Кітап – өмір ұстазы

«Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп Елбасымыз айтқандай, расында кітапхана – мәдени дамудың  жетістіктерін насихаттауға елеулі үлес қосып отырған үлкен мәдени ошақ. Кітапханалардың қазіргі таңда жас ұрпақтың талабын қанағаттандыруда, қызығушылығын арттыруда алатын орны маңызды.

2012 жылы Қыземшек кенттік кітап­ханасы «Демеу – Қыземшек» филиа­лы­ның қолдау көрсетуімен жаңа қо­ныс­қа көшкен болатын. «Демеу – Қызем­шек» филиалының кітапханасы мен Қыземшек кенттік кітапханасы бір жайда орналасып, оқырмандардың кітап оқуына деген ықыласын арттыра түсуде. Қазір кітапхананың іші кең, жарық, оқырмандардың кітап оқуымен қатар, күнделікті мерзімді басылымдармен танысуына да мүмкіншіліктер жасалған.
Міне, биыл 2013 жылды жаңашыл істермен бастаған кітапханашылар «Біз шақырамыз. Кітапхана шақырады» атты Ашық есік күнін өткізді. Ашық есік күніне ата-аналар мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кеш қызықты, тартымды өтті. Іс-шара барысында «Кітапханалық казино» интеллектуалдық ойыны ойнатылды. Оқушылар мен ата-аналарға зерделі сұрақтар қойылып, ойлы жауап алынды. Іс-шара барысында «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Ел болашағын айқындайтын Стратегия», «Іргелі істер бастауы» тақырыптарындағы және Созақ ауданына 85 жыл толуына орай «Сырлы өлкем, нұрлы өлкем – Созағым», «Тәкен – ғұмыр, Тәкен – жыр» (Т.Әлімқұловқа – 95 жыл), «Жырымның қарлығашын ұшырайын» (Б.Батырбековаға – 85 жыл), «Қаратау сынды айбарлы» (А.Сүлейменовке – 75 жыл) кітап көрмелері таныстырылды.
Ашық есік күніне арнайы шақырылған Рыскүл Бименова апайымыз сөз алып, заманауи технологияның ғарыштап даму кезеңінде де кітап оқудың маңызы зор екенін әңгімеледі.
Ашық есік күні кітапханашылармен бірге кітапхананың ең үздік, белсенді оқырмандары өз өнерлерін көрсете отырып, ән мен жырдан шашу шашты.
«Кітап – өмір ұстазы». Сондықтан жас ұрпақ кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес екенін жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында кітапханада тынымсыз еңбек етіп жүрген Бота Бекмұратова мен Мейраш Кенжебаеваның озық ойлы оқырмандарының арта беретіні күмәнсіз.

Эльмира СМАТОВА
Оңтүстік Қазақстан облысы
Қыземшек кенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.