Ұлағатты ұстаз

Игорь Николаевич өзінің сүйікті ісі, мамандығы, кәсібі бойынша ғылыми атақ-дәрежелердің бәрін алып, ауылшаруашылық ғылымын дамытуға ұзақ жылдар бойы үздіксіз атсалысып келеді. Осыншама мол, игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық. Мұның үстіне ғалымның жоғары оқу орындарындағы ұстаздық, ғылыми-ұйымдастырушылық, ғылыми мамандар даярлау, басқару саласындағы қызметтерін қоссақ, еңбегінің сан қырлы екеніне көз жетеді. Ғалымның шығармашылық өсу, жетілу жолы туралы тіпті арнайы зерттеу жазса да болғандай. Сондықтан да біз бұл мақаламызда ғалым ағамызды ұлағатты ұстаз-ғалым ретінде қарастыра отырып, ғылыми еңбек жолы мен өмір мектебі туралы басты мәселелерді ғана атап өтумен шектелгелі отырмыз.

Біз ұлағатты ұстаз-ғалым деген тіркесті бекерден-бекер қолданып отырған жоқпыз. Біз білетін Игорь Николаевич, ең алдымен, жылқы шаруашылығына жан дүниесімен берілген, оның нағыз майталман маманы, оның нағыз шебері, осы бір ауылшаруашылық ғылымының «жылқы шаруашылығы» деген саласының бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан көрнекті тұлға. Игорь Николае­вичтің азаматтық тұлғасында туа біткен асыл қасиеттер көп-ақ. Соның бірі – қазақ ұлтына деген зор сүйіспеншілігі десек қателеспейміз.
Ғылымның әрбір саласының өзіндік елеулі өзгешелігі болады десек, қазақ үшін жылқы шаруашылығының алар орны тіптен бөлек. «Ат – ер қанаты» деп дәріптейтін атам қазақ оны өсіріп-баптауға, дамытып-жетілдіруге ықылым заманнан бері зор мән беріп, өзінің ұлттық ғылыми мектебін қалыптастырғаны сөзсіз. Соны терең пайымдаған Игорь Николаевич орта мектепті орысша бітіріп, жоғары оқу орнын орысша тәмамдаса да, бірауыз қазақша білмейтіндігіне қарамастан, өз кәсібінің қыр-сырын терең түсіне түсу мақсатында ғылыми-тәжірибелік алғашқы жолын қазақтың жылқышы ауылында өткізіп, жылқышылармен бірге тұрған екен. Мақсат – қазақ тілін өз бетімен еркін игеріп, қазақ ұлты­ның қасиетті түлігі болып саналатын жылқысын сол ұлттың өзі қалай өсі­ретінін өз аузынан естіп-түсіну еді. Сондықтан да ол тек қазақтар ғана тұратын жылқышы ауылына табан тіреп, ұзақ жылдар бойы жылқышылармен бірлесіп қажымай-талмай еңбек етті. Сөйте жүріп, қазақ тілін өз ана тіліндей білетін дәрежеге қол жеткізді.
Өзге тілді өз ана тіліңдей еркін меңгеру кімге де болсын қиын шаруа. Жергілікті халықтың мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін жан-тәнімен түсінетін, өзі Отаным деп тұрып жатқан елінің ілгері басқанына сүйсініп, кедергі-ке­сіріне шынымен күйінетін, өз мүддесі мен халық мүддесін терең байланыстыратын, білігі мол, адамдық тұлғасы зор, азаматтық тұғыры берік жандар ғана өзімен біте қайнасып өмір сүріп жатқан жергілікті ұлттың тілін меңгеруге шын ниетімен кіріседі.
Міне, сексенге жетіп, жемісін төгіп, саясы мол бәйтеректей болып отырған Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі Игорь Николаевич Нечаевті егемен еліміздің танымал тұлғаларының бірі десек, артық айтқандық емес. Оған оның отандық ғылымды дамытуға қосқан орасан үлкен үлесі мен ұзақ жылдық ұстаздық ұлағатты жолындағы ерен еңбегі дәлел.
Игорь аға­мыз балдырған шағынан бастап оқу-білімге аса қабілеттілігімен, өте зеректігімен көзге түсіп, орта мектепті жақсы біліммен аяқтаған. Өзі орыс ұлтының ұрпағы бола тұрып, өзін Арғынмын, оның ішінде Тобықты руынанмын дейтіні.
Ол еңбек жолын 1951 жылы қара­пайым бұрғылаушы қызметінен бастады. 1962 жылы еңбектен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы зоотех­никалық мал дәрігерлік инсти­тутының зоотехника факультетіне түсіп, оны 1966 жылы үздік бітіріп шықты. Болашағынан зор үміт күттірген ол – ұстаздарының сенімін ақтап, өз уақытында канди­даттық, док­торлық диссертациялар қорғап, есімі тек біздің елге ғана әйгілі ғалым-ұстаз болып қана қалмай, әлемге де аты шықты. Ғылыми еңбектері дүниежүзіне белгілі ғалымдар тарапынан ерекше бағаланып отырды. Мәселен, оның ең маңызды еңбектерінің бірі 1983 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген сол кездегі Кеңес Одағының «Бүкілодақтық жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ғылыми еңбектер жинағына енген еді. Ағамыздың ғылыми пайымдалуы өте терең сондай еңбектері – еліміздің бүгінгі ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіби жоғары және кәсіби орта оқу орындарының бірден-бір басты оқулығы.
Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі Игорь Николаевич Нечаев қазақтың етті-сүтті жылқы шаруашылығына сіңірген еңбегі зор. Атап айтар болсақ, ол өзінің ғылыми-тә­жірибелік терең ізденісінің арқасында қазақтың жабы, мұғалжар, сарыарқа, құлан­ды және қаба жылқы тұқымдарын өсіріп жетілдірудің бас маманы болды. Қазіргі уақытта еліміздің білім-ғылым­ға сусап отырған сан мыңдаған жас өр­кендері Игорь Николаевичтің ұзақ жылдар бойы шаршап-шалдықпай, қажып-талмай еңбектеніп жазған 300-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып, өндірісте іс жүзінде пайдаланып, тәжірибеде қолданып білім-біліктерін шыңдап жүр.
Әлбетте, бір мезет тыным тауып де­ма­луға уақыт бөле бермейтін еңбекқор, із­де­німпаз, үлкенге сыйлы, ініге ізетті, абы­ройы биік, қадірлі ағамыздың алар асу­лары әлі алда екені анық. Елім деп ерен еңбек етіп жүргені де соның айқын дә­лелі. Қазақ тіліне қатысты қажырлы ең­бегін де сол қатарға жатқызуға ­болады. Ғылыми тілімізді жандандырып, оны одан әрі дамытуда Игорь Николаевичтің қосқан үлесі зор. Шәкірттерін ғы­лым жолына салып тәрбиелеп, отыз се­гіз ғылым кандидаты мен алты ғылым док­торын дайындады. Тағы бір айта кетерлігі, шәкірттерінің барлығы қазақ азаматтары. Көріп отырғанымыздай, ғалым ағамыз мемлекеттік тілді дамытуға өзі жазған қазақша еңбектерімен ғана атсалысып қоймай, өзі дайындаған шәкірттері арқылы да үлкен үлесін қосып жүр. Осы ретте қазақша ғылым тілін қалыптастыруға өз үлесімді қосамын деп жүрген жастарға айтарымыз қазақ тілін өз бетімен еркін игерген, оның қыр-сырын терең түсінетін, қазақ тілінің табиғатына аса жетік және оны өзінің ғылыми еңбектерінде орнымен шебер қолданып, пайдалана білетін, қазақ мақал-мәтелдерін өз ой-өрісінің ағымына қарай ретімен пайдаланып, мәнерлеп шешен сөйлейтін И.Николаевич секілді ағаларымыздың орны бөлек.
Қазақ малшаруашылығы және жем­шөп өндірісі ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының бас ғылыми қызметкері, Қазақ­стан Республикасы ҰҒА-ның академигі, ауылшаруашы­лығы ғылымдарының докторы, профессор И.Н.Нечаевке алдағы ғұмырыңызда да қазақ ғылымы мен оқу-ағарту ісінде және жастарға тәлім-тәрбие беруде биік шыңдарға шыға беріңіз деген шәкірттік шын көңілден шыққан тілегімізді біл­діргіміз келеді.

Қайрат Исхан,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауылшаруашылығы ғылымдарының
кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.