«Отбасының бақыты – өз қолыңда»

«Көкжиек» әңгімелер жинағымен қазақ әдебиетіне философиялық проза жанрын ала келген белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдікті қазақ әдебиетінен хабары бар көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жан білетіні сөзсіз. «Райхан», «Күзгі жапырақтар», «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Оң қол», «Әке», «Парасат майданы» атты әңгімелер мен повестер жинақтарының, «Өліара» романы мен «Біз үшеу едік» пьесасының, соңғы жылдарда жарық көрген «Ардагер» пьесасы мен «Тұғыр мен ғұмыр» атты повестің авторы Төлен ағамыз бен отбасының ұйытқысы, шаңырақтың отанасы Күлән апамыздың арасындағы сиқырлы сезімнің сырлы әлемінен сыр шерту үшін жазушы ағаның үйінің есігін қақтық. Есікті Төлен ағаның өзі ашты. Отбасында қалыптасқан қазақылықтың белгісі болса керек, үйге енгенде бір жылылық, қарапайымдылық сезілді. Ағамыздың бәйбішесі Күлән апамыз үйде жоқ екен, шамалыдан кейін, біз әңгімелесіп отырғанда келді. 

Алғашқы сезім

Ағамыз алпысыншы жылы Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Көкалат ауылынан ару Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға келеді. Сол жылы бүгінде ошағының отын маздатып отырған бәйбішесі Күлән апамызбен екеуі қатар құжат тапсырыпты. Оқуға келген әрбір жастың тағдыры әрқалай емес пе, біреулер оқуға түссе, біреулері түсе алмай кетіп, тағы бірі сырттай оқуға ауысып жатады. Сонда Төлен аға күндізгі оқуға қабылданып, Күлән апайымыз сырттай оқуға түседі. Оқуға жаңадан құжат тапсырып, емтихандар тапсырған кезде абитуриенттердің мұңдас-сырлас болатыны бар ғой. Біздің кейіпкерлеріміз де осылайша емтихан кездерінде бірін-бірі көріп жүріпті. Бірақ шүйіркелесіп әңгімелесуге мүмкіндік бола бермейтін. Кейін оқу басталған кезде Күлән тек сессия кезінде ғана келіп кететін Алматыға. Төртінші курсқа өткен жылы Төлен аға Жамбыл қаласындағы қазақ мектебінде өндірістік практикада болады. Тағдырдың кездестіргенін қараңызшы, дәл сол мектепте Күлән кітапханашы екен. Екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншіліктері осы кезден басталады. Осында жүріп, бірге қыдырып, той-думанға бірге барып, түрлі кештерде бірге жүріп, ақырында бұл жүздесулердің соңы шынайы махаббатқа ұласады. Көп балалы отбасынан шыққан Күлән қыз жеңіл сезімнің адамы емес еді. Отбасында «қыз баланың көрсеқызарлықпен жігіттің соңынан ілесіп кетуіне болмайды» деген ақылды жадына тоқып өскен ол алды-артын ойлап, қалай болар екен, өмірлік жар болуға сенім артуға бола ма деген ойдан кейін ғана адал сезімге берілген жан. Өйткені әкесінің қарындасының қолында тәр­биеленгендіктен, әпке мен жезденің «мына уақытта барасың, мына уақытта келесің, қыз балаға бөтен кісінің үйінде қонуға болмайды» деген қатал тәрбиесінде өсті. «Көп ұзамай екеуміз түсініскеннен кейін шаңырақ көтерсек қайтеді деген тоқтамға келдік. Күлән да қарсы болмады. Сессия бітіп, ауылға қайтатын кезде үйге «мен адам алып бара жатырмын, тойға дайындала беріңдер» деп хат жаздым» дейді ағамыз өткен күндерді есіне алып. Төлен Әбдіктің «Әке» деген повесіндегі бас кейіпкердің үйлену тойындағы оқиғалар желісі жазушының өзінің үйлену тойынан алынған екен. Қаланың тәрбиесін көрген қызға жат жұртқа, ауылдық жерге алғаш келін болып түскен кезде кездесетін қиындық көп. Бірақ қиналғанмен өзің таңдаған жарыңды жақсы көргесін, келін болмас бұрын осы қиындыққа тас түйін дайын болу керек. Өйткені барғаннан кейін артқа қарай жол жоқ. Сондықтан Күлән апа Төлен ағамен өмірдің бар қиындығы мен қуанышын, суығы мен жылуын, ауыры мен жеңілін де бірге көтеруге шешім етті. «Бәріміз ауылдан шықтық қой, бірақ қалада өскендіктен алғашында иінағашпен су тасу да, ауылдық өмірдің басқа да тірліктері мен үшін қиын болды. Бірақ «осыны істемесем мен мұнда неге келдім, егер мен сүйген жарымның ата-анасын ренжітсем, менің ата-анама ертең ол қалай қарайды?» деген сұрақты жиі қоятынмын өзіме. Төкеңмен елу жылдық отбасылық ғұмырымда ата-енеммен ешқашан ренжіскен адам емеспін. Ата-ене менде біреу болған жоқ бірнешеу болды. Келін болып барғанда ол кісілерге тез бауыр басып кеттім. Атам әзілге жақын кісі еді. Сәлем салуды ұмытып кетсем «Сәлем қайда?» деп әзілдеп еске салатын. Таңертең ерте тұрып алады да үйді айналып жүріп, «Түһ, шөлдедік қой» деп қоятын. Сонда «Құдай-ай, осы кісі неге таң атпай шөлдейді» деп ойлайтынмын. Сөйтсем мұны «ұй­қысынан тұрып, самаурын қойып, шай қайнатсын» деген оймен айтады екен ғой. Кейін қайын сіңлі, қайын іні­леріме дейін өзіміз тәрбиелеп, жетіл­дірдік. Олар да әлі күнге біздің төңі­регімізде. Ешқандай өкінішім жоқ. Құдайға шүкір, өз өміріме, өз бақы­тыма ризамын» дейді ағамен елу жыл бақыт бесігін тербеген Күлән апамыз.
Сол уақытта студент бола жүріп, үй болу оңай шаруа емес. Жетпей жатқан дүние. Төлен ағаның стипендиясы жас шаңыраққа не болсын. Бірақ соған да тәубешілік жасап, елден келген оны-мұны көмекті қанағат тұтып күн көріп жатты. Осындай уақытта Күлән апайымыз Төлен ағамен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге бөлісті. Қиналғанда демеу болды. Төлен аға шығармашылық адамы болғасын бұлар алғаш жатақханада тұрғанда да, жеке пәтерге көшкенде де есіктері ертелі-кеш жабылмайтын. Жора-жолдастар мен қызметтес кісілер жиі келіп жатады. Олардың сыртында туыс-ағайындар бар. Бірге тумаса да туғандай болып кеткен Төкеңнің таныстары көп. Солардың ешқайсысына есік жабылған емес. «Біздің Алматыдағы аядай ғана бір жарым бөлмелік пәтерімізге 20-30 адамға дейін қонып кететін кездер болды. Қазаным оттан түспейтін. Ондай кезде мен ешқашан қиналған жоқпын. Әрине, шаршайсың. Таңертеңге дейін көз ілмей жұмысқа кетіп жүрген сәттерім де болды. Бірақ бұның бәріне реніш білдірмей, шыдамдылық таныттым» дейді жұбайлық өмірдің ыстығы мен суығына әбден ысылған Күлән апай күлімсіреп. Өмірдің қиындығын бірге көру, бірге жүру арадағы қарым-қатынасты шыңдайды екен. Кейде керісінше де болуы мүмкін. Өйткені қиындыққа көп адам шыдай алмайды. Бірақ біздің кейіпкерлеріміздің арасында түсінбестік жағдай бола қоймады. Төртінші курста оқитын Төлен ағамыздың «Райхан» деп аталған тырнақалды шығармасы Қазақстан Жазушылар одағы бас болып шығарған «Таңғы шық» деген жинақа еніп, жас жазушы атанып шыға келеді. Бұдан бөлек газеттерге де мақала жазып, қаламақы алып жүрді. Осылайша жас отбасы ел қатарлы өмір сүруге үйренді. «Басыңда жекеменшік пәтерің болмағасын да жақсы емес. Пәтер жалдауға, одан күнкөріске қаржы керек. Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен, екеуміздің арамыздағы сезім мен өзара түсіністік бізді ұсақ-түйек реніштен арыға апармады. Отбасының іргесіне қатер төндіретіндей, шаңырақты шайқалтатындай жағдайға еш уақытта жол бермедік. Сол келеңсіздіктің болмауы негізі менің бәйбішемнің арқасы ғой деп ойлаймын» деп күлді аға. Төлен ағаның пайымынша, әйел сабырлы болса, отбасындағы өзінің жауапкершілігін сезінсе күйеуі де ондай әйелді құрметтеп, сыйлайды. «Менің ойымша, негізі отбасының қазығы әйел» дейді ол. Айтпаса да белгілі, ер адам үнемі сыртта жүреді. Қателік те көп болады. Ал соны тым шиеленістірмей, қалыпқа түсіру әйелге көп байланысты. Күлән апа да осы пікірге қосылатындығын аңғартты.

Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры

Отбасының бақыты бала деген. Уақыт өте жас отбасына cәби келді. Шыр етіп дүние есігін ашқан тұңғыштарының есімін Қарлығаш деп атады. Бүгінде Қарлығаш Төленқызы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Төлен ағамыз екі шаңырақтың ортасындағы жалғыз бала болғандықтан, одан туған баланы қос әке мен қос ана бауырына басты. Онда да «зорлықпен» бауырларына басты. Зорлықпен дейтініміз, Қарлығаш бір жасқа толғанда Күлән апай бөпесін алып ауылға барады. Аудан орталығынан бес-алты шақырым ары ауылда тұратын Әбдік ақсақал баланы алып қалып, келінін «бала біздікі, сен қайта бер» деп, келген жолымен кері қайтарыпты. Бір жастағы сәбиін атасы алып қойғасын, әдептен аспаған келін қайтсін, ата-анамыз, жолдасым риза болса болар деген оймен, көзінің жасын бір бұлап алып, кейін қайтады. Үлкен адамның дегеніне қарсы келе алмаған жас жұбайлар бірін-бірі жұбатып, қаланың күйбең тіршілігіне араласып кете береді. Тумысынан балажан Төлен аға төрт ай өткенше зорға шыдап, әбден сағынғасын перзентін көруге барғандағы оқиға да өзінше бір әңгіме. Қолына жеміс-жидектер мен тәттілерді, ойыншықтарды алып баласын көруге әдейілеп елге барады ғой. Сонша жерден ат арылтып, сағына-сарыла жеткенімен, үлкен үйден тірі пенде таппайды. Үйде ешкім жоқ. Сөйтсе анасы Кенжесары баланы алып қыдырып кетіпті. Содан үй жанындағы әкесінің інісінің үйіне барып, үйдегілерді тосуға тура келеді. Бір жарым сағат өткесін Кенжесары әжеміздің келгенін естіп үйге барса, үйдің алдында ауылдың бар кемпір-кепшігі жиналып қалыпты. «Ойбай-ау бұл не басқосу?» деп таңғала қойған сауалына, кемпірлер «Төлен мен Қарлығаштың кездескенін көрейік деп едік» деп мәз болады. Есіктің алдында екіге жарыла отырған оларға ағамыздың перзентімен кездесуі бір қойылым сияқты қызық болыпты. Сағынып келген Төкеңді қызы танымай, жылап қашып кемпірдің бауырына тығылады. Бұған өзі балажан, көңілшектеу ағамыз мұңайыңқырап қалады. Сәбидің бұл қылығына кемпірлер мәз, оларды Төкеңнің «жағдайы» қызықтырмайды. «Керегі жоқ олардың, атасы мен әжесі тұрғанда бұларды қайтсін» деп шоқты маздатады. Содан Төлен аға апарған тәттілері мен ойыншықтарын бере жүріп, қызының бетінен зорға дегенде сүйіпті. Қызына деген сағынышын басып, екі-үш күн қонғасын, «жақсы көріп, үйреніп алса, мен кеткесін сағынып бәле болар» деген оймен қасына жақындата қоймай, баланы кемпір мен шалға тастап, өзі қалаға қайтады. «Оған өзіміз әлі күнге ризамыз. Балаларымыз одан жаман болған жоқ. Екі жақты бірдей көріп өскендіктен атасын да, әжесін де құрмет тұтады. Әлі күнге дейін ауыз­дарынан тастамайды. Бізді қалай жақсы көрсе, ата-әжесі мен туған-туыстарын да сондай құрметтейді. Өйткені ағайынның ортасында, атаның, әженің қамқорлығын көріп өсті. Сондықтан балалар қалада оқып, қалада өскенімен қазақы. Ауылдың тәрбиесін, ауылдың үлкен кісілерінің мінез-құлқын бойларына сіңірді, түсініп түйсіктеріне түйді. Үлкендердің өздеріне деген сүйіспеншіліктерін сезініп өскендіктен, әлі күнге ауыздарынан аталары мен әжелерін тастамайды» дейді Күлән апа. Арада біраз уақыт өткенде Қарлығаштың ізін ала екінші перзенттері Алмас дүниеге келді. Алмас Төленұлы қазір киностудияда режиссер болып қызмет етеді. Одан кейін Дархан есімді ұл келді дүниеге. Дархан Әбдік өзіміздің әріптесіміз, майталман журналист. Үшеуі де мектепті жақсы оқыды. Бүгінде бәрі өз жолдарын тапқан. Төлен аға мен Күлән апа қазір шамалары келгенше соларды қолдап отырады. «Біздің үйде еркіндік болды негізі. Отағасы балаларға дауыс көтеріп, ананы істе, мынаны істе деген емес. Бар айтқан ақылымыз «сабағыңды оқы». Балалар мұғаліміне ренжіп келсе, «мұғалім ешқашан оқушыға жаман болсын демейді» дейтінбіз» дейді апа балалары жайында әңгіме өрбіткенде . Бүгінде өздері ата мен әжеге айналды. Бес немеренің ата-әжесі атанған қадірлі жандардың арманы немерелерінің аман-есен жетілгені. Төлен аға немерелерінің қазіргі кішісі Әлиясын ерекше жақсы көреді. Немересі не айтса соны істеуге бар. «Жарықтық Алла тағала адамға жағдайды жасаған ғой. Кейде соны өзіміз бағалай білмейтін болуымыз керек. Немере балаңнан да тәтті болады деген рас екен, – деді аға ағынан жарыла. – Балаларым жастау кезде жұмыс істеп отырған бөлмеме кіріп келсе «осы жұмыс істетпейтіндерің-ай» деп жақтыра қоймайтынмын, қазір кішкентай немерем Әлия жұмыс істеп отырғанда кіріп келсе бір рахаттанып қаламын. Алдыма отырып алып, кіп-кішкентай саусақтарымен компьютердің клавиа­турасын басқанының өзі мен үшін қуаныш. Немере десе барымды беруге дайынмын, өйткені өміріңнің мағынасы сол секілді. Немерелерімді қатты еркелетемін. Кішкентай немерем Әлия тіпті билеп алған мені» деп немере бағудың да бір бақыт екенін ақтарыла жеткізді.

«Менің үйім – өзімнің жұмағым»

Әлгінде айтқанымыздай жазушының пайымында отбасындағы татулық көбіне әйелге байланысты. Әйел сабырлы, ақылды, парасатты болса, отбасындағы үлкен байлық осы. Ер адам әйелдің бойындағы осы қасиеттерді бағалай білу керек. Төлен аға да, Күлән апай да осы қасиеттердің бағасын біледі. Білгендіктен де бірін-бірі қадірлей білді. Сондықтан Төкең де отбасында артық мінез көрсетпейді. Төлен аға танымал жазушы әрі белді-белді мемлекеттік қызметтерде жүргенде Күлән апай жарына демеу бола білді. «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүргенде түрлі жағдайлардың салдарынан аға жүректен қатты инфаркт алды. Өмірдің осындай қиын кезеңінде жаныңдағы жарыңның ықыласы аса қажет. Күлән апа бұндай сәтте де ағаның жанынан табылды. Жалғыз қалдырмады. «Отбасында сенімді болсаң, арадағы қарым-қатынас шынайы сезім мен ықыласқа құрылса, адам өзін жақсы сезінеді. Мен өзімді отбасында бақыттымын деп есептеймін» деді бұл ретте Төлен Әбдік. Әрине, мұңсыз адам болмайды. Ағаның сөзі сырлы ғой, әңгімелескен жанды өзіне баурап алады. «Толып жатқан әлеуметтік жағдайлар, саяси мәселелердің бәрі кісінің көңіл күйіне әсер етеді. Өмірде әділетсіздіктер көп болады. Соның бәріне күйзелесің, уайымдайсың, ойға алған арман-мақсаттарың да орындалмай жатады. Сол қиын күндерде саған қуат беретін отбасың. Отбасыңның жағдайы дұрыс болса, адамның көңіл-күйі де жақсы болады. Мәшһүр Жүсіп пен Абай екеуі кездесіп қалып, бір-бірімен айтысқанда Абай Мәшһүрге «Жұмақ деген не? Тозақ деген не?» деп сұрақ қойыпты. Сонда Мәшһүр Жүсіп «Әйелің жақсы болса, жұмақ үйіңде, әйелің нашар болса, тозақ үйіңде» деген екен. Сол айтқандай менің үйім өзімнің жұмағым» деді жазушы. Иә, мемлекеттік қызметте жүргесін кейде кеш оралатын, беймезгіл уақытта жанына кісі ертіп келетін кездер болады. Әдебиет, өнер кештерінен, қаламдастарымен болған кездесулерден кештеу қайтатын жайттар да кездесіп жатады. Осының бәріне ақылды әйел түсіністікпен қарайды. Қазақы мінездің жақсылығы болса керек, Күлән апайда осы қасиет болғандықтан өзара түсіністік пен отағасына деген ілтипат сезімі оны кешіре білуге үйретті. ««Орыстарда «каждый по своему сходит с ума» деген сөз бар. Сондықтан әркімнің өзіне ғана тән тағдыры бар. Оны басқа біреулердің өмірімен салыстыру мүмкін де емес» дейді Төлен аға. Ал отбасындағы келеңсіздіктерді жоюдың жолымен бөліскенде кез келген отбасында ішкі қарым-қатынас қалай болғанда да күрделі болатынын арқау етті. «Ата-ананың баласымен түсінісе алмайтын кездері де болады. Бірақ осының бәрінде адамға сабыр керек. Өйткені қазіргі болған реніштің өзі уақытша ғана нәрсе. Осындай жағдайға шешуші сәттей мән берген кісі өз өмірін өзі улайды. Еврей халқының Сүлеймен патша туралы аңызында патша бір нәрсеге ашуланып тұрып, қолындағы жүзігін сыпырып алып қараса «бұл да өтіп кетеді» деген жазу тұр екен дейді. Сол сияқты өмірдегі ұсақ-түйек реніш те, өмірдегі сәтсіздік те уақыты келгенде өтеді. Ең бірінші, амандық керек. Жамандықты амандық жеңеді деп қазақ тегін айтпаған. Басың аман болып, бәрін кешіре білген дұрыс. Әрине, бірақ бәрін кешірдім деп жалпақ- шешей бола беруге де болмайды» дейді.
Расында да отбасындағы ортақ түсіністік, бірін-бірі қолдап, қуатта­ғанның, демегеннің арқасында бүгінде өнегелі шаңыраққа айналды. Иә, айтқандай, Астанаға көшіп келгеннен кейін 2002 жылы Төлен аға екінші рет инфаркт алады. Дәрігерлер бұдан кейін аман қалудың екіталай екенін ескерткесін, 2005 жылы Германияға барып жүрегіне ота жасатуға тура келді. Бұл кезеңде де Күлән апамыз Құдай қосқан қосағын жалғыз қалдырмады. Шүкір, біріншіден, Құдайдың көмегімен, екіншіден отбасындағы шуақ шашқан ахуал ағаның бүгінгі күнге жетуіне ықпал етті. «Осы кісінің жағасын кір шалмаса, абыройына менің тарапымнан сөз келмесе деп ойлаймын. Шамам келгенше бар жағдайды жасауға ұмтыламын. Кезінде отбасыммен, баламен жағаласып жүріп өзім де жұмыс істедім. Ата да бақтым, ене де бақтым. Бұның бәрі өзіміздің арамыздағы түсініктің арқасында оңай өткен сияқты. Құдайға шүкір, өміріме ризамын, отағасына ризамын. Осы кісі аман болса екен, балаларым аман болса екен деп тілеймін. Осыдан басқа менің ешқандай тілегім жоқ» деді жазушы шаңырағының шаттығы мен берекесін кіргізіп отырған апамыз.

Түсіністік – татулық тірегі

Төлен аға бір шығармасын жазып аяқтаса, алдымен бәйбішесіне оқытатын көрінеді. Бәйбішесі де аға сияқты жоғары білімді адам болғасын отаға­сының жазғандарын оқып шығып, соңынан өзінің пікірін айтады екен. Оған мысал ретінде ағамыздың 1985 жылдан 90-шы жылдардың ортасына дейін қойылып келген «Біз үшеу едік» деген пьесасын жазып бітіргесін, Күлән апайдың айтуымен, шығарманың кейбір тұсын қайта жөндегенін айтуға болады. Төлен аға «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет істеп жүргенде жеке шығармашылығымен айналысуға уақыт бола бермеді. Бұл өте беймаза жұмыс еді. «Фильмдердің сценарийі Мәскеудің келісімінсіз қабылданбайды. Айына бірнеше рет Мәскеуге баруға тура келеді ол үшін. Шығармашылық жайына қалады ондайда. Осындай қиын жағдайда кітап жазуға мүмкіндік болмағасын жұмыстан кеткім келіп жүрді. Бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Есенәлиев қоңырау шалып, өзіне шақырды. Барсам: «Мен сенің жазушы екеніңді білемін. Бірақ бізге де келіп қызмет істегеніңнің артықшылығы жоқ. Бізде бір орын босап, соған сені алғымыз келіп отыр. Көп ұстамаймыз, бір-екі жылдан кейін басқа жаққа жібереміз. Шығармашылығыңмен айналысуға жағдай болады» деп Орталық Комитеттің нұсқаушысы болып жұмыс істеуге шақырды. Өзім де жұмыстан кеткім келіп жүрген. Бірден келісімімді беріп, аяқастынан мемлекеттік қызметкер болып шыға келдім» дейді алғаш мемлекеттік қызметтің дәмін татқан кезін еске алған ағамыз. Жаңа қызметке келгенде өзі секілді жазушылар Әбіш Кекілбаев, Марал Ысқақбаевтармен, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен бірге қызметтес болды. Бірақ осы жерде бір-екі жыл емес он жыл отырып қалды. Кейін «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып барды. Қай қызметте жүрсе де сүйікті жар, жанашыр дос ретінде Күлән апай көп қолдау көрсетуден жалықпады. Нағыз жанашыр адам ғана күйеуіне осылай демеу болса керек. «Отбасы бақытының ең бастысы ерлі-зайыптылардың бір-бірімен түсіністігі. Барға да, жоққа да қанағат ету керек. Бақыт өз қолыңда деген сол, өзің жасайсың оны. Жөн-жосықсыз жарың саған жамандық жасамайды. Яғни өзіңді сыйласаң, жарыңды да сыйлай білу керек. Бірін-бірі сыйлап, түсінісе білу отбасының бақыты» дейді Күлән апа.

Достың аты дос қой, шіркін, қашанда

Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Ағаның түсінігіндегі достық: бала кездегі достық, қызметтес достық, рухани достық деген түрлі деңгейге бөлінеді. Бала кездегі достық – әркім өмірдің әртарапына кеткесін, соншалық іздей қоймайтын, көрген кезде қуанып, көрісіп жатасың. Ал қызметтес досың қызметтен кеткен күні ауыстырған киім секілді ауысып кетуі мүмкін. Ал рухани дос, әрине, кісінің бірін-бірі іштей жақсы көруінен, бірін-бірі сыйлауынан туын­дайды. Мұндай адамдар бір-бірінің жан дүниесін, мінезін, дүниетанымын, түйсігін… жақсы түсінеді. Ондай дос сенің адал серігің. «Мұндай дос студенттік өмірде қалыптасады. Студенттік кезең адамның қалыптасу кезеңі, дүниетанымының қалыптасу кезеңі. Сол кезден адам бірін-бірі түсінісе бастайды. Мысалы, менің достарым Дүйсенбек Қанатбаев, Шоқан Әлімбаев еді. Екеуі де марқұм болып кетті. Мұқан Көптілеуов, ол да өмірден озды. Ендігі көзі тірілері: қазақ әдебиетінің проза жанрында өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар, жасы үлкен болса да курстас досым Әнес Сарай, белгілі жазушылар Қажығали Мұханбетқалиев, ­Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Иген Хасенов, жастайымнан бірге өскен досым Қойшығара Салғараұлы қалдық. Біздің арамызда рулық, тағы да басқа бөліп жаратын түсінік жоқ. Біз тіпті студент кезімізде кімнің қай ру екенін де білмейтінбіз» дейді шынайы достық туралы ішкі сырын ағытқан ағамыз. Студент кезде Төлен ағаның шығармашылық қабілеттері мықты әріптестері көп болды. Мысалы, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовпен бірге оқыды. Дүйсенбек Қанатбаев екінші курста жүріп-ақ белгілі ақынға айналды. Осындай жолдастарының арқасында Төлен аға да өзін-өзі қамшылаумен бүгінгі мәртебе биігіне жетті. Бұлармен арадағы достық уақыттың сынынан өткен. Ағамыздың ең көп араласатыны Дулат ­Исабеков. Екеуінің әзілі де жарасқан, бір-бірлері туралы айтар қызық әңгімелері жетерлік, шығармашылық жағынан да түсіністіктері мол. Бұдан бөлек астаналық достары Қажығали Мұханбетқалиев, Қойшығара Салға­ра­­ұлы­мен бірге жетісіне бір рет бильярдқа барып, күйбең тіршіліктен бір уақыт босап, өзара сыр тартысып, шүйіркелесіп тұрады. «Бір-бірімізді көрмесек сағынып тұрамыз. Бірге туған адамдардай болып кеттік. Әр кездескенде көп жыл көрмегендей мәз-мейрам болып жатамыз. Алматыға барғанда да солай. Астанаға көшіп кетіп бара жатқанымызда қимай айырылыстық. Кейін жайғасқасын соңымыздан өздері әйелдерімен, балаларымен «сендер жалғызсырап қалдыңдар ғой» деп іздеп келді» деп отбасылық жолдастары жайында әңгіме өрбіткенде Күлән апаның сөзінен отбасылық достарға деген ерекше бір ілтипатты байқадық. Оның бер жағында Төкеңнің жасы үлкен сыйлас ағаларының бәрін Күлән апа әрдайым да құрмет тұтады. Аға жанына жақын достарымен өмірдің толып жатқан мәселелерінен шеттеңкіреп, әңгіме дүкен құрып тыныққанды ұнатады. Махаббат қаншалықты мағына берсе, достықтың мағынасы одан артық болмаса кем емес. Сондықтан Төлен ағаның ойынша адамда дос, жолдас болмау үлкен қасірет.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.