Шежірелі мектеп

Қызылорда қаласының шығыс жағына орналасқан Тасбөгет кентіндегі №11 орта мектептің жарты ғасырдан астам өзіндік тарихы бар. Оны қаншама түлек бітіріп шығып, өмірге араласты, қаншама ұстаз еңбек етіп зейнетке шықты. Осы оқу орнын Әбиев Батырбек Алтынбайұлы 2007 жылдан бері басқарып келеді. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін 1997 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген соң ұстаздық жолын 1993-1998 жылдары Макаренко атындағы балалар үйінде тәрбиеші болып бастап, Қызылорда қалалық білім бөлімінің бас маманы, Қызылорда қаласы әкімінің ақпараттық кеңесшісі, Қызылорда қаласындағы №187 орта мектеп директоры болып тәжірибе жинақтаған.

Ол педагогикалық ұжымға кіші­пейіл­ділігімен, жаңашылдығымен, педагогикалық әдептілігімен танылды. Әл-Фараби данамыз айтқандай, шешендік өнер, шеберлік, көп білуге құштарлық, қанағатшылдық, осындай ұстаздың бойынан табылады.
Ұстаз дегеніміз әрдайым ұрпақ тәрбиесімен айналысып, өнегелі ғұмыр кешкен жандар емес пе. Ұстаздардың кәсіби, шығармашылық қабілетін да­мы­тудың жолы – кәсіби байқаулар. Бас­шылық қызметін атқара жүріп, кәсіби дамуға әсер ететін байқауларға Батыр­бектің үнемі қатысуы өнеге етуге тұрарлық деуге болады. Ол 2010 жылы Ал­маты қаласында тұңғыш Президент қоры­ның ұйымдастыруымен өткізілген «Әлеуметтік идеялар» жәрмеңкесіне де қатысқан. Облыстық «Ақпаратшыл басшы – 2011» байқауында ІІ орын ие­ленді, қалалық 2011 жылғы «Мемле­кет­тік тіл – ел бірлігінің басты факторы» ғылыми-практикалық конферен­цияда оның «Мемлекеттік тілдің дамуы және қалыптасуы кәсіби білім беру ісінде» тақырыбындағы жасаған баяндамасы І орын алды, 2012 жылы облыстық «Үздік мектеп директоры – 2012» байқауында ІІ орынды қан­жы­ғасына байлады, 2012 жылы рес­публикалық «Жастық жалынымыз сүйікті Отанымызға» форумында «Мектеп оқушыларын патриоттық рухта тәрбиелеу жолдары» баяндамасы жинаққа енгізілді, 2012 жылы «Педагогика және оқушы психологиясы» журналына «Мемлекеттік тілді дамыту және тіл мәдениеті кәсіби бағдар беру ісінде» деген мақаласы жа­рияланды, 2012 жылы «Ұлттық білім беру жүйесін табысты жүргізудің №11 орта мектебінде жүзеге асырылуы» әдіс­темелік материалы баспадан шықты.
Елімізде болып жатқан тың өз­геріс­тер білім беру жүйесіне оң әсерін тигізуде. Жаңашыл қоғамдағы ұстаз заман талабына сай электронды оқытудың біліктілікті арттыру курстарынан пән мұғалімдері кезең-кезеңімен оқыты­лып жатыр. Ұстаздың оқытудың жаңа технологияларын жете меңгеріп өз тәжірибесінде шебер де ұтымды қолдана білуі үшін мектептің пән каби­нет­терін интерактивті тақтамен жаб­дықтауда директордың еңбегі зор. Мектеп «E – Learning электронды оқыту» жүйесіне көшірілуде.
Мектепті Батырбек басқарғалы бері мерейі үстем болып, абыройы асқақтап, жұлдызы биіктен көрінді десе де артық болмас еді. Оның басты көрсеткіші білім сапасының қорытындысы ҰБТ-де 11 сыныпты бітірушілеріміз 2007-2008 оқу жылынан бастап Аганина Нұрсәуле, Файзуллаева Лиза секілді «Алтын белгі» иегерлерін шығарды.
Демек, 170 мұғалім қызмет атқара­тын, 62 сынып комплектісінде – 1630 оқушы оқитын мектептің директоры Батырбек Алтынбайұлының «Үздік директор» атануы бекер болмаса керек. Білім беруде ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз. Қазір оқытудың жаңа әдістерін сабақта кеңінен қолдануда мектепте он пән бірлестігі арқылы ғылыми-әдістемелік жұмыстар нәтижелі жемісін беріп келеді.
Республикалық пәндік олим­пиаданың қалалық, облыстық кезеңдерінде Батырбек басқарған мектеп жүлделі орындарды алды. 11 сынып оқушысы Құдайберген Қайсар Қазақстан тарихы пәнінен ІІ орын, пән мұғалімі – ­Оразбекова Үлде, 10 сынып оқушысы Серік Ақтолқын ағылшын тілі пәнінен ІІІ орын, пән мұғалімі – Дүйсенова Фарида, 9 сынып оқушысы Әбді­бек Бейбіт және 10 сынып оқу­шысы Шарапаи Аида химия пәнінен ІІІ орынды иеленді. Пән олимпиадасының қалалық кезеңінде математика пәнінен 11 сынып оқу­шысы Оңғаров Дархан І орын алып, пән мұғалімі – Әукенова Шаһар­банудың жетекшілігімен облыстық олимпиадаға қатысты. Республикалық «Мектепке жол» акциясы арқылы оқушыларды мектепке толық баруын қамтамасыз ету жыл сайын жүзеге асуда.
Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларына қамқорлық жасау, оларды моральдық және ма­те­риалдық жағынан қолдап, де­меушілік жасау Батырбек Алтын­байұлының үнемі назарында.
Батырбек Алтынбайұлы басшы­лық­қа келгелі мектеп өмірі биік белес­ке бет бұрды. Демек, оның өнегесін, тә­жірибесін республика ұстаздары арасына кеңінен на­си­хаттаудың пайдасы зор болмақ.

Гүлжахан Ешенова,
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің «Білім озаты» белгісінің иегері

Қызылорда

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.