Мемлекеттік тілді білмеуім мен үшін ұят

Андрей БЕГЕНЕЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мемлекеттік тіл туралы әңгімелегенде таяқтың бір ұшы көп жағдайда өзімізге де тиіп кетіп жататыны жасырын емес. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасының келелі пікірі де өзіміздің ана тілімізге деген немқұрайдылығымызды байқатып тұрған жоқ па? Десе де, біздің кейбір шенеуніктеріміздің санасына бұл сөздің әлі де жететін түрі байқалар емес. Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымының жалпы отырысында ұлты басқа болса да, депутат Розақұл Халмұрадов қазақ тіліне қатысты мәселе көтеріп, депутаттық сауалын қазақ тілінде жасамайтын ұлты қазақ әріптестеріне ағалық наз айтқан еді. Содан бері де ештеңе өзгере қойған жоқ-ау. Парламенттегі тіл толғағы «баяғы жартас – сол жартас» күйінде келеді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылға жоспарланған жұмыстары туралы есебінің сексен пайызы ресми тілде өткенін көз көрді. Мұндай мысалдарды айта берсек, жетіп-артылады. Бірақ содан бір қорытынды шығарып, өз кемшіліктерін мойындап, қазақ тілін жедел әрі нәтижелі түрде үйреніп жатқандарды көру мұңға айналды. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, ол барлық республика тұрғындарына бірдей екені түсінікті ғой деп ойлаймыз. Қазақстан жерінде туып-өскеннен кейін, осы елдің толыққанды азаматы болып жүргеннен кейін мемлекеттік тілді білмеу ең алдымен сол адамның өзіне – ұят, намыс болуы керек.
Бұл тұрғыдан алғанда Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеевтің мемлекеттік тілді үйренуге деген талпынысын атап өтуге болады. Оның мемлекеттік тілді үйреніп жүргеніне жарты жыл болыпты. «Маған қазақ тілін үйренуде дыбыстардың үндестігі ұнайды, мағыналық стилі де өте маңызды. Қазақстанда туып, Қазақстанда өскеніммен қазақ тілін білмегеніме қатты ұяламын. Қазақ тілі – өте бай, әуезді, әдемі тілдердің бірі. Тілін біліп, сол халықтың салт-дәстүрі мен дініне құрмет көрсету – ең басты құндылық деп санаймын. Қазір басын қосып айта алмасам да, әжептеуір көп сөз үйрендім. Менімен бірге Ассамблеядан сайланған депутаттар Каппель мен Ким де курсқа қатысуда. Олар қазір қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді» дейді Андрей Бегенеев. Ол өзінің қазақ тілін үйренуге арнайы сатып алған кітаптары мен аудиотаспаларын да көрсетті. Осыдан-ақ халық қалаулысының мемлекеттік тілді үйренуге қаншалықты ынталы екенін байқадық. Парламенттің жалпы отырыстары мен Үкімет сағаттарында қазақша сөйлеу талап етілетіндіктен, мемлекеттік тілді үйренуге тырысып жүрген депутат қазақша сөздердің біразының мағынасын түсіне бастағандығын айтады. «Біздің кезімізде орыс тіліне басымдық беріліп, қазақ тіліне соншалық көңіл бөлінбегені жасырын емес. Қазір Президентіміз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта жас­тарымыз үшін бұл үлкен бәсеке болмақ. Өз басым, егер адам өзге тілді білетін болса, ол бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Өзімнің балаларым есейіп кетті. Сондықтан оларды тіл үйрен деп мәжбүрлей алмаймын, бірақ немерелерім міндетті түрде қазақ тілінде, ағылшын тілінде, орыс тілінде де сөйлейтін болады. Оған кәміл сенемін» дейді Андрей Бегенеев.

Бейбітгүл ИСАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Арман

    Мойындапты ғой әйтеуір. Бірақ бұлар қазақ тілін білмей өтеді ғой ақыры. Айтады да қояды. Жалғыз Бегенеев емес, өзге ұлт өкілдерінің көбі үйренбейді мемтілді. Бұл ақиқат!

  2. Дина

    Розақұл Халмұрадов қазақ тілі арқылы өзінің саяси имиджін көтеріп алды. Бегенеев ақталғандай болған екен

  3. Салихова Шолпан

    Айтқаны дұрыс.Өз туған жерінде туған тілін қолдана білу керек.Осы тақырып бойынша әлі көп мәселеріміз бар.Соған қарай,қазіргі уақытта,мектепте қазақ тілі сабақтарын азайтар екен.Аралас ұлт балаларымыз көп ғой,олар қалай әдебиетті,мәдениетті тілімізді білер?
    Соны ойлап жаным ауырып жатыр!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.