Талапты ұштаған тіл байқауы

Еліміз бойынша әр аймақта түрлі аталымдар бойынша тіл байқауларын өткізіп тұру жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұл ретте Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының жинақтаған тәжірибесін тілге тиек етсек артық болмас. Байқау ұйымдастырылмас бұрын, байқаудың өткізілу мерзімі, ережесі алдын ала облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланады. Аудандар мен Ақтөбе қаласындағы еңбек ұжымдарында (меншік түріне қарамастан) түсінік жұмыстары жүргізіліп, сайыстар ұйымдастырылады. Оның жеңімпаздары облыстық байқауда бірнеше шарт бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін, ойлау көкжиегін, өнерін, киім киюдегі талғамын сарапқа салады. Әрине, облыста бас жүлде алған адам республикалық жарысқа жолдама алады. Сондықтан жеңімпазды оқу-жаттығудан өткізу басқарма ғимаратында жүргізіледі. Осылайша өтуі Алматы қаласында белгіленген «Тіл – халық жанын танудың кілті» байқауына Алексей Пименовті дайындау қолға алынған болатын. 

Алексей Ақтөбе ауылшаруа­шы­лығы колледжінде оқиды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әсел Әйтеновадан тәлім алатын Алексей ұстазы екеуі күнара басқармаға келіп, байқау шарттары негізінде материалдар жинақтап, дайындық жұмыстарын өткізді. Колледж бас­шылығы өз өкілдерінің алаңсыз әзір­ленуіне қажетті жағдайларды жасады. Нұрқанат Бижанов Алматыға бару-келу қаражаты үшін бірнеше рет ақылы концерттер ұйымдастырды. Бізге ұнағаны Алексейдің байқауға жауапкершілікпен қарап, дайындыққа ынта қойып кіріскендігі болды. Өзі қазақшаға судай. Тіпті бір әңгімесінде:
Мен Алматыдан бірінші орын алып оралуым керек, – деді.
Журналистік қызығушылықпен Алексейдің туған жері, отбасы туралы тереңірек білгіміз келді.
Алексей Хромтау ауданының Майтөбе ауылында туып өсіпті. Отбасында – Даша және Валя есімді екі апасы, бір інісі бар екен, есімі – Артем. Өзі екі жасқа толғанда әкесі қайтыс болып, анасы Наталья балаларымен аудан орталығы Хромтауға келіп қоныстанады. Футболға құмарлығы маңайындағы өзі құралыптас қазақ балаларымен ойнап, кеңірек араласуына жол ашыпты. Футболмен қоса спорттың жеңіл атлетика, көпсайыс түрлеріне де ден қойған Алексей мектепте оқып жүргенінде Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, Мұхтар Әуезовтің және өзге қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен сусындап өсіпті.
№4 орыс орта мектебінің тоғы­зыншы сыныбын бітірген соң Ақтөбе ауылшаруашылығы колледжіне түсіп, оқуға ниеттенеді. Мұнда талап­керлерді тек қазақ топтарына іріктеу ұйғарылыпты. Тәуекелге бел буған Алек­сей емтихан сынақтарынан сү­рінбей өтіп, студент атаныпты. Са­бақта өзін тек жақсы жағынан бай­қата білген ол енді, міне, респуб­ликалық тіл байқауында жүлделі бірінші орынға ие болып отыр.
– Алматыда байқауға аймақтардан 14 талапкер қатыстық. Байқау шарттары қатаң болса да қиындықты жеңуге тырысып бақтым. Бірінші орынға ие болып, байқау дипломымен ма­рапат­талып, ақшалай сыйлық алдым. Ұстазым Әсел Әйтенова арнайы үл­гідегі сертификатқа ие болды, – деді ол.
Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Алексей: «Қазақстан сияқты пейілі дарқан мемлекетте тұру мақтаныш қой, оның мемлекеттік тілін алдымен біздер – өз тұрғындары қастерлеуге міндеттіміз» деп ойын түйіндеді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Ақтөбе облыстық
тілдерді дамыту басқармасының
бас маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.