» деген зат есіммен ауыстырсаңыз сөзіміздің түйіні табылып, Айдаболдың қайта пайда болғаны туралы хабарға қаншалықты қуғанғанымызды аңғарасыздар, қадірменді оқырмандар.

Қайнар ОЛЖАЙ
Қазақстан-Ресей-Украина-Германия-Голландия

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айжан Арғынқызы

    Тамаша мақала!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.